Қағаз жүзіндегі уәдеге сену – балаңдық
24.10.2015
1193
0
540032_236068477___________Расул ЖҰМАЛЫ,
саясаттанушы
Кез келген мемлекет өзге мемлекеттермен қарым-қатынаста өз саясатын ұтымды жүргізуге, елге қауіп төндіретін дүниелерге лайықты жауап беруге, соларды болдырмауға қатысты алдын-ала шаралар қабылдауға ұмтылатыны анық. Бұл – әлемдегі барлық мемлекеттердің алдына қойған мақсаты. Бірақ сол мақсатты жүзеге асыру әр мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатының өзгешеліктеріне байланысты.
Кезінде Ұлыбританияның Премьер-Министрі, ХХ ғасырдың кемең­гер, ойшыл саясаткерінің бірі Уинстон Черчилль: «Британияның мәң­гілік досы жоқ, мәңгілік дұшпаны да жоқ оның мәңгілік мүдделері ғана бар», – деген екен. Меніңше, кез келген мемлекеттің басты мүддесі – өз ұлты болуы керек. Әлемде 200-ге жуық мемлекет бар, Қазақстан оның ішінде бірнеше мемлекетпен көршілес, тағдырлас. Бір елдің өзге мемлекеттермен игі көршілестік, ынтымақтастық, түрлі салалардағы түсі­ніс­тік, бауырластық саясатын жүргізіп отырғаны дұрыс. Жоғарыда айтқан 200 мемлекет қандай жағдайда да біз бейбітсүйгіш елміз, өзге елді жаулап алатындай пиғылымыз жоқ, біз қашанда игі көр­шілес­тікті қалаймыз, тең дәрежедегі ынтымақтастыққа ұмтыламыз дейді. Солай дей тұра, әлемде түрлі кикілжіңдер мен қақтығыстар толас­тамай отыр. Қазірдің өзінде қырқысып, соғыс жағдайында отыр­ған оншақты елді атап өтуге болады: Украина, Сирия, Ирак, Ливия, Ауғанстан. Демек, жаңағы бейбітсүйгіштік мәлімдемелер сөз жүзінде, қағаз күйінде қалып қояды. Мемлекеттердің өзара мәлімдемелерде айтылған сөздері мен істері өзара қабыспай жатады. Мәселен, Украинаға қатысты қазіргі жағдай көп ретте Ресеймен байланысты. Ресейдің айдап салуымен, қаруландыруымен Украин­ның шығыс бөлігіндегі халық мемлекеттен бөлініп кетпекші. Естеріңіз­де болса, 1994 жылы Украина өзінің ядролық қаруынан бас тартқанда көптеген жетекші мемлекеттер Украинаның аумақтық тұтастығымен ішкі саясатына араласпайтыны жайында, тәуелсіздігін толық мойындайтыны жайында кепілдеме берген болатын. Ол мемлекеттердің арасында АҚШ, Ұлыбритания мен Ресей де болды. Олар «Будапешт меморандумы» деп аталатын құжатқа қол қойған болатын. Алайда, уақыт өте біз сол кепілдемелерді Ресей­дің өзі өрескел бұзып отырғандығын көріп отырмыз. Украинаға қа­тысты Ресейдің агрессиясы толастамай отырғанын біліп отырса да Америка мен Еуропа бұл мәселеге араласып отырған жоқ. Тек қағаз жүзіндегі саяси келіссөздермен шектеліп қана қойды. Бұл жайттан біз әлемдегі қағаз жүзінде берілетін уәделердің жеткіліксіз екеніне көз жеткіземіз. Мұндай кепілдемелер тек Украинаға ғана емес, Қазақстанға да берілді. Демек, сол қағаздарға сеніп, осыдан кейін бізге ешкім тиіспейді екен, қауіпсіздігіміз кепілденген деп қамсыз отыра беру – балаңдық. Қазақстанның егемендігі, тәуел­сіз­дігі, қауіпсіздігі айналып келгенде тек қана қазақтың өзіне ғана қа­жет. Ол Ресейге, Америкаға, Қытайға қажет емес. Бұлар керек десеңіз, Қазақстанның дамып, өркендеген мемлекет болғанынан гөрі, меніңше, әлсіз солардың талабын орындай салатын, солардың мүд­де­лерінің жетегінде жүре беретін ел болғанын қалайды. Мемлекет неғұрлым әлсіз болса күшті, қуатты мемлекеттің айтқанынан шық­пайтыны халықаралық заңдылыққа айналып барады. Қазақстан­ның дамуы, өрлеуі, мықты мемлекетке айналуы тек қана қазаққа кер­ек және қазақ үшін дамыған Қазақстанды, қазақ үшін қауіпсіз Қазақ­станды, басқа мемлекеттер санасатындай Қазақстанды қазақтан басқа ешкім жасап бермейді. Халықаралық қатынастарда саяси мәлімдемелер мен саяси кепілдемелердің маңызы үлкен, онсыз болмайды. Алайда, мәселенің түйіні онда емес, мәселенің түйіні – Қазақ мемлекеті мен осы мемлекетті басқарып отырған азаматтардың намысында, ерік жігерінде. Ұлттың тұтастығы мығым, алға қойған мақсатына берік, ізденімпаз болатын болса, мемлекет те өрлеу жолына түседі. Жапонияның бүгінгі жетістіктерінің негізі жапон ұлтының ішкі қуаты мен мызғымас бірлігінде, жігерінде, ұлт ретіндегі өздеріне сенген асқақтығында жатыр. Корея мен Қытайдың дамуына да осы жағдай мысал бола алады. Менің айтпағым, егер қазақтың болашағын күйттейтін қазақтан басқа ешкім емес деген ұғымға берік болсақ, мықты, белсенді азаматтық ұлтқа айнала алсақ, барлық салада жетістікке жетіп, мемлекеттің өрлеуіне жол ашылады.
Әлемдегі 200 мемлекеттің барлығы дерлік көп ұлтты, көп конфессиялы мемлекет. Тек қана бір ұлттан, бір конфессиядан құралған мемлекет жоқ. Көптеген мемлекеттердегі басқа діннің немесе басқа ұлттың өкілдері сол мемлекеттің заңдарын мойындайды, жергілікті ұлттың тарихын, мәдениетін сыйлайды. Сол мемлекеттің мүддесін қорғайды. Ал енді біреулерінде керісінше. Бұл мемлекеттің әлсіздігінің, өзіне-өзі сенімсіздігінің көрінісі. Кейде бұндай жағдай бақылаудан шығып кететін болса, мемлекеттің ыдырауына алып келеді. Қайтадан Украинаның мысалына ораламыз. Бұлар көп жылдар бойы мемлекеттік құндылықтарды жасақтауға селсоқ қарады, жеке дара қағаздарға сеніп қалды. Нәтижесінде халқының бір бөлігі украин тілін оқымаймыз дегенді алға тартып, мемлекетке қарсы шы­ғып, егемендігін, мемлекеттілігін мойындамай отыр. Бұл мем­лекеттік тұ­тас­тықтықты қалыптастыратын ішкі идеологияның әл­сіз­дігі, сыртқы арандатушы күштерге төтеп бере алмайтын сол­қыл­дақ­тығының әсері. Мемлекеттің күштілігі сыртқы қауіпке төтеп бере алатын қабілетімен де өлшенеді. Украинада ондай қабілет болған жоқ. Қуатты мемлекеттерде де ондай арандатушы факторлар бар, бірақ олар мұндай күштерді өте жеңіл тұншықтырып, басып отырады. Қазақстанның ішіндегі белгілі бір этностың осы елдің заңын, мәдениетін, саясатын қолдауы үшін Мемлекеттік билік, зиялы қауым өкілдері, идеологиялық жауапты орындар, байырғы халық жол көрсетуі керек. 24 жыл бойы мемлекеттік тіл – қазақ тілін өз дәрежесінде қолдана алмай отырған назымызды, өкпемізді кімге айтамыз? Сол тілді менсінбей, білмей, оқымай жүрген азаматтарға ма немесе соған баули алмаған әлсіз саясат пен сол саясатты жүргізіп отырған билік өкілдеріне ме?.. Мемлекеттің тілі қазақ тілі болып бекітілген Қазақстан үкіметін басқарып отырған азаматтардың өзі жиналыстар мен түрлі басқо­сулар­ды өзге тілде жүргізетіндіктен тіл мәселесіндегі келеңсіздікті өзге­ден емес, өзімізден іздеуіміз керек.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір