Туризм – ел экономикасының ертеңі
Туризм – Қазақстан экономикасындағы қарқынды салалардың бірі, халықаралық сарапшылардың пікірінше, қазіргі кезде туризм әлемдік экономикадағы қарқыны төмендемейтін саланың біріне жатады. Туризм көп елдерде жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, қосымша жұмыс орнын құруға және сыртқы сауда балансының белсенділігіне ықпал етеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында туризм мәселесін кеңінен сөз ете келіп: «Отанның болашағы, мемлекеттің келешегі – жастардың қолында, олардың өрісті ойы, өркенді ісі, табанды тіршілігі тек біліммен ұштасқан біліктің арқасында биік белестерге жетеді», – дейді. Иә, қазақ халқы «ақыл жастан, асыл тастан» деген. Сонау ғасырдан бері қаншама уақыт өтсе де, қаншама ұрпақ ауысса да халықтың жастарға деген сенімі өзгерген жоқ. Жастар әркез қоғамның алға бастар күші ретінде танылған.
Соңғы жылдары туризм әлемдегі ең табысты бизнестің бірі. Туризмнен түсетін табыс мұнай мен көлік өндіруден кейінгі үшінші орында. Туризмнің маңызы жылдан-жылға өсуде, оның халықаралық байланыста және валюталық түсім көз ретінде маңызы артуда. Туризмнің басқа да салаларға тигізетін әсері мол, оның 32 салаға жанама ықпалы бар (турфирмалар, көлік түрлері, мейманхана кешендері, демалыс үйлері, санаториялар, ұлттық парктер, тамақтану сферасы, т.б.). Бұл әлемдік өндірістегі әр 9 адамның жұмыс орны деуге болады. Бүгінде жұмыс берушілер туризм мамандарына деген сұраныстың ерекше екенін атап өтуде. Еліміздің туристік әлеуетін ескерер болсақ, жыл өткен сайын мамандарға деген сұраныс артуда. Бүкіл әлемде туристік бизнеске мамандар даярлауға айтарлықтай көңіл бөлініп жатыр. Болашақ маманға теориялық білім ғана емес, тәжірибелік машықтар да маңызды. Туризмді дамытудың кілті – кадр даярлау – осы іспен айналысатын бірден-бір оқыту орны – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті (ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов) – соның ішінде География және табиғатты пайдалану факультетінің рекреациялық география және туризм кафедрасы. Оқу ордасының бай коллекциясы жыл сайын толығып отырады. QS Агенттігінің 2018 жылы жүргізген дербес бағалау қорытындылары бойынша ҚазҰУ «QS Stars Development Road map» халықаралық рейтингінің «Төрт жұлдыз» артықшылық белгісін иеленген Орталық Азиядағы алғашқы әрі бірегей оқу ордасы. Бүгінгі таңда университетімізде 25 мыңға жуық студент бакалавриат, магистратура және PhD бойынша білім алып жатыр. Олардың жан-жақты бәсекеге қабілетті маман болып шығуына толық жағдай жасалғанын бір ғана оқу ордасында 7 ғылыми-зерттеу институты, 1 ғылыми-технологиялық парк, басқа да ғылымды дамытуға үлес қосатын орталықтардың бар екендігі дәлел болса керек. Дәл қазіргі уақытта бакалавриат бойынша 81 мамандық, магистратурада 84 және PhD бойынша 64 мамандықтың мамандары дайындалуда. Рекреациялық география және туризм кафедрасы алғаш рет 1996 жылы 1 желтоқсанда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің география факультетінде құрылып, туризм индустриясы үшін мамандар дайындайды.
Осылайша елдің болашағы үшін, туризм саласын дамыту үшін мамандар дайындауды мақсат еткен кафедра дүниеге келді. Өйткені, еліміз бойынша туризм саласын зерттеп, оны дамытатын мамандар қажет. Заман талабы мен сұранысына сай мамандарды даярлайтын рекреациялық география және туризм кафедрасында білікті оқытушылар, ғылым докторлары мен профессорлар дәріс береді. Кенжелеу дамып келе жатқан саланы дамытуда аталмыш кафедраның алатын орны ерекше екендігін баса айтқым келеді. Халықаралық UNWTO TedQual сертификатының талабына сай келетін Қазақстанда туризм мамандығы бойынша білім беретін ҚазҰУ-дың рекреациялық география және туризм кафедрасы бірегейлігімен ерекшеленетіні сөзімізге дәлел.
«Болашақ – жастардың қолында» деген сөзді негіз еткен кафедрамыздың студенттері ертеңгі еліміздің болашағы үшін аянбай тер төгуде. Қазіргі күнде кафедрамызда студенттеріміздің құрылуымен, қолдауымен «Жастур» спорт және туризмді дамыту клубы жұмыс істейді. Бұл – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бастамашыл және шығармашыл студенттері құрған заманауи жастар ұйымы. Клубтың қызметі жастардың болашағы зор жобалары арқылы біздің еліміздегі туризм мен спортты дамытуға бағытталған. Мұнда туризм индустриясын жетілдіру үшін ең батыл және бірегей идеялар шындыққа айналады. Туризммен қатар, Қазақстанның спортпен байланысты әртүрлі жарқын жобалары жүзеге асырылады. Сонымен қатар, клуб ұйымдастыратын іс-шараларға түрлі ғылыми, білім беру, ойын-сауық, қайырымдылық акциялары да кіреді.
Жыл сайын клубтың ұйымдастырылуымен «Туризм мамандығы бойынша ЖОО арасындағы олимпиада», мектеп оқушылары арасындағы олимпиада, әртүрлі спорттық турнирлер (воллейбол, футбол және т.б.), ішкі туризмді дамыту мақсатында Алматы маңындағы көрікті жерлерге экскурсиялық турлар ұйымдастырылады. Алайда ұйымның бұл жетістігі бұнымен тоқтай қоймайды, жаңашыл, отансүйгіш, білімді, шығармашыл жастарымыздың арқасында әрі қарай жалғасын таппақ.
Жаннат Алиева,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Рекреациялық география және туризм кафедрасының доценті, география ғылымдарының
кандидаты