Керең еститін, зағип көретін тіл – мейірім
Америкалық жазушы, журналист және қоғам қайраткері Марк Твен (шын есімі – Сэмюэл Лэнгхорн Клеменс) 1835-1910 жылдарда өмір сүрген. 1864-1910 жылдар аралығында әртүрлі жанрда 50-ге жуық кітап жазған. Қаламгер шығармаларының желісімен 1920 жылдан бастап күні бүгінге дейін 20 фильм түсіріліп, көрермендерге жол тартты. Марк Твеннің кез-келген туындысынан гуманистік әрі демократтық көзқарасы анық байқалады. Мұны әсіресе нақыл сөздерінен аңғарасыз. Төменде жазушының www.brainyquote.com сайтында жарияланған нақыл сөздерін аударып беріп отырмыз.
Алға жүрудің құпиясы – алғашқы қадамды жасау.
***
Керең еститін, зағип көретін тіл – мейірім.
***
Батылдық деген қорқыныштың жоқтығы емес, батылдық – қорқынышпен күресу және оны жеңе білу.
***
Патриотизм – еліңді әрдайым қолдау, ал билікті қолдауға лайық болса ғана қолдау.
***
Төбелесте маңыздысы – иттің үлкендігі емес, иттің ішіндегі «төбелестің» үлкендігі.
***
Оқымайтын адамның оқи алмайтын адамнан еш артықшылығы жоқ.
***
Адамның мінезін ол күнделікті қолданатын сын есімдерге қарап білуге болады.
***
Әуелі дәлел жинаңыз, сосын оларды өзіңіздің ыңғайыңызға қарай бейімдеп аласыз.
***
Дұрыс нәрсе істеңіз. Сонда кей адамдарды қуантасыз, ал өзгелерін таңғалдырасыз.
***
Махаббатты ауламақ болсаңыз, ақылмен емес, жүрекпен қармақ салыңыз.
***
Күркір – жақсы, күркір – таңғаларлық құбылыс. Бірақ бар жұмысты істейтін найзағай ғой.
***
Егер әрдайым шындықты айтып жүрсеңіз, сізге ештеңені есте сақтаудың қажеті жоқ.
***
Адам баласының шын мәнінде өтімді бір қаруы бар. Ол – күлкі.
***
Ұлтыңа әрдайым, ал билікке лайық болса ғана адал бол.
***
Дұрыс насихаттаудың арқасында көптеген кішкентай нәрседен үлкен дүниелер жасалған.
***
Әжімдер күлкінің ізін ғана көрсетуі керек.
***
Қасаң қағидамен, қыңырлықпен өмір сүру әлі күнге дейін ешбір шынжырды үзіп, адам жанына бостандық берген емес.
***
Бәрі еңбекке байланысты. Өрік бастапқыда ащы дәнек қана болатын.
***
Әзіл – адамға берілген үлкен несібе.
***
Әлемде тән қуатының үйреншікті, қалыпты нәрсе болып, рух мықтылығының сирек кездесетіні қызық.
***
Әлі тоқтамай, дөңгелеп бара жатқан гольф добын жерден көтермеу де – шеберлік.
***
Кейбір мәжбүрлі жағдайда киіміңнің кірленуіне мән бермеуге тура келеді. Ал жаныңды әрдайым таза ұста.
***
Адамдардың екі түрі бар. Біріншісі істі соңына дейін өзі жеткізеді. Екіншісі дайын нәрсеге ие болғысы келеді. Алғашқы топтағылардың саны анағұрлым аз.
***
Адамның ең шыншыл сәті – өзінің өтірікші екенін мойындаған кезі.
***
Өзіңді қуантудың ең жақсы жолы – өзгені қуанту.
***
Егер біз туғанда 80-де болып, уақыт өткен сайын жасарып, ғұмырымыздың соңында 18-ге келсек, өмір бұдан гөрі әлдейқайда жақсырақ болар еді.
***
Негізінде, сөзден гөрі әрекеттің «дауысы» қаттырақ шығады.
***
Әр нәрсенің өзіне тән шегі болады. Темірді алтынға айналдыра алмайсыз.
***
Адам – жүзі қызаратын немесе қызаруды қажет ететін жалғыз мақұлық.
***
Арғыгүні істеуге болатын шаруаны тіпті ертеңге де қалдырмаңыз.
***
Ең қатты қорқатын нәрсені істеңіз. Сонда қорқыныштан мүлде арылатыныңыз сөзсіз.
***
Өркениет дегеніміз – қажетсіз қажеттіліктердің шексіз көбейтілуі.
***
Дұрыс сөз өтімді болуы мүмкін. Бірақ ешбір сөз ешқашан керек жерінде үнсіз қалу секілді өтімді болған емес.
***
Мыңдаған дарын ерекше қабілетін өзі де танымай, өзгелерге де таныта алмай өмірден өтіп кетеді.
***
Қоғам – пікірі түкке татымайтын жалғыз сыншы.
***
Егер адам 48 жасқа дейін пессимист болса, онда тым көп біледі деген сөз. Ал 48-ден кейін оптимист болса, онда білімінің тым таяз болғаны.
***
Егер сізді достарыңыз жас көрінесіз деп мақтай бастаса, бұл – қартая бастағаныңыздың белгісі.
***
Жақсы адам болу – асыл іс. Бірақ айналаңызға жақсы адам болудың үлгісін көрсету – анағұрлым жоғары нәрсе.
***
Даралануға тым қатты ұмтылмай-ақ қояйықшы. Ешқандай жақұтың болмағаннан гөрі ескі де болса асыл тасың болғаны жақсы.
***
Ең қызықты ақпаратты балалардан аласыз. Өйткені, олар білетін нәрсесін ғана айтады.
***
Адам өзін өзгелер жақсы көруі үшін көп нәрсе істейді, ал өзін өзгелер қызғануы үшін бәрін жасайды.
***
Сый-құрметке лайық бола тұра одан мақұрым болу — лайық болмасаң да, сый-құрметке бөленіп жүруден жақсырақ.
***
Егер жұмысыңыз бақа жеу болса, оны таңертең ұйқыдан ояна сала істегеніңіз жөн. Ал жұмысыңыз екі бақа жеу болса, онда үлкенінен бастағаныңыз абзал.
***
Дауыстың қатты естілуі ештеңені де білдірмейді. Жұмыртқа басып жатқан тауықтың жұлдыз басып жатқандай қатты қытқылдайтынын жиі көреміз.
***
Дөңгелек адамнан төрт бұрышты жерге нық орналасуын күтпеңіз. Әуелі оған пішінін өзгертуге уақыт беріңіз.
***
Өлімнен қорқу өмір қорқынышынан туындайды. Кемел өмір сүретін адам өлімге кез-келген уақытта дайын жүреді.
***
Кей адамдар көптеген үлкен істі істей алғанмен, бақытсыздардың жанында өзінің бақыты жөнінде айтпау қолынан келмейді.
***
Марапаттан бас тарту – оны дабысы жер жаратын тәсілмен қабылдау.
***
Ол бай болудан кедейлік деңгейіне «көтеріліп» келе жатыр.
Ағылшын тілінен аударған Алпамыс ФАЙЗОЛЛА