ТАМЫЗ
Есенғали РАУШАНОВ
Ол қиялшыл бала болатын. Жаздың ми қайнатар ыстығында өзге балалар салқын үйге кiрiп алып, күн төбеден ауғанша ұйықтап жатса, ол көл жағасындағы нән қараталдың басына өрмелеп шығып, алыстарға қарауды ұнататын едi. Көз ұшында бұлдыраған сағым, сағымның алақанында дiрiлдеген Қаратаудың ұзын-шұбақ жоталары, ортада ұшы-қиыры жоқ оман дария… «Дариядан өтсем бәрi де өзгерiп сала берер ме едi» деп ойлайтын бала. «Бәрiбiр мен бұл ауылда қалмаймын» дейтiн тағы өзiне-өзi ант берiп.
Күн болса жанып тұр. Тай-құлын, бота-тайлақ көлеңке iздеп сенделiп кеткен. Қой-ешкi көне тамның көлеңкесiне тығылыпты. Маңай құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Қырқа-адырлар шөбi сарғайып, күңсiп тұр. Әжесi кеше «Сарша тамыз келiптi-ау» деп отыр едi. «Сарша» дегендi, әсте, сарғайған далаға қарап айтқан болды ғой.
Көл жағасына жеңiл машиналар кеп тоқтады. Шамасы қаланың қазақтары болса керек, орысша сөйлесiп, дабырласып жүрiп шатыр тiктi, мосыға шәугiм асып, от жақты. Бұл жартылай жалаңаш аға-апаларға қарап күлкiсi келдi. Қимылдары ебедейсiз, иiлiп-бүгiлуi қиын. Төңiрек қу тезектен аяқ алып жүргiсiз, ал мына кiсiлер болса жыңғылдың жас бұтағын сындыра алмай әлек. Жыңғыл оңай сына ма екен, неге шөпшек термейдi?! Күлiп жiбердi. Өзi құралыптас қызы бар екен, төбесiне үйiп алған ақбантигi желбiреп шапқылап жүрген, кенет қалт тұра қалып бұған қарап әлденелердi айтты. Түсiнбедi. Түсiнбегенi қыз орысша сөйлейдi. Шамада «неменеге күлесiң?» деп ренжiп тұр. Неткен әдемi қыз. «Келешекте алыс қалаға оқуға кетемiн, үлкен жiгiт боламын, сонда дәл осындай әдемi қызға үйленемiн». Мұның iшкi ойын сезiп қойғандай қыз терiс айналып кеттi. Тал басынан түсiп, демде бiр құшақ шөпшек терiп әкелдi. Мосының астына әуелi тамызық тастап, iле қу тезектi айналдыра қалап «үп» деп едi, күнi бойы бықсып, түтеп жанбай жатқан от лап ете түстi. Шәйнек бұрқылдап сала бердi. Қыздың әкесi бұған кәмпит берген – алмады. Көлдi жағалап әрi кеттi. Соңына қарауға ұялды. Қоғалы иiрiмнен өте бергенде шатыр жақтан қыз айқайлайды. Жүгiрiп келедi. Тағы да орысша сөйлейдi. Иiрiмнен әрi су бетiн жауып өскен тұңғиық-гүлдердi нұсқап бiрдеңе дейдi.
– Ол тұңғиық қой, – дедi бұл, «соны да бiлмейсiң бе» дегендей. Қыз тағы сөйледi.
– Неткен әдемi гүлдер?! – деп түсiндi бұл қыздың сөзiн.
– Не, алып берейiн бе?– деп сұрады бұл. Қыз және бiрдеңелер айтты.
– Су терең ғой, қорықпайсың ба?– деп сұрап тұр деп түсiнген бұл:
– Түк те қорықпаймын,– дедi.
– Қой, керек емес,– деп түсiндi, бұл қыздың келесi орысшасын.
– Осы жерде тұр. Кетiп қалма, мен қазiр, – дедi. Дедi де шегiншектеп келiп суға секiрiп кеттi.
Су сұмдық салқын екен. Шекесiнен бiр-ақ шықты. Тұңғиықтың тамыры тереңге кетедi. Әдемi жапырағына ара қонып отыр екен. Су шашып үркiтiп жiбердi. Гүл әжесi айтатын ертегiлердегi перi қыздарының аппақ қайығы секiлдi. Орта тұсы сарғылтым, жиек-жапырақшалары көгiлдiрленiп әсем тербеледi. Бұрын тұңғиықтың мұншалықты әдемi екенiн қалай аңғармаған. «Тiптi, тұңғиықтың астында су перiсi жатады, гүлiн жұлған баланы су астына алып кетедi» дегендi естiп, маңына жоламайтын. Байқаса, дүниедегi ең әдемi гүл – тұңғиық екен. Гүлдiң бiр құшағын төсiне қойып, шалқалай жүзiп жағаға келдi, қыз дегбiрсiздене күтiп тұр екен, әлдене дейдi.
Рақмет айтқаны болар деп түсiндi бала.
– Несiне рақмет, арғы жақта, Тұрғанбек көкемнiң қорасы жақта тiптi көп, мiне мынадай үлкен, – дедi бұл екiленiп, – ертең тағы кел, көп қып ап беремiн, қалаңа алып кетесiң, жарай ма?
Қыз басын изедi. Сосын шатырға қарай жүгiре жөнелдi, Ұзамай жеңiл машина қасқа жолға түсiп қаласына тартып бара жатты.
Сол күнi бала өмiрiнде тұңғыш рет судың суықтығын сезiп едi. Бұл келген Тамыз болатын. Тiсi-тiсiне тимей сақылдап, жағада отырып боз бұлау боп жылап едi. Қызды қимаған. Мына дүниенiң өзi ойлағандай жылы, мейрiмдi, рақымды емес екенiн, бәлкiм, ол сол күнi алғаш рет бiлген болар. Ол, мүмкiн, бұл дүниеде қимасынан айырылып, жалғыз қалу деген сұмдық болатындығын да сол күнi тұңғыш рет сездi. «Сүмбiле туа су салқын, таразыда таң салқын» дегендi әжесiнен күнде естiп жүрсе де мән бермейтiн. Тамыздағы судың салқындығы деген не, оның алдында қарашаның қара суығы, желтоқсанның жентек қары, қаңтар-ақпанның қаhарлы борандары тұр едi. Бала әзiрге оның ешқайсысы туралы ойламайды. Әзiрге – оны тамыз айы қоршап тұр. Досына күтпеген жерден мiнез көрсетiп ренжiтiп алғанына ұялғандай шалқар көл үнсiз. «Қойшы ендi түспеймiн, сен суықсың!» дейдi бала бұртиып. Өкпелегені бұл.
Содан берi қанша жыл өттi.
Содан берi қаншама тамыз өттi оның басынан.
Кешегi жарқын жаз әп-сәтте жалт етiп өте шыққанын тамыз туа бiлесiң. Жүрекке бiртүрлi мұң ұялайды.
Қанша жыл өтсе де сол тамыз, сол қыз есiнен шыққан емес.
Тамыз – бiр аяулы мезет, жаз әлi аттан да, тақтан да түскен жоқ, бiрақ алда, жақын арада бiр өзгерiс болатынын сезесің. Iштей толқисың. Қай-қайдағы есiңе түседi.
Еркем тамыз, жаныңдамын күрсiнсең,
Қалған күнiм өзiңмен өтсе едi.
Алматыға тұңғыш келiп тұрсың сен,
Менен бұрын ешкiм өпкен жоқ сенi.
Қолаң шашы,
Сабау қара кiрпiгi.
Қандай теңеу тапсам дейтiм ботама
Менi ұйықтатып тұрып кеттi ол бiр күнi.
Содан қайтып оралған жоқ, о, тоба!
Қала бейжай.
Шығып жолдың шетiне.
Кiрпiдейiн жиырыламыз бәрiмiз.
Опа жағып әжiм-әжiм бетiне,
Келе жатыр сап-сары күз – Кәрi қыз.
Бiз алда-жалда айларға жаңадан ат қою керек болса, өткен шiлденi «ұя басар» деп, тамызды «қанат қақты» деп атауды ұсынар едiк. Биылғы жылдың балапандары ұядан шығып, әуелi таяқ тастам жерге барып, әудем жерге, одан көк аспанның төсiн шарықтап ұшып жөнелетiн, шын мәнiнде, қанат қақты ай – осы ай. Саңырау құр мен үкiнi бұл кезде көрмеген дұрыс, себебi олар түлейдi, түлегенде де кейде жон арқасы қардай боп жалаңаштанып, оғаш көрiнедi. Үйректiң еркегi де жалаңаштанып қалады. Үйрек демекшi, қаз бен үйрек ескi әнде айтатындай «Ащыкөл Тұщыкөлдiң арасы бір» деп көлден көлге ұшып әбiгерлене бастайды. Себебi ұзақ жол, алыс сапарға аттанарда «жал-жаясын жауып» – кең даланы армансыз бір аралап алғысы келедi.
Тамыз – дегелектердiң қайтатын айы. Кеше ғана үй алдындағы үлкен ағаш басында не шатырда таңдайын тақылдатып «тұратын қасыңызда қасынсып» ерке құс кенет көмейiне құм құйылғандай үнсiз қалады. Елегiзiп ұясына келесіз. Өлiп қалған жоқ па екен деген қаупiңiз бар. Ұя бос. Демек, халық әнiнде айтылатындай «ләйлек кеттi жаз кеттi, қанатында саз кеттi». Жақсы көретiн құсыңызды қимай қу ағаштың басындағы иесiз ұяға қарап қаласыз. Тағы да жүрекке бiр мұң ұялайды. Төңірек бiрден құлазып сала бередi. Аспан бозара бастайды. Жерге қарайсыз – шөп басына тұнған шық қайтып кеткен дегелектiң көз жасы секiлдi мөлтiлдейдi. Тамызды шықтың айы десе де болғандай. Бұл таңда шық ерекше қалың түседi. Ерте кезде шық деген аспаннан құлаған жақұт жұлдыздарың шашыранды сынықтары екен деген аңыз болғанға ұқсайды. Жақұт жерге түскен соң ерiп шөп басына жабысады-мыс. Және бiр аңызда Жер-Ана батқан күн үшiн жыласа, атқан таң үшiн қуанып екi жылайтын көрiнедi. «Шық – Жер-Ананың көз жасы» деген сөз осыдан шықса керек.
Тамыз түндерiнiң тағы бiр ерекшелiгi – жұлдыздар жиi ағады. Қазақтың ырым-жоралғысында айтылатын аққан жұлдыз көрген «жұлдыз жоғары» деп үш рет не жетi рет айту керек деген сөз осындай түндерде ауған болуы мүмкiн. Астрономиялық ерекшелiктер адамдарды қай кезде де қызықтырған. Бiреулер «жұлдыз ақса – кiсi өледi» деп қорықса, ендi бiреулер «жоқ, жұлдыз ақса – құдайдан тiлек тiле, мұратыңа жетесiң» дейдi. Бiз соңғы сенiмдi қолдар едiк. Осы айдың оныншы жұлдызын итальяндықтар ұйқысыз өткізеді деуге болады. Дін жолында мерт болған Лаурентий деген әулиені еске алып, аққан жұлдыздарға қарап тілек тілейді. Ал орыс ағайындардың бұл айға көзқарасы әртүрлі, баспасөз мұны «Қара тамыз», демек қаралы ай, қайғы қасіреті көп ай деп жазып жүргені мәлім. Олай болатыны 1991-жылғы мемлекеттік төңкеріс (ГКЧП), 1998-жылғы халықтың қабырғасын қайыстырып жіберген дефолт, 2000-жылғы 118 адамның өмірін жалмаған «Курск» кемесінің қарық болуы, 2006-жылы 170 адам опат болған Анапа-Санкт Петербург бағытына ұшқан ұшақ апаты – бәрі де осы тамыз айында болған еді. Сондай-ақ, елінің тәуелсіздігі үшін күрескен Солтүстік Кавказ, атап айтсақ, Шешенстан сарбаздарының бақайшағына дейін қаруланған орыс әскерлерін ойсырата жеңген жорықтары да осы айда жиі тіркелген.
Тамызды сарғалдақ (кейде оны мысықторғай деп те атайды) деген құстың айы деп те атайды. Аталмыш торғай осы айда ерекше шабыттанады. Кешегi көкек, сайрақ, байқыз шақыратын тау-тас, орман-тоғайлардан ендi ендi соның «шулағанын» естисiз. Халық сенiмiнде «сарғалдақ шақырса күн құлақтанады» деген. Сарғалдақ туралы
И.Бунин «Август» деген өлеңiнде тамаша суреттейдi. М.Цветаеваның «Август» атты өлеңіне жазылған ән өте танымал әуенге айналғалы қашан. Біздің Шәмшия Жұбатованың «Ах, август…» өлеңі де әнге сұранып тұрған дүние.
Кей жылдары тырналар да тамыздың аяғында қайтады. Мұндай кезде жұрт қазан айының ортасы ауа аяз болады деп жорамалдап, қам-қаракетiн жасай бастайды. Ал тырна қыркүйекте қайтса қыс жайлы болады.
Қазақтың тағы бiр ескi мақалы «Күзгi қымызды күйеуге берме» дейдi. Тамыз жаздың соңы, күздiң басы десек, бұл айда шөптiң буыны қатып, жемiс-жидектер пiсе бастайды. Күшiне мiнiп, бабына келедi. Ат-айғырлардың сауыры жылтырап семiрiп, түнiмен үйiрдi шырқ үйiрiп азынай кiсiнейтiн кезi осы кез.Үлек пен бура да шыбын-шiркей азайған соң майын өркешiне жинай бастайды.
Көктемде туған қозы тұңғыш рет қырқылады. Қырқым аяқталған соң еркек-ұрғашысы бөлiнiп, iле күзем басталады. Күзем жүннен үзiк, туарлық басатыны белгiлi, ол қозының жүнiнен ше? Халық әнiнде айтылатын:
Алты қырдан асырайын,
Ақ текемет басайын
Жетi қырға жеткiзейiн
Желекi кiлем басайын, –
деп осы тамыз айын да айтса керек. Қозының жүнi – сапалы, мықты, әрi нәзiк бола тұрса да ұзын боп келедi. Аяқ астында жататын текемет үшiн ең керегi осы. Жыл он екi ай көшiп-қонып өмiр өткiзген көшпелi халық малдың мүйiзiнен бастап тұяғына дейiн далаға тастамаған, керегiне тиiмдi пайдаланып бала-шаға, келiн-кепшiктi ұқыптылыққа үйреткен.
Тағы бiр рауаяатта кешегi Шығыс Түркiстан қазақтары арасында бұл айда «лақтың басын соғу» деген жоралғы болған. Жоралғы дейтiн себебiмiзге келсек, шөп қатая ешкi семiредi. Әсiресе, лағының бөтекесiн май басып қалады. Көңiл жақын дос-жар, құрамдас кiсiлер кейде бiр-бiрiне лақ сыйлап шақырысады екен. Бiр-жар сағат қайнар-қайнамастан ет былқып майы бетiне қалқып шыға келедi. Шошайып тұрған екi тұқыл мүйiзiн түбiнен сығымдап қысып қалсаңыз, әбден пiскен жас лақтың басы қақ айрылады. «Лақтың басын соғу» дегенi, мiне, осы. Қазақ әрбiр күнiн көңiлдi өткiзуге тырысқан. Малдың соңында қысы-жазы салпақтап мойны ырғайдай, битi торғайдай боп арып-ашып, азып-тозып кетпеудiң бiр жолы – Алла тағаланың әрбiр күнiн ырызғы-несiбелi деп түсiнiп, әр күндi көңiлдi өткiзу. Бiр ауылда «лақтың басын соғып» ендi бiр ауылда қыз ұзатып жатса, қырдың астындағы келесi ауылда қыз-бозбала жиналып жүн сабап жатады. Жүн сабау – жастардың бас қосатын тағы бiр мерекесi. Үлкен кiсiлерден аулақ, сырт көзден тыс сырласатын, оңаша әңгiмелесетiн өзiнше бiр «бастаңғы».
Етектiң шөбi сарғая бастағанмен тау беткейлерi әлi жап-жасыл. Жасыл дегенiмiз не, киікоты (душица) гүлдер ендi-ендi кемелiне келе бастайды. Биiкте өскен андыз (девясил) көз тартып, ұшар басындағы сары гүлi алақандай боп ашылған, оған iлесе ермен (полынь) гүлдеп тұр. «Андызды жерде ат өлмес, ермендi жерде ер өлмес» дегендi осы екеуiнiң тамыз айында қатар пiскенiн көрген сүйсiнген қазақ айтпады ма екен? Шәйқурайдың (зверобой) сары гүлдерi алыстан көз тартады. Шiлдеде сай-саладан емдік шөптерін жинап болған емшiлер ендi тауға беттейдi. Айтуларына қарағанда, таудың шәйқурайы емдiк қасиетi ерекше шөп боп есептелiнедi.
Әсiресе, бiздiң Алматының тауларында тамыз туа гүл ашып, беткей-беткейдi басып салатын өсiмдiктiң бiрi орыстар малька деп атайтын көкнар түстес гүл. Оның гүл-жапырақтарын жүрек ауруына қарсы пайдаланатын көрiнедi.
Кеш гүлдейтiн тау бүлдiргендерi (земляника), қарлыған (крыжовник), таңқурай (малина), қожақат (ежевика) пiсiп, қарақат (смородина) қап-қара боп толысады.
Көне славян тiлiнде бұл айды «серпень» деген, онысын қазақшаласақ «орақ айы» дегенге саяды. Орақ айы дейтiн себебi, бұл айда егiн жинау басталады. Өздерi «екiншi нанымыз» деп есептейтiн картоп пен саңырауқұлақтардың маусымы да осы кез. Н.В.Гоголь жазатын жәрмеңке мезгiлi де осы тамыз. Орыстар бұл айды моншаға түскенде шабынатын қайың сыпырғыларын дайындап, сыпыртқыларын күзге әзiрлей бастайды.
Әдетте орыстар 2-тамыз Ылия ( Илия) пайғамбардың күнi деп ұлықтап, «жаздың беломыртқасы сынды, күз көкiрекке мiндi» деп есептеген. Бiздiң қазақтың жұлдызнамалары мен есепшiлерi мұны жоққа шығарды, себебi әр жердiң ауа-райы әр басқа.
Тамыздың тамылжығаны тамаша десек те, кейде аяқ-астынан бұлқан-талқан боп шат-шалекейiмiздi шығаратын жылдар да бар. Осыдан екi-үш жыл бұрын Алматы облысы Нарынқол өңiрiнiң Қарасаз, Сарыжаз, Шәлкөде төңiрегiнде 1-тамыз күнi қар жауып, елдiң үмiт артып отырған картоптарын суық ұрып кеткен. Ал Ресейде 1986 жылы алғашқы аяз 17-тамызда, 1997-98 жылдары 2-тамызда, 2001 жылы 3-тамызда, 2002 жылы 12-тамызда жүрген аң-құс қырылып, егiндi үсiк шалған.
Табиғат неге ашуланады екен? Неге жазықсыз жан-жануарларды аяқ астынан нiлдей бұзылып қырына алды екен? Осының бәрiне адамдар кiнәлi емес пе? «Адам қолы жасаған ұяттардан» (Т.Айбергенов) бүкiл әлем зардап шеккен кездер аз ба?
Мысалы, биыл яки 2018-жылы Күн екі рет, Ай бір рет тұтылды. Күннің бірінші тұтылуы өткен шілденің 13-жұлдызында, екінші рет, тіпті тақауда, осы тамыздың 11-күні болды. Бірақ, ол біздің қазақ жерінде аса байқалмады. Есесіне Айдың тұтылғанын Алтай-Атырау арасы түгел көрді. Әлдекімдердің сәуегейлікпен айтқанындай «Ертіс бұзылған жоқ, ел бүлінген жоқ», табиғат қаз-қалпында, жұрт тыныш, ел аман. Құдай қазаққа қарасудай ақ қарасып тұр. Осы ниетінен айнымағай.
Тамыздың тамаша жаңбыры биыл алғаш рет Жетісу мен Алтайда айдың 12-жұлдызында жауды. Содан бері таң салқындай бастады.
Талдықорған аймағындағы Бірлік дейтін ауылда Бекен деген қария тұрады. Ескі тілмен айтқанда «есепші». Есепші болғанда, бұ кісі есеп-қисаптың адамы емес, «Ел жайлауға көшіпті, Есепші айтты десіпті» дейтін [Ілияс Жансүгіров] есепші. Көзіқарақты қария ауа-райын өмір бойы бақылап келе жатқан көрінеді. Жерлестері Бекеңнін болжамдары көбіне дәл келеді дейді. Айдың басында Үркер шығыстан туғанын, оның түнгі аспанды өрлей келіп түн ауа тас төбеде тұратынын сол кісінің айтуымен бақылаудың сәті түсті. Осы сапарда «Қошқар басын көтере бастады» дегенді айтқан Мейрамхан аға да көпті көрген кісі сыңайлы. Жергілікті талантты жас ақын Ерлан Жүніс және оның серіктері Қозыбай Құрман мен Жангелді Немеребай дейтұғын жас шайырлар ақсақалдардың сұңғылалығына таң қалдық.
Дарынды ақынымыз Светқали Нұржановты бәріміз білеміз. Біз оның ақындық мол қуатқа қоса, Ел мен Жер тарихын жетік білетін шежіреші екенін де айтқымыз келеді. Түптеп келгенде табиғат тану таланты ақындық қабілет секілді ерекше қасиет. Ол екінің бірі, егіздің сыңарының басына қона бермейді. Сол Светқали кеше ғана тамыз көгінен Таразы көріне бастағанын хабарлап, осы айдағы жұлдыздар әлемінің өзі жасаған сызбасын жіберді. Жазушы Жүніс Сахиевтің де өз картасы бар. Оған біз кейінірек арнайы тоқталамыз, иншалла.
Көнеримдiк күнпарақ бойынша қазiргi шiлде айы жылдың бесiншi айы боп есептелiнiп квинтилия атанса, келесi алтыншы ай секстилис делiнгенi мәлiм. Юлий Цезарь бесiншi айды сенаттың шешiмi бойынша өз атымен атады. (июль деген аттың осыдан шыққанын бұдан бұрынғы мақаламызда айтқанбыз).
Тағы бiр тарихи әңгiме былай өрбидi.
Цезарь жас болса да бас болады деп таныған Гай Октавиан ештеңеден хабары жоқ, денсаулығы нашар, қатар құрбысымен араласпайтын бiртоға жiгiт болып өседi. Ылғи сен тұр мен атайын қаған тұқымының арасынан ешбiр ерекше қасиетiмен дараланбайтын осы бiр әлжуаз, шынжау бозбалаға ұлы нағашысының неге ықыласы ауды екен – оны ешкiм бiлмейдi. Әйтеуiр, қаған жиенiнiң үйiне жиi келедi екен.
– Бұл кiм? – деп сұрайды екен жиенi қақпаны ашарда.
– Бұ ма, бұл – Квинтилия ғой, – дейдi екен Юлий Цезарь.
– Ә, сiз бе едiңiз, жоғары шығыңыз, төрлетiңiз,– деп жiк-жаппар болған Октавиге қарап қуланған нағашысы:
– Ал сiз кiм боласыз? – деп сұрайтын көрiнедi.
– Бiз бе, бiз бұйырса секстилис болармыз, – деп жауап бергендi ұнатады екен жиенi.
– Дұрыс, өте дұрыс, сiз секстилис боласыз! – дейдi Юлий Цезарь жұртқа естiртiп дауыстап.
Өнер атаулыға, әсiресе, өлеңге жаны құштар рим елi нағашылы-жиендi бұл жауаптасуын, әдемi сөз, әзiл-қалжың деп қабылдағанмен, ол екеуi кiмнiң ненi меңзеп тұрғанын жақсы бiлетiн. Құдайым мың арнамен мың дария ағызса да, пенденiң бiр арнасын мәңгi құрғатып қояды екен. Әлемдi жұмсам жұдырығымда ұстаймын деген Цезарьдың ұлы болмады, яғни тақ мұрагерi кiм болары беймәлiм едi. Цезарьдан соң кiм император болады? Бес, бестен кейiн алты-квантилиядан кейiн секстилис деген сөздiң мағанасы осы едi. Гай Октивий көне рим күнпарағының алтыншы айында, яғни сектилис айында дүниеге келгенi мәлiм.
Әлқисса, Юлий Цезарь қандыкөйлек достарының қапияда қақ жүрегiнен тиген қанжарынан опат болған соң мұрагерлiк жиенiне қалды. Хатқа түскен, мөр басылған өсиет-намада солай жазылыпты. Көне Римде заңның қатал сақталғаны мәлiм – бұған Марк Антони де, Клеопатра да, тiптi Брутт та ештеңе iстей алмады. Заңның аты – заң. Әр патша өзiн бұрынғы патшалардан гөрi ақылдымын деп есептейдi. Анығында шын ақыл иесi – Құдай ғана. Нағашысының неден өлгенiн бiлетiн Гай Октавиан темiр сауыт киiп жүредi, Цезарь сияқты данышпандыққа ұмтылғаннан гөрi суық ақылға ғана жүгiндi, ақ көңiл емес, сақ болды, өзiне ешкiмдi жақындатпады. Қысқасы, өткен қателiктердiң ешқайсысын да қайталамауға тырысты. «Мен Цезарь емеспiн, басқамын» (Nec aliud non habeo Caesar) дейдi екен ылғи. Ия, ол салқын ақыл, суық жүрекпен бәсекелестерiнiң бәрiн құрта бiлдi, қыл аяғы «кеше гөр» деп өкiре жылаған Клеопатраға да жiбiмедi. Бiрақ, сенат (қоршаған орта деп түсiнiңiз) өз дегенiн iстемей қоймады. Бiрде, кiм екенi белгiсiз, сенаторлардың бiрi:
– Аса құрметтi, – деп бастады сөзiн жас қағанға қарап: (Жас қаған күнде естiп жүрген сөзi болған соң сыр бермей сазарып отыра берген).
– Август, – дедi әлгi сенатор сөзiн жалғап. Бұл «Қасиеттi немесе Құдайдың сүйген құлы» деген мағына беретiн сөз едi. Келесi сенатор күнпарақтағы бесiншi ай Цезарьдың құрметiне «июль»деп аталғанын, оның заңды мұрагерi Гай Октавианның құрметiне алтыншы – секстилис айын неге «Август» деп атамасқа деп ұсынысын жасады. Бiрауыздан қабылданған осы ұсыныс бойынша ол ендi Гай Юлий Цезарь Октавиан атанды. Бiрақ, сенаттың шешiмi – Құдайдың шешiмi емес болатын. Барлық патшалар секiлдi ол да Құдай болуға ұмтылды. Ал Құдай тағаланың қалауы басқаша едi. Ол араға бiрсыпыра уақыт салып, рим күнпарағы бойынша 19- август күнi қайтыс болды.
«Август оның өзi ме, ажалы ма,
Қалды солай халықтың мазағына», –
дейтiн өлең сол Октавиан Августке арналған деседi.
Анығында барлық пәле өзiмiзде, яки адамдарда, әтпесе Айдың не жазығы бар?!
Август – шiлде, келе-келе алтыншы айдан сегiзiншi айға ауысып, жылдың ең берекелi, мерекелi мезгiлiне айналды деймiз-ау, ақиқатына келсек, Құдайдың әр күнi құтты, әр айы мерекелi, берекелi емес пе? Берекелi болатыны – бұл кезде жаз әбден толысып, пiсiп, шөп атаулының буыны қатады. Қазақ айтатын «сүмбiледе су суық, таразыда таң салқыны» осы кез.
Сүмбіле деген не, таразыда таң салқындайтыны қалай – мұның бәрін уақыты келгенде айтатын боламыз.
«Айдан аман, жылдан есен» дейді екен бұрынғылар, өткен ай өкінішсіз, келер ай керемет болғай!