Тәуелсіздікке тарту
Жуырда Алматының Ұлттық баспасөз клубында «САҚ» кино-студиясы «Қазақ елі» атты толықметражды анимациялық фильмінің жұмыс барысына арналған баспасөз мәслихатын өткізді. Туынды Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша жасалған-ды. Бұған дейін «Қошқар мен теке», «Момын мен қарақшылар», «Толағай», «Маймақ қаз», «Мұңлық-Зарлық», «Сапа олимпиадасы», «Қанатты барыс туралы аңыз», «Алтын балық туралы», «Операция Ш», «Жаңа жылдық қалыңдық», «Қазақстан бренді», «Томпақ телехикаясы» секілді мультфильмдермен танылған «САҚ» киностудиясының сыншы, сарапшылардан алған «кішкентай Дисней» деген бейресми аты бар екен.
«САҚ» киностудиясы түсіріп жатқан «Қазақ елі» тарихи мультфильмі Тәуелсіздік күніне орай көрсетілуге жоспарланып отыр екен. Туынды Керей мен Жәнібектің бала кезінен бастап, есейіп, ержетіп, ел басқарып, Қазақ хандығын құрғанға дейінгі аралықты қамтиды. «Фильмнің мақсаты – балалардың өз тарихын түсінуіне, Керей мен Жәнібектей қаһармандардың Қазақ хандығын қалай құрғанын біліп, соларға еліктеуге, өз елінің патриоты болып өсуіне жол ашу», – дейді мультфильм режиссері Батырхан Дәуренбеков. Фильм барысында Жәнібек пен Керейдің ұстазы Қарт батырдың оларға садақ ату, қылыштасу, атпен шабу секілді жауынгерлік өнердің түрлі тәсілдерін үйрететін тұсы кеңінен көрсетіледі. Кейін ел басқаруда білімнің де маңызы зор екенін ұстазынан ұғынған Керей мен Жәнібектің Отырар қаласына аттануы, Отырар кітапханасын аралап, ғұлама ұстаздардан түрлі дәрістер алып, елге оралғанда түрлі ерліктерімен көзге түсе бастауы қамтылған. «Балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында фильмде тарихи тұлғалардың бала кездерінен бастарынан өткен қызықты оқиғалары көрсетіледі. Олардың тай үйретеміз деп қалай қарақшыларға тап болғаны, Қарт батырдың көмегімен қарақшыларды жеңіп шығуы балаларға бір жағынан абай болуды меңзесе, екінші жағынан езу тартары сөзсіз. Фильм барысында қазақ жерінің әсем табиғаты, сол замандағы Жібек жолы бойында орналасқан Сауран, Отырар, Сығанақ сияқты ірі қалалар, хан сарайлары көрсетіледі. Сонымен қатар, кішкентай көрермендеріміз Астананың бүгінгі көркін тамашалай алады», – деді фильмнің әдеби кеңесшісі жазушы, драматург Дулат Исабеков. Баспасөз мәслихатына туынды сценаристі Сағиділдә Үсіпәлиев, фильм директоры Нұриддин Паттеев, продюсері Сәбит Әбдіхалықовтар қатысып, өз ойларын ортаға салды. «Қазақ елі» туындысы көрермендерімізге Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жақсы бір тарту болғалы тұр!..