ЕЛІН СҮЙГЕН ЕРЛЕРДІҢ БІРЕГЕЙІ
01.02.2019
957
0

(Ұлтжанды боп, намыс­тан нәр алған Кәмкең, жазушы Кәмел Жүністегі туралы бірер сөз)

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

Бертінге дейін есімі еске алынбайтын, алына қалса «кертартпа, зар заманның ақындары» деп, Мұрат, Дулат, Шортанбай жырларының сыңар жолын айтқызбай келген кеңестік жүйенің ұзақ жылдарға созылған тыйымы тұрса да халқы жадынан шығармай келіп, тәуелсіздік жылдарынан бермен қарай қайта тірілткен осынау тұлғалардың бірі Шортанбай Қанайұлының 200 жылдық мерейтойы былтырғы жылдың қыркүйек айында аталып өтіп, сол тойға біз де барған едік. ХІХ ғасыр басындағы қазақ жеріне, еліне салған орыс ойранын көріп, біліп қана қоймай, оның бүгінгі, ертеңгі зобалаңдарын әулиелікпен болжап, жыр толғаған ақын мұрасы бүкіл түркі жұртының рухани қазынасына айналған, кітаптары Петербург, Қазан, Уфа, Омбы, Ташкент қалаларында жарық көрген Шортанбай тойының жоқшысы да, ұйытқы ұйымдастырушысы да «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» кеңестік кезеңнің келбетіне көңілі орта болуымен танылып жүретін, әдебиетіміздің «бұзатар» өкілі ретінде есімі КГБ тізімінің басында тұратын, танымал тұлға Кәмел Жүністегі екен. Елдің әр түкпірінен қонақтарды шақыру, оларды орналастыру, той өткізу сценарийі, ғылыми конференцияда баяндама жасау, Шортанбай ақын мұражайымен таныстыру – бәрі-бәрін Кәмкең өз мойнына алыпты. Тұп-тура әкесінің мерейтойы сияқты.

* * *

…Біз жолдан келісімен жазушының үйіне түсіп, бел жазғанбыз. Үйінің бір бөлмесін мұражайға айналдырып қойыпты. Халқы­мыз­да домбыраның жеті түрі болған екен. Соның алтауын тауып, қастерлеп іліп қойып­ты. Қыл қобыз, сыбызғы түрлері, алты өрімнен бастап бұзаутіс дойырға дейінгі қамшы түрлері, ер азаматтарға, әйелдерге, балаларға арналған ер тоқымдар, не керек, осынау тарихи этнографиялық экспонаттар тұрған бөлме Кәмкеңнің шаршамайтын рухына жігер беретін құтхана іспетті.
Иә, оның шетте жатқан Шет ауданның, туған өлкесінің ой-қырына кіндігі біржола байланғандай. Облыс, астана дейтін өнер адамдары үйірсек жерлерге көп жолай бермейді. Жоғарыдағылар ауылда жатқан жазушымыз, елі мен жеріне бойындағы барын сарқып беріп жүрген күрескер әрі іскер жазушымыз деп ескеріп, елеп жатса, айтар алғысы дайын, ескермей жатса өкпе-назы жоқ адам. Оның ойынша өнер адамдары топтасқан жерде бәсеке басым. Бәсеке бар жерде қызғаныш та қатар жүреді. Бәрінен де тыныш тірлік – ең үлкен олжа.
Кәмел Жүністегінің соңғы шыққан «Тас­қа тұнған құпия» деген кітап альбомын ақта­рып отырмын. Шет ауданы ғана емес, бүкіл Арқаның кескін-келбеті көз алдыма келгендей. Ақселеу досым: «Қазақта қасиетті мекен көп, бірақ Арқаның жөні бір басқа», – деп отырар еді. Туған жерін сүйгеннен айтады ғой. Дегенмен, мына кітаптан шынында Арқаның кереметін және осыны тау кезіп, тас басып жүріп жинастырған Кәм­кеңнің қажырлығына тәнті болдым. «Әнді сүйсең менше сүй» дегендей, туған жерді ту­ған халқынан бөліп-жармай, Кәмел Жү­ністегіндей сүю керек шығар.

(Толық нұсқасын газеттің №5 (3639) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір