Хаттар шертер сыр алуан
12.04.2019
1145
0

Қазақ сөз өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Ғабит Мүсіреповтің хаттарынан бір дәуірдің, бұл күнде аты аңызға айналған тұлғалардың шынайы бейнесін танисыз. Сөз зергері тілдескен жандардың хаттарын газетіміздің өткен және алдағы сандарынан оқи аласыздар.

(Басы өткен сандарда)

С.КАРА Г.МУСРЕПОВУ

Тов. Мусрепов
Пьеса «Козы-Корпеш» драматургически цельнее и стройнее чем «Кыз-Жибек», но мне кажется, что это свойство пьесы, а не са­мой легенды. Можно также драматически остро и стройно построить и сюжет «Кыз-Жибек», взяв в основу, конечно, не оперное либретто, а саму поэму.
А вообще вопрос о том, что ставить «Кыз-Жибек» или «Козы-Горпыш» можно решить здесь, в Совнаркоме. Для кино я не вижу какого либо преимущества у одной из них. Обе хороши. Напишите мне о «Мэ­риэрт». Привет, С.Кара. [1952-1953 гг.]

(ЦГА РК. Ф.1864. Автограф)


Ж.МҰЗАПАРОВ Ғ.МҮСІРЕПОВКЕ

Аса құрметті Ғабит! Мұқаң табытының басында сөйлеген сөзіңізді үй ішімізбен әлденеше қайтара оқыдық. Көзіміз жасқа, көкірегіміз қасіретке толы болды. Қазақ әде­биеті, қазақ мәдениеті қандай ауыр қаза­ға ұшырағанын біз де түсінетін секілдіміз, біз де ойланатын секілдіміз. Сіз, Ғабе, Мұ­қаң туралы тамаша айтыпсыз, жеке ба­сы­ңыз­дың қасыретін емес, бүкіл қазақ халқы­ның, бүкіл совет әдебиетінің хасірет шерін жеткізіп айтыпсыз. Сіздің шын жүректен беріліп, елжіреп сөйлеген сөзіңіз біздің жан жүйемізді билеп әкетті, елжіретіп әкетті. Бізді қатты тербеді де қатты сүйсіндіріп, қайғы-қасірет дүниесінен үміт дүниесіне, сенім дүниесіне әкете берді.
Ұлы Мұқаңның, данышпан Мұқаңның тірі қалған замандастары мен іні-шәкірт­тері­нің көбін есіме түсіре кеп, ойлана кеп, қа­дір­лі Ғабе, мен сізге хат жазуды артық көр­медім. Мен сіздің оқушыңыз ғана емес­пін, мен сізге шын жүректен сүйсіне білетін де дос-жар туыспын. Сіздің үлкен творчест­во­лық іс үстінде екеніңізді біліп, мұнан бұ­рын да хат жазбақ болған өзімді тежей бер­іп жүр ем, тоқтата беріп жүр ем. Енді Мұқ­тардай алыптан айырылған кезде Сізге хат жазбасқа шыдай алмадым.
Мен ешнәрсе сұрамаймын, өз басыма байланысты ешнәрсе айтпаймын. Ондайдан мен қатты қысылам да қатты ұялам. Айта­йын дегенім: халық Сіз жазған нәрселерді аса құмартып оқиды, Сізді үлкен жазушы, үлкен шебер художник деп, аса қадір тұтады. Мақтаныш етіп сөйлейді. Сонымен қатар, сізден үлкен-үлкен жемістер күтеді. Сізден, Ғабе, «Оянған өлкенің» екінші, үшінші кітап­тарын күтеді. Сіздің бір сөйлеген сө­зің­із, бір жазған мақалаңыз, халық арасында қаншалықты жақсы сөздер, мөлдір тілектер, таза тілектестіктер тудыратынын білсеңіз Ға­бе! Сіздің әрбір сөзіңіз, әрбір сөйлеміңіз, сіз жасаған әрбір көркем бейне кісіні өсіріп, кі­сіні биікке көтеріп, жазғы жаңбырдан кей­ін тазарған табиғаттай кісі жанын жаңар­тып отырады. Мен сізді оқыған сайын Шекспир мен Толстойды, ұлы Горькийді еске түсіріп отырам, сіздей жазушымыздың барлығына қуанып отырам. Сіз салмақты стильді меңгерген, ойға бай, тілге өте шебер жазушысыз.
Халықты әсіре білетін жазушы бар да, жаз­ғанымен халықты жерге қарататын жазу­шы бар. Сіз, Мұқаң секілді, халықты ру­хани жағынан өсіре білетін жазушысыз. Сіздің жазғандарыңыздан халық өзін ғана көріп қоймайды, көруге тиіс, қуануға тиіс, сүйсінуге тиіс болашақ ақыл-ойларын, сәулетті үміт-армандарын да біліп, ұғынып, көтеріліп, рухтанып отырады.
Сізге мықты денсаулық тілеймін, Ғабе, Сізге творчестволық жеңістер тілеймін. Бәрімізді қуантатын, бүкіл халқымызды қуантатын жақсы кітаптар береді деп, мен сізге сенем. Ілиясқа сәлем айтыңыз.
Сізге деген үлкен құрметпен, Жәнібек.
9 июль 1961 жыл. Жексенбі. Қызылжар қаласы.

(СМҒМӘММК.Қолжазба қоры)

(Толық нұсқасын газеттің №15 (3649) санынан  оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір