«ҚАЙЫРШЫЛАР ҚАҚТЫҒЫСЫ» ХАҚЫНДА…
Шетел әдебиетінен бірнеше кітап оқып, өткендегі «Әдеби жыл қорытындысында» баяндама жасап шыққанмын. Әсіресе, Саят Қамшыгер аударған «Тастамашы, Ана!» атты башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтың кітабы мен Маржан Ершу аударған «Сезім музейі» деп аталатын Орхан Памуктың махаббат романын біршама сөз етіп едім. Ол айтқандарымыз «Қазақ әдебиеті» газетінің кезекті санында жарық көрді. Міне, осылардан кейін жуырда қолыма «Қайыршылар қақтығысы» атты әңгімелер жинағы тиді. «Қайыршылар қақтығысы» деген жаңа кітаптың жазылуы – қызық, көтерген жүгі – ауыр. Авторы Астанада тұратын, жоғары оқу орнында сабақ беретін ұстаз, ақын, аудармашы, философ, жазушы Иманғазы Нұрахметұлы. Міне, сол Иманғазы Нұрахметұлының «Қайыршылар қақтығысы» – әңгімелерден тұратын, бас-аяғы балғадай көркем шығарманың бір бастауы. «Үш күннен кейін», «Қайыршылар қақтығысы», «Алып адам», «Қақпадан қайту», «Дүние көшіп барады», «Сенім» делінетін алты әңгіменің бірлігі. Тұтас шығармалар жүйесінде бір үндескен реттілік бар. Қоғамдық-әлеуметтік мәселелер, адам қолымен жасалып отырған күрделі жағдайлар, адам психологиясының терең қатпарлары, тіршіліктегі қарым-қатынастар бой көтеріп, лайықты сыр-сипатымен көз алдыңнан өтеді. Үпі-тәпі өмір өткізіп, қоңторғай тіршіліктің соңында күні өтіп жатқан мектеп директоры Тілек аяқастынан қаланың әкімі болады. Шығармада әкімнің алғашқы үш күні суреттеледі. Ертеден құлағымызға таныс «Үш күннен кейін көрге де үйренесің» деген сөздің тегін шықпағанын осы әңгімеден аңғаруға болады. Адамда ниет болса да, ол ниетті іске асыру үшін әр түрлі ықпалдарға ұшырайтыны белгілі. Соның ішінде жақсы ниет, ізгі амал, әділетті қадамдарға бару жеңіл емес. Әкімнің айналасындағы қоршаған орта, есебі елден бөлек алаяқтар, қалыптасқан дағды, отбасындағы балалары, қойнындағы әйелі… бәрі-бәрі дұрыс бағытына «әп бәрекелді!» дей бермейді. Керісінше өзінің ықпалын тигізіп, ырқына көндіруді көңіліне бүгеді. «Әкім болсам, былай істеймін, олай істеймін…», – деген Тілек жұмысы басталмай жатып «кедергілерге» кездесіп, ырғын «пайданың» астында қалады. Сол көлденең табыстың жиіркенішті, лас екенін біле тұра полицеймен, әйелімен бөлісуіне тура келеді. Жүректегі әділет өшкіндеп, оның орнын нәпсі жеңе бастайды. Ақиқат буалдыр тартып, арамдық алдыға шығады. Адам жанында жемісті ағаш ізгілік те, тікенді қара ағаш тоғышарлық та қатар өсіп тұрады. Сен қайсысына су құясың? Жеміс ағашына ма? Әлде қарағашқа ма? Қайсысын баптасаң сол өсіп шығады. Сананың тұрақтылығы, сенімнің беріктігі, азаматтық келбетіңді анықтайтын сипат – дәл осы. Оны дін тілінде «иман» дейді, жалпыбеттік ұғымда адамгершілік деген қалып тағы да осы мәселеде көрінеді. Бұл тақырыпты публицистикалық тұрғыда, ой-пікір алаңында мыңдаған жазушылар қағыс қалдырмай сүзіп келеді. Дей тұрғанмен, көркем әдебиетте, нәзік, детальды хәл-күйін бейнелеу кемшін түсіп жатушы еді. Әне, соны жазушы Иманғазы Нұрахметұлы сәтті алып шығыпты.
«Үш күннен кейін» деген әңгімеден көрші балкондағы «сәнқой» қыздың қылығы, өмір салты бүгінгі қоғамның айпара алабажақ суреті. Еліктеу, солықтаудың сойқаны. «Шешініп», жалаңаштанған қоғамның кеспірі осы әңгімеден бадырайып алдыңыздан шығады. Қазақ менталитетіне жат қылықтар мен бөтен ұғымдар саңырауқұлақтай жамырап, жайпап барады. Осының бәрі образды түрде көркем көріністермен, жазушы жанының сүзгісінен өтіп барып, алдыңа келгенде автормен бірге ауырып, қаламгермен бірге қапаланасың. «Қайыршылар қақтығысындағы» Жалбағайдың бейнесі, жүдеу тірліктің, жүнжіген жүйкенің белгілері. «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі» бар деп, панасыз, үйсіз-күйсіз, қаңғыбастарды ақша табудың «құралына» айналдырып алғанын көреміз. Сорлылардың бейшаралығы ешкімді алаңдатпайды. Қайыршыларды, мүгедектерді, міскіндерді пайдаланып, «қамқорлығына» алып ақша табатын дөкейлер қалыптасқаны туралы естісек те, оның сипатын Иманғазыдай ашқан ешкім жоқ шығар!.. «Алып адам» әңгімесіндегі аңыздағы дәу Ажығұнық пен бүгінгі алып Майбасаровтың салыстырмасы, даңқ пен дақпыртты, қауесет пен шындықты салыстыра өрбітеді. Параллель тартылып жатқан тағы бір желі бар. Ол – адам бойындағы Сенім. Сенім, ұмтылыс, құмарлық – жан пендесінің көздеген мақсатына жетуіндегі желкен. Оны желдің бағытына дұрыс жая білсең, бағытыңды бағамдасаң, адаспай арманыңа жетесің. Әңгіме – біреу, тақырып – екеу. Бірі – алдыға шығып тұрған көрнеу тұсы. Алып адамның туғаны, өскені, даңқының жайылуы, биіктеп алысқа кетуі. Енді біреуі – көмескі тұсы, мұзтаудың су астындағы алып бөлігіндей қатар өрбиді. Ол – «меннің» алыпты көрсем деген ынтызарлығы, аңсары. Ауылдасы болып келетін алыпты бір көрсем, тілдессем, достассам деп жүріп өзінің де өмірде, оқуда, ізденуде біраз жерге жеткенін байқамай қалады. Бұның бәрі «сенуден» туған адам бойындағы ішкі күш. «Сенім» әңгімесінде халықтың қалжыраған тірлігі, ашқарын абыржыған ұсқыны елестейді. Масақ теріп талғажау еткісі келген қарапайым мүсәпірлердің мұңы. Егіні орылып болған аңыздың шашылған дәнін қимайтын «шаш ал десе, бас алатын» ашкөз белсенді, ақымақ тоғышардың адыраңдаған кеспірі сенімді суреттеледі. Кейіпкеріміз Егіннің ебедейсіз жүрісі, желқабыз, қаукөрік мақтаны, көпірме бөспелігі қырындысына дейін қағыс қалмай экранға шығады. Қалмақтың Парма деген батырын «өлтірген» Егін шындап келгенде «Көкбасының» жаман қатынына шамасы келмейтін ез болып жарбиып астында жатады. Терген масағын тартқызып тері сүмектеп ағады. Автор әлгіндей алаңғасар, мақтаншақтық мінездерді шын деп сенетін аңқау баланың образын жасайды. Әкесінің әлсіздігін, масқара бейшаралығын балаға көрсетпейді. Сәбидің назарынан тыс қалдырады. Жалпы, өздеріңіз байқағандай, әр әңгімеде осындай астарлау, жұмбақтау бар. Оқырманның өз талқысына қалдыратын тұстары мол. Реалды өмір мен жазушы фантазиясы тығыз ұштасып, ұрымтал ой мен тосын шешімдер қылаң береді. «Соңғы оқыған кітап» туралы орайы келіп тұрған соң осы бір тасадағы талантты айтқым келді.
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ақын,
Жазушылар одағының мүшесі
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.