Астанада «Астанам, сенсің айбарым»
14.12.2018
1587
0

 VII «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өтеді

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына жә­не Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған VII «Алтын домбыра» респуб­ликалық ақындар айтысы өтеді.
Бұл жөнінде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құр­мет» орденің иегері Жүрсін Ерман, Мемлекеттік «Дарын» жастар сый­лығының лауреаты Дәулеткерей Кәп­ұлы, айтыскер ақындар Ерке­бұлан Қайназаров, Мейірбек Сұл­танханның қатысуымен Мәдениет және спорт министр­лігінің баспа­сөз-орталығында өткен баспасөз конференциясында белгілі болды.

Әбіл Жоламанов,
ҚР Мәдениет және спорт министр­лігінің Мә­дениет және өнер істері депар­таментінің директоры:
– «Астанам, сенсің айбарым» атты дүбірлі доданың ерекшелігі – Астананың жиырма жылдығына арналған­дықтан жиырма ақын қа­тысқалы отыр. Айтыстың мақсаты – VII Рес­публикалық ақындар айты­сында жыл бойы респуб­лика­ның әр өңі­рінде өткен айтыстардың жеңім­паздарын іріктеп жылдың қоры­тынды айтысы арқылы биыл­ғы «Алтын домбыра» иегерін анық­тау және Елордамыз Астананның 20 жыл­дығын жырға арқау ету. Сон­дай-ақ, ұлтымыздың ұлы өнері, мақтанышы, ЮНЕСКО-ның адам­заттың мәдени мұрасы қатарына қосылған төл өнерімізді дәріптеу болып табылады. Бұл жыр дода­сында кестелі жыр, ұшқыр ой, суы­рып­салмалық қабілетімен дара­ланған ақын биылғы VII «Алтын домбыра» иегері атанып, бес миллион теңгемен марапатталады. Сөз бәйгесін Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халық­аралық одағының басқарма төр­ағасы Жүрсін Ерман жүргізеді».
Бұл аламанға Айбек Қалиев, Ринат Заитов, Рүстем Қайыртайұлы, Мұхтар Ниязов, Аспанбек Шұға­таев, Еркебұлан Қайназаров, Жан­сая Мусина, Мейірбек Сұлтанхан, Әсем Ережеқызы, Мақсат Ақанов, Болатбек Оразбаев, Дидар Қамиев, Төлеген Жаманов, Тілеген Әділов, Нұрмат Мансуров, Шалқарбай Ізбасаров, Хазірет Бердіхан, Сырым Әділов, Серік Қуанған, Ершат Қай­болдин қатарлы жыл бойы респуб­ликаның әр өңірінде өткен айтыс­тардың жеңімпаздары ғана қаты­сады.

Жүрсін Ерман,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қай­раткері, «Құр­мет» орденінің иегері:
– «Қазақстан Халқы Ассамблея­сының ХХV сессия­сында Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Барлық облыстың әкімдіктеріне тапсырма беремін, айтыстарды өңірлерде өткізіңдер» деп айтқан болатын. Сөз соңында Нұрсұлтан Әбішұлы маған «Барлық облыс­тарда ақындар айтысын өткіз. Ең тәуірлерін жылдың соңында Астанаға жина» деп жеке тапсырма берді. Міне, Елбасының өзі ұйытқы болуымен, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамеди­ұлының қолдауымен аламан айтыс өткізгелі отырмыз. Биылғы айтыс­тың әділ-қазылар мүшелерін жеке­лей таныстырып өткім келіп отыр. Әділ-қазылар мүшелері: жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты, Қазақстанның Еңбек сі­ңірген қайраткері, аудармашы Қажы­ғали Мұхамбетқалиев, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термеші­лердің Халықаралық одағының Атырау филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев, Қазақ­стан­ның Мәдениет қайраткері, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, айтыскер ақын Серік Қа­лиев, филология ғылымдарының докторы, профессор, айтыскер ақын Қойлыбай Асанов, айтыс ақын­дары мен жыршы-терме­шілердің Халықаралық одағының Батыс Қазақстандағы өкілі, айтыс­кер ақын Бауыржан Халиолла, айтыскер ақын, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халық­аралық одағының Жамбыл облы­сындағы өкілі Ахметжан Өзбеков. Тәуелсіз сарапшылар ретінде, Қазақ­станға Еңбек сіңірген қайрат­кері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы және сыншы, Қазақстан Жазушы­лар одағының мүшесі Әмина Құр­ман­ғалиқызы болады.

Дәулеткерей Кәпұлы,
Мемле­кеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты:
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты мақала­сында айтып өткен барлық құнды­лықтарды на­сихаттауда ақындардан асқан наси­хатшы жоқ. Айтыс – ежелден келе жатқан ұлы мұрамыз. Қазіргі таңда рухани жаңғыруға мұқтаж болып отырғанымызда тура тәуел­сіздік күнінде өткізгелі отырған айтыстан күтеріміз көп».

Еркебұлан Қайназаров,
айтыс­кер ақын:
«Міне, 3 жылдан кейін «Алтын домбыра» елордамыз Аста­наға оралды. Биылғы айтыстың ерек­шелігі: халыққа енді аты шы­ғып, аламан бәйгеде енді ғана таны­лып жатқандар өнер көрсетпек. Жас өнерпаздарымызға деген жана­шырлық пен үлкен қолдау бол­мақ­шы, бұл айтыс».

Мейірбек Сұлтанхан,
ай­тыскер ақын:
«Тәуелсіздік алғаны­мызға 30 жылға тақап қалды. Осы жылдарда бірде-бір Мәдениет министрі ай­тысқа тікелей қатысып, өзі демеуші болғанын естімедік те, көрмедік те. Биыл ғана «Жыр арқауы – Астана» атты айтыста ғана Министрдің өзі тікелей ұйытқы болып, жеңім­паздарды марапат­тағанына бәріміз куәгер болдық. Міне, Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс өткелі отырған аламан айтыста да Арыстанбек Мұхамедиұлының өзі көрермен болып, бізге қолдау көрсетпекші».

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір