Айшығын құранды ердің жарқылдап…
03.09.2015
1488
0

Ауыт МҰҚИБЕК

730820_2097834105_1e069e1b4f5ee151c16c23180a068108

ҚЫРЫҚ БЕС

Айшығын құранды ердің жарқылдап,

Алыстан келгендеймін сан шыңды асып.

Бүгін мен түннен бері қағып тұрмын,

Есігін қырық бестің тарсылдатып.

 

Сонымен қырық төрт күз, көктем өтті,

Қыс пен жаз құрды бітпес жекпе-жекті.

Мерейдің тасыған да кезі болды,

Демеймін бәрі өмірдің текке кетті.

 

Мен өзі қаршадайдан сергек ұлмын,

Көрген жоқ сағы сынып, өр көңілдің.

Ауырдың  астыменен жүргемін жоқ,

Жүргем жоқ үстімен де жеп-жеңілдің.

 

Дауылдар соқты талай құтты ұшыра,

Тентіреп кетті қазақ тұс-тұсына.

Ағаның көкжалына іні болдым,

Ақынның болдым шәкірт мықтысына.

 

Болуға еш хақым жоқ менің осал,

Туған ел, мені ылғи да өріңе сал!

Көлім көп жүзіп өтер құлаш сермеп,

Көп тағы жорық жасап белім асар!

 

Болдырды аламанда қанша ат мықты?!

Көргем жоқ бақ жолында шаршап тіпті.

Басымнан таба аласың менің-дағы,

Басында осы қазақ бар шаттықты.

 

Саналам мен де елімнің маңдайлы ұлы,

Өлеңі – сарқылмайтын жан байлығы.

Басымнан таба аласың және менің,

Басында осы қазақ бар қайғыны.

 

Жасайды өз қолымен бағын адам,

Мен де елше қайғыра алам, сағына алам.

Шаттансам, шаттандырған – заман мені,

Ашынсам, ашындырған – тағы заман!..

 

…Жыл зулап кетіп еді, бәсе, тіпті…

Кешегі жарлы байып, жас өсіпті.

Құрдасы –  АЛПЫС ТОҒЫЗ туғандардың,

Қырық бес, Ауыт келді, аш есікті!

  

ҚАТАРҒА ҚОСУ КЕРЕК МЕНІ ДЕ ЕЛЕП

Мен сендердің біріңнен кем емеспін!

Әбділда Тәжібаев.

Қайтем деп біреулермен иықтасып,

Өлеңді жазып келдім тиіп-қашып.

Өмірім өтіп жатты бір арнада,

Көңілім болсадағы биікке асық.

 

Алдында Тұмағаның сақтап әдеп,

Қыдырып барғамын жоқ баққа да көп.

Хал-күйін қатарымның сезем іштей,

Әйтеуір, бірін-бірі мақтап әлек.

 

Тұр, міне, көз алдымда кешең, бүгін,

Іргенің сақтау керек бекемдігін.

Осынау он бес жылда елге келген,

Кімнің кім білдік әбден екендігін.

 

Көрмеген өмірінде сырт қырды асып,

Біреулер шіренеді нық тұрғансып.

Білдік қой он бес жылда шыныменен,

Бермесін қотырыңды жұрттың қасып.

 

Білсем де жау алмасын іргеліні,

Көп қанден аңдиды екен бір бөріні.

Табалап мазамды алды, сөзім бағып,

«Ағалап» кеше ғана жүрген іні.

 

Десе де, кәріге емес, жасқа сенем,

Зор бақыт – желден өзін сақтаса емен.

Тағдыры – көшкен елдің бөлек тағдыр,

Біздің жөн – басқа жөннен басқаша жөн.

 

Болам деп елге тірек, жерге тірек,

Жарысып жас қайыңмен ержетіп ек.

Қалған сол туған жері жат қолында,

Ұрпақтың өкілімін шеркөкірек.

 

Көк туды пана тұтам көкке өрлеген,

Ұқсаймын Құлагерге дес бермеген.

Біздің ел Тәуелсіздік үшін келген,

Ешқашан алам, жеймін деп келмеген.

 

Ұйқысыз дөңбекшумен таң атырам,

Көз алдым кейде менің қара тұман.

Екі иық етін кезек жұлып жеген,

Көкжалдай көкке ұлып, аласұрам.

 

Өзімде тізгінім де, шылбырым да,

Өмірім өрнектеліп тұр жырымда.

Ұлтымның сөзін айтар, мұңын шағар,

Етемін және өкілдік бір буынға.

 

Мен сөйтіп туған елден ірге бөлдім,

Не көрсем ағайынмен бірге көрдім.

Мөрті кеп жатса алдымен сөзін айтам,

Тентіреп арғы бетте жүрген елдің.

 

Біткен жоқ текке мынау қарыс маңдай,

Жырменен болдым қайта табысқандай.

Тиіссе кім қазаққа сырттан келген,

Ашулы атыламын арыстандай.

 

Керек қой бүтінделу менің де іргем,

Тосылмай келу керек елім бірден.

Қаңғырып қара орманнан жемін іздеп,

Жолбарыс күйіндемін желіп жүрген.

 

Сыртым қыс, ішім менің нұрлы көктем,

Келеді қолдан жырды үлбіретсем.

Ағалар жияды есін, іні етегін,

Бұлттанып, қара аспандай бір гүр етсем.

 

Сыртым қыс, ішім менің нұрлы көктем,

Сүйемін Отанымды шын жүрекпен.

Сүйемін қазағымды қарапайым,

Жыбырлап жер бетінде тірлік еткен!

 

Ауасы, жаңбыры мен желі бөлек,

Жайғастым Сарыарқаның төріне кеп.

Құрдастар шаба бермей тек өздері,

Қатарға қосу керек мені де елеп!

 

Жөңкілген ақша бұлттай жыр көшінен,

Мен сөйтіп өзімді-өзім іркетін ем.

Айтуға тура келді бүгін, міне,

Ойларды көкейдегі бір шетінен.

 

***

Болса екен деп қазақтың бірлігі нық,

Еңбек етіп келемін зыр жүгіріп.

Айтарымды жасырмай ашық айтам,

Біреулерше отырмай құр күбініп.

 

Ағыс таптым өзіме басқа арнадан,

Бола алмайды Адалбек астар маған.

Шеттегі елдің келемін шерін тыңдап,

Сағыныштан көзінен жас парлаған.

 

Іледегі елді ойлап, Сауырдағы,

Жүрегімнің елге аян ауырғаны.

Шабысыма соңғы кез отыр, білем,

Бабажанның сүйсініп Бауыржаны.

 

Бірдей маған даланың өр-еңісі,

Шалдықпастан тұлпарым келеді ұшып.

Құрдасының кеткенін озыңқырап,

Маралтайдың, байқаймын, сезеді іші.

 

Алыс қалған елді ойлап даласынан,

Дауылы боп, Сарыарқа аласұрам.

Ақиық боп, кейде бір саңқылдаймын,

От ойнатып зуласа қанатынан.

 

Бар маған да Алланың сыйы, білем,

Өлер болдым, шеттегі ел күйігінен.

Ақындарға шығып ап қарап тұрам,

Тұмағаның көз жетпес биігінен.

 

Көбейсе кеп қазақтар даламда бай,

Күн кешер ем аптықпай, алаңдамай.

Есті үкімет еліме орнағанда,

Атақ өзі ұшады маған қарай.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір