Аударма – әдебиетті насихаттаудың құралы
03.09.2015
2813
0
KAZAKH_ADEBIETIСапалы аударма жасау аудармашының талантына, біліміне, жалпы мәдени дәрежесіне, тәжірибесіне байланысты. Аудармашылардың кәсіби біліктілігін қалыптастыруда аударматану ғылымының әдіс-амалдарын, оның өзекті мәселелерін оқыту артық етпейді. Осы орайда аударма теориясын көркем аудармамен ұштастырып жүрген филология ғылымдарының кандидаты, аудармашы Гүлшат Түсіповамен аударма мәдениетін көтерудің маңыздылығы жөнінде ой өрбіткен едік.
– Ағылшын жазушыларының бір­қатар шығармаларын қазақ тілінде сөйлеттің. Ағылшын жазушысы Ос­кар Уайльдтың «Дориан Грейдің портреті» романын алайық. Аударма теориясында шығарманы аудармас бұрын авторды жіті зерттеп білу, ау­дарғалы отырған шығарманың айтар идеясын, не айтқысы келетінін анықтау қажет деген қағида бар. Аударма барысында осы қағидалар­ды ұстандың ба?
– Мамандығым аудармашы болғандықтан романды аударғанда қиналдым деп айта алмаймын. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­вер­­си­тетінің филология факультетінде аударма ісі бөлімі бар. Біздің бағы­тымыз әдеби аударма болды. Ұстаз­да­рымыз көркем аударманың теориясы мен тәжірибесін бүге-шігесіне дейін оқытып, талдатып қана қоймай, тіпті аударма жұмысына машықтан­дыр­ды. Сол кездің өзінде-ақ, романды тікелей қазақ тіліне аударсам деген қызығушылығым болған. Кейін арнайы тапсырыс келген соң, бірден құл­шына кірістім. Шығарманы жіті түсініп алған соң, автор жөнінде зерттеулерге де көңіл бөлдім.
– Бұл роман жарыққа шыққан сәт­тен қоғам наразылығын тудырады. Тіпті, «қоғамдық моральға кір келтірді» деген айыппен ағылшын сыншылары соттасуға дейін барыпты. Демек, осы шығарма арқылы жазу­шы ағылшын қоғамын қатты сынға алған ғой?
– Оскар Уайльд осы шығармасы­мен әдебиетте өшпес із қалдырды. Бұл шығарманың кереметтігі – жазу­шы­ның техникасында. Ал идеясы клас­си­калық идея. Шынында да, «Дориан Грейде» ағылшынның қоғам қайрат­кер­лері, ірі тұлғалары суреттелген еді. Оскар Уайльд ағылшын қоғамының өзегіндегі құртты көрсетті десек қате­лес­­пейміз. Ағылшын қоғамы бұл романды бастапқыда жек көргені рас. Бұл ашуды бетпердесі тосын сәтте жұлынып қалған беті әрленбеген ақ­сүйек әйелдің ыза боп ашуланғанына ұқсатар едім. Қазіргі заманғы ағыл­шын әдебиетіндегі жаңалықтардың негізгі іргетасы ХІХ ғасырда қалана бас­тады. Осы мәсе­леде Оскар Уайльд шығарма­шылығы шешуші роль атқар­ды. Оның шығар­машылығынан қазіргі біздің қазақ қоғамындағы мәдение­ті­міз­дің, өрке­ниетіміздің көптеген мә­се­леле­рінің түп негізін, шығу тегін бай­қай аламыз. Бұл өз кезегінде, әдебиеттің – адам өмірін дұрыс арна­ға бұрып отыру атты негізгі миссиясына сай келсе, екін­шіден, жазушының қоғам ауруларын тәжіри­белі және білімді дәрігер сынды тап басып, болжай алғандығын көрсе­теді.
– Романдағы суретші Бэзил, лорд Генри туралы не айтасың? Дориан Грейдің портреті арқылы өзінің жан сырын әлемге жайып салады деп, портретті көрмеге қоюдан бас тартады. Яғни сурет арқылы «өзім­нің жан дүниемді толық ашқандай­мын» дейді. Бұл портретте қандай сыр бар? «Бұл картинаға мен өз сезі­мім­ді тым көп қостым, жанымды сал­дым» деуінің мәнісі неде? Тіпті, «Ме­нің бүкіл ғұмырым Дорианға ар­налған» деп қайталап та жатады.
– Бэзил оны өзінше көргісі келеді. Ол өз болмысына қарай, Дорианнан мінсіздік, рухани сұлулық, пәктік, та­залық көреді. Англия­дағы жоғары ор­та деп жүргеннің өзі оңып тұрмаға­нын, Дориан­ның олардан жоғары болуын қалайды. Адас­қанды жөнге салушы, қоғамда құрмет­телуге лайық, яғни идеал етіп көрсеткісі келеді. Кейін Дорианның опасыз­дықтарын естігенде жаны түршігеді. Сал­ған портреті өзіне сай­қы­мазақ жексұрын карикатура болып көрінеді. Бас кейіпкердің өмірі ар­қылы, жазушының ой­ға алғаны – этика­лық және эстетикалық қа­ғидаттардың қол­мен ажыратылуы – адам үшін қауіпті екенін көрсету. Ал Ген­ри одан өз керегін көреді. Оны осын­ша­лықты мінсіз сұлулықты ақылмен өрнектесе, екеуі­нің қосындысы қа­лай болар екен, – деген се­зім­сіз, суық ақылмен ой­лас­тырылған ғылыми топ­шы­лауы­­ның нәтижесі ғана қызық­тыра­ды, ол сол тәжірибесін Дориан арқылы зерттеп көргісі келеді.
– «Жастық, сұлулықтың қадірін біл» – бұл романның негізгі идеясы. «Жастық күтіп тұрмайды, көзді ашып-жұмған­ша» дейді. Демек, жас­тық шақ алтын уақыт, өмірдің өткінші екенін баса айт­қысы келіп тұрған жоқ па? Дориан Грей мәңгі жас болып қалғысы келеді. Жастық шағын сақтап қалу үшін еште­ңені аямайтынын айтады. Дориан өзім­шіл адам. Ол өзінің қартаятынын ойлағысы да келмейді. Бір ғана портреттен үлкен проблема туындап тұрғандай. Дориан алғаш суретін көр­ген­де, қар­тайғанда өз портретіне қызғаныш­пен қарайтынын ойлайды. Бірақ есейе келе түзу жолдан тайған, Дориан портреті жастықтың символы ғана емес, арының бет-бейнесіне айналады.
– Өмірінің түбіне жеткенде, шек­сіз­­діктің түбіне жете алмайтынын ұғынып, одан қалжырағанда, Дориан өзін шектеп тұрған бір ғана нәрсе – өз құпиясын ауырсына бастайды. Ол оның табанына кіріп алып, қадалып тұр­ған шөңгедей мазасын алды. Шы­дам­сыздығының арқасында құпия­сын Бэзилге ашып салды. Міне, осы сәт Дорианның әрқайсының тізгінін жеке-жеке ұстап келе жатқан ішкі өмірі мен сыртқы өмірінің арасындағы тепе-теңдіктің бұзылған сәті. Адамның күші, қауқары, ақылы, білімі, байлығы, ештеңесі де бұл әлемді игермек түгілі, өзін-өзі ұстап тұруға да күші жетпей­тінін дәлелдейтін тұс. Дориан шаршады, екі өмірді қатар алып жүру – ол көтере алмас жүк болып шықты. Не ай­дай әлемге бетпердесін ашуы керек, не өлуі керек. Екі жағдайда да оны күтіп тұрған бір ғана нәрсе бар, ол – азап. Себебі, мына әлемде де, ана әлемде де оған орын жоқ. Ол портреттегідей сұлу, суретші ойлаған­дай адам баласының идеалы емес, жан мен тәніне тоят беретін жаңа ләззаттардың соңына түсіп алып, романтикалық күй кешу үшін барын салды. Өзгелердің идеяларына елік­теді, солардың ықпалымен өмір сүрді. Қазіргі заманғы психологтар мұны жанып-өшпе темпераментке ие адам­дардың көрсеқызарлығы деп түсін­діреді.
– Романның стилі, жалпы жазылу техникасы аудару кезінде қиын­дық келтірмеді ме?
– Романдағы жазушы техникасына келер болсақ, мысалы, роман кеңіс­тігі құпия бөлмелер, кітаптар, жеке заттар мен әртүрлі иістерден ғана тұратын шектеулі кеңістік. Бұл бас кейіпкердің ішкі жан дүниесінің өмірін, оның жағдайын, ой ағымын көрсететін детальдар. Әдеттегідей, ашық бояулар мен табиғат пейзаждары жоқтың қасы, оның орнына өлі сұлулық (Дорианның қымбат коллекциялар жинауы). Романның идеясына оқырманды толығымен енгізуге, тұң­ғиы­ғына батыруға бағытталған. Мен мұны оқырманды өзіне сіңіріп әкететін техника деп атар едім. Оскар Уайльд «ауыспалы кезеңнің» жазушысы. Бұл өз кезегінде көп қиындықтар туындатады. Бәрі бұлыңғыр кезде жарқ етіп, классикаға айналатын шығарма жазу оңай емес. Ол екі дәуірдің бел ортасында (біздегі әдебиетте де осы үде­ріс бар) тұр: Біріншісі, бұрыннан келе жатқан әдеби ережелердің тоқырауы, құндылықтардың ауысуы. Екіншіден, жаңа әдіс-тәсілдердің пайда болуы, дами бастауы. Ол кезде драмалық жанрлар қарқын ала түсті, зерттеу мен зерделеуге бағытталған ой ағым­дары түрленіп, адамның ішкі әлеміне үңілу, болмысын талдау, түйсікті және түйсіксіз түрде жасалатын іс-әрекеттің ара-жігін анықтау бағыты қатты дамыды. Бір сөзбен айтқанда, әлемді адам болмысы арқылы анықтау алға шықты. Бұрынырақ керісінше болатын. Сон­дық­тан да кейбір зерттеуші­лердің аузы­нан бұл романды пәл­сапа­лық ро­ман деп те естіп қаламыз. Тоқ­ етерін айтқанда, меніңше, роман – жазушы­ның барлық шығармашылық жаңа­шыл­дықтарын, ізденіп жүріп жеткен жетістіктерінің синтезі. Әрі бұл ізденіс – жүрдім-бардым ізденіс емес, тео­рия­лық және практикалық тұрғы­дағы сансыз тәжірибелердің жемісінің қорытындысы. Оның осы романдағы айтқан барлық идеяларының бөл­шек­терін алдында жазған бүкіл шы­ғар­маларының бойынан кездестіреміз.
– Әңгімемізді қазіргі аударма мәселесіне ойыстырсақ. Осы кезге дейін елімізде әдеби аудармамен арнайы дайындалған маман айналыспапты. Көбінесе жазушылар қауымы аударып келді. Өзің айтқан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде аударма теориясы және әдіснамасы кафедрасы бар.Онда студенттер көркем тәржіме ісі­мен айналысып қана қоймай, ауда­рыл­ған туындыларды талқы­лайды, тіпті көркем аударма ісіне дипломдық, магистрлік жұмыстар арнайды. Яғни көркем аударманы талдау мен бағалау мәселелері дұрыс жолға қойылған. Бағыты айқын, өз саласының белгілі мамандары, профессор ғалымдардан тұратын осындай кафедраларды кеңейтіп, факультетке айналдырса, қалай болар еді? Факультетте аудармашыларды дайындап қана қоймай, арнайы жобалар арқылы олардың еңбек­терін ынталандыру мүмкіндіктері де қарастырылса. Алысқа бармай-ақ қоялық, бір ғана М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік уни­вер­ситетінде «Высшая школа перевода» деген факультет бар. Олар маман дайындап қана қоймай, орыстың классикалық туын­дылары­ның өзге тілдерге қанша­лықты аударылып жатқанына баса назар аудару мақсатында халық­аралық конференциялар өткізіп тұрады. Бұдан шығатын қорытынды, егер кәсіби аударма мамандарын даярлау ісін жолға қойсақ, әлемдік әдеби үрдіске кіріп қана қоймай, қазақ тілінде наси­хаттаған болар едік.
– Шынында да шет тілін еркін мең­герген, аудармашылық таланты бар жастар жоқ емес. Тек селқос қарамай, жоғары оқу орнында теория мен тә­жіри­бені қатар үйретіп, түпнұсқадан тікелей аудару ісіне жұмылдыру қажет. Тұрақты жүргізілетін дәрістер де жа­салған аудармаң тексеріледі, са­лыс­­тырылады, сыналады. Нәти­жесін­де, сапалы туынды жасалынады. Негізі­нен шығарманың да, жазушы­ның да, тіпті елдің де құнын төмендет­пеу үшін қазақ әдебиетінің үздік туындыларын ағылшын, басқа да тілдерге тікелей аудару бағытын дамыту керек. Аударма – қазақ әдебиетін насихаттау­дың бір жолы екенін мойындайтын уақыт келді. Нобель сыйлығын алуға лайық­ты классикалық туындыларымыз жетерлік. Менің арманым – сол шы­ғар­­маларды әлемдік аренаға алып шығу.
– Аудармадағы ұстанымың қан­дай?
– М. Әуезов: «Бізді жақсартпай-ақ қойсын, бірақ, дәл аударса болғаны деп тілек айтар едік» деген екен. Яғни түпнұсқадан ауытқымай автор стилін дәл беріп, оқырманның сүйікті шығар­масына айналдыру.

Лаура Дәуренбекова,
Назарбаев университетінің оқытушысы, ф.ғ.к.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір