«Салтанаттың» сахнаға шығуы
(Дәулескер күйші Төлеген Момбектің жүз жылдығына байланысты шағын естелік)
Осыдан шамамен отыз жылдай бұрын, Созақ ауданына, Сызған ауылындағы Төлеген Момбектің шаңырағына Алматыдан суретші-дизайнер ағам Аманжол Найманбаев, абайтанушы Жабал Шойынбет, үшеуміз жолға шықтық. Біз келген уақытта Төкең бәкідей бүктеліп теріс қарап, терезе жаққа телміріп, қалың ойдың құрсауына үнсіз бодау беріп жатыр екен. Біздерді көргенде қуанышын жасыра алмай: «Мен өз көзіме өзім сенер емеспін! Ал, келіңдер, төрлетіңдер, жоғарылатыңдар, жайғасыңдар» – деп, ұлық басымен құрақ ұшып, жаны қалмай бәйек болғанына біз, шыны керек, іштей қысылған едік. Амандық-саулық сұрасып болғаннан кейін, бірден үйдегі балалардың бірін дүкенге жүгіртіп, бірін мал сойдыруға жұмсады да, мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін қызы Салтанатқа мойын бұрып:
– Салтанат, қарағым, сен бүгін сабағыңды қоя ғой, орныңа біреуді алмастыра тұр, – деп қысқа қайырды. Сонымен, әбден жайғасып алған соң, Төкең менің домбырамды қорабынан алдырып қол жалғатты да, бірер сәт шертіп болып:
– Домбыраңның үні жақсы, қолға жағымды, қоңыр үнді екен. Бір әттеген-айы – қосалқы қашаған пернелеріңнен саусағым сүрініп жатқаны. Өзімнің домбырамды алып беріңдерші, – деді. Төкең бірден ауылдың алты аузына салып жыр толғаулардан толғай жөнелді. Төкеңнің мұндай өнерінен бейхабар едім:
– Бұл менің алғашқы естуім екен, Төке, сірә, біз сіздің күйшілігіңізді ғана біледі екенбіз. Бұл қырыңызды бұрын білмеуші едім, – деп сұраулы жүзбен қарағаным сол еді: – Кезінде мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі қызметін атқарып жүргенде жаз жайлауға, тау бөктеріндегі шопандарға барып өнер көрсетіп, көңілдерін бір серпілтіп қайтушы едік. Сол сәтте бір қарияның: «Домбыраңды тыңқылдата бермей, ән-жыр, термелеріңнен де бір толғасаңшы» – деп қолқалағаны бар. Содан, амалдың жоқтығынан жыр-толғау, термелерді қолға алдым. Ол маған қайта олжа болды, – деп сөзін аяқтады.
Ұлы күйшінің өз күйін өз орындауында тыңдауға ниеттендім де, күйдің шығу тарихын да өз ауызынан естігім келіп:
– Төлеген аға, «Салтанат» күйінің шығу тарихын айтып, өзіңіз тартып берсеңіз, – деп өтіндім.
– Ол кезде қызым Салтанат үш-төрт жаста болатын, – деп сөз бастады Төкең: – Анасының өмірден озғанына да он бес күндей уақыт болған. Бірде есік алдында малды жайғап жүргенім сол еді, Салтанат анадайдан ботадай боздап, «Қазір шешеме айтамын» деп, көз жасын тоқтата алмай үйге қарай шалынып-сүрініп жүгіріп келе жатыр екен. Алдынан шығып қызымды бауырыма басып жатып:
– Жылама, ботам, жылама, – деп, алдыма отырғыздым да: – Шешең енді бізде жоқ, ақылың бар емес пе? Сенің ендігі кезде көз жасыңды көру әкеңе ауыр, – деп жұбатпақ болдым. Бірақ, баланың санасында әлі күнге шешесі есік алдынан көлбең ететіндей көрінсе керек. Содан тағы бірде Салтанатты жоғалтып алып ұзақ іздедім. Бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Көп іздеп таппаған соң, үйге қайтып оралып ауланы бір шолып шығып ем, қызым көзінің жасын маған көрсеткісі келмегендіктен бе әйтеуір үйдің артына тығылып алып шешесін жоқтап, сағынып, қыстығып жылап отыр екен. Жүрегім қан жылап қасына бардым да, көз жасын сүртіп жатып, «Ех, әке ананың орнын баса алмас деген осы екен ғой» дедім. Өзегім өртеніп, күйзеліп отырып сол сәтте іштегі шерді күймен толқытып осы күйді дүниеге әкелген едім. Атауын «Салтанат» деп қойғаным сондықтан, – деп сөзін сабақтады да, кенет домбыраны қоп-қоңыр үнімен сөйлете жөнелді.
Салтанат Момбекова – Түркістан облысы Созақ ауданы Таукент ауылындағы С.Кеңесбаев атындағы мектепте директордың орынбасары
Салтанат күйін Төкең өз домбырасымен орындағанда, жаңағы айтқан сөздері көз алдымда кино кадрындай тізбектеліп өте берді. Және одан әлдеқайда әсерлі болды. Көзге жас келді. Аз кем ауыр үнсіздікті бұзған Төкең:
– Секен, сен бұл күйді үлкен сахнаға алып шықсаң, күйді сөзсіз тірілтіп жіберетініңе еш күмәнім жоқ. Өзгертіп ойнаймын десең, оған да мақұлмын, – деді де, маған батасын берді. Осы тұста әлденені қазбаламақ болып, бала-шаға, отбасың бар ма деп сұрады. Әрине деп жауап бергенім сол еді, ақсақал ақеділ қалжыңына басып:
– Салтанат, сен шырағым, неғылса, сабағынан қалмай бара бер, – деп, езуімізге ақжарма күлкі үйірді…
Әңгіменің ауанына шамалы қысылып, сөзді әрмен жалғамақ болып:
– Ақсақал, сіздің «Қосбасар» атты күйіңізді жұрт талан-таражға салып жүргенін білесіз ғой? – дей бергенім сол-ақ еді, Төкең: – Маған десең, Құрманғазынікі десін! – деп, нарау қысқа қайырды.
– «Бозінген» күйіңізді жұрт жақсы біледі. Нұрғиса әлі күнге «Отырар сазы» бағдарламасында Төлегеннің күйі деп жұртқа таратып та жүр, бұған өзіңіз не дейсіз? – деп едім, әнтек басын изеді де жауап қатпады… Біраздан соң үнсіздігін үркітпек болды ма:
– Осыдан он-он бес күн бұрын «Отырар сазы» оркестрін Нұрғиса Сызғанға алып келіп концерт берді. Сонда алдында отырған оркестрдің белді бір домбырашысы «Салтанатты» орындады. Арқасынан қақтым. Кенет Нұрғиса орнынан тұрып, «Күйші мен емес, күйші Төлеген» деп, ағайынның алдында мерейімді бір тасытып тастады. Онысына мың рақмет. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген, айналайын, Секен балам, аудан менің жетпіс жылдығымды тойлап, атап өтпек, сен бір жеті менің қасымда қалсаң қайтеді?» – деп қолқа салды.
– Ақсақал, менің екі-үш концерт, кездесулерім бар еді, мен айналып келейін? Тойыңызға да келем, – деп едім, – Секенжан, сен келмейсің, жақын жерде емессің. Білем. Болмаса, сен домбыраңды қалдырып кет, тойға келмесең де, домбыраңды іздеп бір келетін шығарсың? – деген еді. Айтқанындай болды, бара алмадым. Ол – маған мәңгі өкініш болып қалды.
Ендігі бір өкінішім – өмірде өз өрнегі бар ұлы суреткер алты-жеті жылдан кейін, жетпіс сегізден жетпіс тоғызға қараған шағында бұл пәниден қош айтысып кете барды. Сол тұста біз – әнші Мадина Ералиева екеуміз, Тараз қаласының «Фосфор» мәдениет үйінде концерт беріп жатқан болатынбыз. Сол күні Төлеген Момбек ағамыздың жамбасы жерге тиген қаралы күннің суық хабарын естіп көңілімізді орасан өкініш қаптады. Кешкісін концертте Төлеген туралы күйзеле отырып естелік айтып, біраз жыл бұрын бата алғанымды, аманат арқалап «Салтанат» күйін сахнаға шығару керек екенін жұртқа жеткізіп, ортаға салған ойларымызды, күйдің тарихын қозғай келіп, Төлегеннің «Салтанатын» тұңғыш орындадым. Жұртты жылатып, өзім де көз жасыма ерік бердім…
Секен Тұрысбек