Қалжыңқалта
Абдрахман АСЫЛБЕК
БІР ӘРЕКЕТ ЕТЕЙІК
Тағы да бір зұлматтың
Басталғандай белгісі.
Өмір деген қымбат тым,
Келер кімнің өлгісі?
Өмір деген адамға
Бір-ақ рет берілер.
Мына жалған заманда
Тым қысқа боп көрінер.
Жүз жас болар көп болса
Сыйлағаны Тәңірдің.
Әрман тыныс тоқталса,
О дүниеден табылдың.
Аз берді деп ғұмырды,
Айта көрме күпірлік.
Біраз сүрген күніңді
Ете көргін шүкірлік.
Заман кенет қағынып,
Кең дүние тарылып,
Басқаларға шабылып,
Қалмадық па бағынып?
Намысты боп тусақ та,
Қазақ деген қаны бар,
Қырылдық қой бір шақта,
Секілді аң-жануар…
Сол бір зұлмат өтті деп,
Тәуелсіздік жетті деп,
Кеудемізді соққанда,
Кетпеді ме көк түлеп.
Аспанымыз шатырлы
Ақыл-естен шатылды.
Жарқ-жұрқ етіп найзағай,
Зымырандар атылды.
Ауа деген бұзылды,
Улы газдар түзілді.
Содан барып көп аңның
Тіршілігі үзілді.
Аңдар жайрап жатқанда,
Жаның байыз тапқан ба?
Келер кезек адамның
Өзі түспек қақпанға.
Өзің туған еліңде,
Өзің жүрген жеріңде
Ауаң, суың уланса,
Өлгенің ғой сенің де.
Тұнық күнің мұнартып,
Көгіңді бұлт торласа,
Киіктерден нең артық,
Өз билігің болмаса?
Аймағыңнан аң кетсе,
Жайлауыңнан мал кетсе,
Сен де бірге кетесің,
Жанталасар жан кетсе.
Адам болып құлшынып,
Жалғассын деп тіршілік!
Бір әрекет етейік,
Бір Аллаға құлшылық.
Үйқамақ
Ел билеген бір бастық,
Жүрді зор боп дүр бастық.
Түкірігі жерге түспеді,
Өз білгенін істеді.
Мемлекеттік қаржының
Жұтып қойды жарымын.
Жалдап жалшы-малайды.
Салдырды зәулім сарайды,
Сарайы біреу болмады,
Біреуі тіреу болмады.
Сарайлары бесеу болды,
Одан әрі өсе берді.
Біреуін анасына,
Біреуін баласына,
Біреуін нағашыға,
Біреуін қатынына,
Сыбайлас жақынына,
Алдын ала қамдатып,
Жаздырып қойды заңдатып.
Ол сарайларда бәрі болды.
Бір аймақтың сәні болды.
Ұзыннан-ұзақ дәлізі болды,
Шомылатын әуізі болды.
Ат шаптырым орманы болды,
Қалың да биік қорғаны болды.
Дәлірегі – тоғайы болды,
Тоғай толы торайы болды.
Тотықұсы, тауысы болды,
Мың құбылған дауысы болды.
Аулайтұғын көп аңы болды,
Тиімдісі қояны болды.
Демейсің қапы қалды,
Керегінше атып алды.
Тамақтанатын кафесі болды,
Ішімдіктердің көкесі болды.
Не ішіп, не жеймін демеді,
Бәрі дайын керегі.
Ішкенінше ішті,
Кекірік атты, құсты.
Бәрі де тамаша,
Ешкім көрмейді, оңаша.
Бірақ жалығып кетті,
Жалғыздықтан қамығып кетті,
Сыбайластарын сағынып кетті.
Алайда, оларды көре алмайды,
Қасына келе алмайды.
Өйткені, ол «Үйқамақта» –
Арнайы сыйтабақта.
Тек жеке жүруге еркі бар-ды,
Бір күні баласын ертіп алды.
Енді оянып келе жатқан санасы,
Бірінші сыныпта еді баласы.
Әр нәрсені сұрай берді,
Бір сұрағында былай деді:
– Әке, сізді газеттерге жазып,
Мемлекет мүлкін шашып,
Керегінше қалтасына басып,
Барынша асады дейді,
Ауыр қылмыс жасады дейді.
Барып тұрған обыр дейді,
Сол үшін «Үйқамақта» отыр дейді.
Сіз отырған жоқсыз,
Ұрып-соғылған жоқсыз.
Қайғысыз, мұңсыз,
Курорттағыдай жүрсіз.
Мына жер сізді тыңайтады,
Қылмыскер деп кім айтады?
Шын қылмыскер түрмеде,
Тас қамал іргеде
Отырмай ма омалып?
Жазасын алып, қамалып?
* * *
Әкесі ашумен тарпып қалды,
Баласын шапалақпен тартып салды:
– Ауызыңды жап, балам,
Жөн болар тәртіп сақтаған.
Артын қысқан бай болады,
Бұл жаза саған сай болады.
Менің жүрген жерімді «Үйқамақ» дейді,
Мендейлерге тартылған «сыйтабақ» дейді.