ҚАРА ШАЛ
15.02.2019
1225
0

Біздің мектепті аяқтап, студент атанған уақытымыз еліміздің тәуелсіздік алған жылдарымен тұспа-тұс келді. Ол – халықтың руханияттан гөрі дүние қамын күйттеп, жаппай базаршы болып кеткен қиындау кезең еді. «Ұлттың ұлы мұраты – ұрпақ тәрбиесі болу керек» деп ұққан Қ.Шаяхметов, А.Еспенбетов, Қ.Мәшһүр-Жүсіп, Т.Жұмажанова секілді көптеген ғалым-ұстаздардан тәлім көріп, білім алдық, қанатымызды қатайттық. Сол ұстаздардың ішінде оқу барысында күнде көріне бермейтін, керісінше қаладағы рухани, әдеби, мәдени, әсіресе, Абайға қатысты іс-шаралардың үнемі жанында жүретін, шашы буырылдана бастаған, дауысы сәл тарғылданып шығатын «Қазақ әдебиетінің сын тарихы» пәнінен дәріс оқитын «қара қайыстай» (Т.Жұртбай) қара шал бар еді. Оған дейін де сырттай көріп жүргеніміз болмаса, сабақ береді деп ойламасақ керек. Алғаш аудиторияға кіріп, амандасып, жөн сұрасқаннан кейін әңгімесін бірден Абайдан бастап, әр ойын «Ол – Аба-а-а-й ғой» деп соза қайырып тастап отыратыны есімізде қалыпты. Бірақ сабағы араға апталар салып қана болып жүрді. Бір жолғы лекциясы Сағат Әшімбаевтың сын еңбектері жөнінде болды. Кейін, өзіміз оқуды аяқтағанша ол кісінің бізден кейінгілерге дәріс оқып жүргенін байқамадық. Бізбен аяқтады-ау деймін. Тіпті, сынақ тапсырғанымыз да есте емес. Оқу барысында ол туралы ойымызда қалғандардан бар-жоғы осы ғана.

…«Қара шалдың» әдебиет пен абайтануға еткен еңбегі жұртқа мәлім болғанымен, өнертануға қосқан үлесін біздің өнерпаздар қауымы мен өнер және музыка зерттеушілері көп біле қоймайды. Кешегі қиыс кетсең қиып түсер кеңестік кезеңде Абай мен Абай айналасындағы ақын-композиторлардың әндерін, сол өңірдің өнерге қатысты мол шежірелі әңгімелерін, оның ішінде әні мен өлеңі түгілі атын атауға тыйым салынған Шәкәрімнің музыкалық мұраларын, Ағашаяқ, Майбасар, Шәкә­рімнің Қабышы, Уәйіс, Мұха­мет­жандардың жұрт жадынан өшкен көп әндерін Ахат Шәкәрім­ұлы, Қабыш Кәрімқұлов, Шәкер Әбенов, Ниязбек Алдажаровтардың орын­дауында таспаға басып жинақтап, өз бетінше жеке қор жасақтады. Сол әндерді өткен ғасырдың 80-ші жыл­дарының басынан бастап әнші Келденбай Өлмесековке тыңдатып, үйренуін талап етті, әр қайырымын қадағалады.
Өнерпаздың еті өліп жүріп еткен еңбегінің бір өтеуі – артында аты қалу болса, ол бақ Келденбайға бұй­ыр­ды, Шәкәрім әні десе Келде­н­байдың аты қатар аталды. Өйткені 1988 жылдың 15 сәуірінде Шәкәрім­нің ақталғанын Көкше елінде жүріп естіген Келденбайдың сол күні-ақ Көкшетау сахнасында сүйінші сұрай отырып, Шәкәрімнің бір әнін халық алдында қалықтатып жіберуі – алда бір сәуленің барын сезген «қара шалдың» әулиелігі еді. Себебі, сәуір­де орындалған сол әннің үзілмеуін тілеп, «енді бір ән емес және бір-ақ рет емес, мәңгілік болсын, сенің жо­лың осы» деп, қажы әндерін Кел­денбайдың қанжығасына байлап берген осы «қара шал» болатын, сондықтан мұнда оның да үлесі бар. Оны Келдекең өле-өлгенше айтып, аузынан тастамай кетті.
Көзбен көріп, құлақпен естіп жүрген әнді айту бар да, тыңдау бар. Күй де солай. Ал, ән мен күйді тану бір басқа, ол екінің бірінің өресі жете беретін дүние емес. Ол үшін «ондай сыйды аларлық ойлы құлақ», сүзгіден өткізе алатын «жылы жүрек», өзегін жарып, «нұрын, сырын көре алар көкіреккөз», қорыта алар «нұрлы ақыл», таразылай алар талғам мен таным болса керек. Міне, осы жағы­нан келгенде, өнерзерттеу бағытын­дағы ең табысты дүниесі – «Күй әлемі» және «Ән өлкесі» дейтін қос бөлімнен тұратын «Толқын толғау» аллитерациялық эсселер жинағы. Бізді ағаға жақындатқан да осы еңбек болатын. Қазақтың өнертану ғылы­мын­да көптеген еңбектер жарық көрді, бағалаймыз. Бірақ, осы еңбек­тің орны бөлек болып көрінеді де тұрады…

Еркін ШҮКІМАН


ЖОҚТАЙМЫН ОНЫ МЕН БҮГІН

Төкен Ибрагимовтің рухына

Тарбағатайынан тақ танып,
Ақсуатынан Ар тұтқан,
Шыңғыстау сырын ақтарып,
Семейдің бойын балқытқан,
Ертіске ернін тигізіп,
Еліне бетін сүйгізіп,
Арғымақ шабыт қарғытқан,
Ізгілікті іске ілесіп,
Ібілістермен күресіп,
Бал жұтқан, кейде қан жұтқан,
Мұрасын қаттап Абайдың,
Мұратқа жеткен мұзарттай,
Салдырған сайлап сарайдың
Көтерген туын құлатпай,
Сөйлесе шешен тілменен,
Сарқырап аққан бұлақтай,
Шежіре, тарих, жыр деген –
Жарқырап тұрған шырақтай,
Ішінде кетті-ау мың сан ой –
Жауапсыз қалған сұрақтай!
Сонау бір жастық шағымда
Сол адам еді сеңгірім.
Жатталып қалды Ол жадымда,
Жоқтаймын оны мен бүгін.
Асудан асты Ол сан қиын,
Алаулап жанды-ау от кеуде!
Жер басып жүрсе, дәл биыл,
Келетін еді-ау сексенге!

Әбубәкір ҚАЙРАН

(Толық нұсқасын газеттің №7 (3641) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір