КҮЛКІГЕ ЖАРЫҒАН ЖЫЛДАР
24.08.2018
2637
0

Сонау Гомер заманынан бері сыр-сыпаты (жалғыздығы, даралығы), өндіріс құралы (қағаз бен қаламы) өзгермеген бір көне кәсіп бар. Ол – жазушылық. Құдіреті күшті кеңес өкіметі өзге саланың бәрін артелге біріктіріп, колхозға айналдырғанда, жазушыларды ғана қосақтай алмады. Өйткені, өзінің даралығынан, «менінен» айырылған күні талант құрдымға кетеді. Жазушылардан колхоз құрмақ түгіл, өз басым жұрттың қалай «соавтор» болатынына түсінбеймін. Мұның өзі – екі қатын бірігіп, бір бала тапқандай күлкілі нәрсе.


Тәкен Әлімқұлов

Бұрын қиыр жайлап, шет қонып келген мен, жетпісінші жылдардың ортасында бірінші рет сондай ортаға тап болдым. Бұрынғы «Сараңдардың сары үйіне» іргелес салынған, атақты «Ақ үйге» келіп орнықтық. Жаңа үйдің қырық пәтерлі екенін естігенде, «апыр-ай, екі қошқардың басы бір қазанға симаушы еді, қырық қошқардың басы бір үйге қалай сияр екен?» деп басында қатты қобалжыдым.
Бір тәуірі, есіктес көршілерім сырттай өзім сыйлайтын адамдар болып шықты. Төртінші қабаттағы менің қарсымда – Хизмәт Абдуллин, төменде – Тәкен Әлімқұлов пен Оспанхан Әубәкіров, одан төмен Қуандық Шаңғытбаев, Бекен Әбдіразақов, Есенжол Домбаев болып кете береді… Осылардың ішінде мен үшін, әсіресе, Оспанханның орны бөлек еді. Ана бір жылы Әзиз Несиннің «Ақиреттен келген хаттарын» оқығанда, күлкіден ішегім түйіліп қала жаздап, соны қазақша сөйлеткен Оспанханды іздеп барып қолын алғам. Содан бері оған деген құрметім ерекше.
«Ақ үйге» түскенде, Оспанхан екеуміздің көшіміз қатарлас келіп қалды. Арамыздағы екі жас айырмаға қарамастан, қалжыңдаса беруші едік. Мен алды он бірге, арты үшке жаңа келген төрт ұлымды көрсетіп:
– Мыналар ертең сенің төбеңді ояды ғой. Кейін ренжіп жүрме… Егер тыныштықты қаласаң, үстіне шық! – деп өз пәтерімнің кілтін ұсындым.
– Баладан қорқатын кісіні тапқан екенсің! – деді Оспанхан қолын сермеп. – Менде де мұндай «боксердің» үшеуі бар. Тарсыл-тұрсылға үйренгенбіз.
Осекең осы сертінде тұрды. Он жылдай көрші отырғанда, «төбемізден тықыр естілді» деп бір рет те шағым айтқан емес.
Артынан байқасақ, бұл үйге түскендер – үкімет номенклатурасынан сырт қалған, қызмет-мансапқа иегі қышымайтын, кілең өзіміз сияқты қарапайым жандар екен. Бір сөзбен айтқанда, әдебиеттің «еңбек торылары». Сондықтан бір-бірімізге омырау көрсетпей, тез тіл табысып кеттік. Оның үстіне, «Ақ үйдегі» көршілер – өздерінің атағына сай, жалғанды жалпағынан басып жүрген кілең серілер. Күні бойы ала қағазбен алысқан жұрт түс қайта серуенге шығады. Көңілді әңгіме, ду-ду күлкі… Жаз күндері кешкі суатқа құлаған арқардай, сол тобымызбен таяу маңдағы сыраханаға ошарыламыз. Не айтылмайды мұндай бас қосуларда? Сол дулы топтың жуан ортасында Осекең жүреді.
Оспанхан екеуіміз құлқын сәріден-ақ ұшырасып қаламыз. Мен үш жасар Жәнібекті, ол бес жасар Беделді жетектеп, көшенің қарсы бетіндегі бала-бақшаға бет аламыз. Бедел тым ерке. Таңертең оянбай, оянса бақшаға барғысы келмей, қиғылық салады… Бір күні қарасам, Бедел түзеліп қалыпты. Әкесінің алдына түсіп, томпаңдап жүгіріп барады.
– Әй, мына Беделге ақыл кіріпті ғой! – дедім таңырқап. Оспанхан жымиып күлді де, баласына естірте:
– Сен естіген жоқсың ба? Бедел қазір бақшаға барғаны үшін айлық алатын болды ғой… Бізді асырап тұрған осы! – деп маған көзін қысты.
Сөйтсем, Осекең адамның ойына келмейтін тамаша тәсіл тауыпты. Тәрбиеші әйелмен келісіп, оған күні бұрын біраз ақша беріп қояды екен. Ал, тәрбиеші әр аптаның соңында: «мынау – Беделдің зарплаты» деп баланың көзінше қайтарып беретін көрінеді. Бедел оған иланып, «әке-шешесін асырау» үшін, таңертең төсектен атып тұратын болыпты…
Күлкі үшін туған Оспанхан өмір сәл көңілсіздеу боп бара жатса, «қызықты» осылай қолдан жасаушы еді. Кейде ұлы сәске шамасында телефон соғады:
– Әй, отыра-отыра құйрығың жауыр болған шығар. Төмен түсіп кетсейші! – дейді дауысы күмбір қағып.
– Жайшылық па, Осеке?
– Келсейші… Бір қызық көрсетем!
Амал жоқ, тәпішкемді тырпылдатып үшінші қабатқа түсемін. Жүзінен күлкі шашыраған Оспанхан есік көзінде қарсы алады.
– Гаршиннің «Саяхатшы бақасы» секілді, ойлап тапқан бір амалым бар еді. Соны сенімен бөліспесем, ішім жарылып кететін түрі бар.
– Ал, көрсетші кереметіңді!
Оспанхан сылқылдап күліп алады.
– Білгіш болсаң айтшы: мен қазір арақты қайда жасырып жүрмін?
– Ит біліп пе?… Ұзаса туалеттің башогінде шығар.
– Ой, ол ескірген әдіс қой!
– Кілемнің орауында…
– Ол да әшкере болған… Біздің Нұрсұлу ол жерден де тауып алып, аузымды әппақ қылған.
Мен «енді не қалды» дегендей, үй ішіндегі қуыс-қуысқа көз салып тұрмын.
– Айтпақшы, сөредегі кітаптардың арты…
– Жоқ, құдай сақтасын, мен кітап пен арақты қоңсы қондырмаймын ғой…
– Мынауың Чеховтың «Жылқы аттас фамилиясынан» да қиын болды ғой. Таппадым, өзің айтшы! – дедім ақыры.
– Айтсам ақысына жүз грамм ішесің ғой?
– Әрине, осыншама азаптан кейін құр ауыз кетер дейсің бе?
– Онда бері жүр? – деп Оспанхан балконға қарай бет алды.
Балконның бір бұрышында Нұрсұлу капуста тұздаған кеспек тұр екен. Оспанхан білекті сыбанып жіберді де, әлгінің ішінен суы сорғалаған бір «астаналықты» суырып алды.
– Осы рахат боп тұр! – деді бет-аузы күлкіден көрінбей. – Біздің қатын бұл капустаны жаңа жылсыз бастамайды. Ананың түбінде әлі екі-үш шөлмек бұғып жатыр…
Әй, жігіттер-ай! Жазушылардың біраз фантазиясы әйелдердің көзін алдауға жұмсалушы еді. Бірінші қабатта тұратын Есенжолдың да бір тамаша тәсілі бар. Жаңа жыл кешінде қонақ шақыру да, қыдыруы да ыңғайсыз. «Компаниясыз» қалған Есенжол келіннің құрығынан құтылу үшін, енді не істейді дейсіз ғой? Сағат ондар шамасында бір кішкентай рюмкеге арақ құйып алады да, көршілерді «құттықтауға аттанады. Алдымен есіктес көршісі Шәміл ағасынан бастайды. Сол үйде біраз қаужаңдап алған соң, жаңағы рюмкені қайта толтырып, екінші қабатқа көтеріледі. Онда Қуандық пен Бекеннің, одан ары Оспанхан мен Тәкеннің үйлері бар. Солардың әрқайсысында он-он бес минуттан аялдап, бұйырғанын татып, төртінші қабаттағы Хизмәт пен біздің үйге жеткенде, Ес-ағаң бабына келіп, зар күйіне жуықтайды. Үлкен міндет орындалды. Соңғы үйлерде асықпай отыруына да болады… Сөйтіп бір үйдің дәмін бір үйге қосқан Есенжол сағат он екіге таянғанда, жаңа жылды қарсы алу үшін, шайқала басып, төмен құлап бара жатады… Біз үшін бұл да бір театр!

Оспанхан Әубәкіров

Театр демекші, Оспанханның оқыған мамандығы – актерлік. Алматы консерваториясының актерлік факультетін бітірген. Бірде Осекеңнен неге әртіс болмағанын сұрағаным бар.
– Ой, ол қызық болды! – деді сылқ-сылқ күліп. – Өзім де байқамаппын, бес жыл оқытқан ұстаздарым да аңғармапты, құдай ұрғанда, мен быдық екенмін. Сахнаға шығайын десем, сөзімді адам ұқпайды. Не керек, бұл масқарадан қағаз бен қалам құтқарды ғой мені. Амал жоқ, көрерменді күлдірудің басқа тәсіліне көштім.
Мен табиғаттың мұнысына да тәубе қылдым. Оспанхан Әубәкіровтың быдық болғаны мұндай жақсы болар ма?! Әйтпесе, «еңбек сіңірген» көп әртістің бірі болып қалар ма еді, қайтер еді? Бойын буған талант ақыры, міне әдебиеттен тесіп шықты. Қазақтың көркем сөзіне ырыс болып қосылды. Несін айтасың, сұрланып тұрған заманда езу тартуды ұмыта бастаған халықты, әй, бір күлкіге қарық қылды-ау! Сол бір алпысыншы-жетпісінші жылдарда Оспанханның сықағы оқылмаса, сахнаның сәні кірмейтін-ді. Ауылда да, қалада да қыран-топан күлкі. « Екі қыздың әңгімесі», «Жеті ата», «Жағымпаздың жаттығуы», «Шопырдың намазы» дегенде-ақ, жиналғандар жырқ-жырқ күле бастайтын. Оның Көдиі мен Бөдені, Мимырты мен Кәуікбайы, Зымзиясы – күлкінің ұясы тәрізді. Сөйтіп, ол марғау халықты ұйқыдан оятты. Оятқанда, «аттан» салып айғайлап, не су шашып шошытып оятқан жоқ, жұрттың табанын қытықтап, күлдіріп оятты.
Әубәкіров әзілінің нысанаға дөп тиетіні оның тіл байлығында жатыр. Ол – халықтық тілдің мәйегін бойына мол сіңірген жазушы. Ал былайғы өмірде Оспанхан сықақшы екенмін деп тәйтік сөйлемейтін, нәзік жанды, аса байыпты жігіт болатын. Соған орай, оның әзіл-оспағы да сынық салғандай сыпайы еді. «Әзілің жарасса атаңмен ойна» дегендей, ол не айтса да жарасып тұратын…. Оспанхан оқта-текте Қарақыстақтағы ауылына барғанда, ақкөңіл ақынды жора-жолдастары үйге тоқтатпайтын көрінеді. Ертеңінде шешесі: «көп қыдырасың, денсаулығыңды күтпейсің» деп ұрсып отырса керек. Сонда, Оспанхан әкесі Әубәкірге бұрылып:
– Әуке, бәйбішеңіз қонақтың мазасын алды ғой. «Қой» демейсіз бе? Өзіміз әйелімізді қатты ұстаймыз! – депті. Соны естігенде, ашуланып отырған анасының өзі күліп жіберген екен.
Иә, қалауын тапсаң әкең мен шешеңе де қалжың айтуға болады. Мәселе, соны қалай айтуда. Қазір де сахнада оқылатын әзіл-сықақ аз емес. Әртістер ойнап та шығады. Бірақ солардың көбі тым дарақы, мінезге, сөзге емес, айғайға құрылған. «ойын білмейтін жігіт жеңгесін шапқа түртіп ойнайды» дегендей, адамды түйгіштеп, зорлап күлдіреді… Сондай кездерде әр сөзі көрермендердің санасына қорғасындай құйылатын Оспанхан еске түседі.
1982 жылы қыста басымызға бас қосылып, біздің үйге төрт ұлдан кейін бір қыз келді. Мәре-сәре боп қуанып жатырмыз. Бас қосуға сылтау таппай отырған жігіттер нәрестенің перзентханадан шыққанын күтпей-ақ жиналып қалды. Еркек қостау болса да, дастарқан жасап, дуылдасып отырмыз. Сол тұста балаға перзентханада ат қойып, куәлігін қолға ұстатып жіберетін бір заң шыққан.. Көршілер соны еске алып:
– Ау, қарап отырғанша нәрсеге ат таңдамаймыз ба?! – десті.
Тәкен, Қуандық, Хизмәт ағаларымыз – бәрі де сөз білетін адамдар. Ғашықтық жырлардан, әйгілі романдардан небір есімдер аталып жатыр. Әзірше Оспанхан ғана сөзге араласпай, бір шетте бұйығып отырған-ды. Бір мезетте басын көтеріп алды да:
– Бәрі жақсы, ағайындар. Тек, көп қайталанған, тым көне есімдер! – деді күліп тіл қатып. – Егер құп көрсеңіздер, мен төрт ағасы бар құйтақандай қызға төрт әріптен ғана тұратын бір ат таптым. Нәрестенің аты – Ерке болсын. Ағаларының ортасында еркелеп жүрсін! – деді.
Отырғандар отқа май құйғандай, бірден ду ете қалды:
– Дұрыс-ақ!
– Әй, мынау тауып кетті! – десті бір ауыздан.
Сөйтіп, жалғыз қызымызға қайран Оспанхан ат қойып еді. Кейін Еркенің тілі шығып жүре бастағанда, үлкендер қуыршақ ойнағандай соны ермек қылатын. Қуандық ағамыздың балаларға көрсететін неше түрлі «фокустары» бар. Оған Ерке мәз болады. Баланың тілін қызық көріп:
– Мына ағалардың аты кім? – деп сұраймыз.
Ерке үлкендердің атын бұзып айтып, жұртты күлкіге қарық қылады. Кезек Оспанханға келгенде:

Есенжол Домбаев

– Ошахан! – деді Ерке тақ еткізіп. Оспанхан соған керемет разы болып:
–Әй, мына Ерке мені қатырды! Бұған өзім ат қойып едім, соның қарымтасын қайтарды… Менің ошаған екенім рас қой! Бәлем, келесі кітабымның атын «Ошаған» қоймасам ба?! – деп Еркені көтеріп, қақпақылдап жүр…
Осы естелікті жазар алдында, Оспанханның 1984-жылы шыққан таңдамалы жинағын қайта оқып, күлкіге бір кенелдім-ау! Осекең өз қолымен: «Еркенің көкесі – Қабдешке» деп автограф жазыпты. Осы жинақта «Ңөң» деп аталатын мысал өлең бар. Былайша, балаларға арналғандай көрінгенімен, өлең астары тереңде жатыр. Онда өмірі бас әріп бола алмайтын «ң» әрпі былай деп мұң шағады.
Жан-жағыңа қарасаң,
Жұрттың бәрі бас әріп.
«Бас әріп боп тудық» деп,
Бет бақтырмас қасарып.

Қол-аяғы имиген,
«Г», «Ғ» деген аш-арық,
Шамасына қарамай,
Бұлар-дағы Бас әріп.

Аузы-басы ырсиған,
Кір-қожалақ, лас анық.
«Ы» да болды бас әріп,
Шаш ал десе бас алып.

Менің жаман бауырым
«Н» деген де бас әріп.
Бола қалса бас әріп,
Сөз сөйлейді шашалып…
Бағамдап қарасаңыз, осындағы әр әріптің тасасында бір-бірден адам тұрған сияқты. Жазушы «ң» харпін бас әріпке көтеру үшін, «ңөң» деген сөзді ойлап табады. «Ңөңінің мағынасы – айсберг» деп сендіреді… Содан ойланып отырасың да, «су бетінде үштен бір ғана көрінетін осы «ңөң – айсберг» – Оспанханның өзі емес пе екен?» деген тоқтамға келесің.
Шынында да, солай. Оспанхан да көзі тірісінде сол «ң» сияқты «бас әріп» бола алмай кетті. Халық құрметтеп, төбесіне тұтқанымен, іштеріне күлкі жақпайтын ресми орындар езу тартпаған күйі сіресіп қала берді… 1984 жылы Оспанхан Әубәкіров елу жасқа толғанда, оған Жоғарғы Кеңестің әркімдер-ақ алып жатқан «Құрмет грамотасын» да қимады-ау! Нәзік жанды, ақкөңіл ақын соған кәдімгідей мойып қалды.
– Жазушылар одағы грамотаға ұсынған екен. Жоғарғы жақ «коммунист емес» деп кері қайтарыпты. Өнерге партияның не қатысы бар? – деп мұң шаққаны есімде.
Осындай сан түрлі жағдайлар әсер еткен болар, соңғы бірер жылда Оспанханның иығы түсіп, едәуір төмендеп жүрді… 1985 жылы пәтер кеңейту мақсатында, мен «Ақ үйден» шығып, «Сары үйге» көштім. Біз бір жер түбіне кетіп бара жатқандай, Оспанхан қатты құлазып қалды.
– Қап саған әбден бауыр басып кетіп едім, бұл үйден бекер көштің-ау! – деді біртүрлі мұңайған түрмен.
– Осеке-ау, алыс жер емес, екі үйдің іргесі тиіп тұрған жоқ па? – деймін қаперіме ештеңе алмай. Оспанхан сөз аяғын әзілге бұрды:
– Бетке ұстар әріміз едің, «бас жазар» дәріміз едің… Ана «сараңдардың» арасына барып, бұзылып кете ме дегенім ғой!
«Ақ үй» мен «сары үйдің» арасы арқан бойынан аспайды. Көлікке артуға арзымайтын болған соң, жаяу көшіп жатырмыз. Оспанхан бізді «көшірісіп» жүр. Әлі көз алдымда: бір қолымен Еркені жетектеп, екінші қолымен соның бір кішкентай орындығын көтеріп алыпты.
– Мен қызымды көшіріп келе жатырмын. Басқаңда шаруам жоқ! – дейді сылқылдаған әдемі күлкісімен.
Біз бұдан кейін де «Ақ үйдегі» көршілерімізбен дәм-тұзымыз ажырамай, араласып тұрдық. Бірақ, өмірдің базарлы жәрмеңкесі тарқап бара жатқаны анық еді. «Бешпеттің келте пішкен шалғайындай, дүние өтерінде шыр айналды» деп Біржан сал айтқандай, көп адамдар үшін бес күндік жарық дүниенің арты көрініп қалған. Арада тағы бірер жыл өткенде, Тәкен, Хизмәт ағаларының соңынан Оспанхан да қайтпас сапарға аттанды.
Қазір күлкіге жарыған сол бір думанды жылдарды сағына еске аласың. Сағынатының: сол жылдарда сенің де қайратты, жастық шағың өткен. Соны ойласаң болғаны, күні кеше бірге жүрген, қазақ сатирасының қайталанбас шебері Оспанхан келеді көз алдыңа. Ол бұл күнде «Бас әріпке» айналған. Алыс бір қиырдағы мұхит төсінде алып айсберг жүзіп бара жатқандай. Ол – сөз жоқ Оспанханның «ңөңі».

 

 

 

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ

 

 


Орындалуы оңай шарт

Қабдеш Жұмаділов алпысқа толғанда Үржар ауданының Қаратұма ауылында тұратын жерлестері жазушыға телефон соғыпты:
– Қабеке, ауылымыздағы орта мектеп­ке сіздің атыңызды қоюды ұйғарып едік. Аудандық маслихат «Ондай құрмет көзі тірі адамға жасалмайды» деп біздің ұсы­ны­сымызды бекітпей отыр. Енді не істейміз?
Сонда Қабдеш ағамыз:
– Ой, жігіттер-ай, соған бола несіне қиналасыңдар. Маслихаттың қойып отырған талабы қолдан келмейтін, он­шалық қиын нәрсе емес екен ғой. Енді бір жиырма-отыз жыл күтсе, ол шартты да толы­ғымен орындаймыз! – деп жерлес­терін жұбатыпты.


Ең ақырғы атақ

1998 жылы Қабдеш Жұмаділовке «Қазақс­танның халық жазушысы» деген құрметті атақ берілгені белгілі. Арада бірнеше ай өткенде, бір танысы жазушыға телефон соғып:
– Қабеке, естідіңіз бе? «Халық жазу­шысы» деген атақ бұдан кейін ешкімге берілмейтін болыпты. Демек, мұндай құрметке ие болған соңғы жазушы сіз бол­дыңыз! – депті. Сонда Қабекең ойлан­бастан:
– Бәсе, солай болатын-ақ жөні бар. Баяғыда Мұхаммет (с.ғ.с.) пайғамбарымыз: «Бұдан кейін бұл дүниеге пайғамбар келмейді. Ең соңғы пайғамбар – менмін» деген екен. Алланың досы, сол дәнішпан пайғамбарымыз айтқандай, менен кейін халық жазушысы тумайтынын жоғарыда отырғандар білген болар, сірә! – деп жауап беріпті.


Әттең, аңғалдық-ай

Бірде жазушы Әкім Тарази қаламдас досы Қабдешке келіп:
– Атақты ұшқыш Талғат Бигелдинов туралы бір құжатты хикаят жазып едім. Соны журналдан оқыған біреулер: «жазушы сізді ішкіш біреу етіп көрсетіпті. Кейіпкер болуға келіспеңіз» деп ағамызды айнытып тастапты. Енді, міне, шыққалы жатқан жинақтан сол хикаятты алып тастауға тура келіп тұр, – деп кәдімгідей мұң шағыпты. Сонда Қабдеш Жұмаділов:
– Әттең, аңғалдық-ай! «Батыр – аңғал» деген сол ғой. Бигелдинов – батыр атағын екі рет алған кісі. Демек, аңғалдығы екі есе деген сөз. Ондай адамға өкпелеуге бола ма?! – депті күле тіл қатып. – Ал, сен хикаяттың бағын байлама. Кейіпкердің атын өзгерт те, кітапқа жібере бер. Оқырман оның кім екенін өздері-ақ танып алады, – деп кеңес беріпті.


Жазушы – бойжеткен қыз емес

Қабдеш Жұмаділовтың жаңа хикаятын журналдан оқыған таныс әдебиетші жазушыға хабарласып:
– Қабеке, мына шығармаңыздың тұз­дығы тым ащылау көрінеді. Төрде отырған төрелер ұнатпай қалып жүрер ме екен?! – депті өзінше жанашырлық танытып. Сон­да Қабекең:
– Ұнатпаса қайтейін? Жазушы бойжет­кен қыз емес қой – көрінгенге ұнағысы келіп тұратын! Бет-бейнесі қисық жандар айнаға өкпелемес болар, – деп жауап беріпті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір