Құстың демі секілді…
01.02.2019
295
0

Қыстың таңы – құстың демі секілді…
Аппақ құстар қанатымен бетімді,
Құшақтап ап,
Қонып жатып аппақ қар,
Қонар-қонбас еріп жатыр аппақ қар,
Тұнықтығы таңғы сергек ауаның –
Қырдың қызы шырқағандай тау әнін,
Таудың қызы шомылғандай көлге кеп,
Көз алдымда көркем әлем дөңгелеп,
Масайтады, елітеді көңілді,
Бүгін ғана бастағандай өмірді,
Қазір ғана ғашық болып қалғандай,
Қазір ғана әулиелік кеп қонғандай,
Қос қолыммен құшақтап ап жер шарын,
Жер шарының арманы мен аңсарын,
Өз үмітім секілді бір мәпелеп,
Әр баланы өз ұлымдай жетелеп,
ƏӘр адамды бауыр көріп, дос көріп,
ƏӘр сұлуды қарындастай қош көріп,
Адам жайлы айтсам деймін ұлы аңыз:
Қателіктер, кінәраттар, күнәміз –
Бәрі-бәрі жүз мың жылдық балалық,
Балалықтан дүние қайта жаралып,
Алып қалып арман, үміт, сенімді –
Бүгін қайта бастайықшы өмірді!
…Өз ішінде бәрі бала – кекілді,
Қыстың таңы – құстың демі секілді…

Ерлан ЖҮНІС

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір