ХАТТАР ШЕРТЕР СЫР АЛУАН
09.04.2019
708
0

Қазақ сөз өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Ғабит Мүсіреповтің хаттарынан бір дәуірдің, бұл күнде аты аңызға айналған тұлғалардың шынайы бейнесін танисыз. Сөз зергері тілдескен жандардың хаттарын газетіміздің өткен және алдағы сандарынан оқи аласыздар.

(Басы өткен сандарда)

Б.МОМЫШҰЛЫ Ғ.МҮСІРЕПОВКЕ

Ардақты Ғаке! Кавказдың әулие суында жиырма екі күн болдым. Бақшаның ішінде көлкілдеген кең етек халат киген, соғымға байланған ту биедей талтақ сауырлы өріп жүр­ген әйелдер. Бәрі де сол әулиеге сыйын­ғалы келген. Қайсысының бала тілеп, қайсысының денсаулық тілеп, қайсысының бай тілеп жүргенін біліп болмайды. Бай­қауым­ша, әулие жарықтық барлығын да қарсы қабыл алып, мұраттарына жеткізе қай­тарып тұратын көрінеді. Арықтаса се­міру­ді тілеп, семірсе арықтауын тілеп, әй­теуір бабы табылмай жүргеннің бәрін сол әу­лие судың жағасынан кездестіруге бо­лады.
Мен уақытымның көбін жазуға жұм­садым. Екі тілде (орысша, қазақша) баяғы Бородиноны жаздым. Оларды Мәскеуде аяқтап, орысшасын мәшинкеге бастырып, реттеп, жаңа ғана бітіріп отырмын. Қолымда үш-ақ дана – біреуін Ілияс екуіңізге жолдап, біреуін Сәбитке, біреуін өзіме қалдырдым. Оқып көріп, әділ пікіріңізді айтарсыз. Қазақшасы, аманшылық болса, қол тигенде көшіріліп, бір кезде Алматыға жетер.
Біздің танысқанымызға алты жыл бол­ды. Мен алты жылдан бері аянбастан сіздер­ге маяк болуға тырыстым. Сыныңызды сүй­еп айтып, жетектеңіз. Аяп жетекте деп отыр­ғаным жоқ, абайлап жетекте деп отыр­мын. Қол жайып берер батаңыз болса, беріңіз.
Сіздің қайынбикеңізге екі-үш рет теле­фон соқтым. Ол кісіге жолыға алмай жүріп бара­мын. Баласын Қызылжардан өзім іздеп тауып алармын.
Бұндағылардың көбі демалыста екен. Еш­кімге өз мәселем туралы жолығып сөй­ле­се алмадым. Кейінгі үш-төрт күн (өткен ай­дың отызы мен бұл айдың үш жаңасы) марқұм Кәрімді еске түсіріп, көңілімді бірнеше рет босатты. Алматыда жылдығын іс­теп, еске алған боларсыздар. Екі-үш рет ұмтылып, не айтарымды білместен, Кәрім­нің жесіріне телеграмма да бере алмадым. «Жатқан жерің торқа болсын-ды» шын жүректен айтып отырмын. Сабаздың иманы жолдас болғай…
«Қазақ батырының» бір данасын тап­тырып алдым, әлі оқығаным жоқ. Орыс­шасы жуандап шыққан екен. Ұлғайтылған көрінеді. Жол-жөнекей оқып шығармын.
Адрес: Қызылжар қаласы. 5-ші почта бөлімі. Хат сұраған Бауыржан Момышұлына тапсыра сал (до востребования). Жеңгей мен балаларға көп сәлем. Бауыржан. (Б.Момышұлы. Көп томдық шығармалар жинағы. Т 20, Алматы, Өнер, 2010).

(Толық нұсқасын газеттің №14 (3648) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір