Асқар Сүлейменов – көрнекті драматург
21.12.2018
9284
0

Бағыбек Құндақбаев,
өнертану докторы

Ізденіс жолын 60-жылдары әдеби сыннан бастап, көркем прозада «Бесін», «Адасқақ» сияқты кітаптарымен, «Кек», «Ерулік», «Ситуациялар» драма-диалогтарымен, сондай-ақ «Шашылып түскен тіркестер» философиялық толғамдарымен, көптеген эсселерімен, киносценарийлерімен, көркем аудармаларымен шоқтығы биік мол мұра қалдырған Асқар Сүлейменов өнерде орны ерекше тұлға. Шығармаларының басты ерекшелігінің бірі – тілі мен стилистикалық құрылымы, әр сөйлемнің, тіпті әр сөздің астарында қат-қабат философиялық ойлардың жататындығы. Оларды түсініп, түйсікке жеткізу үшін актер немесе оқырман автордың өзіндік сөз саптау үлгісіне, әуез-ырғағына ерекше көңіл бөліп, зейін қоюы керек. Әйтпесе айтар ойды түсіну былай тұрсын, не оқығаныңды пайымдау қиынға түсері даусыз.

Сүлейменовтің драматургиясы Сөз құ­ды­ре­тінің қыры мен сырын паш етер күрделі туындылар. Бұларда көрнекті жазушы-драматург көне заманнан бізге қызуы кетіп, жылуы жеткен, шоғы кетіп, күлі жеткен, жы­рау­ларға тән Сөз қадірін қайта жаңғырт­қан­дай. Тілінің ою-өрнегі байырғы қазақи ұғым табиғатынан тамыр тартып, бүтіндей жаңа мағына алып кеткен. Сөз саптауы, шешендік үлгісі көркем жаңалықтарға, ой мен ұғым сезім астарына толы. Ол драматургияға көлденең кел­ген көк атты емес, шәкірттікті аттап өтіп, оның қыр-сырын зерделеп, айтар ойын талғам таразысынан өткізіп барып, алдымен Б.Брехт, Э.Хемингуэй, Т.Уильямс, Мольер, Е.Щварц пьесаларын қазақшаға аударып барып, қалам тартты.
Жазушы драматургиясының төл басы – «Кек» трагедиясы. Сарын мен Кежімнің пьеса­ның аяқ жағындағы жан тебіреністері мен ар­палыстары нағыз трагедиялық шарықтау шегіне жетеді. Трагедияның тартыс желісін қолына ұстаған Сері, Бектер, Бетай, Атой, Са­қау­лардың әрқайсысының даралық сипаты тіпті бөлек. Тағдыр таразысына еріксіз иілгендер.
Трагедияның сонау әлемдік үлгілеріне тән құрылыс-болмысында сөз өрнектері мен ше­бер қиюластырылған диалогтардағы ой тереңдігі, астар қалыңдығы, философиялық мазмұны тамаша тұтастық тапқан. Бірімен-бірі беттескен тұста бірер кейіпкердің сөзін келті­ре­рлік шығарма тілінің ешкімге ұқсамайтын көркемдік ерекшелігі бірден жарқ ете қалады. Және бәрі де трагедия тартысын ширата түсе­тін, ұғым санаңа салмақ түсіретін, кейіпкерлер бейнесін биіктете түсетін тың мағынамен то­лық­қанына іштей өзің де марқайып, қызыға қарайсың. Бұл әлі біздің драматургтер бара қой­маған көркемдік жаңалық.
Әлемдік драматургия тарихында ортақ тақы­рыпқа бір трагедия мен үш драмадан тұратын тетралогия арнау көне гректерден бел­гілі (Эсхил, Софокл). Қазақ драматургия­сын­да «Ситуациялар» үштағаны (триптих) осы дәстүрді ұстанып, сәтті жазылған шығармалар. «Жетінші палата», «Қыздай жесір – штат қыс­қарту», «Төрт тақта – жайнамаз» – әрқайсысы өз алдына жеке дара туындылар болғанымен, бұлар да тәлкекке түскен тағдырларды байла­ныстырып тұрған үндестік бар. Ол қоғамдық жүйедегі әлеуметтік қайшылықтардан туын­даған келеңсіз құбылыстар.
«Жетінші палата» – әбден қаламы төселіп шыңдалған жазушының бас-аяғы балғадай тұтас шыққан көркем дүниесі. Осындағы жетінші палата нағыз халықтар достығының сипатын танытатын, әр ұлт өкілдерінен жасақталған емделушілердің ортақ «үйі». Түр­меден айырмашылығы атында ғана. Емхана­ның міндеті маскүнемдіктен жазу емес, тәрбиелеу. Бұл – қоғамдық идеология. Атой шалдың бас дәрігер туралы: «Жақсы адам. Бір система береді де қоя береді» деген сөзі бұған толық дә­лел. Автордың «Өнерде таланттың кемдігі – таланттың жоқтығынан жаман, кісіні қытықтап күлдіргеннен, балағаттап кеткен жақ­сы» деген қысқа монологы – өнер шығар­машылығына қойылар биік талап.
Кезінде орыс интеллигенциясының А.П.Чеховтың «№6 палата» шығармасына ден қойғаны белгілі. А.Сүлейменов те заманның сын көтермес кезеңінің келгенін, қоғамдық жүйенің жұқарып, жекелеген жандардың жүйкесінің дертке шалдыға бастағанын меңзеп, пьесасын «Жетінші палата» атапты.
Алдыңғы пьеса сияқты А.Сүлейменовтің «Қыздай жесір – штат қысқарту» драма-диалогында бүгінгі қоғам тірлігіндегі отбасы-отан, ұрпақ, ар-ұят, ақиқат, азаматтық борыш сынды ұғымдардың аты қалып, заты заман өзгерісіне сай өзгеше бір сипат алып, дертке айналғанын ашып береді. Шығарманың орталық кейіпкері Мәліктің пайымдауынша, өмірдің өзегі – сауда. «Тірлік сәт. Жалғыз сәт. Сәтінде алып қалмасаң алынардың бәсі түседі». Осы бір мақсатына жету үшін арын да, намысын да аяққа басып, адамгершілік сипаттан жұрдай болуын автор нақты әрекет арқылы ашады. Қара басының қамы үшін ештеңеден тайынбайтын ол жалынып-жалпылдаудың адам ойына келмейтін небір түрлерін көлденең тартады. Өмірде қысқартуға түспес үшін өлік аттауға да, Тәбиев сияқты үлкен лауазым иелерінің табанын жалауға да дайын тұрады. Әйелі Ританың сырқатын өзіне пайдалы тұстарда кесе көлденең тарта қоюы, әскерден демалысқа келген ұлы Дәрісті қам­қор­си отырып, арақтың алып-сатарлығына үй­ретуі, бос бөтелке туралы интервьюі, тіпті газы шыққан «Сарыағаш», тіл парқы, нарық жө­ніндегі сөздері – күлкіге көмгенімен, күйін­дірері көп, адам жиренерлік харам әрекеттер.
Пьесада ең басты мәселе – штаттан қыс­қартылған, дүние есігін ашпаған (аборт) төрт айлық нәресте! Ұрпақ! Түптеп келгенде – ұлт! Шығарманың соңында «…апырмай, қазақтан өткен балажанды халық жоқ… бұлар сөйткен соң өзгелері не істемейді! …иесіз әйел – егесіз ел! Егесіз елге не істемейді…» деп жағасын ұс­тап зар қаққан кемпірдің сөзінде кеше ғана өт­кен көптеген оқиғалардың саяси астары жатыр.
А.Сүлейменовтің оқиғасы бір тәулік ішінде өтетін «Төрт тақта-жайнамаз» драма-диалогы да қоғам өміріндегі сорақылықты көркемдік шынайылықпен суреттейді. Мұнда автор лауазымы жоғары өкімет адамдарының қарапайым жандарға көрсеткен зорлық-зомбылығын, қарақан басы мен құлқынының құлы болғандардың жемқорлық пиғылдарын іске асыруда ештеңеден тайынбайтын аярлы­ғын, обал-сауап ұғымдарының мүлдем жоға­лып, әділетсіздіктің үстем болу шындығын дра­малық әрекет үстінде ашады. Санақ біт­кенше шығынның орнын жаба тұруға қол­қа­мен алынып, сосын мүлдем із-түзсіз жоғалып кет­кен екі жүз қойы мен ауданға тергеуге ша­қы­рылған мал иесінің жалғыз ұлы Тоқта­сынның да хабарсыз кетуі, соған жоқтаушы болып, араша түсіп, сүлдесін сүйреткен кемпір мен шалдың қорланған тағдыры – драманың идеялық мазмұнын айқындайды.
Бұрынғы, имандылықтың ордасы болған мешітте бұл күндері бірінен-бірі айнымайтын, бір қалыптан шыққандай әсер қалдырар түр-түсі, тыныс-тірлігіне дейін егіздің сыңарындай ұқсас – Райсобес, Райфин, Сот орналасқан. Осыларды сағалап, талай айлар қолдарына тимеген жалақы мен зейнетақыларын іздесті­ріп келген қос мұңлықтың соңғы үміті үзіліп, кемпірдің тіпті тірілер тізімінде болмай шы­-
ғ­уы­нан артық қорлық болар ма? Драманың желі­сіне үйлесімді бағындырылып, қарапайым жандардың тартқан қасіреті мен безбүйрек лауазым иелерінің қиянпұрыс қисық қылық­тары пьесада өткір суреттеу тапқан.
А.Сүлейменов «Ситуациялар» триптихіне нақты өмірлік деректерді арқау етіп, қоғамдық жүйедегі әділетсіздікті жайып салады. Қоғам бар жерде қоғамдық жүйе бар. Жүйемен қай­шылыққа түскен жеке адамдар міндетті түрде жеңіліс табады. Жеке адамның күйреуі, айналып келгенде қауымның, халықтың, ұлттың күйреуі. Бетперде киген қоғамның «игі жақсылары» өз «рольдерін» ойнаумен күн кешудің тәсілін меңгергендер тобына жатады. Бұл шығармаларда, жинақтап айтқанда, ең бастысы – құрбандыққа шалынып, аяқасты болған қазақы тектілік пен имандылықтың ащы айғайы бар. Автордың өзі айтпақшы, «Өз­гелер маймылдан жаралса жаралған шығар, бірақ, қазақ жылқыдан жаралған» дегендей, жылқы мінезді халықтың, талауға түскен елдің тағдыры жатыр.
Өнерді ар-ұятына балап өскен А.Сүлей­менов­тің тағы бір туындысы «Ерулік» пьесасы – дүмшелігін дарынға балаған Жақиядай, жандайшаптыққа түскен Бергендей кем­та­лант­тар туралы. Әр пьесасында өнерге байланысты ой тастап отыратын автор сөзімен айтқанда: «Өмірді бүлдіргеннен, өнерді бүлдірген жаман». «Кемталант болғаннан, бейталант болған жақсы. Бейталант – бей­тарап. Ал, кемталанттың араласпайтын жері жоқ». «Күшеншектіктен өнер шығар, бірақ, өнер күшеншектік емес». «Еруліктегі» саф таза өнер үшін күрес – тұтас драманың жоталы же­лісі. Драматург мұнда өз ойын ащы мыс­қылмен өрнектеп жетізеді.
А.Сүлейменов пьесалары – кез келген үлгіде, кез келген шешімде қоюға мүмкіндік беретін, ой-тұжырым еркіндігіне жетелейтін, қатпарлы астарлардан сан қилы ой қозғауға, шешім табуға мүмкіндігі мол шығармалар. Бұған М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасына ізденімпаз режиссер Әубәкір Рахимов қойған спектакльдер толық дәлел.


Шашылып түскен тіркестер

Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ

Өнердiң түбiне сорпа бетiндегi майдай қалқыған түсiнiктi идея жетедi. Жазушы­ның бiр мiндетi – ой-идеяны ашу емес, оны мұнартқа көмiп, мұнармен бүркеу. «Шайнап берген ас болмас». Оқушы шың­ғырғандай боп қиналса несi ерсi? Алсын қамау терiн!

***

Гимн: «Елiм-ай», «Кiсен ашқан», не «Қа­ра­кесек», «Менiң Қазақстаным». Авс­три­я­ның гимнi – И.Гайдннiң квартетiнен.

***

Ойлану, ойлана бiлу жанның әрекетi ме, жоқ әлде жанның барқынданғаны ойдың харекетi ме?

***

Өнерi де, өзi де бiртума жiгiт, суретшi Кенжебай Дүйсенбаевтан естiп ем. Адам­ның шайтаны атпен келе жатып, «қара қарғаның миы қайнайтын» (Д.Исабеков) аптапта, айдалада шайтанның жылап отырған шайтанын көредi.
– Әй, не болды саған?
– Айтпа, ойбай! Осында бiр, екi кем­тар­ды шағыстыра алмай қор болдым.
– Қайда оларың?
– Ана жонның астында. Жалғыз шайла­да.
– Кiмдер?
– Екеу. Бiреуiнiң қолы бар да көзi жоқ, екіншісінің қос қолы жоқ та көзi бар. Еп­тесiп-септесiп күн көредi.
– Әйдә, кеттiк!
Шайтанның шайтаны мiнгеседi, шайла­ға барысады. «Ау, кiм бар?» десiседi. Көзi бар, қолы жоқ шығады. Сәлемнен кейiн адамның шайтаны шолаққа, ат үстiнен екi қамшы жегiзедi де: «Мынау саған, ал мы­наны серiгiңе бер!» – дейді.
Екi шайтан кетiп қалады.
Шайладан шықпаған әз бiр күн жылап, екiншi күнi сұрайды: – Маған бергенiн қашан бересiң? – Сорлы-ау, түк те берген жоқ. Екi рет қамшы көтердi.
Қолы бар, көзi жоқ бұған сенбейдi де, екi кемтар кетiскен екен дейдi.
Бұл өзi Черчилльдей психолог-саясат­кердiң ұстанған қағидаларынан. Черчилль шайтан болса, шайтанның арманы не? Мемлекет психо-философиялық кон­цепция­ға иек артпаса болмайды.

***

Жiгiт ғашығына қалай құласа, адамның атқа солай құлағаны әбден жөн.

***

Аристотель бойынша трагедияның бiр аты: катарсис – тазару. Тазарған адам тiк қарайды да, қарауылына алғанды қапы жiбермейдi. Ұлтшылдық-ұлтжандылықпен ауырып алмай, аялап ауырмай, ұзақ ауыр­май, оны тiптi серiк ауру етпей тазару, өзiңе де, өзгелер – иноземцевтерге («Бесатар» повесінің кейіпкері) де таймай қарау мүмкiн емес. Қоғамның кеселiнiң бiр
емi – оған тiк қарау. Әр аурудың уақыты бар. Тоқсанға кеп қызылша қарамықтан қайтсаң балдыздарың қолма-қол түлеп шыға келер едi.

***

Тағы да Мұқағали:
– Екеумiзге жүз жүрмейдi. Бiзге 99 не 101 жүредi.
– Неге?
– Бiлiп тұрып сұрау Қадырдың еншiсi.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір