Жәнібек феномені
Қазақтың ән өнерінің аспанында дауысы қалған Жәнібектің ұлты мен ұлттық өнердің рухани тәуелсіздігі жолындағы жанкешті еңбегі – «Елім» деген бір азаматтың әруағын сыйлайтындай мәртебеге лайық. Шыңғыс тауының қойнауында дүниеге келіп, өзінің кіндік қаны байланған Жәнібек жазығының саумал самалы мен сары сағымы оның жүрек қабына ән боп құйылды. Абай өмір сүрген даланың тынысы, жусанның қошқыл иісі, найзағайлы жайлаудың кемпірқосағы, боранының уілі, қағылез де зерек орта Жәнібектің де тағдырлы жолы мен талант мінезін қалыптастырды.
Ол өмірінің соңғы тоғыз айында бар қатал мінезін, оның ішінде ұмытылуға айналған дікшіл мінезін бойына жиып алды. Барған сайын тастүйінденіп, баяғы әдетіне оралып, жұртқа ішкі сырын емес, сыртын ұсына берді (Ө.Ахметовтің естелігінде айтылғанындай). Кейде табан астында фәниден бақиға сүңгіп кетсе, дүниеде көңіліне алған ісінің барлығы орындала қоятын сияқты көрінетін. Түңілу және баз кешу – кез келген өнер адамының бойынан табылатын құбылыс.
Алайда, Жәнібек соны көңіл аңсарына айналдырып алды. Мен оның бұл тұйықтығы мен мағынасыз тәуекелін қостамадым, сыр етіп те айтып көрдім. Соны түсіне тұрып кейде қаперіне алып, кейде қаннен-қаперсіз тосын ағысқа ілесе берді. Албырт кезінде байқалып, кейін рухының күшімен жеңе білген, өзі кезінде қатты өкінген бір мінезі қайтадан шаң бере бастады. Екеуара бір үлкен әңгіменің болатынын екеуміз де білдік. Мен дайын едім. Қол ұстасып-ап оңаша екі-үш сағат әл-Фарабидің бойын бойлап, тілсіз жүре бердік. Ол өзінің бұл мінезін уақытша ғана көрініс, «өткелден өтіп алған соң» бәрі де шешкен тондай сыпырылып қалады деп есептеп, тереңдеп сырласқысы келмеді. Ол тығырық пен тұйықтың шешімі бар болатын. Бұл әсершіл өнер адамының психологиялық ширығуы еді. Мұны ол жанына түскен дауасыз дерт ретінде қабылдады. Менің булыққаным сонша, оған хат жазғым келді. Оны өзіне де айттым. Тұйықтан шығатын саңылаудың бар екенін аңғарды. Ол үмітке жетелеген сәбиі – Шаһкерімнің жөргегінің иісі мен бал-бұл шыға бастаған тілі, сәбилік қылығы болатын.
Ол сол кезде өзінің әншілік тағдырындағы үшінші, қорытынды белесіне шығуға іштей дайын еді. Ол ән, ол дауыс, ондағы әсер – бұрынғы Жәнібек – Жәнібек пе, мүлдем ұғымға сыймайтындай құдіретті еді. Тыңдаған кезде мен есімнен танғандай боп, сілем құрып отырып қалатынмын. Кейде телефон шалып, құлақшаны көтергенде үн-түн жоқ, әлгі әннің үзік-үзігін қайталап, өзгертіп айта беретін, не үнтаспаны қосып қойып, өзі үнсіз отыратын. Бір кезде: «Ал, жарайды», – деп трубканы қоя салатын. Қайтып ол туралы мен үндемеймін, пікірің қандай деп ол сұрамайды. Оңаша бір қалғанда (ал оның ән айтқысы келгенін «Әй» дегенінен, не қабағынан біле қоятынмын. Тымырайып алып, артық сөз айтпай, тастүйін түйіліп алатын. Көлденең көз болса, сол қабағы жазылмай-тын) ғана айтып, домбыраны сүйей салатын. Не сол әннің әуенін жарты сағат бойы қайталап шерте беретін. Бұл күй үш-төрт жылға созылды. Тоқсаныншы жылы ол концерт Жәнібектің санасында толық пісіп жетіліп, бабына келді. Енді өзіне-өзі салт-дәстүр етіп алған әдеті бойынша әр әннің тағдырын, айтушысын зерттегісі келді. Мен архивке үңіліп, текстерін айтуға тыйым салынған (1936-1956 жылдары) қазақ әндері туралы деректерді, Т.Жүргеновтің, I.Омаровтың, М.Майшекиннің естелік-пікірлерін тауып бердім. Кейін бұл мәселемен Жазушылар одағы құқық комиссиясының тапсырмасымен I.Жақанов айналысты. Бірақ сол текстер табылмады. Оның басты себебі: бірінші – кеңестік идеология қысымы, екінші – әннің әуенін операға негіз еткен композитордың оны қайта тірілтпеуі үшін жасаған пиғыл мүддесі еді. Бұл туралы Жәнібек бір мақала жазумен шектелді де, негізгі деректерді жаңағы концертінде пайдалануды көздеді. Бұл оның сұңғыла шешімі болатын. Өкінішке, бір жағы қуанышқа орай, сол жылдары Жәнібек шетелге шыға бастады, есепті концерт кейінге жылжи берді. Ол жалпы ел-жұртты соған дайындағысы келді, әрі ол бұл концерттің тосын болғанын қалады. Домбырадан домбыра ауыстырды…
…..
Тұрсын ЖҰРТБАЙ
(Толық нұсқасын газеттің №9 (3643) санынан оқи аласыздар)