Қиян шеттегі қырық бес күн
(әңгіме)
Қуаныш ЖИЕНБАЙ
Халықаралық әуежайдағы әлгі қыздың жеңіл-желпі әзілін ұшаққа отырып, әлдеқашан көкке көтерілген соң да көпке дейін ұмыта алмады. Бір жағынан қабағын шытып, ашуланғысы да келді. Бірақ одан екі жаққа да келіп-кетер пайда жоқ-ты. Екінші жағынан, ана тілінің түп төркінін түсінетін бейтаныс қарындасына да кәдімгідей іші жылыды. Сірә, ауыл тәрбиесін бойына молырақ сіңірген мұңлық үлкен қаланың қойыртпақ тірлігінен жалыққан сәтте мұның аса сирек кездесетін есімін ұшырастырғанда кәдімгідей тынысы кеңейіп, бір желпініп қалған екен, соған бола өкпелейтіндей не жөні бар. Қайта: «Бұған менің қатысым шамалы, әке-шешемнің шешімі солай болса, маған не дейсіз?!», – деп, екі-үш тәулік оқтау жұтқандай сіресіп жүргенде кішкене бойға қан тарасын деп, аздап әңгімеге әзіл араластырып, жан шақырғаны оңды болар ма еді. Өзі де үріп ауызға салғандай әп-әдемі бойжеткен болар ма! Және астыңғы ерінінің оң жағындағы тарыдай мең қалай жараса қалған десеңші! Сурет әншейін.
Әрине, бұл «ұрлығымды» артымда тұрған Серікбай сезіп қалмады ма деп, шетелдік құжатын төс қалтасына мұқияттап салып жатып та, солай қарай жалтақ-жалтақ қарап қойды. Ұзын кезектің бір адым алға жылжығанын олжа көріп, өмірі сырт жерге шықпаған Мінсізбайдың осындайда өзін қалай ұстау керектігі жөнінде ұзақ-ұзақ «лекция» оқыған күйеубаласы қайнағасының әлден жеңілтектікке салынып, үрен-сүренін танымайтын біреудің тарыдай меңіне сұқтанғандығын ұната қояр ма. Бар болғырдың сұқ саусағы аш бүйіріне жебедей қадалар. Солай болған күнде де Мінсізбай мыңқ етпейді. Себебі, шетелдегі, дұрысы, Араб Әмірлігіндегі алдағы көрер жарығының бәрі Серікбайға байланысты. Жол қаражатымен қоса, ертең күн шыға табандары қара жерге тиісімен қонақүйге орналасуы, олай-былай жүріп-тұруы, үш-төрт мезгіл тамағы, бәрі-бәрі соның мойнында. Мінсізбайдың міндеті–айтылған ақыл-кеңесті аяғына дейін сабырмен тыңдап, «Туған қарындасымды алып отырсың ғой, сол арқылы өсіп-өніп, ел қатарына қосылдың ғой» деген секілді қыртымбай қазақбайшылықты мүлдем доғарып, не ұмытып, мұрны тесілген тайлақтай Серікбай сілтеген бағытқа қарай томпаңдап ере беру. Керек десеңіз, мұнан былай: «Мені қайда апарасың, бүгін не істейміз, ертең не істейміз?» деген секілді төтенше сұрақтар да қойылмайды. Қоюдың әбестігін өзі мана алып лайнердің алюминий баспалдағымен жоғары өрлеп бара жатқан тұста анық аңғарған. Туған өлкенің саф самалына ақырғы рет танауын тосып, қоңырқай жейдесінің тамақ түймесін ағытып, әлдекіммен қалта телефоны арқылы асығыс сөйлескен Серікбайдың тұлғасы аяқ астынан зорайып-ақ кеткен-ді.
Шынымен солай-ау, Серікбай бүгіннен бастап, ауылдағы қаптаған көптің бірі емес, бірегейі. Мінсізбай ара-тұра үйіне қадірлі қонақтар келген тұста бірнәрсені міндетсігендей, әрі «Қолың тие ме, тимей ме?» деп те сұрамастан «Мына ағаларыңды мәшинеңмен үйлеріне жеткізіп саларсың» дегенді нығарлап айтушы еді-ау. Ондай өзімшілдікті енді тісіңнен шығарып көр! Шығара алмайды, шығармайтыны – Серікбай дария жағалауындағы шағын ғана темір жол бекетінің кешегі меңгерушісі, бүгінгі күрежол бойындағы станцияларды оңтайландыру саясатының арқасында қызметінен бір-ақ күнде босаған жұмыссыз Мінсізбайды өзі түгілі, ата-бабасының түсіне кірмеген жұмақ өлкеге алып келе жатыр. Өркениетті осы төңіректен іздеңіз. Әсілі жолы болып, жұлдызы оңынан туса, адам баласының ұшқыр қиялының да қолмен қойғандай шындыққа айналуы әп-сәтте екен-ау! Міне, соның нақты мысалы – жерден он-он бес шақырым биіктікте, ақша бұлттармен қанаттасқан алып ұшақтың жұмсақ креслосында шалқалап жатқан мына Мінсізбай. Қиял дегені жолда қалады мұның қасында. Азын-аулақ тірлігінде, нақтылап айтқанда, сол дария жағалауына қоныстанған шағын бекетте біреуден ілгері, біреуден кейін итініп-сұғынып өмір сүрген Мінсізбай «сонау Араб Әмірлігіне біз пақырдың да жолымыз түсетін күн болар ма екен» деп, ең болмаса бір мәрте армандаса екен-ау! Армандауын армандар ғой, бірақ жеме-жемге келгенде ол арманың жүзеге аспаса бекерге арам тер болудың керегі не?! Тіпті, Араб Әмірлігіне барып, жыл сайын демалып қайтатындар қандай бақытты деп, болар-болмас қызғаныш білдірсе не дейсіз! Дубай, Абу-Даби секілді қалалардың аспанмен тілдескен әсем ғимараттарын әлдебір жылтырақ журналдардың сыртқы мұқабаларынан көретін де, одан әрі әуреге түспестен жылы жауып қоя салатын. Жағажайларындағы қиыршық құм үстінде ашық-шашық күнге қыздырынып жатқан аруларға сұқтану – мұсылманшылыққа жатпайтын қылық. Өзін сөйтіп ақтайтын да, ізінше №136-шы тауарныйды өткізіп жіберу үшін иығына теміржолшының брезент бешпетін іле салып, апыл-ғұпыл перронға атып шығатын. Жауын құртындай ирелеңдеген ауыр состав жуық маңда жаныңнан өтіп бола ма. Топыраққа төгілген атамзаманғы қара майдың иісі ме, әлде тыңайтқыш тиеген вагондардан шығып жатқан жағымсыз иіс пе, әйтеуір тынысың тарылып, тамағың жыбырлайды.
Мінсізбайдың көрген күні осы. Мұны өмірге өкпелі ғой дегеннен аулақ болыңыз, бәрі жиналып келгенде адамның зеректігіне, әлемдік құбылыстарды қалай қабылдауына байланысты ғой. Жер жаһанды түгел аралаған пендені бірден бақыттылардың қатарына қосуға бола ма, ал шағын бекет маңынан қарға адым алыс ұзамаған Мінсізбайды соған бола мүсәпірлердің тобына қалай итере саласыз?! Әрине, Мінсізбайға да көп нәрсе керек; құмға батпайтын жеңіл мәшине, аудан орталығындағы қос қабатты коттедж, құс атуға таптырмайтын қосауыз мылтық, моторлы қайық… Оу, осылар өздігінен табылып жатса, мұнан кім бас тартады. Ал табылмаса, осыған бола уайым жеудің қажеті қанша. Кешкілік Ақкүріш әзірлеген шай-судан қанып ішіп, пойыздардың графигі толастаған сәтте Мінсізбай қол созым жердегі дарияның қопалы қолтығына құрып кеткен ауларын қарауға шығар еді. Бәлі, шүпірлеген ақ сазандардан аяқ алып жүре алсашы! Бір қап балықты арқалап үйіне қайтады талтаңдап. Мұның бәрін қалай тауысады. Жарым-жартысын жақын-жуық ағайынға үлестіреді. Ақкүріш ерінбесе бір табағын тұздап, майға былқытып қуырып, осы бекетке он-он бес минут аялдайтын жолаушылар пойызына алып шығар. Артық ақша қалта тесе ме? Ертең балалардың оқуы басталады, интернатта жатып оқитындарының шырттай киініп жүргілері келеді. Жөн-ақ, бекет бастығының балалары да ешкімнен сорлы емес.
Мінсізбайдың төрт құбыласы түгелденгендей әне, сондайда шалқып-тасып бір жасап қалар-ай! Жұрт ауымызға балық түспейді деп, дарияға өкпелейді. Мінсізбай ондайларға миығынан күледі: «Алдымен ниеттеріңді түзеңдер, аузында шүкіршілігі жоқ адамның ауына балық түсе ме?!…».
– Сусын ішесіз бе? Қайсысын қалайсыз? Қышқылдары да табылады. – Бойшаң келген стюардесса жылы жымиып, жанына жақындады. Адам-ау, өңшең оймақ ауыз сұлулар қайдан табыла береді, а?! Мына қарағымның да жебе кірпіктері мен жақұт жанарын тура жұтып қоятындай тамсанасыз еріксіз. Мінсізбай кібіртіктейді. Мәсса-ған, он-он бес шақырымдық биіктік, оймақтай терезеден сыртқа үңілсең түк көрінбейді, қай маңда келе жатқаның және белгісіз… Мұндайда жүрегі бар пенде қалайша қорқынышсыз күй кешеді. Міне, сондай-сондай үрейдің алдын алу үшін бірер стақан шарап ішкізетін болар, әсілі. Төңірегіндегілер жылжымалы сандықша үстіндегі самсаған құтыларға қол жүгіртіп, керектерін кеңірдектен әрі асырып жатыр. Көркем қыздың сол баяғы жылы жымиысы. Сол жылы жымиысымен-ақ Мінсізбайдың мұндай ұшаққа тұңғыш отырғандығын байқап қалды: «Түк қиналмаңыз, бәрі тегін, тегін» дегенді де іштей ұғындырып үлгерді. Бірақ Мінсізбайдың кеудесі көтеріліп-басылып, біреу тілін суырып алғандай тұтығып, түк айта алмады. Тамағы кебірсіп, әзер жұтынды. Шөлдеуін шөлдеген. Әлгі мың болғыр бәрін түсінді, түсінді де бір бөтелке нарзан суды Мінсізбайдың дірілдеген саусақтарының арасына қыстырып, сандықшаны ілгері жылжытты.
Оу, бұл Серікбайдікі не ұйқы?! Туған нағашысының төрінде жатқандай екі аяғын созып жіберіп, креслоның арқалығын түсіріп, қорылға бассын-ай келіп! Мінсізбайдың құлағы күңгір-күңгір. Серікбайдың сілекей шұбырған дорбадай аузы мұның оң иығында жатса, қалай, қайтіп қозғалады. Бәріне шыдайды сіресіп. Сәлден соң «мені неге оятпадың!» деп бетіне бажырая қарамаса сол-ақ. Оятуын оятқан, жуан санынан әлденеше нұқыған. Тегін дүниені Серікбайдан аяй ма. Ішсін, жесін. Мінсізбайдың бұған келгенде қылдай кінәсі жоқ. Өліп қалғандай дыбыс бермеген өзі. Өзінен көрсін ендігісін.
Нарзан суды рақаттана сімірді. Бүйірдегі кнопканы басып қалғаны сол еді, Мінсізбайдың жауырыны да әлдебір жайлылықты сезе қойды. Түсі ме, өңі ме… қалғыды ма, мүлгіді ме?.. Әйтеуір, шым-шытырық дүниенің арасына сүңгіді де кетті. Терезені жаңбыр тамшылары түрткілей ме, әлде тұла бойын әдемі әуен ырғағы тербете ме… Ауылда жүр ме, №136-шы тауарныйды бекет тұсынан өткізіп жіберіп тұр ма… Ақкүріш сәл мұңайған жүзіне болар-болмас шуақ шашып, бұған «қалайсыз?» деп иек қаға ма… Айтатыны жоқ, шырмауықтай шырматылған түсініксіз бір әлем…
– Аға, есіміңіз қандай әдемі еді! –Ой-хой, мынау манағы құжат тексеретін жердегі қарагөз қарындастың сыңғырлаған дауысы ғой, – Мінсізбай, Мінсізбай! Ата-анаңыз ақын шалыс кісілер болды-ау, шамасы!
– Жо-ға, ақын шалыстық немізді алған. Балықшылар өңшең. Өз өтініштері бойынша теңіз жағалауына апарып, өз қолыммен жерлегем…
– Сіз сонда… сонда қалай? – Жебе кірпіктер әлдебір тылсым құдіреттің күшімен Мінсізбайдың қойын-қонышына сұғына кіріп барады. Ауыртпайды, аймалайды, жанға да жағымды: – Ешқандай мінсіз, кемшіліксіз, самародный сары алтыннан жаралған адам болдыңыз ғой, ағасы?!
– Олай деген кім бар, көкетай. Мінсіз адам бола ма мына өмірде, мінсіз адам бола ма мына біздің қоғамда?!
– Ал сіздің есіміңіз бәрібір алыстан айқай салады, алыстан менмұндалайды. Мін-сізбай!
– Жақсы адам болсын, жақсылармен жолдас болсын деген шығар. Қазақ есімді де бір нәрсеге жорып қояды ғой.
– Тамаша, тамаша есім! Сірә, сізге де тірлік кешу оңайға соқпайтын болар.
– Неге, жұрт қатарлы тырбыңдап жатырмыз, әйтеуір. Бірде олай, бірде былай.
– Иә-иә, мен де түсінемін бір нәрсені. Сіз де ет пен сүйектен жаралған жұмыр басты пендесіз. Дұрыс, дұрыс айтасыз, түп-түзу жүру… керек десеңіз, рельсті де оқтай етіп ешкім төсей алмайды. Тепловоз күш алу үшін кейбір бұрылысты әдейі иеді, әдейі икемдейді. Сіз оның қасында… Сіздің де бір нәрсеге көзіңіз түседі. Алып кеткіңіз, жұлып кеткіңіз-ақ келеді…
– Болды ғой, талай оқиғалар.
– Міне, сол сәтте сіздің ішіңіздегі қоңырау қаттырақ соғылады да, ілгері созған қолыңызды дереу кейін тартып аласыз. Өйткені, сіз, сіз… өзгелерден бөлек, мінсіз жаратылған адамсыз. Сіз Мінсізбайсыз! Ата-анаңыз да қызық…
– Олардың бұған қатысы не?
– Қатысы, қатысы болғанда қандай! Сізді де кішкене аяу керек еді. Әлде, балам бірден жұмақ өмірге топ етіп түсе қалады деді ме екен, а?! Мына заманда… Бәлкім, сіз шынымен де мінсіз адам шығарсыз. Мен оны қайдан білейін, әйтсе де бір нәрсеге ішім жылиды… Мәселен, сіз маған түк жақсылық жасамасаңыз да, мүмкіндігім болса… тек Мінсізбай деген есіміңіз үшін ғана жаныңызда біраз уақыт бірге жүрген болар ем. Өзім үшін, өзімнің тазаруым үшін!
– Не, не дедіңіз, қалқам?!
– Мінсізбай… Жолыңыз болсын, Мінсізбай аға!..
Алып ұшақ Дубай әуежайына төмендеп келе жатты.
***
Мінсізбай Араб Әмірлігіндегі аспан тіреген ғимараттарға аузын ашып тамсанғаны болмаса, анау айтқандай құм жағада қыздырынып жатқандарға соншалық сұқтанған жоқ. Теңіз көрмей жүрсе бір сәрі, құм көрмей жүрсе бір сәрі! Мұның бәріне бала кезден көз үйренген. Ал мұндағы құм денеге жұқпайды, бұл табиғатта сирек кездесетін жаратылыс деп күмпілдетеді біреулер. Тіпті, сол құмды әлдебір өңірлерден әдейі ұшақпен тасымалдайды-мыс; мұхиттың суы мөлдір, тұзды, мұнан артық шипаның адам ағзасына керегі шамалы-мыс. Жә, солай-ақ болсын, Мінсізбай түк көрмегендей күн іргеліктен кездік бойы көтерілісімен ұятты жерлеріне бір елі бірдемені жапсырса жапсырып, жапсырмаса тырдай жалаңаш күйінде бес жұлдызды қонақүйден шыға салысымен мұхитқа қойып кететіндерге не дейді?! Бір нәрсе айтуға шамасы келе ме, бұл жарағырлардың тілдерін және түсінбейді.
Үстеріне малындырып ақ матадан пішілген кең қолтық көйлек киіп, сақал-мұрттарын әдемілеп қырғызып, саусақтарына добалдай алтын жүзік салып жүретін арабтармен айтысуға да Мінсізбай іштей дайын. Тек соның оңтайлы сәтін кезіктірсе деңіз. Міне, әділетсіздік, міне, дүние шашудың көкесі! Мінсізбайдың тілеуін тілеп артында қалған сарғыш даланы кім адымдап өлшеп көріпті. Дала жарықтықтың ұшы-қиырына көз жетпейді.
Ал мына арабтарыңыз мұхит жағасына шомбал-шомбал тас үйіп, арасына тонналап құм сеуіп, қолдан арал жасайды, жасаған-ау! Мұхитты әрі шегіндіреді, сол жасанды аралдарға зәулім-зәулім үйлер тұрғызады, бақ орнатады, көкорай шалғынмен көмкереді, көшелеріне жайнатып ион шамдарын орнатады. Неше түрлі ойын-сауықтары да соның ішінде. Мақұл, байдың малын байғұс қызғанып несі бар. Жайната берсін жасанды аралдарын. Ал Мінсізбай тұратын шағын бекет маңайынан көзге ілігер қара тапсаңыз кәні; қыста бет қаратпайтын ақ түтек боран, жазда ұшқан құстың қанаты күйетін аптап. Жер дегеніңіздің есебі жоқ, иен дала. Бір жұтым суға зар болып, күн көзінде қалған қара терідей бүрісіп, жиырылып атырап жатады аңқасы кеуіп. «Міне, нағыз әділетсіздік, әділетсіздік!» деп Мінсізбай бұл әрекетінен түк шықпасын білсе де іштей булығып, талай мәрте шырқыраған. Мұнда жер тапшы. Бұл не басынғандық, мұхиттың мөлдір суын құммен, таспен тұншықтырады. Атақты ақын құрдасының бір жол өлеңі еске түседі осындайда: «Теңіз, тауды көзге ілмей, дала кезіп, далақтап шаба бергендеріңіз не, аталар-ау?!».
Қойшы құрысын, Мінсізбай бұл пәледен құлантаза айыға алмайды бәрібір. Мына қырсықты қараңызшы, сол жасанды аралдарды сонау жер түбінен, қазақ даласының бір пұшпағынан болмашы тиын-тебенге жалданып келіп, Серікбайлар мен Мінсізбайлар соғады. Серікбайдікі біржарым айлық вахталық әдіс. Бірнеше жылдан бері соған үйренген. Ойпыр-ай, біреу айтса сенбес еді, мына мың жасағыр күйеубаласы сол жасанды арал соғудың нағыз шебері болды да шықты, мінекей! Жер қыртысын зерттейтін бесаспап маман. Мінсізбай Серікбайдың қандай оқу бітіргендігін де ұмытып қалған бүгінде. Бәрі ұмытылған. Ұмытылмайтыны… сол үшін Мінсізбайдың жердің тесігіне кіріп кететіндей ұялатындығын сұрамаңыз! Серікбайға мәшинеңмен келген қонақтарды үйлеріне жеткізіп таста деп, кәдімгідей зілдене міндет артушы еді-ау! Ұят-ай! Ұят-аятты ауырсынбай көтере беруге де еті үйреніп кететіндігін қайтерсің пенде байғұстың!
***
Мінсізбайдың әзірге қолы бос. Қолым бос екен деп дымнан-дымсыз қалай жатады, жата алмайды. Күн шықпастан ерте оянады. Беті-қолын мұздай сумен шайынса шайынып, шайынбаса аяғына ескі сүйретпені іле салады да шомбал тастармен қор-шалған арғы мүйістегі азық-түлік дүңгіршегіне жүгіреді. Дүңгіршектің иесі – татар жігіт. Әмірліктегі бизнесі әулетіне молынан жетеді-міс. Екі-үш жылдан бері осында, керек-жарағын су жолымен тасымалдайды. Арзан. Арзандығынан бұрын айналайын арабтар біреудің қалтасындағыны санамайды екен, әркім маңдайына жазылған несібесінің құлы. Мінсізбайға да осынысы ұнайды. Татар жігітімен әмпей-жәмпей. Тілі түсінікті. Айран, сүт, тоқаш, жаппа нанды несиеге ала береді. Мінсізбайдың алдап кетер алаяқ адам еместігі сөйлеген сөзінен, бітім-болмысынан ап-анық аңғарылып тұр. Сонау ит өлген жерден Серікбай шырақ қайнағасын бекер сүйрелемеген шығар. Бұлардың қолдарына да қарға тышар. Одан арғысы қиял-ғажайып ертегі. Ойпыр-ай, Мінсізбайды неғып арманшыл адам етіп жаратты екен, а?! Кішкене көңілі көтеріліп, көзін жұмса-ақ бітті, төңірегі жұмақ әлемге айналып жүре береді. Кейде осы мінезінен аздап айылын жияды. «Ашық ауыз адамды нарық заманы құп көрмейді». – Серікбайдың қайбір «ережесін» еске сақтайды. Мейлі, айтсын, айта берсін. Мінсізбайдың мойнына нақты бір шаруаны мықтап жүктесе бітті ғой. Қара жұмыстан шаршайтын адамды тапқан екенсің! Қара тасыңды қақ тіледі, тәулік жоспарды екі-үш есе асыра орындайды. Себебі, мұнда қыдырыстау үшін емес, вахталық әдіспен жұмыс істеп, табыс табу үшін келген. Табысты да күреп тапқысы келеді. Серікбай секілді шетелдік мәшине сатып алса, бекеттегі үйінің шатырын қызыл черепицамен жаңаласа, шай ішіп отырып үлкен экраннан айтыс пен терме хабарын көрсе – Мінсізбайды біреу «мұның қалай?» деп күстаналай ма?! Тапса адал еңбегі, табан ақы, маңдай тері. Сосын Ақкүрішке де бірлі-жарым киім-кешек сатып алмақ ойы бар. Араб Әмірлігінде алтын сырға, алтын білезік тым қымбатқа түспейді-міс. Шұбыртып бала тапқаннан басқа о пақырдың жарқырап киінгенін кім көріпті. Мінсізбайдың да артын жауып, дымын білдірмей жүрген жалғыз тірегі – сол Ақкүріш. Қиян шеттегі қырық бес күндік вахталық жұмысқа кеткен Мінсізбай бекет меңгерушілігінен ауызша ғана қысқарған-ды. Ертеңгі күндерінің не болатындығы әлі белгісіз. Белгілісі – Бәйгеқұм бекетіндегі оншақты теміржолшының жатаған үйлері жер бетінен күреліп тасталынбайды. Күре жол бойымен стратегиялық маңызы бар жүк тасымалдаған ауыр составтардың арлы-берлі ағылғаны сол ағылған. Бергі жақтағы тораптық стансаның дөкейлері ғой бар пәлені төндіріп жүрген. Аздап Мінсізбайға өкпелі. Айында-жылында Мінсізбай бастықтарға бір тоқтысын сойып, дұрыстап шай бермейді. Бергісі де келмейді. Әйтпесе, анау айтқандай, тұрмыс-жағдайы да ешкімнен сорлы емес. Балығын аулап, ауысқанын пұл қылып сатып отыр. Қорасынан екі-үш ірі қараның мойны қылтияды. Аз дәулет пе жаман теміржолшыға. «Қысқарасың» деп Мінсізбайды тәубесіне түсірмекші ғой баяғы. Қоянның қасуына – мылтықтың басуы, ал керек болса! Мінсізбайдың жоғалтатын түгі жоқ, күйеубаласының соңынан еріп, вахталық жұмысқа кетті де қалды. Ақкүріш түннің бір уағында төсегінен тұрып, теміржолшының сарғыш күртешесін иығына іліп, арлы-берлі қайшыласқан тауарныйларды бекет маңынан аман-есен өткізіп тұрса… Мінсізбай да жетер бір күні артынып-тартынып. Оу, оның қасында татар жігітінің болмашы қарызы дегенің не тәйірі?!
Серікбай Мінсізбай дайындаған ертеңгі асты терлеп-тепшіп, асықпай ішеді. Ондайда қайнағасының да қысық көздерінен кәдімгідей жарқ-жұрқ етіп, от ұшқындайды. Қолды-аяққа тұрмай зыр қағады. Өздері жылжымалы вагонда тұрады. Мұхит жағалауы, оң бүйірінде бес жұлдызды «Әндіжан сарай» қонақүйі. О жақта күмбірлеген күнде той, сан түрлі тілде ән шырқалады. Демалушылардың шадыман күлкілері мен сәл масаң тартқан жүріс-тұрыстары түннің бір уағына дейін толастамайды.
Ал Мінсізбайға газ плитасына ботқа пісіру, шай қою түкке де тұрмайды. Шабыттана кіріседі. Шайды да баптап дайындайды. Және істеген ісі тап-тұйнақтай. Дастарқан жиегіне шыбын қондырмайды. Компанияның өзге жұмысшыларымен бірге Серікбай ертеңгі ас үшін «Әндіжан сарайдың» астыңғы қабатындағы асханада сығылысып тұрса қалай болар еді. Тұрды ғой мүйіз шықса. Тамақтанған құрлы болмады. Ал мынау рақат! Өздерімен өздері. Күбір-күбір, сырласады, әңгімелеседі. Ең бастысы, ас пісірсе де Мінсізбай бір шаруаға жарағанына қуанышты. Яки, текке жүрген жоқ.
– Сіздің жағдайыңызды түсінемін, –дейді Серікбай самайдан аққан ащы терін ақ сүлгімен сүртініп отырып, – екі-үш күн шыдаңыз. Бастық іссапардан оралсын. Сосын жұмысқа кірісесіз. Құрығанда тас тасыған КамАЗ-дардың есебін шығарып отырасыз.
«КамАЗ-дардың есебін шығару» – Мінсізбайдың көңіліне соншалық ұнамайды. Әйелдер, не әлдебір жарымжан кісілер атқаратын шаруа секілді елестейді. Мінсізбайға міне, мына тастарды қайламен үгітесің десе қандай жарасар еді; не қиыршық құмды қапшыққа салып, аулаққа апарып төгесің десе қандай жарасар еді! Қағаз жазуды о бастан маңдайға жазбаған.
– Шыдаймыз, шыдамай қайда барамыз! – Мінсізбайдың аздаған өкпе-назы да осының ішінде. – Жер түбінен келуін келіп алып, саусақты танауға тығып, кері қайтпасақ…
– Олай болмас, компанияның акциясына ортақсыз. Ал акция – ақша, – Серікбай қайнағасының кіреуке жанарына елеусіздеу назар жығады: «Вахталық жұмыстың тізімінде барсыз. Алғашқы айлық сізге бұйырмайды бәрібір, оны біліп қойыңыз. Біз де сөйткенбіз. Бұл – заң. Сонан соңғысының-ақ берекесін берсін. Бұлай болмаса сізді осынша жерге сандалтып нем бар?!» деп Мінсізбайдың алдында ақталып жата ма. – Көңілді жүріңіз…
– Көңілді жүремін, көңілді жүрмегенде… – Мінсізбай өзін-өзі қинап күледі, – айлық жүріп жатса да адам зерігеді екен аздап. Мұндай еркіндікке үйренбеген басым…
– Неге зерігесіз, Әмірліктің бар орталығы бір жерге шоғырланған. Аралаңыз асықпай. Енді қайтіп бұл араға келесіз бе, келмейсіз бе?! Мұхит суына түсіңіз, күнге қыздырыныңыз. Жұрт осыған пәлендей қаржы жұмсап қол жеткізе алмайды. Ал сіз…
– Бәрі сенің арқаң ғой, – деді Мінсізбай. Түбі айтылатын сөзді ертең, арғы күні деп сағызша созғыламай айтып салған «ерлігіне» кәдімгідей іші жылыды.
***
«Бес жұлдызды» қонақүйдің жағажайы иек астында. Небір көз құртына айналған құлын мүсіндерді көргіңіз келсе, дереу ертеңгілік Серікбай жұмысына кеткен соң жылжымалы вагонда жалғыз қалатын Мінсізбайдың жанынан табылыңыз. Түрлі-түсті көркем фильм. Қаншардай қатқан, ту биедей былқылдаған небір сұлу денелер көз алдыңнан дөңгеленіп өтіп жатады, өтіп жатады. Теңге сұрамайды, дүрбінің қажеті шамалы. Жалықтырмайды. Сұлулықтың жаттығы бола ма. Күнге қақталған қоңырқай бейнелер сәт сайын өзгереді, сәт сайын тылсым дүниемен тіл табысасың. Тамағың кебірсіп, түкірігіңді ашқарақтана әзер жұтасың. Сенің жаныңа да алданыш боларлық бір нәрсе керек тәрізді. Ол не, оның құпиясын Мінсізбай түсіне алар ма?! Көзін сәл жұмса мына кереметтерді жоғалтып алатындай, бір қорқыныш сезім алқымына тіреледі.
Кенет әлдекімнің жағадан естілген жан ұшыра шыңғырған дауысы Мінсізбайды бейқам отырған жерінен жұлып әкетті. Тұра сала алға ұмтылды. Жағадағы қиыршық құм үстімен құстай ұшып, әп-сәтте әлгі абыр-сабыр үймелеген топтың қақ ортасынан табылды. Шашын жұлып, ағыл-тегіл дауыс салып жылаған орта жастағы жалаңаш әйел көктен рақым тілегендей аңтарыла аспанға қарап, енді бірде көкірегін түйгіштеп, тізерлеп отырып армансыз аңырайды. Сирек шашты күйеуі ебедейсіз қолдарын ербеңдетіп, жанындағылардан жәрдем сұрағандай жалынышты күйде әркімнің жүзіне жалтақ-жалтақ қарайды. Жүрек айнытатын дабыл үсті-үстіне даңғырасын қағады.
Мінсізбайға бар жағдай түсінікті еді. Мұхиттың асау толқындары арасынан жеті-сегіз жас шамасындағы қыз баланың әлжуаз денесі су астына бір батып, бір шығады. Құтқарушылар отрядының моторлы қайығы суға түскенше қай заман. Жағадағы шомбал тастың үстіне лақша секіріп шыққан Мінсізбай бар күшін бойына жинап, серіппедей тартылып, мұхит суына қойды да кетті. Судың терең тұсымен жылжығанды жөн көрді.Екі қол, екі аяғына тыным жоқ. Суға жүзуге келгенде алдына жан салмайтын Мінсізбай демін шығармастан оқша зулап, су жұтып өлі мен тірінің арасында хал кешкен жас қыздың талдырмаш денесін қапсыра құшақтады да, сәл басын жоғары көтеріп, жан екпінмен жағаға қарай жылжыды.
Кеудесінде жаны бар. Іші-бауырын әлеуетті қолымен бір басып, танаудан су атқылатты да, бір дем шығарып алған соң ендігі қорқыныш артта қалды ғой деген сеніммен, дәу толқындармен арпалысып, құр бекер байбаламдағаннан басқа амалдары құрыған шарасыз топты нысанаға алды. Әупірімдеп жағаға да жетті-ау! «Жедел жәрдем» де келіп үлгеріпті. Мінсізбай да шаршағандығын енді аңғарды. Шалқасынан түсіп біраз жатты. Төңіректегі айқай-сүрен сап басылған. Қыздың әке-шешесін топ арасынан кезіктіре алмады. Жағажайдағы сұлу бикештер заматында тілден айырылып, өзгелердің өздеріне көбірек сұқтанғандарын ұнататын өзімшілдікті дәл осы жолы басы бүтін әдіре қалдырып, түгелімен Мінсізбайдың білем-білем бұлшық еттеріне, қақпақтай жауырынына тесіле қарап қалған-ды. Ал әділдігіне жүгінгенде қайдағы бір теміржолшыға мұнан артық құрметтің қажеті не?! Ел-жұртты ерекше ерлігімен таң-тамаша қалдырды. Ең бастысы, өмірі көрмеген, танымайтын бір адамды ажалдан құтқарып қалды.
Өз-өзіне келген соң сүйретіліп, жылжымалы вагонға жақындады. Серікбайдың түстікке шығатын уақыты да таяп қалған-ды. Екі-үш сағат өтті ме, өтпеді ме, ішінде ақ матадан шұбатып ақ жейде киген арабтары да бар бір топ адам бұлар ауыздарына енді дәм ала бергенде, сау етіп жетіп келді.
– Сіз не бүлдіріп жүрсіз?! – Серікбай сызданып, ызғар шаша қарады. «Не бүлдіруші ем». Мінсізбай иығын бір қиқаң еткізді. Аудармашы Мінсізбайдың әдресіне дүниеде жоқ небір алғыстарды жаудырсын-ай келіп, жаудырсын-ай келіп! Серікбай шайына шашалды. Болар-болмас жүзін жылытты.
– Сізді ерекше сый-сыбаға күтіп тұр, – деп алға жылжыды аудармашы.–Бірақ оны аса салтанатты жағдайда табыстаймыз. Хабар өзімізден. Ол «Әндіжан сарайдың» шейхтер демалатын апартаментінде өтеді.
– Сіз не, сіз не… – Серікбайдың тілі күрмелді, – ал керек болса!.. Жарайсыз, қайнаға! – Болған жайды енді түсінді. – Вахталық жұмысқа бекер ертіп әкелмеген екем…
Ажалдан құтқарылған қыздың әке-шешесі Мінсізбайды ортаға алып, алма-кезек құшақтап, шөпілдетіп бетінен сүйеді. Құлағына әлденелерді сыбырлайды. Кешкілік әлгі топ тағы келді қаздай тізіліп. Жағажайдағы күзет бөлімінің бастығы, сақал-мұртын әдемілеп қырғызған араб аудармашыға былай деп бұйырды: – Менің бұйымтайымды өзгеріссіз, сөзбе-сөз аударасыз.
– Құп!
– Сіз біздің әлем алдындағы абырой-беделімізді сақтап қалдыңыз. Әлгі істің аяғы насырға шапқанда… Тіфә-тіфә, өзімен кетсін! Біздің имиджіміз бірден төмендер еді, туристер азаяр еді. – Жағажай күзет бөлімінің бастығы өзімсініп, әдемі жымиып, Мінсізбайдың иығына ап-ауыр білегін артты: – Сіз бәрінен бұрын бізге керексіз. Су астында дем алмастан сағаттап жүзетін көрінесіз. Біздің құтқарушылар отрядына қызметке келуге қалайсыз? Үстеме жалақысымен, әрине! Келісім берсеңіз ертеңнен бастап, біздің команданың белді мүшесі боп шығасыз.
Мінсізбай Серікбайға «не істеуім керек?» деп міңгірлейді. «Келіс, мұндай мүмкіндікті құр жібермеңіз!» – Күйеубаласы күлімсіреп иек қағады. Тым сыпайы, тым мәдениетті. Шейхтер демалатын апартаменттегі салтанатты кешті көз алдына ойша елестетеді. Мінсізбайға мәшине мінгізе ме, ақшалай сыйлық бере ме? Не болса да қасында қалқиып аман жүрсінші Мінсізбай.
– Аты-жөніңізді дұрыстап жазып алайық, – деп аудармашы «біздің заманның басты геройы» – Мінсізбайға жақындады. Мінсізбай Серікбайға тағы жалтақтады. Осынысы артықтау еді, әрине.
– Мінсізбай, Мінсізбай Мұңайтпасов!
– Мінсіз…
Серікбай шыдап тұра алмады: – Шаруаны бүйтіп қиындатпайық. Оңай әдіске көшейік. Мінсізбай деп тілге күш түсіріп қайтесіздер. Миша, Михаил… десеңіздер жеткілікті ғой. Сіздерге де ыңғайлы. – Үлкен міндеттен құтылғандай, қаперлерінде жүрсін деп мына мәселені де ұмыт қалдырмады: – Апатты жағдай туындағанда бұл кісіге суға түсетін арнайы скафандрдың қажеті жоқ. Оқтаулы мылтықтай әркез дайын ғой біздің Мекең. Бірден суға сүңгиді.
– Ғажап, ғажап! – деп басын шұлғиды құтқарушылар отрядының командирі Мінсізбайдың мойнынан ап-ауыр білегін ажыратпаған күйі.
***
Мінсізбай жағажайдағы биік сәкіге орнатылған құстың ұясындай үйшігінде отырып, өзіне тиесілі кезекшілігін атқарады. Суға түскендердің қызуқандылықпен шекара-шептен ары асып кетпеуін қадағалайды. Шекараның арғы жағы терең құрдым. Күн шарадай тыныш болса да мұхит толқындарының әупірімдеген екпіні бір басылмайды. Желкенді қайықты жалға алып, жағалаудан ұзап кететін «жүрек жұтқандар» да жеткілікті. Ондайларға екі-үш дүркін «ескертпе» дабылы соғылады. Егер оған құлақ қоймаса, өздерінен көрсін. Мінсізбай тізілген кнопкаларды мыртық саусағымен нұқып жібереді де, құтқарушылар отрядын көмекке шақырады. Тыныштық керек, кезекшілігінің төтенше жағдайлардан аулақ болғаны абзал.
Өткен сенбіде аздап жұтып алған тарамыс денелі бір қартаң кісіні суға батып бара жатқан жерінен құтқарып қалды. Мінсізбайдың қырағы көздері ондай жарыместерді қалт жібермейді. Дереу қағып түседі. «Төтенше жағдайға» жүз пайыз дайын; арқасына ауа толтырылған баллон арқалап, аяғына «үйрек табанды» мәсі киіп, аузы-мұрнын резина аппаратпен тұмшалап жатпайды. Қандай жағдай болмасын, бұрқ-сарқ қайнаған мұхитқа бір-ақ секіреді. Теңізде туғандығының, дария ағысына еркін жүзе алатындығының пайдасын осында көрді Мінсізбай.
Жалақысы да жан сақтауға жарап тұр. Ал «төтенше жағдайлар» кезіксе оларға арнайы қосымша төленеді. «Көк қағаз» салынған бешпетінің төс қалтасы томпаяды. Мінсізбайдың шегір көздері дәл осы күндері мұхит төсінен жемтік іздеген қара қарға секілді бар қызуынан, бар жылуынан айырылып, үнемі алақ-жұлақ етіп, төңірегіне тіміскілене қарайды. «Кезекшілігімді ың-шыңсыз өткізейін» деп бергі жағымен ғана ішінен күбірлейді. «Төтенше жағдайлардың» қым-қиғаш ортасынан жиірек табылғысы келеді, мұхит астына жиірек сүңгігісі келеді, суға кеткендерді көбірек құтқарғысы келеді. Ниеті бұзылғаннан сау ма?! Оу, ертең елге барғанда халықаралық әуежайдағы сол қиғаш қас қарындасы: «Мінсізбай аға, қалайсыз, аман-есен жеттіңіз бе?!» деп жайраңдап алдынан шыға келсе… не дейді?! «Жә, сабыр-сабыр, менің атым Мінсізбай емес, Миша, Михаил ғой…» деп түсініктеме беріп жата ма ұялмай-қызармай…