Каспийдің алуан аты бар
Тарихи көне дәуірлерден мәлімет алып, ертедегі тайпалар мен халықтардың өзара қарым-қатынасын анықтау үшін жер-су атауларына терең зер сала үңіліп, мән-мағынасын ашудың маңызы зор. Географиялық атаулардан табиғаттың сан алуан сыр-сипатын, халықтардың тарихи тағдырын, өткендегі өмірін байқауға болады. Жылдар жылжып өткен сайын олардың біразының мағынасы күңгірт тартып, түсінігі көмескіленген.
Түрлі тарихи кезеңдерде тайпалар мен халықтар белгілі бір территорияда бірін-бірі алмастырып, өзгеріп отырады, ал олардың тілдік белгілері өздері мекендеген жердегі географиялық атаулар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетеді.
Қазіргі Қазақстан территориясында 85 мыңға жуық өзен, 48 мыңнан аса ірілі-ұсақты көлдер бар. Республиканың оңтүстік-батыс жағын жер бетіндегі ең үлкен көл – кәрі Каспий алып жатыр. Ол көлемінің осындай орасан үлкендігіне орай, «теңіз» деп аталып кеткен. Каспий теңізінде таусылмас мол қазына, ұшан-теңіз байлықтың қоры бар. Оның суында дүние жүзіндегі мекіре тұқымдас балықтардың (осетр) 80 проценттен астамы шоғырланған. Мұнда минералды тұздар мен Менделеев таблицасындағы элементтер түгелге дерлік кездеседі. Алайда оның ең басты байлығы — мұнай.
Каспий теңізі саяхатшылар мен ғалымдардың назарын өзіне өте ерте кездерден-ақ аударған екен. Ерте кезде Каспий жағалауын түрлі рулар мен тайпалар мекен еткен.Осыған орай әр елден сапар шеккен саяхатшылар мен зерттеушілер Каспийге өздерінше ат қойып отырды. Сөйтіп, ондай атаулардың саны ғылыми деректерде жетпістен асады.
Каспий теңізі жайлы ең алғашқы мәліметтерді біз ертедегі грек және рим ғалымдарының еңбектерінен кездестіреміз. Көне дәуірлерден жеткен деректерде бұл теңіз екі түрлі: «Каспий» және «Гиркан» деп аталады. Ертеде теңіз жағалауын Гиркания елі мекен еткен, бұл атау сонымен байланысты қойылған. Парсы тілінде Гиркания «қасқырлар жері», «қасқырлар мекені» деген мағына береді.
Каспий теңізі жөніндегі алғашқы нақтылы мәліметтерді «тарих атасы» аталған грек ғалымы, біздің эрамызға дейінгі V ғасырда өмір сүрген Геродот: «Каспий теңізі – басқа теңізбен жалғаспайтын, өзінше бөлек, дербес теңіз. Ескекті кемемен жүзгенде оның ұзындығы 15 күндік, ені ең кең жерінде 8 күндік» — деп жазды. Шығыс зерттеушілерінің деректері мен Садық Исфаганидің топшылауынша, Каспий теңізі «Абескун» атты аралдың және сол аттас өзеннің атымен «Абескун» теңізі деп те аталған.
Ал, орта ғасырдың басында Каспийге жетіп, маңындағы тайпа, елдермен танысқан араб саяхатшылары теңізге «Хазар» теңізі деген ат берді. Теңіздің солтүстік батыс жағындағы Волга, Дон, Терек өзендерінің аралығында ерте дәуірлерден бері қуатты да айбынды Хазар мемлекеті мың жылдай өмір сүрді. Оның астанасы «Итиль» деген қала болды. Зерттеушілер Хазар қағанаты 659-жылдары құрылды деп көрсетеді. Алайда, V ғасырда өмір сүрген армян тарихшысы Моисей Хоренский «Армения тарихы» атты кітабында хазарлар және олардың қағандары (хакан) жөнінде баяндайды. Ал, VII ғасырда өмір сүрген албан тарихшысы Моисей Утийскийдің жазба дерегіне жүгінсек («Албандар тарихы» атты кітап), хазарлар 552 жылы Албанияға басып кірген, сөйтіп «еліміз хазарлардың үстемдігіне тап болды» дейді.
XIII ғасырдың аяғына қарай бүкіл Хазар жері Волга өзені мен Каспий теңізі суының астында қалды. Аман қалған халықтың бір жартысы мұсылман дінін қабылдап, ауып келген басқа халықтармен араласу нәтижесінде астрахан – татарлары пайда болды. Ал, христиан дініндегі екінші жартысының көп жылдар бойы Волга мен Дон аралығындағы далаға помещиктерінен қашқан орыс шаруаларымен араласуының негізінде казактар пайда болады. Зерттеушілер казак сөзі хазар сөзінен қалыптасуы да мүмкін деген болжам айтады.
«Волга Атлантидасы» деген атқа ие болған Хазария мемлекеті толығымен су астында қалды. Белгілі ғалым Л.Н.Гумилев Волга өзені мен Каспий теңізінің түбінен археологиялық зерттеулер негізінде бір кездегі атақты Хазария мемлекетінің қалдықтарын тапты. Тағы бір айтарлық жай — Европадағы ұлы өзендердің бірі — Волга орта ғасырларда «Итиль» деп, ал одан бұрынғы көне дәуірлерде, мысалы, II ғасырда өмір сүрген грек ғалымы Птолемейдің еңбегінде фин сөзімен «Ра» деп аталды. Каспий теңізі орта ғасырда өмір сүрген әйгілі түркі тілдерінің білгірі — Махмұд Қашқаридың «Түрік тілдерінің сөздігі» атты еңбе-гінде (1072-1074 ж. жазылған) «Булғар» теңізі деп аталады. Кітапта: «Еділ – қыпшақ елдеріндегі бір өзеннің аты. Ол Булғар теңізіне құяды» — деп көрсетілген.
Каспий ертедегі орыс жылнамаларында Волга өзенінің сағасын қоныстанған, хвалын халқының атымен байланысты «Хвалын» теңізі деп те аталған. Бұл атау орыс карталары мен кітаптарында бергі ХVIII ғасырдың басына дейін орын алып келді. XVІ ғасырда патшалық құрған IV Иванның тұсында бүкіл орыс жерінің картасы — «үлкен чертеж» жасалып, оған жазбаша түсініктеме — «Үлкен Чертеждің кітабы» жазылды. Онда: «Хвалын теңізінен Көк теңізге дейін тура күн шығысқа қарай 250 шақырым» деп көрсетілген. Мұндағы «Көк теңіз» дегені — Арал теңізінің бір аты. Атақты Венеция саяхатшысы Марко Поло XIII ғасырдың екінші жартысында Италиядан Қытайға дейін жасаған саяхаты жөнінде жазған кітабында Каспий теңізі Волганың төменгі ағысында орналасқан сол кездегі Алтын Орда хандығының астанасы — Сарай атымен «Сарай теңізі» деп, ал тағы бір жерінде «Баку» теңізі деп атайды. Марко Полоның Каспий теңізіне қойған бұл аттары оның кітабы арқылы Батыс Европа елдерінің біразына белгілі болды.
Каспий теңізін XV ғасырда солтүстіктен оңтүстікке қарай кесіп өткен орыс көпесі Афанасий Никитин «Үш теңіздің ар жағына саяхат» деген кітабында Каспийді «Дербент» теңізі деп атайды. Бұл ат теңіздің батыс жағалауындағы ірі порт Дербент қаласының атына байланысты қойылған еді. Дербент — қыпшақтардың көрнекті қалаларының бірі болды. Ол теңіз бен Кавказ тауларының арасын бекітіп тұрғандықтан «Темір қақпа» аталады.
Каспий бір кездерде «Астрахань» теңізі деп те аталды. Астрахань — тарихта XIII ғасырлардан белгілі қаланың аты. Ол хазарлардың Итиль қаласына жақын жерде орналасқан. 1333 жылы Астрахань қаласында болған араб саяхатшысы Ибн-Баттута қаланың атына түсініктеме береді. Астрахань – түркі тілдеріндегі «қажы тархан» деген сөздердің бірігуінен қалыптасқан.
Осы сияқты қала атымен, жер, халық атымен байланысты қойылған Каспийдің «Хорасан», «Глиян», «Ширван», «Табристан», «Йберий», «Апшерон», «Турган», «Ақ теңіз» сияқты толып жатқан аттары бар. Осындай әралуан қосалқы атаулармен қатар бұл ұлы көлдің өте ерте кездерден бері Каспий деген аты да қалмай келді. Әуел баста, Каспий, Гиркан атаулары қатар қолданылған болса, кейінірек жасалған карталарда Каспий аты жиі жазылатын болды да, Гиркан деген атау біртіндеп қолданудан шыға бастады. Россияда «Каспий» аты картаға І Петр патшаның тұсында енгізілді. Оның бұйрығымен 1715-1720 жылдары теңіз жағалаулары суретке түсіріліп, есепке алынып, 1720 жылы теңіздің тасқа басылған алғашқы дербес картасы шықты. Бірінші Петр оны Париж ғылым академиясына табыс етіп, карта француз ғалымдарының өте жоғары бағасына ие болады. Осы тасқа басылған картада теңіз Каспий деп жазылған. Осыдан бастап теңіздің басқа атаулары қолданыстан қалады да, «Каспий» атауы біржола бекіді.
Енді Каспий деген атаудың өзі қайдан шыққан, соған тоқталайық. Ертедегі грек тарихшылары мен саяхатшыларының жазба деректеріне қарағанда парсылармен шекаралас теңіздің оңтүстік жағалауларында жауынгер «каспи» деген халық өмір сүрген. Каспидің атты сарбаздары садақпен, қылышпен қаруланатын болған. Олар ұрыста жылдам, ержүрек келген. Каспилердің гректерге қарсы парсы әскерлерімен біріге отырып, талай жорық жасағаны белгілі. Осы жауынгер, ержүрек халықтың атымен олар жағалауын мекендеген ұлы көл де Каспий деп аталған.
Дүйсен Жүнісов
Талдықорған қаласы
ПІКІРЛЕР2