Ел қорғаны – Есберлі
15.02.2019
478
0

Ырым Кененбай,
жазушы-баспагер,
«Құрмет», «Парасат»
ордендерінің иегері

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақтың қасиет дарып, кие қонған елді мекендерін анықтап, ауыл-аймақты қайта түлету туралы айтылғаны есте. Аталған мақаласында Елбасымыз іскер азаматтар туған ауылдарына оралып, игілікті істер атқарсын, олардың ешкім қолын қағып, жолын тоспауы керек дегенді екпін түсіре айтқан болатын. Біз төмендегі мақаладан ел ішіндегі рухани жаңғырудың жақсы нышанын танып, қуандық. Бұл мақалада елін жаудан қорғаған Есберлі батырдың ерліктерімен қоса, Есберлі бабаның ұрпағы жайлаған Көксу өңірінің (Алматы облысы) бүгінгі көркем келбетін көреміз. Үзінді жазушы-баспагер Ырым Кененбайдың «Жетпістегі жидеағаш» кітабының «Ел қорғаны – Есберлі» бөлімінен алынып отыр.

…Аңырақай екі сайды қосып жатқан бұл мекенді ертеректе Есберлі бабамыз қоныс етсе керек. Шығысқа қарай ашылатын алаң – Ақсу, Аягөз, Семейге кетеді. Ал одан төменірек батысқа қарай бұрылған алаң – Дауылбай мен Жартастының арасын алып, Арқаға қарай бастайды. Оңтүстік-шығысы Алатаудың етегі болып келетін осынау жерден басқа өңірлерге шығатын жол-сай жоқ. Сондықтан да жаугершілік заманда нағыз жау өті осы орын болса керек-ті.
Бұл өңір жайында аңыздар көп. Тіпті бер­тінгі тарихтан да аты белгілі. Жетісу же­рін жаудан тазартпақ болған атақты Абылай қолы осы жерден өтсе, Қаракерей Қабанбай батыр осы жерден бастап жауды тықсырта қуып, Тарбағатай асырған. Тарихта жазыл­ған белгілі «Қаратал қырғыны» осы жерде болған. Ол жайында белгілі қоғам қайрат­кері, білгір өлкетанушы Қылышбаев Наурыз ағамыз өзінің «Қаратал қырғыны» деген еңбегінде былай жазады:
«Абылай қолы Қаратал бойындағы Дауыл­бай сазында ойсырай жеңілгенімен қазақ батырлары тынышталмады… Араға бір жыл салып қайта тұтанған «Қазақ-Қалмақ» соғысы өр Қараталда жалғасты.
…Шопабай, Төке бірігіп жауды қуып, Қыз белінен Табанға түсер шоқыға шық­қанда қалжыраған қалмақтар Көксу өзені­ен өтіп, Сарытөрден әрең асып, Қытай жеріне ілінді. Дауылбай сазында өткен соғыстың бір жылдан кейін Қаратал, Көксу аралы­ғын­дағы жазықта жалғасып, Қызылауыз асуы, Қойтас, Жамбас, Қарағайлы жайлауында өт­кен соғыс деректерін ел есінен өшіру мүм­кін де емес. Бүгінде Ойсаз жайлауы Шопа­бай сазы, Қарағайлының Шымылдық қарағай аталуы соның айғағы. Заман алға жылжып, ел, ру, тайпа аттары өзгергенімен жер-су аттарының өзгермеуі, қайбірінің арда ұлдарының атымен аталуының мәні – ұлт құндылығын сақтап, елдің елдігін асқақ­тату…».
Бұл еңбекте аты аталған Дауылбай өңірі, міне осы жер. Қазақ бірде жеңіп, бірде жеңілген нағыз қанды қырғын болған май­дан даласы – осы.
Есберлі бабамыз қаптағай денелі, ірі адам болыпты. «Уа, Жаратқан ием, ұрпа­ғыма, еліме, Ес бере гөр!» – деп бабалары да атын тегін қоймаса керек. Өсе келе сантүрлі жауынгерлік айла-тәсілдерді меңгерген нағыз жаужүрек батыр атаныпты. Қоластына арнайы дайындықтан өткен сайыпқыран сарбаздарын жинап, осы өңірді мекен етіп, осы жерге қоныс тепкен. Елін, жерін қорғап, қырық жыл бойы аттан түс­пепті.

(Толық нұсқасын газеттің №7 (3641) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ