«Медіғат-Қасым» поэмасының қолжазбасы
01.02.2019
215
0

Мағауия Абайұлының ғұ­мы­ры­на зер салсақ, қазақ поэзиясына соны ізденіс әкелген ерекше дарын иесі екенін көреміз. Әкесі әрі ұстазы хәкім Абайдың тағылымын алған Мағауия ақын Шыңғыстау даласын жырлаумен шектелмей, шетел әдебиеті мен мәдениетіне ден қояды. Ойшыл әкесінің биік парасаты, салмақты һәм салихалы сөздері жас баланың жанарына от, көңіліне шалқар шабыт сыйлағаны анық. Шәкәрім, Ақылбайлардан қалыспай, поэзиядай ақсүйек өнердің қыр-сырын толық меңгерген Мағауияның басты бағдары қалың қазаққа тұщымды әрі толымды өлең қалдыру болды.

…«Медіғат-Қасым» поэмасының 1908 жылы (Мағауия қайтыс болған соң, төрт-ақ жыл кейін) көшірілген нұсқасы қазіргі қолда бар тарихи бағалы қолжазба болып отыр. Поэманы ертеректегі қолжазбалардан көшіріп алып жаттаған: Әрхам Ысқақов, Рахымжан Мамырқазов, Шәбден Әлмағамбетовтердің ауызша айтқандарын 1908 жылғы қолжазбамен салыстырып, зерттеп қарағанымызда ешбір қайшылық, бұрыс кетушілік байқалмады. Сондықтан «Медіғат-Қасым» поэмасының 1908 жылғы қолжазбасын Мағауия жазған түпнұсқадан ешбір айырмасы жоқ деп кәміл сеніп айта аламыз. Поэманы сол 1908 жылғы жазылған қолжазба бойынша зерттейміз».
Мағауия жазған поэмадағы тың идея, жан-жақты образдар, тұспалды иірімдер туралы
Қ.Мұхамедхановтың еңбегінен оқып білуге болады. Бізге құндысы – осы поэманың қолжазбасы болғандықтан, жоғарыдағы ғалымның сөзін тұтастай ұсындық. Мағауия­ның шығармашылығы ел арасында кеңінен тараса да, санаулы адамдар ғана қолына қалам алып, поэманың қолжазбасын қалдыруды ойлаған көрінеді. Бүгінгі таңда Мүрсейіт, Дайырбай, Самарбай сынды Абай мұрасын насихаттаушылардың өмір жолын зерттеу – аса маңызды мәселелердің біріне айналды.

Біржан АХМЕР


(Толық нұсқасын газеттің №5 (3639) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір