«ФИГАРО АНДА» ЕМЕС, «ФИГАРО МҰНДА» – АСТАНА САХНАСЫНДА
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астана қаласының 20 жылдығына орай «Астана Опера» сахнасында итальян композиторы Джоаккино Россинидің әйгілі «Севильдік шаштараз» комедиялық операсының тұсаукесері өтті.
«Фигаро анда, Фигаро мұнда» деп келетін Фигароның «Largo al Factotum» ариясы бірқатар фильмдердің арқасында көпшілікке жақсы таныс. Астана жұртшылығы жылы қабылдаған спектакль көрермендердің сұрауы бойынша үш күн қатарынан сахналанды. Қойылымның қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының бас дирижері, әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаев. Қоюшы режиссері – Альфонсо Антониоцци. Сценографтар – Эцио Фриджерио және Риккардо Масирони. Костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сый-лығының иегері – Франка Скуарчапино . «Севильдік шаштараз» әрбір театрдың репертуарында болуы тиіс опералардың тізіміне енген. «Астана Опера» Дж.Россинидің шығармасын өз бағдарламасына алғаш рет кіргізіп отыр. 1816 жылы 12 ақпанда Рим қаласында сахналанған операдағы басты партияның қазақстандық тұңғыш орындаушыларының бірі – КСРО Халық артисі Ермек Серкебаев Кеңес одағы кезінде «Фигаро партиясын үздік сомдаушы өнерпаз» деп танылған. Бұл жолы аталған партияны Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин мен Эмиль Сакавов сахнаға алып шықты.