Суырыпсалма ақындық дарынның ақпа дариясы – Қашаған Күржіманұлының есімі елге әйгілі. «Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі» деп Ілияс Жансүгіров айтқандай, оның мірдің оғындай құнарлы жүйрік тілі тыңдаушыны таңдандырмай қоймаған. Ол – аламан ауқымды эпик жырау, оның телегей теңіз эпиктігін «Қырымның қырық батырын» одан үйреніп жырлаған шәкірті Мұрын Сеңгірбекұлынан көреміз. Белгілі ғалым Есмағанбет Ысмайыловтың «Мұрынға да, Құмарға да, Нұрпейіске де ұстаз болған Қашаған» деуі сол себепті.
Қашағанның орып түсетін орақ тілді өткір дүниелері ел арасында кеңінен тараған. «Оразалы байға айтқаны», «Бекеске айтқаны», «Есқали сұпыға айтқаны», «Сақыпқа айтқаны», т.б. елдің әлі күнге езу жидырмайтын теңдесі жоқ сатиралық сабаулары. Ол құлашы кең дария көне дастандарды туындатқан. Мәселен, «Топан», «Қарасай-Қази», «Адай тегі», «Атамекен» атты жырларында елдің тағдыры, зар заманның қилы-қилы суреттері, батырлардың ерлік істері көрсетіледі. Ал айтыс өнерінде шашасына шаң жұқтырмайтын жүйрік болған. «Мен қайыртпай кеткен ақынмын» деген лебізін бүкіл замандастары мойындаған.
Негізінде, біздің осы мақаладағы мақсатымыз – Қашаған шығармашылығына талдау жасау емес. Оны әдебиетіміздің білікті тұлғалары Ә.Кекілбайұлы, Қ.Сыдиқов, Ж.Тілепов, т.т. қаламгер біршама атқарған секілді. Оны ұңғылай түсетін жас ғалымдар әлі де табылар. Біздің ниетіміз – Қашекең өмірінің қайғы-қасіретін әңгіме ету.
Мынаны қараңызшы, ол үш рет үйленіп, он төрт перзент көргенде, соның бірі де тұрақтамаған. Үш әйелі де қайтыс болған. Ой, сұмдық-ай! Ол өлер шағында көкірегі қарс айырылып отырып, «Қоштасу» атты өлеңін шығарыпты. Енді соған назар аударыңызшы:
Аға-жеңге алдымда біреуі жоқ.
Ебелектей боп тұрмын тіреуі жоқ.
Жақсы менен жайсаңның бәрін көрдім,
Қазір ғаріп, сүйенер тірегім жоқ.
Халқым жүгін қайыспай арқалап ем,
Өтті-кетті белгісіз дерегі жоқ.
Он төрт ұрпақ өркенім жастай солған,
Мен тамырсыз қу ағаш керегі жоқ.
Бір сөз қалсын соңыра ескеруге
Қашекеңнің ең соңғы айтқаны деп.
Қылышыңды тасқа шап жау кеткен соң,
Билігіңді отқа жақ дау біткен соң,
Ерлігіңді ұрайын, батырларым,
Қан құйысқан дұшпаның сау кеткен соң.
Адайдың әруағын жасытпадым,
Топ көрсем арқырадым, тасып қаным.
Аға-жеңге, кішілер, қош болыңдар,
Молдалар ұжмақты мақтаса да,
Тез кетуге о жаққа асықпағын.
Сайрадым жетпіс бес жыл бұл өмірде
Он үште сөз құрауға машықтандым.
Сөз таппай кідірмедім дау дегенде,
Талай жүйрік дәметіп келгенде де,
Ілесе алмай қалатын әудем жерге.
Қосай менен Бекетке сыйынғанда,
Бидайықтай көтердім кеудемді ерте.
Адал еңбек, татулық – өсиетім
Бата іздеп, мені аңсап келгендерге.
Дүние – жеткізбейтін түлкім менің,
Қош болың, ағайын жұрт, шіркіндерім.
Сексеннің сегізінен өтіп барам,
Он үште орта көріп, сілкінгенмін.
Еш жерде сөз таба алмай іркілмедім.
Маңғыстау, Еділ-Жайық, Жем мен Сағыз,
Сарыарқа қазағымның қалың елі,
Бұлбұлың мәуедегі сайрайтұғын
Бұл күнде күйі кетіп күркілдеген,
Қашқымбай, Ізім шайыр, Абыл, Ақтан,
Қаймықпай сөз бастадым Жарылғаптан.
Қырымның қырық батырын жырлағанда
Үш айда аяқтайтын тұлпар едім,
Жақсы менен жайсаңдар, бақи болың,
Бәрің құмар сөзіме, іңкәр едің.
Арқар шықпас қиынға жұмсасаң да,
Сыр алдырмас самғаған сұңқар едім,
Әбубәкір, Аралбай, Майлықожа,
Оңдастың Базарбайы – бәрі дәмдес,
Жолдығыма таласпай, құрмет тұтқан.
Мен Қашаған, мінеки, бітті демім
Самғаған сан жиында тілді безеп.
Үш рет ұя салдым кезек-кезек,
Тұқымым он төрт көктеп шығып,
Жас кетіп барлығы да, өртенді өзек.
Жалғыз тек Іңкәр еді содан қалған.
Сармолда-қолғанатым, жалғыз көжек
Ұрпағым, Іңкәрімнен сұрап алған.
Атаңда бір жетілік қалды мезет
Жақын-жуық жайсаңның бәрін жина,
Арыздасып өтейін, қайран дүние,
Ақ Алланың бұйрығын болмас тежеп!
Әй, жарықтығым-ай, сонда сақалын жуып, жылап отырды ма екен? Жо-жоқ, өте ұстамды, ақылға берік адам ондай бостыққа жол бермеген. Және бәрі де Құдайдың ісі, тәуба деп, қанағат еткен. Дін дегеніңіз қайғы-қасіретке мойынсұндырып, пендені жуасытып қойған ғой.
Құдайдың бір қолы береген де, екінші қолы алаған. Байқайсыз ба, Қашағанның бір жағында өнері үйіліп тұр да, екінші жағында өмірі үңірейіп, күйініп тұрған жоқ па. Бүкіл мұң-зарын кең кеудесінде бүгіп, шалқып тұрған ақындығымен қымтап жүрген қасқа шал!
Бізді таңқалдыратыны – таудай тауқыметті арқалап жүріп, халқы сөз сұрағанда дүр сілкініп, ақ нөсер жырды саулатып төгіп жібереді-ау сабазың.
Ол өзінің дос-жарандарын, ел азаматтарын өлім-жітімде көп жұбатқан. Солармен қоса өзін де жұбатып, жан-жүрегіндегі шерменде шерін тарқататын сияқты. Мысалы, бір жан жолдасын жұбатып:
Ажалдан өткен мерген жоқ,
Атқанын қайтып берген жоқ!..
Қашаған келді қасыңа:
– Басыңды көтер жерден! – деп.
– Көп сөзіне көншімес
Үлкен бе едің елден?! – деп.
Балаңды Құдай алмаса,
Есіңе сенің салмаса –
Кетіп едің-ау кердеңдеп!..
Күшті ме едің Құдайдан?..
Иеңнен қалды пәрмен кеп!..
Сол Құдайдың достысы
Пайғамбардың жалғызын
Алғанда – ол да өлген жоқ!.. –
дейді. Ал «Аралбайды жұбатуы», сірә, көпшілікке белгілі. Көп қазақта бар-жоғын білмеймін, біздің Маңғыстауда бір сөз бар. «Тақ-тақтың арты тақ-тұқ болар» деген. Айтқандай, таңдайы тақылдаған, домбыралары сақылдаған талай дүлдүлдердің арты тақ-тұқ болып кеткен. Осы Қашаған, Түмен Балтабасұлы, Аралбай Оңғарбекұлы, Есір Айшуақұлы, Есбай Балұстаұлы, атақты Мұрын жырау, т.т. бәрі-бәрі еске түспейді.
Енді ел аузындағы Қашағанның үйлену оқиғаларына келейік.
Жас кезінде бір үлкен тойда өзінің ақпа-төкпе жырларымен, арнау термелерімен жұртты таң қалдырған ғой. Өзі нар тұлғалы жігіт. Ауыл ақсақалдарының мәз болғаны сондай, бәрі жиналып Қашағанды ертіп, бір үйге алып келіпті. Онда күліп-ойнап, он-он бестей қыз отыр екен.
– Қашаған, сені өзіміз үйлендіреміз, осылардың ішінен таңдағаныңды ал! – дейді, сонда Қашаған:
– Әй, ағалар, бұл мал базары емес қой, саудагер бәрін бағалар. Менің қол сұққаным ұят болар, бұл сұлуларға қиянат болар. Маған жақын келмесе, өздері ыңғай бермесе… – дегенде қыздар бәрі ұшып тұрып, Қашағанды қоршап алыпты. Сонда Қашаған бір ақжайнақ қызды қолынан ұстап, өзіне тартқан екен дейді. Аты – Қамқа. Бірақ бұл қыз біреуге айттырулы екен. Дегенмен, қариялар оны айттырып қойған ауылмен келісіп, шартты бұздырып, екеуін үйлендіріпті. Қашағанның сол сүйіктісі босанарда бала үстінен қайтыс болған.
Екінші әйелі жөнінде көп мәлімет жоқ. Ол етегінен баланы төгіп-төгіп, бәрі де шетіней берген, сол бақытсыздыққа шыдай алмай, жүрегі ұстап қалған.
Ал үшінші әйелі Алтынзер өзінің шәкірті «Қырымның қырық батырының» біраз жырларын Қашағаннан үйренген Мұрын жыраудың туысы екен. Өте әдемі адам, екеуі біраз қызғылықты ғұмыр сүрген. Алтынзер Абылай деген ұл туғанда ол да көп кідірмей о дүниелік болған. Көңіл айтып, жұбатуға Аралбай келген көрінеді (Бұл тағдырлас екі тарлан өмірде бірін-бірі жұбатумен жүрген сияқты). Содан кейін Аралбай айтыпты:
– Қашеке, Алла тағала әлі береді. Алтынзер апам тағы жүкті болар. Егер ұл болса, атын Оңғар қой да, қыз бала туса Іңкәр дерсің.
Айтқандай-ақ, келер жылы Алтынзер босанып, қыз туады. «Мұның атын Аралбай айтып кеткен» деп, есімін Іңкәр қойыпты.
Енді бәрі аз болғандай, Қашағанның асыл жары Алтынзер дала трагедиясына тап болып, жылан шағып өледі.
Іңкәр бойжетіп тұрмыс құрған кезде Қашаған үлкейген еді. Жалғызбасты атасының жағдайын ойлап, туған бір ұлын Қашағанға арнайды. Әдейі «Сармолда Қашағанов» деп құжат шығарып береді. Міне, осы Сармолда туған ұлындай ақынды бағып-күтіп, жолға шықса, атқосшы болған.
Қашаған қайтыс болғаннан кейін үш жылдан соң Сармолда нағашы жұртына Ақтөбеге кетеді. Сол жақта Дәметкен деген қызға үйленіп, үш балалы болады, екі қыз бір ұл. Бірақ қарғыс атқыр соғыс басталады да, Сармолда Армияға алынады. Ол соғысқа кеткенде, бір ұл, бір қызы ерте қайтыс болып, тек Маржаны ғана қалған еді. Аты жөнін куәлігі бойынша толық жазалық: «Маржан Қашағанова Сармолдақызы» 1941 жылы 27 сәуірде туған. Атаңа нәлет тағдыр, Қашағанда тағы алмағы бардай-ақ, оның өзіне жаздырып алған он бесінші соңғы перзенті Сармолданы да соғыста фашистің оғымен атып салды. Жетім қалған Қашағанова Маржан өсіп бой жетіп, Ақтөбенің Сазды жерінде Ибрагим деген жігітпен тұрмыс құрған. Үш қыз, алты ұлы бар «Алтын белгілі» ана. Бір ұлы Маңғыстауда үлкен қызметте.
Назар аударсаңыз, мен Қашағанов Сармолда, Қашағанова Маржан деген сөздерді айырықша белгілеп отырмын. Онда бір мән бар. Себебі, біреулер ескі ұғыммен қыздан туған деп, оларды «жиен», «жиеншар» деп атауға бейім. Ал ресми құжаттарда «Қашағановтар» болып тіркелген оларды «жиен» деу дұрыс па? Әрине, дұрыс емес. Олар қазақтың «Ұлдан туғанның ойығы жоқ, қыздан туғаннан қиығы жоқ» деген аталы сөзін де біледі. Сөйте тұра, бұрынғыша бұрмалайды.
Сармолда Қашағанов деген есіммен жер қойнауына кірген. КСРО Қорғаныс министрлігінің Орталық Архивінің хабарламасынан үзінді келтірейік:
«По документам учета безвозвработных потерь сержантов и солдат Советской Армии устоновлено: ком.отд.54 гв. сп 19 чв сд. ст сержант Кашаганов Сармалда (так в документе) 1910 г.р. уроженец Актюбинской обл., Ключевского ф-на, находясь на фронте ВОВ погиб 8 августа 1944 г.». Міне, ол «Қашағанов», яғни Қашағанның немересі болып дүниеден озды. Ал Маржан Қашағанова оның тікелей шөбересі. Тек осы Маржанның ғана ұл-қыздары Қашағанның жиен ұрпақтары екені сөзсіз.
Бір қызығы, Маржанның жұбайы Ибрагимге де ақындық қонған. Марқұм болар шағында Маржанға деген ыстық сүйіспеншілік сезіммен «Ақ маржан» деген өлеңдер жинағын шығарыпты. Ал өнерпаздың дарыны тікелей ұрпағына берілмей, жиендеріне ауып түседі деген де қағида бар. Сол айтқандай, Қашағанның шөбере жиені Нәзия Назарбекқызының да талабы айтарлықтай. Ол Астанада оқып, қазір әдеби ортада көріне бастады. Атасына бағыштап арнау шығарған. Содан үзінді келтірейік:
– Қарашада қаздар қайтар қағып-
қағып қанатын,
Менің әжем ылғи жүзін құс
жолына салатын!…
Білмеппіз ғой, жылы жақта
жоғалтқаны бар екен
Көк аспаннан бұйрық түссе –
уақыт өте табатын!..
Ағайындар: Адай, Қосай,
одан бергі Бәлиім –
Маңғыстау жақ біледі екен әр ошағын,
әр үйін!..
Әйгілісі – Қашағаны ақындарды матаған,
Ұрпағы оның – ақ әжеміз жаралған
жыр – батадан!
Міне, сөйтіп Қашағаннан қалған із, тұяқ – Маржан балаларымен, немере, шөберелерімен Ақтөбенің Сазды жерінде шалқып өмір сүріп жатыр. Ара-тұра Маңғыстауға барып, ұлы атасына тәу етіп, бата қылып тұрады, ағайындармен араласады. Пай, шіркін! Маржаны басына келіп, иіліп тұрғанда, ақиық ақын оянса, жырдың қуанышты кәусары сонда шалықтар еді-ау!
Келер 2016 жылы Қашағанның туғанына 175 жыл толады, ал Маржан 75 жасқа келеді. 1991 жылы Қашағанның 150 жылдығы үлкен деңгейде керемет тойлағаны есімізде. 175 жылдық мерейтойы да одан артық болмаса, кем болмас деп ойлаймыз. Бұл – басшыларға және ағайындарға үлкен сын.
Ал осы Қашағанның ұрпағын іздестіріп, табуда жанын салып еңбек еткен бір азамат бар. Ол Қашағанмен тумалас Өсербай болыстың немересі – Көшенов Тұрсынғали деген ағамыз. Маңғыстаудың жер байлығын ашуға көп үлес қосқан, республиканың Құрметті геологы. Оған ағайын-тумаластың, барша халықтың және атасы Қашағанның айтар алғысы мол!
Ал мен де Қашағанға жат емеспін. Әлгі айтқан Қашағанның туған ағасы Өсербай болыстың немере қызы Зәуренің құрсағынан шыққан жиені.