ЖАС ӨНЕРТАПҚЫШТАРЫМЫЗ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРЫСТА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ
Қазан айының ортасында Калининград қаласында «Ресейдің цифрлық болашағы» атты инженерлік-техникалық шығармашылық фестивалі аясында робот техникасы бойынша өткен халықаралық чемпионатта Қарағанды облысының командасы үш алтын және бір қола медальді жеңіп алды.
Аталған додада тұңғыш рет бақ сынаған Қарағанды облысының командасы 10-15 жас аралығындағы сегіз оқушыдан құралған. Олардың арасында Қарағанды қаласындағы №38 мектеп-гимназияның оқушылары және «RoboClub» робот техникасы мектебінің тәрбиеленушілері бар. Осымен екінші рет ұйымдастырылған чемпионатта «Робофутбол» аталымы бойынша жұптасып өнер көрсеткен Давид Шуралев пен Станислав Боне, Даниил Пинигин және Евгений Лукьянов, сондай-ақ, Илья Поветин мен Даниил Муллеровтың тобы үздік шықты. Құраманың ең жас мүшесі – он жасар Андрей Машкин «Сумо» аталымында қола медальға қол жеткізді.