Көк жүзіне қарамайды ел енді
Мақпал Жұмабай
Дыбыссыз режим
Қарасам бола ма сыртынан?
Дауысын естімей заманның.
Дыбысын естімей бәрінің…
Дауысын естімей адамның…
Сөйлейді екен ғой Ауа да…
Бұлақтар тіл қатты. Мұң іштім.
Сезе алмай, сезе алмай жүріппін,
Сөйлейді екен ғой тыныштық…
Тыныштық, мен келдім алдыңа,
шыңғырдым көкейге үн келмей.
дауысын естідім шындықтың
айтылған, айтылған үндемей…
Тас бұлақ
Өзегімді өртенген
Өшіре алмай, тас бұлақ,
Сенің тастай суыңа
Жүрегімді лақтырам…
Сонда өрті басылып,
Есін, есін жияр ол.
Бұлқынысын тыяр ол.
Күрсінісін тыяр ол…
…Әр нәрсеге күйініп
Езілмейтін жүрек бер,
Бар екені кеудемде
Сезілмейтін жүрек бер…
Жүрек бәрін көтерер,
Ұқсамаймын оған мен.
Жұдырықтай жүректі
Көтере алмай қалам мен.
Көзіңнен жас шығады
Қуаныш кернегенде
Көзіңнен жас шығады.
Ешкімге сенбегенде
Көзіңнен жас шығады.
Көңілің тасығанда
Көзіңнен жас шығады,
Көкірегің ашығанда
Көзіңнен жас шығады.
Ақ қанат қар жауғанда
Көзіңнен жас шығады,
Сағынып сарғайғанда
Көзіңнен жас шығады.
Арманың солғанында
Көзіңнен жас шығады.
Бақытты болғаныңда
Көзіңнен жас шығады.
Ес-түссіз сүйгеніңде
Көзіңнен жас шығады,
Сезімге күйгеніңде
Көзіңнен жас шығады.
Сенімің жоғалғанда
Көзіңнен жас шығады,
Ол қайтып оралғанда
Көзіңнен жас шығады.
Тағдырға көнбей қойсаң,
Көзіңнен жас шығады.
Ұяттан өлмей қалсаң…
Көзіңнен жас шығады.
Ана боп еміренсең,
Көзіңнен жас шығады.
Әке боп тебіренсең,
Көзіңнен жас шығады.
Сар далаң құлазыса,
Көзіңнен жас шығады.
Бұл заман ыза қылса,
Көзіңнен жас шығады…
Ер жігіт ерге қонбай…
Көзіңнен жас шығады.
Бақ-дәулет елге қонбай…
Көзіңнен жас шығады.
Шындығың жаншылғанда
Көзіңнен жас шығады.
…Көзден жас сарқылғанда
Кеудеден жан шығады…
…Жан шығады…
…
(толық нұсқасын газеттің №13 (3647) санынан оқи аласыздар)