БАЛДЫЗ ҚАЛЫҢ
08.03.2019
1198
0

Кейде айттырып қойған қалыңдық қайтыс болатын жайлар кездеседі. Мұндайда қалың малын төлеген болса, онда сол үйдің екінші қызын алуға құқы бар. Егер жігіт қалыңдығына ұрын барып қойғаннан кейін қайтыс болса, ал ол үйдің басқа қызы болмаса, төлеген малдың жартысы қайтарылады. Егер бұрынғы қалыңдығына ұрын барған күйеу енді балдызын алатын болса, онда бұрынғының үстіне «балдыз қалың» төлеуге тиіс. Оған түйе бастатқан бір тоғыз қосылады. Күйеу бұрынғы қалыңдығына ұрын келмеген болса, «балдыз қалың» төленбейді.


«КЕЛІН ТІЛІ»

Көп айтыла да бермейтін, көп қолданыл­майтын, ұмытылған ғұрыптың бірі – «келін тілі». Ауылдың молдасы мұсылмандық жол­мен ұзатылатын қызға қасиетті дұға оқып, ба­та береді. Осы жоралғыға бір мал арналады. Бұл мал – «келін тілінің» кәдесі. «Келін тілі» беріл­месе, ол барған жерінде (әсіресе босан­ған­нан кейін) ауру болып қалады деген ырым бар.


ЕМШЕГІН КӨККЕ САУУ

«Ана біткен аспанға ақ сүтін сауып, зарлап, өлі-тірі әруақты шақырды» (Ә.Сараев). Ата-анасына зәбір-жапа көрсеткен, қол жұмсаған, тілі тиген немесе ел-жұртына, руына ел естімеген іс істеп, ұят келтірген жастарды жазалаудың ауыр түрлері бар. Олар атаның теріс батасы және ананың емшегін көкке саууы. Яғни бұл – қарғыстың шегі. Ана мұндай жағдайда «ақ сүтімнің садағасы кет!» деп өз баласына немесе қылмыскерлерге лағынет айтып, қарғай отырып, құдайға, әруаққа салып, емшегін көкке сауады. Бұл – ата-анасының елбұзарларға деген ең ақырғы ауыр жазасы. Бұл жаза, қарғыс қайта алынбайды. Мұндай қарғыс алған адамдарды жұрт өз қатарына алмайды, пейіл білдірмейді, қамқорлық жасамайды.

(Сейіт Кенжеахметұлының «Қазақтың салт-дәстүрлері мен
әдет-ғұрыптары» атты кітабынан)

(Толық нұсқасын газеттің №10 (3644) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір