Құм мінезі
Кітап баспадан жаңа шыққан екен.
Әлі бояуы кеппеген. Өзіме тән әдетіммен кітапты қақ ортасынан ашып қалып едім «Найзағай» деген тақырып шыға келді. Жүгірте оқи бастап едім, өмірдің ілкі сәттерін өз бояуымен өрбіткен баяны баурай түсті.
Ә дегеннен епсекті сөзінің елең еткізгені. Тақырып таңдауы да тосындау, көп айтыла бермейтін құмды ауылдың табиғаттың дүлей дауылымен бетпе-бет келуін арқау етіпті. Адам мен табиғаттың айқасы, тіпті тірліктегі жекпе-жегі десек болады. Бұл ретте автордың оны суреттеу үшін алдымен өзінің тікелей куәгері болуы көп жайды аңғартады, кәміл иландыра түседі. Көргенін көңіліне көркемдей түйіп, бөгдеге беймәлім кәсіп-тірліктің бүге-шігесіне дейін біліп жазғаны көрініп тұр. Енді соның көңіл аудартып, ойға түрткі болған ұнамды үзіктеріне көз жүгіртіп көрелік:
«Көкжиекте жоталанып жатқан жалпақ шағылдың үстінен бұлт көрінгенде жаңбыр жауатындығын құм адамдары жақсы біледі. Мұндай бұлт көбінесе теріскей-батыстан келеді.Оған қарсы жел тұра бастайды. Жел бұлтты кері ығыстырып не бағытын өзгертуге тырысады. Жел біртіндеп күшейе бастайды. Сол кезде Абат ағаммен екі қапшыққа құм толтырып, оны киіз үйдің екі жағына қойып, ұзын арқанды шаңырақтың екі жағын ала үзіктің үстімен айқұш-ұйқыш тартып, әлгі құм салынған зілдей қапшықтарға тартып байлап тастаймыз. Жел екпіні сәт сайын күшейе түседі… Құм қиыршықтарын аспанға көтеріп, айналаны көк шаңға көміп, ысқырған қатты дауыл да жетеді. Дауылдың қаттылығы сондай, киіз үйдің уықтары сықырлап, керегелер қозғала бастайды. Ересектер солқылдап тұрған керегені қос қолдап ұстап тұрады. Бұлт пен дауылдың айқасы ұзаққа созылады. Түнерген бұлт төніп келеді, сонау аспан төрінен қара бұлтты қақырата жарқылдаған от шашу-найзағай жерге қарай шаншыла бағытталып құм шағылдың төбесін осып-осып жібереді. Іле-шала аспан айналып жерге түскендей күн күркіреп дүниенің астаң-кестеңін шығарады. Көктегі жарқыл жақындаған сайын, күннің күркүрі тура тас төбеңнен ғаламат күшпен шатырлайды. Найзағайдың жарқылы таяқ тастам жерге келіп қалғандай көрінеді. Мұндайда киіз үйде отырғандар: «Сұбханалла, су жағала» деп қайталап, Аллаға сыйынады. Аспаннан төнген қара бұлт жойқын шабуылмен құм төсіне қарай еміне төнеді, бір сәт дауыл демін ішіне тартып, тына қалғандай көрініп, айнала жым-жырт бола қалады. Найзағай тағы аспан төсін осқылай жарқылдап, жерді соқылдатып дүйім дүниені қақырата күн күркірейді де жаңбыр аздап сіркірей бастайды. Бір кезде суылдаған жаңбырдың келе жатқан дыбысы естіледі…».
Міне, қияндағы Нарын құмының қойнауында отырған жалғыз үйдің табиғат дүлейін қалай қарсы алатыны қаз қалпында суреттелуі әрі әсерлі, әрі қанық бояумен берілген. Төгіп тұрған нөсердің дүсірі құлаққа естіліп, күнге күйіп сетінегелі тұрған туырлық үзіктерге құйылып, сусіңді болған кезде шығатын құрым киіздің көңірсіген иісін де сезгендей боласың. Осы әсерлі суреттеуден автордың балалық шағының табиғатпен емін-еркін етене өсіп, күнге күйген құмды жолын тілім-тілім жалаң аяғымен талай кешіп өткенін көреміз. Мұны оның «Құм баласының күнделігі» деген айдармен өріп берген өзге миниатюра іспетті сырлары да айғақтай түседі. Олардың әрқайсысының толғақты тәлімі, өмірлік түйіні, өнегелік байламы, жандүниелік сыры, ауылдастардың қалып-салты, міңәйі мінезі шым-шымдап шертіледі.
Айталық, «Қонақтықта» – қазақы дәстүрдің бүгінгі күнгі сақталу салтын шып-шырғасын шығармай сыпаттай суреттейді. «Шаңырақта» – кәдімгі қазақ үйінің орталықтағы ұстаға жасатқан шаңырақты жетіншіні бітірген Мәуия қыздың онбес шақырым жердегі ауылға жалғыз өзі дөңгелетіп әкелгеніне таң қалысып, бұл құтты шаңырақ болды десіп, барымен базар болған отбасы өмірі әсерлі түйінделеді. «Тұзға түсуде» – құмда кездесетін құмды сор, тұзды сор, батпақты сор, көлшікті сор боп кездесетін өңірдегі тұзға түсу дәстүр дағдысының жөн-жорасын жіліктей әңгімелейді. «Айтжамал шешенің әңгімесінде» – пешенелік тағдыр сыры ашылып, қасіретті шақта қазақ әйелінің қайсарлығы мен адалдығы тәу етіледі. «Шеген құдықта» – құмдағы су қадірі қастерленіп, құдықты шегендеудің атадан балаға жалғасып келе жатқан қасиетті кәсіптің өнегелік мәні өзек болады. «Текеметте» – қазақы өнердің қалай жасалатыны қапысыз қанықтықпен суреттеледі.
Кітаптағы әңгіме кейіпкерлерінің бәрі құм өңірінің адамдары. Табиғат таразысымен қарасақ құм адамдары өзгеше болады. Олар қала адамдарына да, дала адамдарына ұқсамайды. Олардың мінездері де өздеріне тән өзгеше боп келеді. Оны тек құм адамдары біледі, құм адамдары түсінеді. Кітаптағы әңгімелерге қарап сондай ұйғарымға келгендей боламыз. Өйткені, әңгімелер лейтмотивінің ұстанымы осыған мегзейді. Қай шығарманың болмасын өн бойынан осындай оқшау көрінер құм мінезі көктей өтеді.
Соның бірі – «Құспан қыстауы» әңгімесінде қазақы туысқандықтың нәзік қылы шертіледі.Айдалада құм ішінде жалғыз үй отырған Құспан қарттың туған жердің ып-ыстық құмын қиғысы жоқ. Ел ортасына көшіріп әкетейік деген ауыл кеңесіне де, немере інісінің баласына да көнгісі жоқ. Онда туыста болса біреудің қолына қалай қараймыз деген қауіппен қорқасоқтап келген Құспан шал мен кемпірінің ақыры бәріне көніп, туысқандықтың жібін үзіп алмау жолындағы көңілшектік, ренішке ыңғай танытып ірге бермеген шыдамдылығы мен сабырлылығын, қазақы өмірдің бөлекше бір шынайы шындығын жайып салады.
Ауыл қарттарының басы қосылып кездесе қалғанда әңгіменің тізгінін әріден бастайтыны бар. Әңгіме-дүкен барысында бастан кешкен біресе баптанып, біресе мақтанып айтылады, өткеннің өкінішін еске алып, тіпті ата-бабадан тарқата мықтылық пен тектілікті қозғап, қызыл әңгімені дуылдататын ауыл адамдарының бәріне тән қазақы қасиет «Құмдағы ауыл» әңгімесіне арқау болыпты. Ауылға келген немересін Қазбек қарттың ауыл-ауылдағы ағайындарға аралату дәстүрімен басталатын бұл әңгіме құм адамдарының түрлі әңгімелеріне куәгер етеді. Арқа-жарқа ақпейіл ауылдастарының айтқандары есте қаларлықтай егеулі, уыты жағынан бірінен-бірі асып түседі. Керек десеңіз мынау соның бір үзігі:
«Баяғыда бір күні жылқы іздеп келе жатсам, алдымнан көрші ауылдың бір топ салт аттылы жігіттері шыға келді. Қараймын, түрлері суық, жүрістері суыттау көрінді. Сүліктей қара ат мінген жігіт өзі мені таниды екен, «Айбас ауылының жігіттерімен өткен тойда келіспей қалып, бүгін осы жерде кездесеміз» деп едік. Соларды күтіп тұрмыз. Кешігіп жатыр, қорқып қалмаса» деп намысыма тиіп сөйледі. Шыдай алмадым да: «Жігіттер, несін күтеміз, бастай берейік!» деп едім, олар: «Қойыңыз ақсақал, сізбен төбелесіп бізді жын ұрып па?» – дегенді айтып жалтарды. Мен ай-шайға қараған жоқпын, қамшыгерлігім ұстап, тіл тигізе сөйлегенді дойырмен бір тарттым. Жас кезім еске түсіп, атымды ойқастатып бір-екеуін аттан түсірдім-ау деймін, араларынан мені жақсы танитын жігіттер шығып әзер дегенде бітімге келтірді…». Осылай бір кейіпкерден бір кейіпкердің түр-тұрқы ашылып тарқатыла береді. Сөз қағысу, әңгімеден әңгіме қашыру арқылы берілген ауыл адамдарының бейнесі қаз қалпынан аумай берілгенімен қоса диалогтардың шынайы сөйлеуімен, тілдік баяндауының боямасыздығымен баурай түседі.
Жалпы, әңгіме жанрының жаны қысқалығы мен көлемінде емес, оқиға-сюжет тартымдылығында. «Ақжелкеде» осындай оқиғаның қысқа да болса, қызуы мол үлгісін көреміз. Баршаға мәлім, талайдың қаламына қозғау болған ұлы тұлға Исатай Таймановтың жастық кезеңінен алынған оқиға автордың оң жамбасына келіпті. Барымталанып әкетілген Ақжелке айғырдың үйірін қайтарар жорықта Исатайдың қайратты найзасынан майып болған жігітке жаны ашып, кінәлі болмаса да өкініші жай таптырмайды, «Мен бәйгемді өзіммен жекпе-жекке шығып, майып болған жеті рудың ержүрек жігітіне сыйға бердім. Бұл жарылған бастың, сынған қолдың құны емес, татулыққа, ағайынның ауызбірлігіне қол созып ақ ниетпен ұсынылған сый деп біліңіздер» деген өнегелі сәтін айтып қана қоймайды, мұндай ірілікті ойға түйіп, ақылға да салуды ашық қалдырады.
Автордың «Ататорысы» ат жайлы, қапыда қалмаққа кеткен тұлпардың жау тұсауын үзіп, иесіне жетіп жығылып мерт болуы, оны Құттығай батырдың азалап биік төбеге жерлеуі, қарымтасына қолға түсірген қалмақтың сүңгіттей сұлу қызы Марханы әйелдікке алуы, одан қошқардай қос ұл туғаны бір желіге тартылып әңгімеленеді. Бірақ қанша құрмет пен қадірге бөленіп аяулы ана болса да, Марха сұлу туған елі үшін бәрін тәрк етеді. Қашып шығып Торыатбасы тауындағы Құттығайдың зиратына келіп: «Батыр, мені кешір, еліме кетіп барамын. Басқа амалым жоқ», – деп ағынан жарылып аяқталады әңгіме. Бұл қанша жерден үлде мен бүлдеге орансаң да туған жерге ештеңе жетпейді дейтін ықылым заман өнегесі. Түсінікті де тағылымды. Оқылатын әңгіме
Ал отызыншы жылдардың зұлматы уақыт өтіп ұрпақ есінен ұзаған сайын жиі айтыла бастауы, тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде айтылмаған терең қатпарларына, сартап болып сарғайып жабулы жатқан боданды беттеріне бойлау басталғаны мәлім. Соның бір парасы көркем прозада көрінуі жиіледі. «Ғұмырлық сағыныш» әңгімесі де жұтымен жайпаған зұлмат күндері айдалып, шаңырағы ортасына түскен қазақ отбасының әупіріммен аман қалған жетімектері Марфуға мен Жұмагүлдің отыз жылдан кейін табысқан тағдыр тәлейін мейірлі шуақпен жүрекке жеткізеді. Өмір бойы бірін-бірі іздеп, өмір бойы жандүниелері боталап өткен жандардың қарапайым тірлік иесі көрінгенімен, күрделі күйзеліс пен сағыныштың сартабын кешкен тағдырлар екені тілектес жүректі бірге тебірентеді. Ол сол заманның қатыгез шындығы ретінде алға тартылады. Тағдырдың тауқыметіне бірге тебіреніп, бірге қобалжып оқылатын әңгіменің ауанынан осындай қатыгездіктің қайдан келіп, кімнің әкелгенін меңзеуі де айтқызбай аңғарылады. Қаламгердің бұл ишарасы әрі иланымды, әрі қарапайым екенін ескерсек артық болмас.
Автордың біраз әңгімелерін оқып отырғанда өзіміз елеп-ескере бермейтін адам бойындағы қасиеттерді көрсетуді мұрат тұтатынын байқаймыз. Күнделікті өмірде қаншама адамдармен бірге боламыз, бірге жүреміз. Әр түрлі жағдайда адамдардың кейде басқаша қырынан көрінетіні, парасаттан пендешілігі асып түсетіні, адамшылығы мен алдамшылығы, самарқаулығы мен сатқындығы, имандылығы мен іштарлығы, ержігіттігі мен екіжүзділігі секілді қасиеттердің алдымыздан шыға келіп, түрлі ситуацияларға тап келіп жататынымыз мынау зілі ауыр, ділі қатты алас-күлес өмірдің шындығы. Осылардың ішінен қаламына іліккенін шеберлікпен бояу болмысын жеткізе отырып сомдай білсе, өмірге шынайы кейіпкерлер әкелсе, кірпияз көркемдіктің бағының жанғаны, барының айқара ашылғаны.
Қоғамдағы тірліктің сондай бір жанды жерінен ұстап, өмірде кездесетін ілкі бір сәтті арқау еткен «Оралу» әңгімесінде бүгінгі күннің қарапайым жанды суреті тілге тиек етіледі. Өзімізге таныс жайдың бірі – ғылыми зерттеу институтын ұзақ жылдар бойы басқарған Әділбек Жаңабаевичтің зейнетке шығуы оны жағада қалған балықтай етеді. Жаңадан келген директордың докторлықты қалай қорғағаны, комиссия төрағасының: «Оның дәудің баласы екенін білесіз. Қорғау басталғасын бірдеңені сылтау етіп шығып кетіңіз, әйтпесе кімге болса да оңдырмай сұрақ қоятыныңызды білемін, бала сүрініп кетсе, пәлеге қаламыз», – дегені, мұның: «Өстіп ғылымға қиянат жасаймыз ғой», – деп әріптесінің айтқанына амалсыз келіскені, соның аяғы «баланың» бастық боп келіп, мұны құрметті демалысқа шығарып салып отырғаны басын әңкі-тәңкі етіп, өмірдің қолдан жасалған осындай қалыбына кімнің кінәлі екенін білмей, сақалды басы сан-саққа адасады. Жас келгесін дәреже де далада қалады екен. Сенің еңбегің де, төккен терің де, берілген адалдығың да ешкімге керегі жоқ. Бәрі өткінші болыпты.Өзімен өзі қалады екен. Сол кезде ешкімге керегі жоқ оңашада, алыста қалған ауылы, табаны тиген туған жері еске түседі екен. Автор кейіпкерінің кешігіп оянған сағынышын суреттей отырып, адам пешенелік панасын туған жерінен іздейтінін алға тартады. Бірде әкесінің: «Соғыстан оралғанда ауылға бірнеше күн жүріп ат арбамен келдім. Төрт жыл майданда от пен оқтың арасында жүргенде туған жер әсте есіңнен кетпейді. Жолда келе жатқанымда жусанды далаға іліккен бойда ат арбаны тоқтатып, қалың жусанды аралап, құшақ-құшақ етіп жинап алып, құмарым қанғанша иіскегенім бар. Шіркін, жусан иісіне не жетсін! Бұл туған жердің исі ғой», – дегені бар еді. Сол күй өзінің басына орнап, Әдекеңнің ауылына жеткенше асығуы, балалық шақтың ізі қалған ауылымен есейіп көрісуі, «Оқыдың, тоқыдың, кандидат, доктор болдың, бірақ елмен, ағайын-тумамен араласпадың. Біз араласқымыз-ақ келіп еді, бірақ өзің ыңғай бермедің», – деген ағайынның өкпе-назын естуі, «Айтқандарың жөн, өзіме де обал жоқ», – деп алдарында бас иіп, мойындауы, өмірғұмырдың ойлауға да мұрша бермейтін қысқалығын, ортаңнан өзегіңді үзіп әкетсең қадіріңнің қашып, тамырыңның туған топырағыңнан түбірінен үзіліп ұмытылатыныңды мойындау да пенделік сабақ ретінде пайымдалады. Қазіргі күнгі зиялының басында болатын осы бір таныс та, бейтаныс сәттің бәріміздің басымыздағы үйреншікті жайға ұқсастығы сәл мұңайтып ойға да қалдырады.
Жалпы, Самат Ибраимның «Ататоры» жинағындағы дүниелерден автордың туған жері – Нарын құмы адамдарының қарекетін, оларға тән тірліктің төркін-тұрағатын, кешкен-өткерген замана зардаптарын, ел еңсесімен көтерген қиындықтарды, адамдардың тағдырын, олардың пенделік психологиялық болмысын, пәтуәлі жаратылысын жақсы білетіні, соны тұшынып отырып жазатыны айқын көрінеді.
Әрине, біліп жазу қашан да жеңіл болады.Әңгімелердің жеңіл оқылатыны да содан болса керек. Тақырыпты өзегінен тартып, шым-шымдай тарқата сыр сабақтаудағы ой мен сөйлемнің қабысып жатуы, өзіндік стильдің сыпатын көрсетіп қана қоймайды, шынайылығын арттыра түсетінін баса айтқанымыз жөн болады.
Жалпы байқағанымыз, әңгімелердегі кейіпкерлердің қай-қайсынан болмасын, батырлығын бүкпейтін, қайсарлығын діттейтін Нарын назы – құм мінезі көрініп тұрады.
Бұл – біздің пайымымыз.
Ал, алып-қосары, айтары болса, ендігі сөз бен ойдың кезегін оқырман еншісіне қалдырайық.
Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ.