Берік САДЫР
ШҮКІРШІЛІК
Дүниеде бар жаратылыс мүлдем жоғалып кетпей, тірі пендемісің, жан-жануар, құрт-құмырсқа болсаң болды, уақытың келгенде өліп барып қайта тірілетініңе шүкіршілік.
Бір заманда мен де пенде болып жаратылғанмын. Қауым болып қауымдасып тірлік ететінбіз… Білетінім – тас дәуірі артта қалып, «айналайын темірден алғашқы құрал-сайман сайлап, біз аңнан емес, аң атаулы бізден қашып-пысып жүретін заман болатын.
Ол дәуірге де шүкіршілік. Жазмыш бұйырған жасын жасап, арман-мақсат қойып өмір сүретіндей кезең болмаса да, жарық дүние сыйлаған Жаратушыға риза кейіппен дәм-тұз біткен күні жазмышқа мойын-ұсынғанбыз.
Енді міне, Алла жар болып, «кезегім келіп», тағы да жарық дүниеге келуімнің орайы келіпті… Пенде емеспін бе, жаратылатыным анық, неде болса деп Жаратушыға алдағы ғұмырда: «Өйте көріңіз, бүйте көріңіз», – деп жалбарынып бақтым.
Сондағым, алдымен ғұмыр жасты ұзарта көріңізші дедім. Содан соң, тамақ атаулыны талғамай-ақ бұйыртыңыз, құрт-құмырсқа, шөп-шаламға дейінгілер менің үлесімде болса дедім. Тағы да жаурап қалтырамайын, негізі – жауым жоққа жуық болып, аш көздердің қанша қармағына ілінсем де, оларға нәпақа болудан сақтаса деп тіледім. Жүре де білсем, қажет болғанда қауіп-қатерден құтылып кетердей қанат бұйырса, артық етпес деп тәубеге келдім…
Жалбарынғанымды Жаратушы қабыл алып… пәлекеттікі, қарға болып жаратыла қалмасым бар ма… Кінә өзімнен! Алдымен адам ете гөр демеген өзім… Адам болмағаныма өкінгенмен, ал өтініш-тілегімді қабыл еткен Жаратушыға айтарым жоқ… Тағам талғамаймын. Мұндағылар: «Қарға айтыпты – боқ жаман емес, жоқ жаман» дейтін көрінеді. Тәуба, жейтінім алдымда, жемей кергитінім онан да көп… Мұндағылардың: «Қарға қаңқылдап кетті, күн суытып, қар түсетін шығар» дейтіні бекер емес… Көбіне қалғып-мүлгіп тал-теректе отырамын. Керек кезде, төменге түсіп талтаңдап жүріп кеп те беремін. Қауіп-қатер аз, етім «арам қатқыр» дәрежесінде болғандықтан, ана әдірем қапқыр, мысық болмаса, мені еріккендер де ермек ете қоймайды. Ой-хой, қанат бітіргені қандай ғажап!.. Қауіп-қатерді қапы қалдырады… Бағытым «Балқан тау» болса да бара аламын… Ең ғажабы, ғұмырымның ұзақтығы… Үш жүз жылдай жасайды екенмін!..
Ал, айналама көз салсам… Пенде, яғни адам етіп жаратпағанына тәуба! Кей-кей тірлігіне өрем жете бермес, ал олардың құлқын үшін таң азаннан кеш батқанға дейінгі тепең-тепең тірлігін көріп түңілемін. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды». Ал пендең біздің кезіміздегі адамдардай емес, тірлік үшін бірін-бірі өлтіруден тайынбайды. Көбі аш-құрсақ, тағам үшін атыс-шабыс, қылмыс… Қит еткен қылмыс үшін қамалып, темір торда отырасың… Табиғатты бітірген. Тау-тасты қопарып, өзен-көлді лайлап, түтінмен тұмшаланып алған… Ері қайсы, әйелі қайсы, біліп болмайсың. Бір-екі баламен бітеліп, күн өткен сайын тұқымы құрып, құрдымға кетіп жатқан елді мекен… Қайсыбірін айтайын, осындай-осындай оспадарлығына бола аз күнде топан су қаптап, тіршілік атаулы тып-типыл болатын көрінеді… Өз басым, ондай бола қалғанда, айналайын қанатымның арқасында қалықтап ұшып, жан сақтар алып шыңның төбесінен табылармын.
Айтарым, мына замандағы Адамның көрерін пенде басына бермесін… Адам етпей, Қарға етіп жаратқан Жаратушыма құлдық!..
ЖЕТІМ СӨЗ
Қилыбай кеңес заманында да ат үстінде болды. Белді қызметтерді атқарып, ауданнан әріге де барып, облыста да дүрілдеп тұрды.
Кеңес құлап, «тұрымтай тұсымен» болғанда Қилекең шыққан «шыңынан» құлдилап кеп кіндік қаны тамған жерін паналап, көпті көргендігінің арқасында оң-солын білмей дағдарған ел-жұртының тізгінін қолына алып, қожалық еткеніне де біраз болған.
Пәлекет ұжымдастыра да білді, істі ілгері жылжыта да білді… Негізі, қара басының қамын қамту жағынан алдына жан салмады.
Қарсы келгенді қағып тастайды. Артынан келгенді теуіп, алдына шыққанды тістеп, жалына жан жуытпады десе де болады.
Әлқиссамды қысқартып, айтарыма көшейін.
Қилыбайға кім-кімнің де қыжылы бар, атарға оғы жоқ, іштен тынып тымсырайғандар біраз.
Солар қауқылдаса келіп, маған: «Бірден-бір айтар адам сізсіз. Сіз айтпағанда, кім айтады! Сізді де талай тақырға отырғызғанын білеміз» деп тақымдап болмаған соң, өзімнің де іштегі қыжылым оянып, олардың ұсынысын қабыл алдым.
Сөзімді «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» деген мақал бар деп бастап, «Әй, Қилыбай, бері қара, біздің де айтарымыз бар!» деп алып, шешінген судан тайынбас, әйда кеп, ит терісін басына қаптайын деп түйдім. Алдымен, өз басыма көрсеткен қорлығын тізімдеп келіп, көпке ортақ қазынаны талан-тараж еткенін жайып салайын. «Иттен ұят кетсе, қазаннан қақпақ кетеді» деп алып, білетін «майлы шелпектерін» шертіп көзіне көк шыбын үймелетейін. «Байлыққа беліңді бекем буынып көзіңді шел басты» деп тікесінен қайырып, «Дәлел ме?! Дәлел керек болса…» деп алып, қаладағы зәулім сарайын, баласы тұрмақ, кеше дүниеге келген немересінің атындағы үй-жайды… қос-қостан қаңтарылған көлік… бәр-бәрін тізіп шығып, сөзімді: «Өзің оңбадың! Адамгершіліктен жұрдай болдың! Үлкенді үлкен, кішіні кіші демедің. Аттылыға жол, ауыздыға сөз бермедің. Кедей-кепшікке құлақ аспадың. Астамшылығың алты қап, алапестігің атан түйеге жүк. Байқа, Қилыбай! Мұндайда көпшілік: «Көріңде өкіргір» деп қияс кетеді» деп, төтесінен тартып бірақ тоқтайын дедім.
– Жегенін желкесінен шығару керек! Айғақтаймыз, тайға таңба басқандай тайқып кете алмайды, – деп жатыр келгендердің бірі.
– Қарызы шаш-етектен. Ортадағы берешегі бел асып кетсе, бір менің бес жүз мыңымды бермегелі бес жылдың жүзі болды.
– Үйіп төккен уәдесі үйме! Қаладағы қызыма үй алып беремін деп, алашағын алып әдірем қаптырғаны бар мені!
– Менің де баламды бастық етемін деген пәтуасы желге ұшқалы қашан.
– Қала маңынан жер алып беремін деген сөзіне сеніп, бар аша тұяғымды алдына салып берген өзіме обал жоқ!
…Ойпыр-ай, «Естімеген елде көп» деген, келгендер осы мәндегі «есепті» сөздерін ағыл-тегіл айтып, алдыдағы жиылыста менің «алғыр» сөз бастауымды өтініп, ретімен өздері де іреп-соятындарына келісіп барып тарқады.
…Содан, ажал аяқ асты… «Апаттан жол үстінде Қилыбай қаза тауыпты» деген суық хабар жетті.
…Қайтейік, ажалға амал бар ма, Қилыбайды шығарып салудың қазасында тұрмыз. Сауап үшін сапқа тұрғандар бірен-саран ғана…
Ауыл молдасы:
– Жамағат, қалың көпшілік, алпыстан асқан шағында бұл дүниеден татар дәмі таусылып Қилыбай көкеміз бақилық болып барады. Сұрарым, ол қандай адам еді? – деп еді, жым-жылас, үнсіздік…
Молдекең жаңағы сұрағына екпін тастай тағы да үш рет қайталап, төңірегіне төңкеріле қарап еді:
– Жақсы адам… – деген сөз жарықшақтанып естілген болды.
– Тірісінде пендешілікпен бере алмаған қарызы бар ма, марқұмның? – деп жатыр молда.
…Үнсіздік…
Молдекеңе де керегі сол, өзі өз болғалы бірінші рет іле-шала айтылатын «Қарызын өтейсіздер ме?» деген сөзді айтпаған күйі «мүрдені алып жүріңдер» деп ишарат жасады…
Менің миымды өткендегі Қилыбай туралы «жетім» сөздер өңмеңдеп алғандікі ме, басым сыздап, көзім қарауытып талықсып құлаппын…
ТОҚТАУ БОЛҒАН ТОҚАЛ
Әскери адам болғандықтан ер жасы елуге келмей-ақ зейнеткерлікке шыққанмын.
Ерте тұру еттен өтіп, сүйекке сіңгендіктен, тауық шақырмай тұрып кетіп, таза ауада өзімше олай-бұлай ойқастаймын. Яғни жүгіремін, керілемін, созыламын, бір сөзбен – спортпен шұғылданамын.
Кемпірдің күрең шайын сораптап отырып:
– Ауланы сыпырып тазартуды спорттың бір құрамына кіргіздім. Сыпыртқымен олай да, бұлай да бұлғақтағаннан буын-буыным босап, бұлшық еттерім қатайып, тізе тілерсегім созылып-тартылып жан кіреді, – деп қалғаным бар.
Ертесінде кемпір:
– Үйдегі қоқыс атаулыны буып-түйіп, арғы көшедегі жәшікке лақтыра сал. Білген адамға ол да спорттың құрамына кіреді… Буып-түйіп жатып қимыл-қозғалыстың небір түрін жасайсың. Еңкейесің, шалқаясың, аласың, саласың, кемі он киледей кәкүр-шүкірді анау жерге апарып лақтырудың өзі неге тұрады, – деді.
«Қатының ақылды болса – өз ақылың қалтаңда қалады» демекші, ақылға келіп, «жөн сөзге» тоқтап, ертеңгілік кәкүр-шүкірді жиып-теріп ала кететін болдым.
Бірде кемпір:
– Ауланы сыпырғаның жөн-ақ, естуімше – қос қолды ілгері соза еңкейіп барып кері қайтқан қимыл-қозғалыс нағыз спорт дейді… Сенен басқамыз шырт ұйқыда, кедергі келтірер пенде болмайды – шаңсорғышпен мына дағарадай үйдің ішін сыпырып, сиыр жалағандай ете салсаң… – деді.
Тағы бірде үйдегі кісі:
– Үйдің ішін сыпырып, сиыр жалағандай еткен шалымнан айналдым, – деп алып, – базарға барып келсек. Жүк көтергеннен айналысып жүрген спортыңның нәтижесі білінеді… – деп тоқ етерін айтты.
Келесіде кемпір немерені киіндіріп, бірін жетектетіп, бірін арқама алдыртып: – «Біле білсең бұл парызың әрі спорттың сүбелісі» деп балабақшаға аттандырып кеп жіберді.
Несін айтайын, кемпірдің таңып берген осы секілді тағы да төрт-бес «спорт түрін» арқалаймын деп, таңның атысы, күннің батысы тепең-тепеңмен кешке қарай кескен теректей құлаймын кеп.
Өстіп құлап жатып бірде кемпірге: «Спорттың төресі тоқал алған еркекте болады екен…» деп, айда кеп ана тоқалы барлардың айтқан «ақыл» кеңесін ағыл-тегіл ағыттым келіп. Ара-арасында жорналда жарияланған «Тоқал алудың тоғыз пайдасы» атты мақаладан үзінді де оқып бердім.
…Тоқтаусыз сөйлеп түн асырып ұйықтағандікі ме, ертесінде: «Тұр-ей, тоқал алғыш!» деген кемпірдің зілді сөзінен кірпік ашсам, мәссаған, күн тас төбеге келіпті… Сыртқа шықсам, аула да, дала да тап-тұйнақтай… Немерелер де балабақшасына әлдеқашан кетіп қалыпты… Кемпірдің де базарға бір өзі барып келген беті екен…
Сөйтіп, зейнеткерлікке шыққалы бері алғаш рет ерте тұра алмай есеңгіреп, кемпір де «спортың жайына қалды ғой» дей алмай, үнсіз күрең шайын ұсынып, мен де түндегі «Тоқтау болған тоқал» әңгімеме риза кейіппен «тоқалға тоқтау жасап», тымпи ойнап отырмын.