ХАТТАР ШЕРТЕР СЫР АЛУАН

Ғабеңнің бір ермегі – таяқ жону
Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің бұған дейін «Күнделік» атты кітабы оқырмандар қолына тиген болатын (Құрастырған профессор Ә.Нарымбетов. «Ана тілі», 1997). Сондай-ақ біраз хаттары Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты С.Мәлікованың құрастыруымен «Данадан қалған рухани дүние» (Петропавл, 2012) деген атпен жарық көрген. Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты «С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің» жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Әділғазы Қайырбеков ұзақ жылдардан бері жинастырып, сұрыптап, жүйелеп «Мүсірепов хатханасы – Письмотека Мусрепова» атты хаттар жинағын баспаға дайындап отырғандарын, мұндағы көптеген хаттар оқырмандар назарына алғаш рет ұсынылатынын айтты. 22 наурыз – Ғ.Мүсіреповтің туған күні. Осыған орай газетіміздің оқырмандарына Ғабеңнің хат алмасуларының бірер бөлігін ұсынбақшымыз. Хаттар жеткізетін сырларда заманның лебі, уақыттың тынысы, тіршілік түйткілдері, жеке адамның ой, пікір, көзқарастары қоса қабат өріліп жататыны даусыз. Сонысымен де қызықты…
Б.МОМЫШҰЛЫ Ғ.МҮСІРЕПОВКЕ
Құрметті Ғабит. Үш күн болды – аяздың көкпеңбек буы ауылымызды тұншықтыра басып тұр. Қызыл казармалар ағара бозарып, қою тұманның ішінде көгере, мұнарланып көрінеді. Әлемнің танауы қусырылып, ентігіп, иығынан демалып тұрғандай.
Үлкейгеніме айдан асып барады: қағаздарға қол қойып, қоқаңдап отырмын. Қызметтен, шаруалардан, тағы басқа айқай-ұйқайдан қол босар емес. Сықырлап келіп қалған Сибирдің қысы аязды шеңгелін бойлата сұғып, қатты жұмыра қысып, аптадан бері саз-сызды сыртымызға шығарып жатыр. «Ауылдың» отын, су әлегі барлық уақытты жалмауыздай жұтып, мойын бұрдырар емес. Оңтүстіктен келген жаңа өспірім, жас жігіттер құралайдың нөсері астындағы арық құнандай дірілдеп, қалшылдап, мына аяздың қысымына шыдар емес.
Оларды тонға орап әлпештеудің соңындамыз. Кейіннен дағдыланып, шынығып кетер деген үміттеміз. Сізден хат алғаннан кейін адъютантымды жіберіп, Ылғызды таптырып алдым. Онымен өткен айдың 17 жаңасында жолығып, 25-і күні ол жігітке 27 күнге демалыс бердік. Қуана-қуана алды-артына қарамай Мәскеуге тартты ол жігіт.
Мерекенің алдында Вс.Вишневскийден хат алдым. Менің әңгімемді оқып, отзыв жазыпты. Әңгіме оған өте ұнапты. Кейбір жерлерін өте мақтап жіберген сөздері мол-ақ. Хатының аяғында «Новый мирге» бергін деп ұсыныс жасаған екен.
Екінші хат сіздікі…
Апта бұрын Метрейден хат алдым. Ол үш нәрсе жазыпты. Оның тілінде былай: «Жадна с хорошим чувством ревности прочитал… Сейчас она перед моим мысленном взором …троится.
Первое – стремительный ясний язык.
Второе – непростительная замедленность в показе событий.
Третье – единоборство рассказчика – очевидуя боев с холодным теоретиком военного искусство», – дейді ол.
Оған мен толық жауап жазып жібердім. Әңгіменің кемістіктері ол айтқандарда емес, Метрейдің «бұрыс» дегенін Ушыневский «дұрыс» дейді – жазу менің қолымнан аттанып кетті. Әркім өз пікіріне қожа.
Сіздің «Солдатыңызды» оқып шықтым. Жалпы желісі өте дұрыс. Маған ұнады. Интим жағынан, әскери жағынан искусственный жағдайлар бар ма деген ой оқып отырғанда келіп отырды. Екі-үш ауыз жеңіл сөзбен қиыстырып жіберсеңіз – қыналып, өзінен-өзі түзеліп жатыр. Аударушы кейбір жерлерін байытқан, кейбір жерлерін кеміткен. Оларды екі тіл білген адам оқып отырып, сезіп отырады. Қазақша әдемі жерлерін интуитивно сезіп отырдым. Қысқасы мына түрінде де «Солдатты» мен сіздің творческий табысыңыз деп танып отырмын. Біздің ел бастаған жігіттер жоғары сыйлыққа ұсынуға да болар еді. Өздері білер. Метрейдің кітабын көргенім де жоқ, оқығаным да жоқ. Ол хатында өз кітабы жөнінде көбірек жазған екен – оған мен кітабы жөнінде ешнәрсе айта алмадым.
Елдің хабарын мен Орталық газеттер арқылы ғана білемін. Басқа жақтан барлығы бөгеліп, саласын өзгерткенге ұқсайды.
Біздің заң бойынша, барлық документтерде омырауымызға таналарымызды тағып түскен сүгірет болуы керек. Жақында сол қажет болып, түскен сүгіреттің біреуін жіберіп отырмын. Кейіннен оңды (әжім-пәжімдері айқын) біреуін жіберермін. Жеңгей мен балаларға сәлем.
Еңбегіңіздің жемісті болуына тілектес Бауыржан.
8/ХІІ-44г. (СМҒМӘММК. Қолжазба қоры)
(Толық нұсқасын газеттің №12 (3646) санынан оқи аласыздар)