Он кітаптан он ауыз сөз
08.03.2019
935
0

Ханбибі Есенқарақызы – қаламгерлігімен ғана емес, қайраткерлігімен де әйгіленген ақындарымыздың бірі. Әде­биеті­міз­дің жауһарларын зерделеуге ерекше ықылас танытып жүрген ол ұлттық тарихымыз­дың «соқтықпалы, соқпақты» кезеңдерін қамтитын «Ақжол» кітабының 25 томдығын баспаға дайындап, оның он том кітабын оқырмандарға тарту етті. Түркістан облысы әкімдігі өз өңіріндегі он автордың әрқайсысының 10 томдығын шығаруды жоспарлаған еді. Солардың алғашқыларының бірі ретінде Х.Есенқарақызының толық жинағы жұртшылық қолына тиді. Сол кі­тап­тардың әрқайсысынан кітапсүйер қауымға сәлемдеме жоралғысын ұсынып отырмыз.

«Фариза» эссесінен үзінді

Өмір атты толқынға бір батып, бір шығып жүріп, елу бес жасқа да келіп қалыппын. Елге рахмет, мерейтойды өз дәрежесінде өткізуге тайлы-тұяғы қалмай кіріскен. Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстаннан келген қонақ­тардан өзге, бүкіл облыстардан да құттық­тау­шылар жиналған. Әзілхан аға айтпақшы, зал­да ине шаншар орын қалмаған. Тік тұрғандары да бар.
Алғашқы сөзді алған облыс әкімі Болат Жылқышиев құттықтап, сый-сыяпатын тап­сырды. Одан кейін сөйлеген Қадыр Мыр­залиев ағамыз поэзия әлемін сонау Шығыс­тың жеті жұлдызының өмірдеректері­нен мысалдар келтіре сөйлеп, ақынның да, көрер­мендердің де көңілінен шығатын аталы сөз айт­ты (Ол жөнінде келесі естеліктерімде айтамын).
Үшінші болып Фариза апам сөйледі. Сөйлегенде бүй деді:
– Ханбибі мен жайында «Шындыққа қарай жүздім мен» деген эссе жазыпты. Онда менің кілең нашар жағымды термелеп жа­зыпты…
Зал сілтідей тынды. Кейбір жанашырлар бірнеше минуттан кейін бомба жарылардай қипақтай бастады. Микрофоннан алыстау отырған мен жаққа бір қарап қойды. Жаным­дағы кешті жүргізіп отырған Мархабат Байғұтқа саусағын шошайтып:
– Сен де барсың оның ішінде! – деді.
Апайдың шешендігі көп қырлы, көп сырлы, әр сөзінің арасында үзіліс (пауза) жасап қояды. Қауымның демі ішінде. Сол кезде апам қолын көкке көтеріп:
– Бәрі шындық еді. Шындықты жазбаған ақын – ақын емес. Ханбибі – нағыз ақын! – дегенінде залдағы қол соғу дүмпуі әлі күнге құлағымнан кетпейді.
Айналайын халқымнан, мен үшін сүйіне де, күйіне де білген.
Ұзаққа созылған қол соғудан ба, менің көзім қарауытып, құлағым бітелді де қалды. Апам әлі сөйлеп тұр. Мен естімеймін. Бұл­дыр-бұлдыр, күңгір-күңгір айналам.
Мархабат құйған стақандағы судан ұрттадым білем, тағы дүрлігу, үсті-үстіне қол соғу. Тіптен кейбіреулер орындарынан тұрып, екілене ысқырып жатыр.
– Мархабат, не деді?
– Менен оздың, – деді.
– Қой, қой, олай айтуы мүмкін емес!
– Кейін бейнекамерадан көресің. Сені шақырып жатыр, бар! – деді. Микрафон алдындағы апайдың жанына келіп тұрдым.
– Аққу мамығынан жасалынған мына жағаны мойныңа саламын, өмірде де, өлеңде де аққудай самға! Мен биыл алпыс беске келемін. Он томдық кітабым жарық көрді, соның сүйінші данасын да саған тапсырамын!
Қайран апам-ай! Отқа да салатын, суға да салатын!

(Толық нұсқасын газеттің №10 (3644) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір