Бұл тұман бұрынғыдан басқа тұман…
17.08.2018
1157
0

Сағыныш НАМАЗШАМОВА


Жас күнімде
Сағаттың үнін естімейтінмін,
Қазір тықылы үдеп барады.
Жыл сайын жылдамдық қосатындай
Тіпті секундқа дейін күреп барады.
Уақыттың уысына бәрі түсті,
Бағынбаған тек жүрек қана-ды.
Әр тықылымен бірге
Секундтар сынып кеткендей,
Қос тілі – бірі қуанышымды,
Бірі қайғымды іліп кеткендей.
Балалығым, жастығым бәрі де
Сағаттың ішіне кіріп кеткендей.
Сөйте-сөйте, әбден толғаныңда
Сен жарылатын шығарсың,
Мен бұл жалғаннан арылатын шығармын.

***

Жарқ еткізіп ем жанымнан
Бір найзағай суырып,
Көк қарады үңіліп,
Жер қарады бұрылып.
Найзағайдың ұшқындарынан
Ұшып шыққан мың үміт,
Қанаттарына аппақ бұлттар ілініп,
Қабақтарына ақ сәулелер құйылып,
Күллі әлемді тербеп тұрды жылылық.

Сол-ақ екен
Күдіктерім күңдей болып бүгіліп,
Күмәндарым күлдей болып үгіліп,
Күнәларым Күн нұрына жуылып,
Менің осы нұр саулаған кеудемнен
Мінсіз әлем бейне қайта туылып,
Мәре-сәре болып жатқан шағымда,
Мен кетпейін сүрініп,
Сен кетпеші суынып,
Жарығым!

***

Өлең өзегінен от лақтырды,
Уақыт таңырқап тоқтап тұрды.
Өз отына жана-жана жоқ болды,
Өмір өтірік жоқтап тұрды.

Теңіз тулады, орман шулады,
Олар да сөйлеп жатты Өлең туралы.

Ал Өлең…
қуатын дауылға берді,
мұратын жауынға берді,
құнарын топырақ алды,
кеңдігін атырап алды,
тұлғасы тауларға көшті,
жарығы таңдарға көшті,
әсемдігі гүлге қонды,
құпиясы түнге қонды,
жаны ауылға, тәні қалаға сіңді,
дауысы тарам-тарам боп ауаға сіңді.

Сөйтіп мың-миллионға бөлшектеніп
кеңістікке тарады.
Қазір қайда қарасаң да Өлең кетіп барады.

***

Еңселім,
Сенің игілігіңнің бәрін де
жан салмағымен өлшедім:
Сенен шыққан сәуленің жиілігінен қыл өтпейді,
Сенен тараған толқынның
ұзындығына көз жетпейді.
Осының бәрін айта берер ем, сөз жетпейді.

Бар маңай сол сәулеге шомылып жатқандай,
Сол толқынға көміліп жатқандай.
Жарығыңды басқалар сіңірген сайын
Сенен еселеп бөлініп,
Кеселеп төгіліп жатқандай.

Неткен дархан едің, неткен мәрт едің,
Бірақ сол жарық маған жетпей жатса қайтемін?!

***

Көкейімде біреудің көзі тұрғандай,
Көмейімде біреудің сөзі тұрғандай
кептеліп жүрмін.
Жолымды біреу түзіп бергендей,
Шекарасын шиырлап сызып бергендей
шектеліп жүрмін.

Төбемде тоқпақ тұрғандай,
Ол уақытша ғана тоқтап тұрғандай
бұға беремін.
Өзгеге ләм демесем жауықпас деп,
Өзімді өзім соқсам ауыртпас деп
ұра беремін.
Айтарымды айтпай, қаттап,
Ішімде сары майдай сақтап
сүрлеп жатырмын.
Жаныма шер толтырып,
Тәніме жел толтырып,
үрлеп жатырмын.

***

Күллі ғалам – шет-шегі жоқ құрылыс та,
Ал өмірім – жер бетілік бір нұсқа.
Кейде тіпті күмәнданам өзіме,
Ғұмыр кешіп отырғаным тұңғыш па?

Кей сәттерді екінші рет кешірген
секілдімін.
Не сүрмегем, не сүргем!
Естеліктер жылт етеді де жоқ болып,
Ойнайды олар менің ессіз есіммен.

Көрікті боп көрінсе деп бар денем,
Айна алдында әлем-жәлем сәнденем.
Бір өзімде екі түрлі көлеңке,
Өмірге екі келдім бе екен әлде мен?!

Құс болсам деп шыр көбелек айналам,
Маңайымнан сонда естимін жайдары ән.
Көрем сосын жұлдызтекті бейнемді
Аспан дейтін ең бір алып Айнадан.

***

«В том что умираю не вините никого…»
В. Маяковскийдің соңғы хатынан.

Айтылмай қалды бір сыры…
Тарс етті.
Сосын… тыншыды.
– Мылтықтың даусы?!
– Жо-жо-жоқ,
Жүректің соңғы дүрсілі.
Құйылып өлең оңнан да,
Құйылып өлең солдан да,
Ағыл да тегіл жүрекке
Мелдектеп тұрып толғанда,
Жарылып кеткен жүрегі,
Бозарып кеткен реңі,
Өлеңи емес өмірде
Ақын дегенің кім еді?

«Буржуазияның түнегін»
Жарып бір шыққан жыр еді,
Жарқылдатты көктің жанарын,
Сықырлатты Жердің сүйегін,
Басы үміт, соңы үрейлі
Революцияның ұлы еді.

Саңқылдап тұрған санаңда,
Атойлап тұрған алаңда
Өлеңнің бәрі өксіп кеп
Жиылса қайта жанарға,
Құйылса қайта қаламға,
Ұшар ед көкке жыр-пырақ,
Бұйра бұлттардай бұрқырап,
Жауар ед жерге сел жауын,
Жанар ед көкте мың шырақ.
(Жаныңды мазаламасын
Көкейде қалған бір сұрақ).

Тарс етті.
Жан да ыршыды.
…Жүректің соңғы дүрсілі.

Қабырғаға сурет салғым келеді

Ештеңе де қинамайды мені енді,
Көкшіл түске бояп алдым төбемді,
Төрт қабырғам сан түске еніп құбылса,
Шексіз мына әлем сынды көлемді.

Ести алсаң бояулардың дауысын,
Сезіне алсаң жүрегінің қағысын,
Көре де алсаң сусып жатқан ағысын –
Соның бәрі ем тілеген жан үшін.

Жанарымның жарқылы да қосылған,
Көңілімнің салқыны да қосылған
бояуларды мидай араластырып,
Қабырғаға сурет салып отырған,
Мені көрсең, таң қалма.

***

Амансың ба, әзер* дос, Әфсана қыз,
Сәтті болды сол жолғы бастамамыз!
Білесің бе,
ақындар сапарының**
Түбі ақиқат, бүгінде астары аңыз.

Бауырларды ойлаймын, Әфсана қыз!
Бауыр деуге кімдерден жасқанамыз!
Өзімізде өзіміздің Астанамыз!
Өзімізде өзіміздің Бас панамыз!

«Таулы бақта» тұрасың мұңыңа еріп,
Сен мұңайсаң Каспий де күңіреніп,
Құрметіңнің қайнары бүлкілдейді,
Күллі шейіт кеткендей бүгін өліп.

Әр елдің де бар шығар өз жарасы,
Өз жарасы…
Қайтесің, қозғамашы.
Жарасын жалап жазып келеді әлі,
Осынау Өр Даланың өз баласы.

Арғы жағы Каспийдің бергі жағы,
Қайта айналып келем бе енді тағы?!
Түркі дейтін Алып бір Бәйтеректің
Мен бұтағы, Әфсана, сен бұтағы.

Өріп шыққан Алтайдың баурайынан,
Жел сипап, Күн кеп сүйген маңдайынан,
Еркін ед жерде Тұран, көкте Қыран,
Кетпеген Тәңір сыйы таңдайынан.

Бергі жағы Каспийдің, арғы жағы
Қалаған судың бетін жол қылады.
Қос жағадан қосылып әнге салсақ,
Түркінің түмен рухы жаңғырады.

Хат жаздым, қалам алып, Әфсана қыз!
Жып-жылы естеліктер – дастан, аңыз.
Сағынышпен жолдадым елден сәлем,
Бұл хатымды жауапсыз тастамаңыз.

* Әзербайжандық, * * Бір топ жас ақындардың Әзербайжанға сапары

***

Ғаламды жаратпас текке,
Жер бізге, біз Жерге кімбіз?!
Күлімдеп тұратын көкте
Күн деген – жай ғана жұлдыз.

Аспанның ажары дер ме,
Жұлдыздың жанары – шырақ.
Шырақтар тамады жерге
Асығып, адасып, құлап…

Құлау мен құлдырау теңдей,
Көңілің құлазиды аздап.
Сол шырақ жерде де сөнбей
Кеудемде тұрады маздап.

Білмеймін, көктен не көрдім?
Аңырып қараймын Айға.
Серігі емес пе ең Жердің
Селкеусіз сенімім қайда?

Жұлдыздар ілінген зәуге
Күрсініп қарайды бір қыз.
Күн деген – сөнбейтін сәуле,
Күн деген – ең алып жұлдыз.

Алматыға наз

Аққала-арман соғып ем мамық қардан,
Ол да еріді аяздан жалыққаннан.
Аспанға бу боп ұшқан арманымды
ақ бұлттарың аялап алып қалған.

Уыстап шашар жерге күмісі бар
мына бұлт та солардың бірі шығар.
Ендеше, жауыныңмен жайнап өскен
әр гүліңде менің де тынысым бар.

Деуші едім «Күллі өмірім өлең үшін»,
Бөлек қазір сыртым да, бөлек ішім.
Құшағыңнан шыға алмай қалып қойған
жастығымды қайтарып беремісің?

Жалын шағым, шаттығым, арман, күлкім
кеткенімен жырақтап беріп сыртын,
Ақ тұманның ішінен жылт-жылт етіп
көрініп қалардайын дүркін-дүркін.

Бұл тұман бұрынғыдан басқа тұман,
Несіне оған енді бас қатырам,
Бұлттарым жанымды кеп жуып кетсе,
Жылжып кеп Алматының аспанынан.

Білсем ғой тұманданды қала неден,
Бәлкім онда әлі де алаң-елең?!
«Алматыға түбінде кетем», – десем,
Жарқ еткізіп жанарын қарады Өлең.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір