«Қазақфильм» туындылары Түркияда көрсетілмек
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына түркиялық «TRT» телерадиокомпаниясының Астанадағы өкілдігінің директоры Абдулхамит Авшар келді. Кездесуде Абдулхамит мырза корпорация басшылығының киностудияның картиналарын түрік телеарнасында көрсетуге ниетті екенін білдірді.
«TRT» телерадиокорпорациясы – бірнеше радиостанциялардың негізінде 1964 жылы құрылған. Бүгінгі таңда корпорацияға ондаған халықаралық және аймақтық теле және радиоарналар кіреді. Бұл компанияның радио және телеарналары әлемнің бірнеше тілдерінде жүреді. Көптеген елде өкілдігі бар корпорацияның бөлімшесі Қазақстанда да ашылған.
– Біздің корпорацияға тиесілі «TRT Avaz» телеарнасы аптасына бір рет түркітілдес елдердің киноларын көрсетуді жоспарлап отыр. Осы орайда, біз «Қазақфильмге» келдік, бұл киностудия Қазақстандағы басты және түрлі жанрдағы сапалы кино өндіруші нысан. Қазір біз осы студияның фильмдерімен танысып, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін көрсететін туындыларды таңдап алуды жоспарлап отырмыз, – деді Абдулхамит Авшар.
«Қазақфильм» киностудиясының аудиовизуалды жобалар басшысы Олжабай Мұсабеков киностудия өндірген фильмдер каталогын беруге дайын екенін айтып, «2009 жылға дейін түсірілген фильмдер пленкада сақталған. Алайда Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының көмегімен сандық жүйеге өткіздік. Ескі және жаңа фильмдерді сіздерге қажетті форматта беруге дайынбыз», – деді
Кездесу барысында түркиялық қонаққа киностудия бойынша экскурсия жүргізіліп, «Қазақфильмнің» киноөндірістік мүмкіншілігі және техникалық жабдығы таныстырылды.