ЖЕЛТОҚСАН
28.12.2018
1247
0

Есенғали Раушанов

Әбілхан Қастеевтің «Желтоқсан. Жаңаөзен» атты аяқталмай қалған акварельдік суреттер топтамасының эскиздері Алматыдағы музей-үйінде сақталған. Желтоқсан сайын сол суреттерді қайта бір көріп шығу әдетке айналғалы қашан. Көрген сайын Байронның «Манфредіндегі» бір жолдар жадымда жаңғырады. Оны сөзімнің соңында айтамын. Атақты суретші аталмыш топтамасын 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан жыл бұрын, 2015 жылғы Жаңөзен қырғынынан 33 жыл бұрын салған. Не ұқсастық бар? Не біріктіріп тұр бұл қайғылы күндерді? Қане, бажайлап бір қаралық.

Жаңаөзен. Желтоқсан. Ызалы күн ызғырығы өңменіңнен өтіп құтырып тұр. Қайғылы емес, қара­лы емес. Шаршаңқы да емес, шара­сыз да емес. (Екібастан, шат-шадыман шақтар туралы әңгіме болуы да мүмкін емес). Ызалы. Неге ызалы ол? Қарақошқыл әлем қарғанып тұрған секілді. Жылап тұрған жоқ. Болдырып та тұрған жоқ. Айқайламайды, дауыс салып еңкілдемейді де. (Күлкі туралы айтудың өзі артық). Қарғап тұр. Кімді қарғап тұр ол? Қазір сәлден соң күн тұтылатын сықылды. Ой­ды қырға, қырды құрдымға қуар­дай суық жел азынайды. Қойны-қонышыңнан өтіп, жылы денеңе әп сәтте жылан кіріп кеткендей жиырыласың. Киім қамсау емес. Ас азық емес. Сәл мызғып алмаққа жантайсаң, жаның мұрныңның ұшына келіп қайта атып тұрасың. Қатар келе жатқан кісінің жүзін көрмейсің. Себебі, ол да сендей басқа жаққа қарап тұр. Қайда дейсіз бе? Аспанға. Аспанда Құдай бар, ол әділетті деп сенгендіктен. Бірақ, менің еркімде болса, бұл суретке «Аспаны жоқ қала» деп ат қояр едім.
Мен бала кезімде Карл Брюл­лов­тың мектеп оқулықтарындағы «Помпейдің соңғы күні» атты кар­тинасын көрсем қорқушы едім. Кейін Италияны аралап жүріп сол Помпейді көрмекке арнап, атап, ат басын бұрдым. Неаполдың жа­нын­­дағы ескі бір елдімекен екен. Брюлловтың суретіндегідей емес, керісінше қонақжай, шат-шады­ман, көнесі мен жаңасы қа­тар өріліп, қабат дамып жатқан Пом­пей көркем көріністерімен есте қалды. Қала сыртындағы Везувий жанартауы бір кезде бүкіл бір қа­ланы опат еткен зұлмат күш емес, жуас бір жатаған төбе сықылды көрінді. Біздің ауылдағы пош­та­ның дәлізіне қайдан, қашан, қалай келгенін ешкім білмейді, Тициан­ның «Лаврентий әулиенің азап кешуі» деген суреті жапсырулы тұратын. Ескі бір журналдың ішкі айқарма бетіне басылған түрлі-түсті сурет. Көрген сайын зәрем ұшушы еді. Тірі адамды лаулап жанған ошақтың үстіне шалқасы­нан тастап шыжғырып жатыр, ол аздай қызыл жеңсіз (әлде, қызыл шәпкілі ме?) киген біреу әлгінің бауырына айыр бас қара темірді күштеп тығып тұр. Өкпе-бауырын бітеудей суырып алмақшы. Құла­ғын­да сырғасы жылтырайды. Құл ғой демек. Ұзақ қарасаң сол бір құл, бірнеше қызыл жағалы жен­дет­терге айналып кетеді. Белінде қанжар. Арғы жағында темір ду­лы­ғалы біреу тұр, бет-ауызы көрін­бейді. Отқа тірідей қақталған кісі құлындағы дауысы құраққа шығып шыңғырады. Неге-дүр, мен осы суреттегі адамдарды бір үй­дің кісілері деп ойлайтынмын. Ағалы-інілі. Бір атаның балалары се­кілді көрінетін. Бет-аузын тұм­ша­лап алған ағасы жұртты бір-біріне айдап салып тірідей өртеп, өл­тіртіп жатыр. Өзі тасада қал­мақшы.
Кейін мен әлемнің көптеген му­зейлерін араладым. Орта ғасыр­лар­дағы Еуропа қылқалам шебер­лерінің шіркеу безендірмелерін, Інжіл хикаяларын, Иса пайғамбар­дың ажалын, ақырзаман азап­та­рын бейнелеген суреттерінің еш­қай­сы да бала кезде көрген әлгі екі суреттей әсер етпеді. Бірақ, Әбіл­хан ақсақалдың жанымды бұл екеуінен де бетер түршіктіретін «Желтоқсан. Жаңаөзен» атты су­реті барын мен ол кезде білмеппін. «Желтоқсан сайын қамығып, Бір жылап алар жүрек бар» десек, бұл да осы айда туған жолдар. Күндер өтер, айлар, жылдар өтер, жаңа ғасырлар келер. Қазақ баласы Желтоқсанды ұмытар ма екен? Ұмытса оның несі қазақ?
Әбілхан ақсақалдың музейінен осындай ой құшағында шығасыз.
Сол Алматы, сол өзен.
Жер-дүние түнде жауған қар­дан соң алыс жолдан шаршап ке­ліп бір сәт қалғып кеткен атасы­ның ұйқысын бұзып алмайын де­ген баладай демін ішіне тартып тына қалған. Төңірек аппақ-ау, аппақ. Тек бұта басына ілініп қал­ған бір жапырақ қызыл матадай боп әр жерден суықторғай көрі­неді. Кіп-кішкентай боп алып «мал тапқыш». Мына қалың қарда енді қайтайын деп құс біткен аб­дырап тұрғанда суықторғай қанатын қағып-қағып жіберіп, ұштаны үйеңкі мен ұшқатты басып қалған қарды сау еткізіп жерге бір-ақ төгеді. Төгеді де күз­ден қалған дәнектерді, бүршік-бүрлерді тауып жей бастайды.
Қырғауылдың балапандары әлдеқашан қарақанаттанып, шыр­ғанаққа қона бастағалы қашан.
Әсемшымшық әнге басады.
Шекілдек қайыңның «сыр­ғаларын» жұлқылай бастайды.
Мұның бәрі дән-дәнекпен қоректенетін құстардың әрекеті. Ал жаз бойы құрт-құмырсқа жеп күн көріп келген қанатты достары­мыз қайтеді екен? Орыстың бір мақалы «жорғалау үшін жарал­ғандар ұшуға жарамайды» дейді. Бекер. Дана табиғат өз перзент­терін өлтіріп алмау үшін «қайта құбыла» бастайды. Мысалы, тен­текқұс дереу өсімдік дәнін іздеуге көшеді. Іздеуге көшкенде, ол жаз бойы «көкалды қуып, гөлайттай» бермей, тырнағына ілінген үйеңкі мен жөңкенің, жаңғақ пен шиенің дәндерін өзі білетін ағаш қуыста­рына тыға берген. Ертеңгі күнін ой­лап, ерте бастан қамданған кәнігі шаруадай бүгінде оның жағасы жайлау, төсі қыстау. Еште­ңеден кемдік көрер емес. Сары­шым­шықтар да солай. Жазда қуыс-қалтарысқа әкеп қыздың жиған жүгіндей қаз-қатар жинап қойған өсімдік дәндерімен қатар қатып-семіп қалған шыбын-шіркей, құрт-құмырсқаларды бірден қылғытады.
«Қансонарда бүркітші шығады аңға, тастан түлкі табылар аңды­ғанға», – дейді Абай атамыз. Түл­кі­нің аңшы біткенді ерекше елік­тіретін кезі осы кез. «Түлкі түгінен жаза­ды» дейді халық. Әсте бұл о баста, қате айтылған мақал. Олай дей­тініміз, түлкі тамақ іздеп жор­т­уылда жүреді. Күздегідей өріп жүрген тышқан жоқ. Балапан құстар әлдеқашан есейіп, жылы жаққа ұшып кеткен. Содан «түл­кідейін түн қатып» дейтін күндер басталады. Түк таппаған соң жазған түлкі жаңа жауған қарда із кеседі, сол кезде қыран, бүркіттің, ұшқыр тазының, не берен мыл­тықтың қарауылына ілігеді.
Борсық, құндыз, тиін қысқы ұй­қыға бас қойғалы қашан. Рас, қыс жайлы болған жылдары тиін көпке дейін «көз ілмейді». Соның бір мысалы, төбеңде лашын айналады. Төменнен қарап тұрып осы құсты башқұрт ағайындардың «сәпсәң» дейтінін ойлайсың. Бұл біздің тілге аударсақ «шапшаң» яки «жылдам, тез» дегені емес пе? Орыстар башқұрттардан үйренді ме екен, бұл құсты «сапсан» дейді. Кенет лашын құлдилай бастайды. Не көрді екен? Бір қарасаңыз, көзге ілінер ештеңе жоқ. Сөйтсек, түйетайлы беткейге жапа-тарма­ғай өскен қалың шыршаның бұтақ­тарында екі тиін ойнап жүр екен. Жыртқыштың қанат сусы­лын естіген мезет екеуі де жып бе­ріп ағаштың қуысына кіріп кетті. Сауысқан үркіп ұшты. Бұл неден қорықты екен, бұл кімге керекпін деп ойлайды екен?
22 желтоқсан жылдың ең қыс­қа күні. Көзді ашып-жұмғанша қас қараяды, астрономиялық тұр­ғыдан қыстың басталар күні осы күн. Бірақ, дәл биылғыдай жәйлі қыс қашан болды екен?! Құдай тағала ұзағынан сүйіндіргей, май тоңғысыз жылы күндер тым ұзаққа созылды. Желтоқсанның басында төрт-бес күн тәулік бойы суытты, бірақ ол ұзаққа созыл­мады. Бірақ, халық болжамдарына сенсек, қыс жылы болса, келер жаз жәйсіз ке­леді. Сонда бізді жаңбырлы, найза­ғайлы суық жаз күтіп тұр ма? Сенгім келмейді.
Тарихқа көз салсаңыз, бұл айда неше бір ұлы оқиғалар болған. Біз үшін бұл ай 1986 жылы қазақ жас­тарының көтерілісімен қымбат. Бұл қозғалаң туралы да соңғы кез­де әртүрлі алыпқашпа әңгіме көп. Саясат жүрген жер – лаң. Лаңсыз, дау-дамайсыз, таза өмір сүруге бол­мас па, тоба? Мысалы, Ана-Табиғат секілді.
«Қыс қыстығын қылмаса, жаз жаздығын қылмайды» дейді ел. Айыр қалпақ ағайындар желтоқ­сан­ды «бештин айы», кейбір де­рек­терде «үштің айы» дейді. Жел­тоқ­сан­ның соңғы онкүндігі­нен (қа­зақ­ша бұл кез күннің қысқы то­қырауы) бастап туу сонау ақ­панның басына дейінгі аралықты қырғыздар «қырық бірдің шілдесі» деп атайды. Қырық бірдің шілдесін он, он бес күнге жіктейді, сонда «Те­мір аяз», «Мүйіз аяз» және «Киіз аяз» дейтұғын үш бөлек күндер тізбесі шығады. Ең қатал қыс желтоқсанның соңы, қаң­тардың басы яки «темір аяз» деп санайды. Кешеге дейін малмен бірге аңшылықты ата кәсіп көріп келген көршіміз желтоқсанды «Тау теке айы» немесе «теке бұрқылдақ» деп те ныспылайды. Қырғызбен қатар көшіп, қабат қонып жүретін біздің дулат, шапыраштылар да «теке бұрқылдақтың айы жел­тоқ­сан» дейтінін талай этнограф жазып қалдырған. Халық танымы бойынша бұл айда тау теке таста ойнақтап, түн ортасы ауа, яки Үр­кер бата күйті келген тау ешкілерді шашау шығармай үйіріп ұстайды.
Қырғыз бауырлардың ауыз әде­биеті табиғат құбылыстарына орай шығарылған дүниелерге өте бай. Соның бірі жұмбақтар. Оны «табышмақ» дейді. Текенің жарай­тын кезі мен сасай боп арықтап, болдырып қалатын бір жұмалық «өттің дәурен» қысқа мезгілін тұс­палдаған бір «табышмақты» қазақ өлеңінің иіріміне салсақ, шамамен мынадай шумақтар шығуы мүм­кін:
Айыр, айыр, айыр тау,
Айыр сақал қарт екен,
Үйген тасты айырған,
Үйірлеп бұлт қайырған,
Ала шапан кім десем,
Ала ат мінген сарт екен.
Қатын көрсе тұра қап,
Қайырылатын салты екен,
Пайымынан әп-сәтте
Айырылатын салты екен,
Күшін сарқып, белінен,
Майырылатын салты екен,
Бес ай күткен базарын,
Бес минөтте тарқатар,
Ақылы аздау халық екен.
Қара ат мінген кім демес,
Қара сақал сарт екен,
Қима тастан секірген,
Қимылы да шалт екен,
Алты ай жиған ақшасы,
Алты күнде тәркі екен.
Жалт-жалт еткен, жалт еткен,
Тастай берік мүйізі,
Тасты соқса сарт еткен,
Тасты соқса тасырқап,
Көзінің оты жарқ еткен.
Жеті ай жиған жілік май,
Жеті күнде сарп еткен.
«Теке бұрқылдаққа» байла­ныс­ты айтылар тағы бір аңызда күші тасып, тастан тасқа ұшып, секіріп ойнап жүрген жас текені көрген кәрі ешкі «кандын койнунда қал­тырап жат­қанча, кулдун койнында кутырып жат» («ханның қойнында қалтырап жатқанша, құлдың қой­нында құтырып жат») деп шыбыш­тарды кәрі текенің көзін ала бере үйірден бөліп тауға айдап салады-мыс.
…Әбілхан Қастеев ақсақалдың «Желтоқсан. Жаңаөзен» атты топ­тамасын көргенде Байронның «Манфред» поэмасындағы нахақ­тан өлген ананың қарғысы еске түседі, оны сөз соңында айтам дедім ғой. Міне, сол қарғыс: (ау­дар­ған жас ақын Айбол Ислам­ғалиев) «Түндерің ұйқысыз өтсін және менің мұңлы бейнем сенің харам жаныңды, қанішер жүре­гің­ді мәңгі торуылдап, басың азап­тан арылмағай… Сол елдің елесі сенің тозағына айналғай, қара бет!».

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір