Күз дегенің – көз тоймайтын сұлулық…
02.11.2018
529
0

Саят ҚАМШЫГЕР

Қайран біздің…

Хақтың өзі сөз салған таңдайына,
Бегзаттығы жарасқан тал бойына.
Қайран, біздің Алаштың алыптары,
Сыймай кеткен жалғанның маңдайына!

«Оян!» сөзі бар елге жайылғандай,
Оянбасақ болар ед жайым қандай?
Қайран, біздің Алаштың арыстары,
Бір-ақ сәтте барлығын жай ұрғандай…

Зұлмат кезді ойласам жылап алам,
Кейін көңіл сынығын құрап алам.
Қайран, біздің Алаштың арда ұлдары,
Әрбір сөзі бір діңгек құламаған!

Енді бүгін рухым тұр асқақтаған,
Мәңгілікке тұр бізді бастап далам.
Қайран, біздің Алаштың әз ұлдары,
Сталиндік ажалға қас қақпаған…

Үміттерді үзілген жалғап алам,
Ерлер жолын жалғайтын бар ма балаң?!
Қайран, біздің Алаштың айбоздары,
Күн туғанда құныңды даулап алам!

Әуежайдағы кептерлер

Әр жақтан сапар шеккендер –
Сынынан жолдың өткендер.
Қай жерден сендер келдіңдер,
Әуежайдағы кептерлер?

Сезімдер бізді өртемек,
Бақытты сәттер келтерек.
Қонақтапсыңдар ғашықтай,
Біріңе-бірің еркелеп.

Зер салдым қалмай тағатым,
Ойлар да тамшы таматын.
Жүрсіңдер ме екен күтумен,
Ұшатын кездің сағатын?

Парықсыздардың ұрты май,
Бұзуда елдің шырқын-ай.
Адамдар дағы сендердей,
Тату боп жүрсе, шіркін-ай!

Қисықты қоғам түзетпек,
Жібіді заман мұзы ептеп.
Бейбіт күндердің белгісі,
Сендерді кімдер күзетпек?

Сезімнің шертем мың күйін,
Кептерлер, мендік сыр — түйін.
Жұптасу жеңіл болғанмен,
Жұп болып қалу тым қиын.

Сендерге жақтас көк пен жер,
Бұл жерден жырақ кетпеңдер.
Қарсы алып бізді жүріңдер,
Әуежайдағы кептерлер!

Жүрек

«Жүректер Алланы еске
алумен жай табады».
Кұран Кәрім, «Рағыд» сүресі, 28-аят

Ойларым кетер жыраққа,
Тамырлар — жолдар кеңейсе.
Айналар өмір жұмаққа,
Жүректі жандар көбейсе.

Шын бақыт — құлын, тай кезің,
Жүрегіңменен мұны сез.
Дәріні қойшы, қайтесің,
Жүректің емі — жылы сөз.

Шығармын дүние — тереңнен,
Ұшармын көкке бір күні-ай.
Осынау дархан денеммен,
Жүрек боп кетсем, шіркін-ай!

Нәпсімен күрес — жорық тұр,
Жаратқан бізге бас қорған.
Жүрек боп тастар соғып тұр,
Ал біздің жүрек тас болған…

Түсіну мәнін өмірдің,
Саған да керек, маған да.
Аша түс көзін көңілдің,
Алаңда, жүрек, алаңда!

Бақытын іздеп қанша адам,
Көңілдің әнін салады.
Көшемен қажып, шаршаған,
Жүректер кетіп барады…

Әр күнін жалғар тілекпен,
Адамда арман көп шығар.
Тіл тартпай кеткен – жүректен,
Анамда арман жоқ шығар.

Жүректе мың сан сұрақ тұр,
Бағым ба, әлде сорым ба?
Жүректер үнсіз жылап тұр,
Жүрексіз жандар жолында…

Өлең бір жанның күйі екен,
Жапырақ – жүрек дір еткен.
Алланың бұл бір сыйы екен,
Сүйемін бәрін жүрекпен.

Ұшырдым көңіл құсын мың,
Жаураған жаным жылынды.
Жүрекке жету үшін мен,
Жүрекпен жаздым жырымды.

Қаншама жүрек тарады,
Осынау дүние — жалғанға.
Жүректер тыныш табады,
Бір Хақты еске алғанда!

Балама сыр

Мен түбінде қайтамын,
Жарға барам,
Ал одан сәл ертерек Шарға барам.
Туған жердің құнарын жастық етем,
Менен қалған жолды сен жалға, балам!

Ал, әзірге керекпін сүйікті елге,
Елің үшін бақ пен құт жиып терле.
Қос қанаты қайырылған қыран құс ем,
Мен жетпеген жетші сен биіктерге.

Алуан түрлі жүйрік бар менен де елде,
Бәлкім бір күн айналам өлеңдерге.
Арманыңды алдаспан қайрап алып,
Мен бармаған сүңги біл тереңдерге.

Хикметті бол
толы іші қазынаға,
Бұл өмірден түңілме, қажыма да.
Ырыс пенен ынтымақ елде деп біл,
Қай күнде де халықтан ажырама.

Тағдырымның күй толғап тиегімен,
Жаратқанға басымды иемін мен.
Көздің нұры, жанымның бөлшегісің,
Сондықтан да өмірді сүйемін мен!

Бұл күз басқа…

Бұл күз басқа…
Әдемірек, өзгерек,
Дидарымды аймалайды өзге леп.
Күз дегенің – көз тоймайтын сұлулық,
сұлулықты көру үшін көз керек.

Жұлдыз біткен жымыңдаса ғарыштан,
Тау қарайды тұлғасымен данышпан.
Келер күнге қол созамын қарманып,
құмырсқадай өмір үшін алысқан.

Бұл күз басқа…
көзайымы көп, білем,
Бар дүние сары түсті төкті рең.
Сағыныштың сары гүлін иіскеп,
Қиялыммен кезіп кеттім көкті мен.

Ауылдан қайтқанда
Қандай керім боз даланы бақылау,
Адам жаны туған жерге жақын-ау…
Балалығым, балғын шағым, дәуренім,
Жусанының иісінде жатыр-ау!

Туған ауыл, қымбатсың деп айта алам,
Аңсап саған келгенімде жай табам.
Алтын ұям сенде қалды, Кезеңсу,
Қарлығаштай қайтып келем қайтадан.

Ойлар мені тереңіне батырар,
Көңіл құсы күніне мың қатынар.
Шилер дағы Шығыс жаққа бас иіп,
Жел де мені ауылыма шақырар.

Ауыл тұрса, туған жерден ел аумас,
Жырымды да сенде жазғам ең алғаш.
Саған деген сағынышты, ауылым,
Ешбір өлең дәл көрсетіп бере алмас!

Сатар болсаң жүрегімді сат менің

Көрген кезде енді азаттық ақ таңын,
Қаптық па екен зұлым күштер қақпанын.
Сатқындықты кешірмейді ел, сатылма,
Жерді сату — мұқым елді сатқаның!

Онсыз дағы құшаққа алды жатты елім,
Тар уақытта сыздап тұр ғой сәттерім.
Тау мен дала, ой мен қырды сыйдырған,
Сатар болсаң жүрегімді сат менің.

Ез болғаным қорғамасам елімді,
Онсыз дағы халқым көп-көп желінді.
Қажет болса өмірімді алыңдар,
Бірақ менің сатпаңдаршы жерімді.

Байтақ жерді қорғап қалу — ірілік,
Сайын дала кетпесінші тілініп.
Жер шұқырмыз қарай алмай көзіне,
Бабаларым келер болса тіріліп.

Жер — ырыс, құт, сол байлықты сақтаңдар,
Ұрпақ үшін ел үмітін ақтаңдар.
Онсыз дағы барлық нәрсе сатылды,
Тоқтатыңдар!
Ел мен жерді сатпаңдар!

Ағаларым, жерім еді мақтаным,
Қабақтарың болды менің баққаным.
Жерімізді анамызға теңеуші ек,
Жерді сату — өз анаңды сатқаның!

Бакумен тілдесу

Ертегілерге енгендей,
Бақыттысың ба сен мендей?
Ел менен елді жалғаған,
Бұлттарың көшкен керуендей.

Алдымда гүлзар жүз бақ тұр,
Алауың мәңгі қоздап тұр.
Бакуым, сенің бар дертің,
Қарабах болып сыздап тұр…

Кеудемді ойлар кернейді,
Ұшуға қанат сермейді.
Тербесе сені соққан жел,
Ал мені өлең тербейді…

Ақынның жыр ғой сор, бағы,
Тарихтай тасың жолдағы.
Өзіңдей болсам арман не,
Ширваншахтардың қорғаны!

Жібердің рухты өсіріп,
Кешірші кетсем есіріп.
Бакуым, сенің жаныңда,
Каспийдей жатсам көсіліп.

Бірлессек, Баку, күштімін,
Құшақтап мені қыс бүгін.
“Бес күндік мынау тірлікте,
Өзіңде өтті үш күнім!

Сыпырып тастап ноқтаны,
Тағдыр да бізді топтады.
Жібердің мені жылытып,
Бакудың жанған оттары!

***

Менің кеудем домбырадай сыр тұнған,
Ал көңілім арғымақтай бұлқынған.
Менің жаным елімменен мұңайып,
Қуанғанда халқымменен құлпырған.

Мен, кешегі бабалардың сынығы,
Алыптардың қадап кеткен шыбығы.
Мен, сақтардың құтқа толы қорғаны,
Тарихының таусылмайтын тұнығы.

Қазағымның пейілінен жылынам,
Терең кеткен тамырынан сыр ұғам.
Елге бақыт әкелсем деп, жүрегім
Көк бөрідей көкке қарап ұлыған.

Әлі талай ауыстырар таң түнді,
Ұрпақ келер бағалайтын нарқыңды.
Тайсалмастан елдің Рухын артып ап,
Мен өтемін сүйіп мәңгі халқымды!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір