Қара көзі түндей тұнық бір қыз бар…
01.02.2019
1133
0

Фахриддинмен былтырғы жылы Түркістан шаһарында жалғасын тапқан түркі текті ақындардың дәстүрлі поэзия фестивалінде жүзбе-жүз ұшырасқанбыз. Көңілі қунақ, сезімі сергек Шайыр ешкімді жатырқамайтын ашық-жарқын мінезімен бірден көзге жылыұшырады. Айта кетейін, осыдан оншақты жыл бұрын «Әлем әдебиеті» журналының тұтас бір нөмірі көрші өзбек бауырларымыздың әдеби-рухани өнімдерінен түзіліп, оған Әлішер Науаидан бастап бүгінге дейінгі біраз ақын-жазушылардың шығармалары тиісінше қамтылған болатын. Журналдың бас редакторы Кеңес Юсупов ағамыздың бұл игі бастамасы келе-келе өзге де республикалар ауқымында өрісін кеңге жайды. Әсіресе, дәл қазіргі әлетте осы бір игі істің ыстыққауметін ықыласпен бастан кешіріп, әрі тәржімандық әлеуетімді ұштай түскеніме әлі күнге дейін кәдімгідей балаша масаттанамын.
Аталмыш журналдың өз қолымда тек бір-ақ данасы қалыпты. Парақтап отырсам, ішінде Фахриддиннің өлеңдері де жүр екен! Қуанып кеттім. Неге дейсіз ғой? Әр Шайырдың «іштен шыққан шұбар жыланы» алдымен өзіне қымбат, одан соң, жариялана қалса, өзгенің жүрегін «жауламақ» ниетте. Расын айтсам, Фахриддиннің өзіне тән, өзгеге таңсық дүниелері тың тынысымен, «соқтықпалы соқпақсыз» жүрісімен бірден ұнай кетті. Ауқымы кең. Әлем тілдеріне деген қарым-қатынасына келсек, орыс, ағылшын тілдерін емін-еркін біледі. Сонысына қарай тәржімаланған дүниелері де жеткілікті. Ал әлем ақындары кез келген ақынды өз тіліне аудара бермейді. Қазіргі күні қадірдан дос-інімнің «Излам» шейірлер кітабы қолымда. Аттай қалап, автордың өзінен өтіне сұрап алдырдым. Осы таяуда ғана. Жаңылмаған екенмін: Фахриярдың (Фахриддин Насриддинұлы) ақындық әлеует-қарымы әлемнің алуан тарабын айқайлайтындай-ақ екен! Кәдуілгі шынарлы Шығыс поэзиясының бір бұтағы бола тұрып Батыстың модерн, постмодерндік ағым, танымдарына да ауыз салып үлгерген үрдіс байқатады. Бұл тараптан оны жаңашыл ақын деп танысақ мақұл. Ақынның өмірбаяны өлеңінде, сонсоң туған, өскен топырағында. Екеуміз де сары тісті, саналуан түсті Самарқан топырағынан екенбіз. Ендеше, ағалы-інілі құшағымыздың жазылмауын, құшуақ күндеріміздің көп болуын, игі сапарда қоржын-қосқалаңымыздың әмісе тоқ болуын бір Алладан тілеп жүрейік…


Фахриддин Насриддинұлы

Өтміш

«Өтміш дертті…».
А.Вознесенский

Өтміштің өңі өлі.
Дерттенген денені
Қайдан жеңеді
Емшінің көмегі?
Себебі:
Сарғайған кітаптар
Бермей тұр сөрені.

Өтміш тілден қалған.
Оның озмышы – Уақыт,
Жазмышы – Жалған.
Ежіктеу біз үшін –
Ежелгі арман.
Жылдарды өткеріп,
Кезеңі дөп келіп
Оқымақ ниетіңе
Жазады оны судың бетіне…

Бақыт

Бақыт көздің қиығымен қарайды,
Миығынан жымияды ол және.
Қарағаны – ғұмырыңа жарайды,
Жымиғанын жылы-жұмсақ олжа де.

Оқтын-оқтын оралғаны болмаса,
Опалыға дерегі де жоқ оның.
Ойда жоқта басыңа кеп қонбаса,
Кейбіреуге керегі де жоқ оның!

Көктемді қарсы алу

Бұрын-соңды келмегендей бұл көктем,
Кірпіктерін ашып-жұмар гүл де еппен.
Тал-теректер тазаланып шаң, кірден,
Беті-жүзін шайып жатыр жаңбырмен.

Ақша бұлтпен ажарланып Айна көк,
Жан-ділімді жарылқайды майда леп.
Неге сонша желбірейді гүл өңім?
Неге сонша елжірейді жүрегім?!

***

Гүлдерім қанқызыл,
Жауқазынжалғызым.
Көңілін аулаймын
Көз ілмей таңға ұзын.
Қызғалдақ – қызғаныш,
Сарғалдақ – сағыныш,
Жұпаргүл – жұбаныш,
Әтіргүл – қуаныш…
Ал менің гүлім…
Әппақ гүл,
Кетті екен таптап кім?
Сөздерім қанжылым,
Тал гүлім – тағдырым.
Жалғанға жан-ділін
Жалғаумен өтеді
Әр күнім.

Жүрек пе?
Білмедім, Ол неме қайда жүр?
Қонар ма,
жанар ма,
тонар ма
барымды,
бағымды,
жанымды?
Мен үшін гүл де жыр,
түн де жыр,
Ай да жыр…
Әйтеуір шықса екен дінаман
Ақпаннан,
ақ қардан,
аяққа тапталған…

***

Ушбу кешім, кембақ кешім қарлыдүр,
Әппақ кешім, айдын кешім зарлыдүр.

Дертім жаңа, қуаныштан жұдамын,
Тау мен тасқа басымды ұрып жыладым.

Сүйгенімнің тәні, жаны тас па екен?
Жұлдыздарым жұлдыз емес, жас па екен?

Сүйгенімнің тәні, жаны тас болса,
Жұлдыздарым жұлдыз емес, жас болса:

Қылкөпірден өте алмаспын бұл кеште,
Ақ таңға аман жете алмаспын бұл кеште...

Өзбек тілінен аударған
Исраил Сапарбай


(Толық нұсқасын газеттің №5 (3639) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір