Құндылықтарды жоқтау
31.08.2018
1478
0

Маркус ЗУСАК


Егер Маркус Зусактың «Кітап ұрлаушы» кітабын оқыған болсаңыз, бомба түскен үйлерден бір қыз ғана тірі қалады. Кітап ұрлаушы қыз. Лизель Мемингер. Ол жертөледе кітап оқып отырады. Зусактың кейіпкерлерінің әрқайсысының өз миссиясы бар. Олар бір-біріне ұқсамайды. Бірақ оларды адами құндылықтар байланыстырып тұрады. Басты кейіпкер Лизель Мемингер – руханияттың жоқтаушысы. Оның өкіл шешесі Роза – мейірімнің символы болса, өкіл әкесі Ганс – адамгершіліктің символы.

Маған қазір әлем, адамзат рухани құндылықты таптап, жаншып, сосын оны жоқтап жатқан секілді. Хемингуэйдің айтатыны бар ғой: «Весь мир болен». Хемингуэй заманынан бері әлемнің, қоғамның ауруы асқынған үстіне асқынбаса, беті бері қараған емес. Тобырлық мәдениет элиталық мәдениетті аямай езгілеп тастады. Элиталық мәдениет «бойын түзеу» үшін көп уақыт қажет. Өркениетті елдер тобырлық мәдениеттен арылудың жолдарын қарастырып, жанталасып жатыр.
«Кітап ұрлаушы» кітабы неге оқылымды болды? Неге әлемде сұранысқа ие кітап? Бәлкім, оның бір себебі осында жатқан шығар?..


Әдебиеттегі құбылыс па, әлде жарнама ма?

Әлем әдебиетшілері Маркус Зусакты «әлем әдебиетіндегі құбылыс» деп атады. Тым асыра бағалау емес пе? Маркус Зусактың «Кітап ұрлаушы» кітабымен ұқсас Сайын Мұратбековтың «Жабайы алмасын», Дулат Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз» кітабын оқыған қазақ оқырман бұл пікірмен келісер ме екен? Біз пафосты жақсы көреміз. «Бұл жазушыдан біздің жазушылар әлдеқайда мықты» дейміз. Бірақ әлемдік деңгейге шығуға потенциалы жететін жазушыларымызды насихаттай алмай жүрміз.
Мойындайық, мойындамайық, Маркус Зусак – әлемдегі ең танымал, әлем әдебиетшілері мойындаған жазушылардың бірі. Біздіңше, ол бұқаралық әдебиеттің өкілі емес. Рас, жарнамасы жер жарып тұр, бірақ ол әлемдік әдебиетте өз орнын алуға әбден лайықты жазушы.
Маркус Зусак 1975 жылы Сиднейде өмірге келген жазушы. Австралиялық жазушының ең танымал шығармасы 2005 жылы 30 жасында жарық көрген «Кітап ұрлаушы» романы. Интеллектуалды бестселлер ретінде «The New York Times Best Seller list»-тің тізімінде 230 апта түспей тұрды.
Роман желісі арқылы 2013 жылы режиссер Брайан Персивал фильм түсірген соң, бұл кітапқа деген сұраныс әлем оқырмандары арасында арта түсті. Бірақ кино – романның көшірмесі емес. «Кітап ұрлаушы» фильміне романдағы көптеген оқиғалар, кейіпкерлер «кірмей қалған».
Роман желісімен түсірілген киноны көрген соң, қандай мықты, қандай көркемдік құндылығы жоғары шығарма болса да, оқи алмаймын. Сосын классикалық әдебиетпен ауыратын әдетім бар. Бұл жолы керісінше кино мені «Кітап ұрлаушы» кітабын оқуға қамшылады.


Ізгілік туралы әңгіме

Романда Лизельдің өкіл әкесі Ганс пен өкіл шешесі Розаның жан дүниесі, мінез-құлқы, жалпы психологиясы жақсы ашылған. Романды оқи бастаған оқырман жетім қызды аяп отырады. Оқиғаның өрбуімен қатал, сұсты, шайпау мінезді Розаның ішкі жан дүниесін тани түсесің. Жоқ, ол тіпті де қатал емес, керісінше өте мейірімді. Розаның психологиясы үйлеріне пана сұрап Ганстың досының ұлы, еврей жігіт Макс келгенде жан-жақты ашыла түседі.
Романда Ганс, Роза, Лизель, Макс қарым-қатынасы арқылы оқи­ға өрбіп қана қоймайды, әрбір кейіпкердің сезімі, эмоциясы, та­ным-түсінігі, мақсаты, адами тұл­ға­сы дараланады.
Өкіл қыздарының туған күніне Хубермандар үйдегі ескі затын сатса да, кітап сыйлайтын. Бірде ақшасы болмай, бір аяғы жоқ қуыршақ сый­лайды.
Романда «қара бояу» басым бол­са да, кейіпкерлердің мейірімділігі, ізгі қасиеттері «қара бояуды» көмескі етіп көрсетеді.
Мысалы, Лизельдің кітап ұрлап жүргенін білген бургомистрдің әйелі «Лизель кітапқа келгенде жесін» деп үстел үстіне печенье қойып қояды.
Бірде Руди мен Лизель тұтқын­дағы еврейлер жүретін жолға нан шашып тастайды. Өздері ашқұрсақ жүрсе де, еврейлерді құтқарғысы келеді. Олар не үшін Гитлердің ев­рейді жек көретінін түсінбейді. Мар­кустың кішкентай кейіпкерлері Гитлерді жек көреді. Бетін қара күйе­ге бояп алып, өзі пір тұтатын қара нәсілді желаяққа, спортшыға ұқ­сауға тырысатын Руди неге оны идеал тұтуға болмайтынын түсін­бейді. Олар адам мен адамды, ұлт пен ұлтты бөлуге болатынын мүлдем қабылдай алмайды. Маркус балалар­дың көзімен Гитлердің, жалпы әлем­нің «адамды өлтіру, ұлтты өлтіру ойыны» саясатын айыптайды.
Романның бір-екі жерінде сатушы әйел қылаң береді. Ол Гит­лерді пір тұтқаны сондай «Хайль Гитлер» деп айтпаған адамға ештеңе сатпайды. Тапқан табысын өз еркі­мен Гитлердің саясатын қолдауға жібереді.
Біздіңше, романда Ганс пен Роза­ның туған ұлы мен қызының образы толыққанды ашылмай қал­ған. Автордың баяндауынша, олар ата-анасынан бөлек тұрады, үйле­ріне сирек келеді. Романды оқып отырып, еуропалық индивидуалистік сананы, адам жанының жалғыз­ды­ғын (бургомистрдің әйелі) сезінесіз.
Романда өлім көп болса да (соғыс жүріп жатқан қала өмірін суреттеген соң, түсінікті. Бірақ өлімнің көп болуын оқырман да, әдебиетшілер де әдетте қабылдай алмайды), жазу­шы­ны ақтап аласың. Кейбір оқиға­лар­ды баяндауда автор көпсөз­ділікке ерік береді. Лирикалық шегініс жасауы кейбір жерде ұтымды шықса, кейбір жерде шұбалаңқы көрінеді.
Қаланы бомбалап жатқанда қаланың бірнеше тұрғыны бір үйдің терең жертөлесінде отырады. Адамдардың қорқынышын, үрейін басу үшін Лизель кітап оқып береді. Өлімнен қорқып отырған адамдар жадырап салады. Хубермандардың үйіне түкіріп кететін (Ганс фашистік Германияны қолдамайтын) фрау Хольцапфель Розаға «Кофе берем. Қызың маған аптасына екі рет кітап оқып беріп тұрсын» дейді. «Кофе ғана емес, ұн да бересің» дейді Роза. Фрау Хольцапфель «жоқ, тек қана кофе» дейді.
Бұл қаланың тұрғындары кез келген күні өліп кету қаупі барын жақсы біледі. Олар аман қалу үшін жиі-жиі көрші үйдің жертөлесіне жасырынады. Бірақ олар кітап оқиды. Оқи алмаса, ақысын төлеп, кітап оқып беретін адам шақырады.
Маркус Зусактың «Кітап ұр­лау­шы» кітабы рухани құндылықтарды насихаттауымен құнды.


Оқырманның бейнесі

Маркус Зуcакты да жазушы ретінде «оқырман неге кітап оқудан алыстап кетті?» деген сауал толғандырса керек. Сана кеңістігіңде «қалықтап» тұра­тын бір кейіпкер болады. Бала­лық шағыңмен, жасөспірім шағыңмен, жастық шағыңмен байланысты естеліктер көз ал­дың­нан тізіліп өтіп жатқанда сол кейіпкер санаңда жарқ етеді. Сол адамның тұлғасы жа­дыңда шегеленіп қалғанын тү­сі­несің. Маркус Зуcак бала кезінде анасынан естіген әңгі­мені, кейіпкерді дамытып, Ли­зель Мемингер бейнесі ар­қылы рухани аш қоғамды бейнеледі.
Роман бірінші жақпен баян­далады. Жаңалығы сол: бірінші жақпен оқиғаны баяндайтын «Мен» – Ажал. Ажал әр кез бас­ты кейіпкердің қасында жү­реді. Оның құдды қорғаушы періштесі секілді.
Лизель алғаш рет Ажалды қыстың сұп-суық күні анасы екеуінің көз алдында інісі өлген кезде көрді. Ол бірақ ажалдан шошымады.
Әріп танымаса да, інісінің қабірінің басында қабірші ұмы­тып қалдырып кеткен «Қабір­ші­нің дұғасы» кітабын Лизель аялап ұстайды. Сосын Лизельді мемлекеттен алатын жәрдема­қы үшін Ганс пен Роза асырап алады. Анасының қайда кетке­нін, неге анасымен тұрмай­ты­нын Лизель түсінбейді. Автор да ашып айтпайды. Оқиға шиеленіскен кезде ғана басты кейіпкер анасының фашистік Германияға қарсы екенін, қу­ғында екенін түсінеді.
Лизель – тағдырлы жетім қыздың бейнесі ғана емес, оқыр­манның бейнесі. Оның лақап аты «кітап ұрлаушы». Соғыс жүріп жатыр. Ашыққан балалар өзгелердің бақшасынан алма ұрлап жейді. Лизель де бала­лармен бірнеше рет жо­рық­қа шықты. Бірақ ол бур-гомистрдің, яғни қала әкімінің үйінен тек қана кітап ұрлайды. Досы Руди: «Лизель, ашпыз ғой. Нан ұрлашы» деп жалынса да, Лизель келер жолы да, содан кейін де тек қана кітап ұрлайды. Бұрын Лизельдің өкіл шешесі бұл үйдің кірін жуатын.
Гитлердің туған күні қала тұрғындары күмәнді кітаптарды өртеп, тарап кеткенде қолы күйіп, оттан бір кітапты алған Лизельді бургомистрдің әйелі көрген болатын. Бір сөзінде әйел қабырға толы кітапты ба­ласы үшін жиғандарын айтады. Баласы бұл өмірде жоқ, бірақ кітапхана бос тұр.
Қазір ешкім оттан кітапты суырып алмайды. Қазір ешкім кітап ұрламайды. Қазір адамдар баласы үшін кітап жинай ма? Күмәнді. Бәлкім, бұл роман кітапты насихаттағаны үшін де құнды шығар…

Аягүл МАНТАЙ,
Мәскеу

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір