Әзіл-шыны аралас
21.12.2018
2051
1

***

Министрлер Кеңесі Төра­ғасының орынбасары Төлеухан Кенжебаев ағамыз алпыс жасқа толып, жо­ғарғы билік ол кісіні зейнет демалысына жібермек болады. Алайда, Төкеңнің ұзақ жылдар бойы лауа­зымды қызметтер атқарғанын ескеріп, Ескерткіштер қорғау қоғамын басқаруды ұсынады. Ереже бойынша ол төрағаны сол қоғамның мүшелері сайлайды екен. Төрағалық орынның бос екенін естіген атақты сәу­летші Шота Уәлиханов та өзінің кандидатурасын тіркетеді. Шота емес, Төлеуханды өткізу керектігі сол кездегі партия Орталық Комитетінің жауапты қызметкері Сауытбек Абдрахмановқа тапсырылады. Төкеңе қарағанда Шота шығармашыл қауыммен аралас-құралас, бірін бірі жақсы таниды, оның үстіне атағы жер жарған сәулетші, елге еңбегі сіңген қадірлі азамат. Сондықтан Төкеңді төрағалыққа алып шығу оңай шаруа болмайды. Қысқасы, билік әкімшілік резервтерді пайдалана отырып, азар дегенде Шотаны құлатады, Төлеуханды төрағалыққа өткізеді. Содан Төкең үш жыл жұмыс істеп, тоқсаныншы жылдардың басында кезекті сайлауда орнын босатады. Сол күн­дері Шота Сауытбектің қабылдауына кіріп, Қоғамға төрағалыққа өзін тағы ұсынатынын айтады.
Сонда Сауытбек:
– Шөке, ЦК-ның дәуірлеп тұрған заманында сізді әзер құлатқанбыз. Енді тәуелсіздік тізгіні қолға тиіп, демократия келген заманда сізді біз құлата алмаймыз. Кандидатураңызды алаңсыз ұсына беріңіз! – деп әзілдеген екен.


***

Еркін Нұразхан театр маманы, яғни суретші-декоратор болғанымен, кейінгі өмірде әзілкеш-суретші, карикатурист ретінде қазақ қоғамына кеңінен аты шыққан кісі. Соны білетін бір актриса қыз бірде Еркінді міней, тиісе сұрақ қойыпты:
– Сізге декораторлығыңыз жақын ба, жоқ әлде карикатуристігіңіз жақын ба! Сонда Еркін мүдірместен:
– Дәл қазіргі сәтте өзің жақынсың, айнам! – деп жауап беріпті.


***

Қазақтың данагөй ақсақалы, Еңбек Ері Бошай Кітапбаев тоқсан жасқа толып, сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өзі бас болып қарияның құрметіне аламан той жасап береді. Тойға алыс-жақыннан келген жұрттың бәрі тоқсан жасты тілек етіп, кезек-кез­ек Бошекеңнің қолын алып амандасып жатады. Көптің арасынан ақын інісі Әлібек Қаңтарбаевты тоқтата тұрып, Бошекең:
– Осы сен нешеге келдің? – деп сұрайды.
Әлібек көзін төмен түсіріп, басын салбыратып:
– Біз де біраз жасқа келдік қой, Бошеке! – дейді.
– Ау, айтсаңшы, сонда нешеге келдің? – деп қария тықақтай түседі.
– Қартайдық, аға, міне биыл алпысқа келдім! – дейді ақын інісі күмілжіп.
Сонда Бошекең:
– Қайран менің алпысым! Жауға шапқан темір тұяқ тұлпар едік, қызыл көрсе шүйілген сұңқар едік… түн қатып, түс қашып шаршау дегенді білмеуші едік! – деп басын бір шайқап, өкінішпен күрсініп жіберіпті.


***

Бір жас жа­зушы ретін та­уып, «Жалын» баспасының ди­­ректоры Қал­­дар­бек Най­ман­­баевқа (1939-2008) жо­лы­ғады:
– Ағай, жалпы мен әңгімені өте тез жазамын. Екі айда бір кітаптық әңгіме жазып тастап едім, мінеки екі жыл болды соны кітап етіп шығара алмай қиналып жүрмін, – дейді.
Сонда Қалдарбек ойланып отырып:
– Інім сен бүйтіп қиналма, ақылымды тыңда. Сен әңгімелеріңді екі жыл жаз. Со­сын мен оларды екі айда шығарып беруге көмектесейін! – деген екен.


***

Қазақтың күміс көмей, жез таңдай әншісі Жәнібек Кәрменовті (1949-1992) лауазымды ағалары той-томалаққа жиі-жиі шақыра береді екен. Жәнібек әлгіндей шақырыстардан шаршап жүргенде, тағы бір бастық тойға шақырып телефон шалады. Ол кісі сөзінің соңында «Домбыраңды ұмытпа» деп ескертеді.
Сонда Жәнібек:
– Ағай, осы жолы өзім бармай-ақ қояйын, сіздің тойға домбыраны ғана жіберейінші? – деген екен.


***

Ұлттық театр өнерінің қай­талан­бас тұлғасының бірі, Халық артисі Сәбит Оразбаев ағамыз жас кезіндегі бір қызық жайтты еске алғаны бар. Ол заманда өнер адамдарының бір-біріне құрметі ерекше, қарым-қатынасы бөлек­ше болған екен. Отбасымен қо­нақ­қа шақырысып, туғандарын көргендей шұрқырасқан, ара­ласып-құраласқан бауырмал еді деседі. Көшеде кездесе қалса да бірін бірі әңгімеге үйі­ріп, кафе-мейрамханаларға сүйрелеп әмпей-жәмпей болады да қалады екен.
Бірде әйгілі композитор Мұқан Төлебаев (1913-1960) мәшинесімен көшеде кетіп бара жатса, тротуардан адымдай басқан Шәкен Аймановты (1914-1970) көреді. Сигнал беріп Шәкеннің қасына тоқтай қалады.
– Әй, Шәкен, отыр машинаға, апарып салайын? – дейді.
Мұқаңды көрген Шәкен азар да безер болып:
– Жоқ, Мұқа, отырмаймын. Асығыспын, онсыз да жұмысқа кешігіп бара жатырмын! – деген екен.


***

Ұлттық әдебиетіміздің қабырғалы қаламгері Сәкен Жүнісовке (1934-2007) жуықта ғана жұқалтаң кітапшасы шыққан бір жас жазушы арнайы іздеп келіп, әңгімеге тартады. Жас та болса өзінің таланты тасыған мықты жазушы екенін, келешекте Әуезовтен де асып түсетін қабілеті барын, амандық болса әдебиетке ұлы жаңалықтар әкелетінін айтып мақтанады. Сәкен жас жігіттің сөзін бөлмейді, айтқандарын шыдап тыңдайды, бас шұлғып бәріне келіседі. Соңынан былай дейді:
– Дұрыс айтасың! Мен де сендей жас кезімде «Сонарда» деген кітапша шығарып, «Мен және Мен» деп дос-жаранның баршасына жар салғанмын. Отыз беске жиналғанда «Жапандағы жалғыз үй» атты роман жазып, «Мен және Әуезов» дейтінмін. Елуге тақағанда «Ақан сері» дилогиясын жазып, «Әуезов және Мен» дегенді шығардым. Енді міне жетпіске жеттім. Ақан серінің үшінші томы ақыры жазылмады, қазір мен тек «Әуезов» дейтін болдым.

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір