Әзіл-шыны аралас
24.08.2018
2254
0

***

Қырқыншы жылдардың соңында ақын Сырбай Мәуленов Қостанай облыстық газетінде редак­тордың орынбасары болып біраз уақыт қызмет атқарады. Бастығы демалысқа немесе бір жаққа іссапарға кеткен кезде Сырбай ыңғайын тауып, газеттің бір бетіне тұтастай «Әдебиет бетін» салып жібереді екен. Осы жәйт төрт-бес рет қайталанған соң, мұны байқап жүрген облыстың бірінші бас­тығы Сағалбай Жанбаев (1904-1972) Сырбайды өзіне шақырып алады:
– Сен неге әләуләйщинаңа басасың? Газеттерің партияның ор­ганы, саяси газет… Ал сен болсаң әләуләйщинамен айналысасың! – депті ұрысып.
Сырбай ауызша сөгіс естіп, үндемей шығып кетеді.
Арада жылжып жылдар өтеді.
С.Жанбаев біраз жерде басшылық қызметте болып, соңынан Ор­талық Комитеттегі партиялық комиссияға жұмысқа ауысады. Сол қызметте жүрген кезде бірде Қырымға барып дем алыпты. Демалып жүріп бірнеше өлең жазыпты. Алматыға қайтып оралған соң Қырымда жазған әлгі өлендерін құшақтап «Жұлдыз» журналының ре­дакциясына әкеледі ғой.
Ол кезде «Жұлдыздың» редакторы Сырбай Мәуленов екен. Сы­ра­ғаң өлеңдерді оқып көрсе, көркемдік дәрежесі төмендеу, нашарлау дүниелер екен:
– Ақсақал, біз мұндай әләуләйщинаны баса алмаймыз. Біз қо­ғамдық-саяси журналмыз, – дейді Сырбай.
Сонда Жанбаев мырс етіп күліп жіберіпті де, басын бір шайқап, бөлмеден үнсіз шыға жөнеліпті.


***

Әйгілі Шашубай ақын – Шашубай Қошқарбаев (1865-1952) әнші, жыршы, сал-сері, композитор, айтыс ақыны ғана емес, мың бұралтып би билей алатын, жүз құбылтып сиқыр ойын да көрсете алатын, әсемдеп акробатика да жасай алатын сан қырлы өнер иесі болған кісі екен. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдар болса керек, сол Шашекең сырнайын арқалап, жаяулатып бірде жолға шығады. Үлкен жолда анда-санда өткен көліктердің бір-екеуіне қол көтерсе – алмай, зу етіп қасынан өте шығады. Шашекең ақыры қулыққа көшеді: қара жолдың қақ ортасына төбесінен шаншылып, аяғын жоғары көтеріп тұра қалыпты.
– Ойбай, ақсақал, сізге не болды? – дейді машинасын амалсыз тоқтатып, жерге түскен жүргізуші.
Сонда Шашекең алақанындағы шаңды қағып:
– Қол көтергендерге сендер тоқтамайды екенсіңдер. Сосын, тегі шопырдың жөні осы шығар деп, аяғымды көтердім, – деп жауап беріпті.


***

Ғали Орманов мол денесімен Жазушылар одағы үйінен мамырлап басып шығып келе жатса, қалбаң қағып шағын денелі Қайнекей Жармағамбетов (1918-1974) қарсы ұшыраса кетеді.
Қайнекей:
– Ассалаумағалейкүм, ақсақалым! – деп айқайлай амандасыпты.
Сонда Ғали:
– Уәлийкүмсәләм, тап-тапалым! – деп өте беріпті.


***

Баяғыда Өтешқали Атанбаев деген ұзақ жылдар бойы партия, совет саласында үлкен қызметтер істеген бір кісі болыпты. Өзі қал­жың­бас, әзілкеш, әдебиет пен өн­ер­ден хабары мол зерделі аза­мат екен. Бойындағы бар міні – шашы сирек, желкесінде көзге көрініп тұратын ұрасы бар, лақса кісі болса керек. Сол кісі Қаржы министрі болып қызмет іс­теп жүрген шақта әдебиет зерт­теу­шісі, білгір ғалым Ілияс Ома­ров (1912-1970) Мәдениет ми­нис­трі екен де, әзілдері жарас­қан соң екеуі қалжыңдасып ой­най беретін көрінеді.
Бірде Үкіметтің жиналы­сында отырған кезде министр Омаров министр Атанбаевқа мы­надай «хат» жазып жіберіпті:
«Шашың бар көк
текенің қылшығындай,
Желкең бар жесір
әйел тұмсығындай,
Қыз көрсең айналасың үйіріліп,
Кемпірдің жіп
иірген ұршығындай».


***

Ақын Нұтфолла Шәкенов (1928-1983) бірде таңертең маңдайы құрысып, желкесі тырысып, басы мең-зең төсектен тұрады. Тұрған бойда:
– Бәйбіше, шалыңды өлтірмейін десең бас жазар бірдеңе тапсаңшы? – дейді әйеліне дауыстап.
– Үйбай-ау, Нүкесі-ау, біздің үйде не тұрушы еді, кеше достарыңмен бәрін сарқып қойдыңдар емес пе! – дейді әйелі алақанын жайып.
Мұндай тығырықтан шығудың жолын ойлап, басы қатып отырған Нұтфолла:
– Әй, бәйбіше, кеше үш сом бар еді ғой сенде, соны берші, дүкенге барып басымды жазып келейін, – дейді.
Әйелі азар да безер болып:
– Нүкесі-ау, ол үш сомға кеше нан жаятын оқтау алып қойып ем, – дейді.
Сонда Нұтфолла:
– Сен де бір қызық адам екенсің!.. Өзі ақша жоқта үйге жиһаз алып… – деп әйеліне Нүкең қатты ренжіпті.


***

Жазушы Ғабдол Сланов (1911-1969) баяғыда «Жұлдыз» журналында қызмет істепті. Бірде, бір жетіге оңтүстік жаққа іссапарға кетіп, сол кеткеннен мол кетсе керек. Хабар-ошар жоқ, арада бір жарым ай өткен соң ғана сүйретіліп Алматыға жетеді ғой.
– Иә, Ғабеке, қайда болдың, қайдан келдің, сайра кәнеки? – дейді «Жұлдыздың» сол кездегі бас редакторы Сырбай Мәуленов жоғалған қызметкерін шақырып алып.
– Басеке, айып менен, – дейді Ғабдол кешірім өтініп, – Қызылқұмның қиыр бір шетіне шығып кетіп… бір қойшының үйінде «тойлаңқырап» жіберіппін. Қойшы да бір аңқылдаған сабаз екен, уақыттың қалай өткенін аңғармай қалыппын.
Сонда Сырбай алақанын жайып, көкке қарап:
– Айналайын, Ғабдол,
Әйтеуір бар бол!
Құдай тағала бұл Ғабдолды
Жоғалтпай тағы, жар бол! – деп бата тілеп, бөлмесінен қуып шығыпты.

 


Темірғали Көпбаев

Дулат Исабеков                                

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір