ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСТАР ФОРУМЫ ӨТІП ЖАТЫР
Елбасының биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2019 жыл – «Жастар жылы» деп бекітілгені белгілі. Соның негізінде, қазанның 19-ы күні халықаралық жастар форумы басталды.
Елімізде алғаш рет өтіп жатқан, екі күнге созылатын бұл форумды Парламент Мәжілісі, Қоғамдық даму министрлігі мен Халықты қоныстандыру және дамыту жөніндегі Азиялық ассоциация ұйымдастырды. Форумда жастардың мүдделері мен құқықтарына арналған өзекті мәселелер талқыланып, әлемнің 37 елінен келген саяси сарапшылар, 200-ден аса мемлекеттік органдар мен халықаралық және үкіметтік емес жастар ұйымдарының өкілдері өзара тәжірибе алмасуда. Парламент Мәжілісінің депутаты Б.Мәкеннің айтуынша, Халықаралық жастар форумы аясында жастардың жан-жақты дамуына үлес қосатын арнайы декларация қабылданбақ.