Қазығұрт жыры
16.10.2018
1526
1

Болат ШАРАХЫМБАЙ

Қазығұрт – адамзаттың алтын бесігі.
Көне дәптерден

Беу, Қазығұрт, баба жұрт,
Баба жұрттан күн шығады таранып.
Оттарыңнан іздеп едім өзімді,
Соқпағыңнан қол бұлғады балалық.

Қайран бабам, ата жұрттан бақ тапқан,
Талай жауды осы жерде тоқтатқан.
Туған ұлым тура жолда тұрсын деп,
Туған жердің шежіресін жаттатқан.

Қалт етпейтін кереге,
Селт етпейтін селебе,
Серегімді көтеремін төбеме.
Барша таудың анасындай осы тау,
Барша жұрттың бабасындай және де.

Кімдер сенің зор даусыңнан аса алған,
Кімдер сенің өр тұлғаңды баса алған?!
Сен жайында ең көне жыр өйткені,
Мәңгітаста қашалған.

Сенің атың Нұқтан қалған аңызда,
Аңыз деген берілмейді қарызға.
Содан бастап, содан бері иесің, –
Бүкіл адами… һәм тарихи маңызға.

Беу, Қазығұрт, баба жұрт,
Баба жұрттан күн шығады таранып.
Сол бір көне аңыздардан қайырған
Келбетіңде күн ойнайды, даналық.

Үн келеді анау ескі қорымнан,
Ақын болдым – ол өзімнің сорымнан.
Өмір құрғыр қилы-қилы болып тұр,
О, баба жұрт, адастырма жолымнан!

ПІКІРЛЕР1
Аноним 10.04.2020 | 19:30

Кереміт

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір