ШЕРХАН АҒАМ
16.11.2018
1434
0

Қадірлі Шерхан Мұртазаның арамыздан кеткеніне қырық күн толды.

«Жалын» жастар бас­­­пасында насихатшы корректор болып істеп жүрген кезім еді. Жыл сайын сәуір айында бас­падан шыққан кітап­тарды насихат­тайтын дәстүр бар-тұғын.
Сондай бір күні Ал­матының тау жағындағы «Аққайың» атты сана­ториде біраз жазушы, ақындарды демалу­шы­лармен жүздестірудің сәті келді.
Жүздесуге Шерхан ағай, Фариза апай, Кәрі­бай Ахметбеков, ол кісінің «Жазушы» баспасында істейтін жұбайы Орынкүл және ұйымдастырушы ретінде мен бардым. Жиын қызық әңгімемен сәтті өтті. Кездесудің соңында Шерхан аға «Осы жиынға келгендер бәрің біздің үйге жүріп, шәй ішіңдер», – деді. Аға айтқан соң бәріміз көліктерге отырып үйіне бардық.
Үйі «Арасан» моншасының жанында ерекше үлгіде салынған екен.
Фариза өте кең үйді көріп таңырқап: Не деген керемет үй? Біздер ғой қуықтай тар үйде тұрамыз, – деп назын айтты.
Орынкүл ас үйге кіріп шәй қамдауға кірісті.
Аға бастап үйінің бөлмелерін түгел аралатып:
– Мынау жалғыз ұлдың, ал мынау жалғыз қыздың бөлмелері, мынау менің жұмыс істейтін бөлмем, – деп шетінен таныстырды. Залы тіпті атшаптырым дегендей өте кең екен.
Фариза апай секілді мен де ішімнен «шіркін, менің жеті балама жеті бөлме болар ма еді» деп армандадым. Бір сәтте назарын маған аударып:
– Қалқам, атың кім? – деді.
Мен есімімнің Бекемкүл екенін, «Жалын» баспасында насихатшы редакторы қызметінде екенімді айттым.
Аға өзінің кабинетінде 50 жасқа толған кездегі елдің өзіне сыйлаған біраз заттарын көрсетіп, кітаптарымен таныстырды.
Сол кезде сағат 5 болып қалған еді. Мен ұзақ уақыт болуға мүмкіндігім жоқ екенін, балабақшадан алатын балаларым барын айтып кешірім сұрап, қайтып кеттім. Баспалдақтан төмен түсіп бара жатқанда әдемі, толықтау, аққұба әйел келе жатты. Ағаның жары екенін ұқтым. Қонақтарға шәй жасау үшін жұбайына звондағанын түсіндім.

***

Екінші рет Жазушылар Одағына бір шаруамен барған едім, сыртқы үлкен есікті ашып ішке кірсем, екінші қабатқа көтерілер жердегі холда Шерхан аға мен өзімнің немере інім Қайсардың әкелі-балалы секілді бір-біріне еркелей әңгімелесіп тұрғанын байқадым. Қайсар Шерағаның иығына қолын артып жас балаша мәз. Шерағаң да оны қолынан қақпай еркелігін көтеріп әзілдері жарасып тұрды. Сонша мейірбан қарапайым­ды­лығына таң қалдым. Мені көрген соң екеуі жұбын жазды. Аға өз каби­нетіне қарай беттеді. Қайсар маған қарай бұрылды.

***

Үшінші рет «Егемен Қазақстан» газетіне бір мақала апара жатып ағаны бір топ журналистермен бірге лифтінің алдында жолықтырдым.
Жаңадан шыққан «Қазығұрт қызғалдағы» атты жыр жинағымның қолдорбамда бір-екеуі жүрген-ді. Ол жинақта Шерхан ағаға да арналған «Мен неге ағаларды жақсы көрем» және ағаның жалғыз ұлы «Батылжанға» арналған өлең бар еді. Ағаны қуантайын деген оймен жинағымның бірін алып ағаға ұсындым.
– Рахмет қалқам, жырларың көбейсін! Тағы да кітаптарың шығуына тілектеспін, – деді шын пейілмен. Мен қуанып қалдым. Ол өлең былай еді.


«МЕН НЕГЕ АҒАЛАРДЫ ЖАҚСЫ КӨРЕМ»…

Мен неге ағаларды жақсы көрем,
Үлгі өнеге көрсеткен өнерімен.
Сәуірбек, Шерхан аға, Бексұлтанды
Көп ағалар ішінен тәуір көрем.

Сәукеңнің пейлі жазық даладайын,
Қыздар жайлы сыр тыңдаған бар, ағайын.
Өлген бауырың, тірілтіп жан бітірген,
Шерхан аға пайғамбар сәуегейім,

Зердеме ой маржанын тоқып кілең,
Жазғандарын ынта қоя оқып жүрем.
Жаны мөлдір, пейілі көлдария
Бауырымның барлығын жақсы көрем.

Бекемкүл қажы БАТЫРБЕКҚЫЗЫ,
Алтын алқалы ана,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір