КӨЛЕҢКЕЛЕР ТІРІ ӘЛІ!..
15.03.2019
1021
0

Зейнолла Тілеужанов

Жомарттық

Арғымақ арындайтын дала берген,
Ойып ап мынау жұмыр қара жерден.
Қазақтың бір мұрасы – жомарттығы,
Тарықсаң жалғыз дәнді жара жеген.

Сұрамай пәтерақы өрелі елше,
Қараны күткен дейді төрелерше.
Тонын жыртқан төбетке сүйек сапты,
Мейманының соңынан ере келсе!

Қаңғыбас кәрі ит туралы
(Баллада)

Ит қартайды…
Қан сонар сайран қалды,
Жақсыларға не деген жалған жарлы,
Бөрік құрлы көрмейтін Бөрібасар ед(і),
Тайыншадай тай жеген арландарды.

Ұзақты күн шабатын балақ түріп,
Бала едік онда біздер жалақ мұрын.
Қызықтаушы ек, Сәрсеннің көк итімен
Ауылдың барлық итін таластырып.

Алып-жұлып, батырып қызыл қанға,
Бой бермейтін Бөрібасар қызынғанда.
Күшің барда,
аузыңда тісің барда,
Ит болып
Таласпайтын жының бар ма?

Тірісінде ақ пейіл иесінің,
Аңдыды ма ол көрінген күресінін?!
Ол да өзге иттей қастерлі
қарғы киіп,
Құйрығын қайқайтып ап үретұғын!

Құрыстырып
Сегіз көз,
Сүбе,
белді,
Қатал жылдар
Қаһарын тіге келді.
Үш жыл өтті
Бөрібасар жүдегелі,
Үш жыл өтті,
Бөрібасар түлемеді.

Ешкім бастан сипамай жүзін жебеп,
Ұзақты күн татпайды үзім қорек.
Ит болып
Әуел бастан жаралған соң,
Ит болып
Жағымси да білу керек!

Қаңтардың кәрі бораны долданғанда,
Паналар ол байғұста
қорған бар ма?
Ұлиды ит
қара түнді қалтыратып,
Ұлыған жақсы шығар
қорланғанда…

Сонау бір қаздар ұшқан көктемеде,
Асыр салып секіріп көк бедеге,
Құйрығымен ойнайтын күшік күнін
Тартып алған Тәңірге өкпелей ме?

Атыра алмай ақпанғы таңды, сірә,
Ұли ма екен ит біткен жан қысыла?
Немесе ит боп кеткен заузатына
Зауал түнде жаудырған қарғысы ма?

Қойға бөрі тигенде бөріктіріп,
Бөрібасар жоқ
айқасар еріп шығып.
Жайшылықта жақ жаппас тәмам шәулі
Шәу етпей қор қылады-ау,
көріп тұрып!..

Бұл – жан сырым…
Бауырым,
іш күйерлік,
Қор қылғанда бірі жоқ
күш тігерлік!
Бұғып келіп қылтаңды қиятұғын
Қаптап жүр қайда барсаң
шпион ит…

(Толық нұсқасын газеттің №11 (3645) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір