– Ерлан Бейсенбайұлы, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл. Қарағанды өңірінің жұртшылығы бұл мерейтойды қалай қарсы алып жатыр?
– Әрине, биылғы жыл егемен еліміз үшін ерекше жыл. 2015 жыл Елбасы Жарлығымен – Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияланып, жыл бойы өткізілетін шаралар осынау мерейлі жылдың аясында атқарылуда. Сонымен қатар, биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Конституциямыздың 20 жылдығы сынды айтулы даталармен тұспа-тұс келіп отыр. Осы мерекелердің қай-қайсысын алып қарасақ та, еңселі еліміздің тарихында алатын орны ерекше. Сондықтан да бұл айтулы даталар барша қазақстандықтардың, Елбасы сөзімен айтсақ, барлық 17 миллион қазақстандықтардың мерекесі. Қойнауы қазынаға толы Қарағанды жері де осынау мерейтойларды толайым табыстарымен, жарқын жетістіктерімен қарсы алуда.
Жалпы, мен үшін осы жоғарыда айтылған әрбір айтулы оқиғаларды бір-бірімен байланыстырып тұрған бір құдіретті күш, бір ғажап дүние бар. Ол –бірлік дер едім. Өзіңіз қараңызшы, тағдырлы тарихымызда халқымыздың басынан нелер өтіп, нелер кетпеген. Жер бетінен тұтастай жоғалып кету қаупі туған кездер де аз болмаған. Жан алысып, жан беріскен сұрапыл соғыс, алқакөл сұлама, ақтабан шұбырындыларды басынан өткізді. Ер етігімен қан кешіп, ат ауыздығымен су кешкен небір зар замандар өтті. Алып дала ақсөңке сүйектен көрінбей қалған, миллиондаған боздақтың өмірін жалмаған алапат аштықты да бабаларымыз басынан кешті. Ел қамын жеген небір есіл ерлерімізді, асыл азаматтарымыздың көзін жойған тоталитарлық кезеңді де бастан өткердік. Бірақ басынан таймаған халқымыз осының бәрінен, тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман-сау өткен екен. Бүгінгі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заманға жеткен екен. Осының бәрі, ең алдымен, біздің дана халқымыздың берекелі бірлігі мен тату тірлігінің, қалың жауға қаймықпай қарсы шабатын батырлығы мен қаһармандығының, даладай дархан мінезі мен асқан бауырмалдығының, ілтипаты мен ізгілігінің, кісілігі мен кішілігінің арқасы дер едім. «Қырықтың бірі – Қыдыр» деп, келген қонағына астындағы жалғыз атын сойып беруге даяр қонақжайлығы қанына біткен қасиет. Міне, сондай өзінің кең даласындай дархан мінезді халқымыз бүгінде жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдерін бір шаңырақтың астында біріктіріп, бірлікте, татулықта өмір сүріп жатыр. Бұл арада Елбасының бастамасымен өмірге келген, әлемде теңдесі жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясының орны ерекше екенін атап айтқым келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы – бұл дүниежүзінде теңдесі жоқ бірегей институт, ұлтаралық және конфессияаралық қарым-қатынастарды реттеу, тұрақтылық пен ынтымақты сақтау, бірлік пен берекелі өмірді насихаттау бағытында орасан зор үлес қосып келе жатқан қоғамдық ұйым.

Міне, биыл осынау бірегей институттың құрылғанына 20 жыл толып отыр. Сол себептен де биылғы жыл Елбасы Жарлығымен – Ассамблея жылы деп жарияланды. Осынау аз ғана мерзімде Ассамблея шынайы түрде жалпыхалықтық, азаматтық, саяси мүдделерден жоғары тұратын ұйым ретінде танылды, конституциялық мәртебеге ие болды. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлыс өкілдерін бір шаңырақ астында біріктірген қуатты құрылымға айналды. Егемен еліміз бейбітшілік пен бірліктің, тұрақтылық пен татулықтың ғажайып үлгі-өнегесін күллі әлемге паш етіп, абыройымыз асқақтай түсті. Алып дала төсінен бой көтерген ару Астанамыз бейбітшілік бесігіне айналып, әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің бір шаңырақ астында бас қосып, бәтуаласатын киелі мекеніне айналды. Айта берсе атқарылған шаралар мен жетістіктер аз емес. Осының бәрі, ең алдымен, Елбасымыздың дана саясатының жемісі, халқымыздың берекелі бірлігінің арқасы. Ал бүгінгі әңгімеге арқау болып отырған Ассамблея болса, осынау ұлттық саясатты жүргізу, ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты, елдің ауызбіршілігін сақтауға орасан зор үлес қосып келе жатқан қоғамдық институт.
Енді мерейтойды қандай шаралармен қарсы алып жатырсыздар деген сұрағыңызға қарай ойысатын болсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналған шаралар, өзіңіз білесіз, ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен үстіміздегі жылдың 6 ақпаны күні ресми басталған болатын. Дәл сол күні Қарағанды қаласындағы кеншілердің Мәдениет сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуына орай облыстық салтанатты синхронды акция өткізілді. Бұл шараға облыстық мәслихаттың депутаттары, Елбасының Теміртаудағы достары мен серіктестері, этномәдени бірлестіктердің басшылары мен белсенді мүшелері, ардагерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, студент жастар қатысты. Осы мерекелік шара кезінде төрт аймақпен, яғни Теміртау, Балқаш, Жезқазған қалалары және Абай ауданымен тікелей эфирде қосылу ұйымдастырылды. Мұндай акция облыстың 9 қаласы мен 9 ауданында болып өтті. Жалпы, облыс бойынша бұл акцияға 121 мыңдай адам қатысты. Түрлі этномәдени орталықтардың өкілдері «Тайқазан» республикалық қайырымдылық акциясын белсенді қолдаушылар болды. 7 ақпанда Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы «Менің Қазақстаным» атты аймақтық фестиваль өткізіп, онда қазақ тілінде ән шырқалды. Фестивальге облыстық 14 этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары қатысты. Әндер негізінен, Қазақстанға, туған елге арналған патриоттық тақырыпта болды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналған «Менің Қазақстаным» пойызы республикалық акция аясында Теміртау, Жезқазған қалалары, Жаңаарқа ауданында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мәдени және қоғамдық шаралар өткізіп, халыққа медициналық, әлеуметтік, құқықтық қызметтер көрсетіп, сондай-ақ, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы және т.б. мәселелер жөнінде кеңестер берді. Ағымдағы жылдың 19 сәуірінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» акциясы аясында «Теміртау – бейбітшілік пен бірліктің қаласы» форумы өткізіліп, онда «Тайқазан» республикалық эстафетасының символын қарсы алу рәсімі өткізілді.
Бұдан кейінгі уақытта Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының және облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің мұрындық болуымен қоғамдағы келісім мен тұрақтылық тақырыбына арналған бірнеше «дөңгелек үстел» мен балаларға арналған қайырымдылық акциялары болды. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі және облыстағы этномәдени орталықтар Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Саран қаласында мерекелік концерт берді. Наурыз айында Ассамблеяның 20 жылдығына арналған облыстық бейнелеу өнері мұражайымен бірлесіп «Достық палитрасы» атты көрме ұйымдастырылды. Екі аптаға созылған бұл көрмеге 20 ұлт өкілінің 45 бейнелеу өнері шығармалары қойылып, көрермендер көзайымына айналды. Ал 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде Спасск мемориалдық кешенінде митинг-реквием өткізіліп, оған қала жұртшылығы, этномәдени бірлестіктердің, діни бірлестіктер өкілдері және Испания, Эстония, Франция, Литва, Румыния, Оңтүстік Корея елдерінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілері, Польша елшілігінің өкілі қатысты. Митингіде Спасск лагерінде қайтыс болған испандықтар мен эстондықтарға арналған ескерткіш тас қою рәсімі болды. Оны ашу кезінде Эстон Республикасының бұрынғы Президенті Арнольд Рюйтел мен Испанияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мануэль Ларотча сөз сөйледі. Олар осы жерге жерленген жерлестерін еске алып, осындай ескерткіш тас қоюға мүмкіндік берген Қазақстан халқына ризашылық білдірді. Тізіп айта берсе Ассамблея жылына арналған мұндай шаралардың жалпы саны жүзден асып жығылады. Жыл аяғына дейін талай игі істердің өткізілуіне мұрындық боламыз.
– Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында: «Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Этносаралық келісім – ол өміршеңдік оттегі», – дегені бар. Осы сенімді нығайту жолында Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы қандай жұмыстар атқарып жатыр?
– Иә, Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру үшін елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтаудың қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Қандай да жарқын істер елде тыныштық болғанда ғана жүзеге асатынын тағы да бір рет шегелеп айтты. Қоғамдағы тұрақтылықты, этносаралық келісімді сақтау және нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының роліне айрықша тоқталды. Осы бағыттағы ауқымды істерге Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының да қосып келе жатқан азды-көпті үлесі бар деп санаймын. Себебі, біздің кенді өлкеде жүзден астам ұлт өкілі еңбек етіп, өмір сүріп жатыр. Облыстық Ассамблея 1995 жылы наурыз айында құрылды. Облыс әкімі жанындағы консультативті-кеңесуші органның құрамында 105 мүше бар. Олар – этномәдени орталықтар басшылары, зиялы қауым өкілдері, ел арасында сыйлы, беделді азаматтар, бизнес өкілдері, ақпарат құралдарының басшылары, жігерлі жастарымыз. Сонымен қатар, республикалық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына 21 қарағандылық енгізілген. Облыс аумағында 75 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Оның 22-і облыстық, 54-і қалалық және аудандық орталықтар. Соңғы үш жылда жергілікті этномәдени бірлестіктер саны екі есе өсті. Мұның өзі әр ұлттың өз салт-дәстүріне, тарихына, тіліне деген азаматтық қызығушылығының артқанын байқатады. Сонымен қатар, мұндай белсенділікке жергілікті биліктің этномәдени орталықтардың жұмысын моральдық және материалдық қолдауы әсер етті деген ойдамын. Жер-жерде қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңестері қоғамдағы, ел арасындағы түрлі өзекті мәселелерді бірлесе шешуге өз ықпалын тигізіп келеді. Сонымен қатар, облыстық Ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық кеңес жұмысы да өз нәтижесін беруде. Әлеуметтану, саясаттану, тарих, білім және мәдениет саласындағы іргелі зерттеулер жазып жүрген ғалымдарды топтастырған осынау құрылым жұмысы шеңберінде көптеген кездесулер, «дөңгелек үстелдер», ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылып өткізілді.
Биылдан бастап облыстық ҚХА қызметін қамтамасыз ету үшін облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі құрылып, жұмысқа кірісті. 2015 жылдың соңына қарай Қарағанды қаласында Достық үйінің құрылысы аяқталады. Бұл мекеме – тыныштық пен келісім, азаматтық бастамалар орталығына айналатын болады. Облыстағы этномәдени орталықтар аймақта өтетін барлық қоғамдық шараларға, ұлттық мерекелерге белсене қатысып келеді. Ассамблеяның басты міндеттерінің бірі – облыста тұрып жатқан ұлттардың мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін дамыту болып табылады. Осы мақсатта этномәдени орталықтарда жүзден астам шығармашылық ұжымдар, ән-би ансамбльдері тұрақты жұмыс жасайды. Олардың кейбірі «халықтық» деген атақ алып, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлде алып жүр. Басқа ұлт өкілдерінің тілін оқыту мен дамыту үшін 41 этнолингвистикалық сыныптар жұмыс істейді. Мысалы, «Эрфольг» неміс оқу орталығында 14 ұлттың баласы неміс, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін тереңдетіп оқиды. Облыстың 15 мектебінде неміс, татар, поляк, корей тілдері ана тілі ретінде оқытылады. Бір сөзбен айтқанда, Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан аймақта этносаралық келісімді сақтап, дамыту үшін қолдан келгеннің бәрі жасалуда.
– Қазақ әу бастан қонақжай, бауырмал халық. Әрі дана Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген қағидасын ұстанатыны бар. Қоғамдағы азаматтық біртектілікті қалыптастыру үшін мейірім, жылылық, ағайынгершілік мінездерінің де үлкен роль атқаратыны белгілі. Ел мен елді жалғастыратын осындай мінездерді сақтай білу қаншалықты қиын әрі маңызды деп ойлайсыз?
– Тарихты саралап қарайтын болсақ, ел тағдырынан талай зұлмат жылдардың өткенін байқаймыз. Талай соғыстар мен ұзаққа созылған жаугершілік замандарды да бастан өткердік. Бертін келе қолдан жасалған аштық, қуғын-сүргін, бодандық, тоталитарлық жүйенің құрсауы қатты қамыты… Бәрі, бәрі қазақ халқының басынан өтті. Бірақ біздің халық өзінің дархандығы мен кеңпейілділігін еш жоғалтпай сақтап қалды. Мәселен, кешегі жоңғар шапқыншылығынан кейін әлсіреген қазақ даласына іргедегі қырғыз ағайындардың көз алартып, шекарамызға баса көктеп кіргені бар. Бірақ олардың бетін Абылай бастаған қазақ әскерлері кері қайтарады. Соғыс болған соң тұтқынның да болары анық қой. Қазақ-қырғыз қақтығысында да қазақтар жағы бауырлас елдің бірталай азаматын қолға түсірген. Алайда, өзге елдегілер тәрізді құлдыққа сатып тентіретіп жібермей, жер беріп, мал беріп өз алдына қазақтың бір руы етіп қойыпты. Бұл да болса біздің халқымыздың дархандығының бір көрінісі емес пе? Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз айтпақшы: «Біз ежелден мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз». Қазақ ешқашан өзі бастап өзгеге соқтықпаған. Қашан да «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт өмірді аңсап, сол күнге қол жеткізу үшін барын салған. Өзгені жатсың деп өзегінен теуіп көрмепті. Оның бір дәлелі ретінде отаршыл қызыл империяның тұсындағы қуғын-сүргінді айтуымызға болады.
Ұлы аштық пен репрессия салдарынан барынан айырылып, тентіреп кетудің аз-ақ алдында отырса да, бізге айдалып келген өзге ұлт өкілдерін сыртқа теппей, бауырына басты. Репрессия жылдарында түрлі себептермен қазақ даласына жүзден астам ұлт өкілдері қуғындалған. Олардың бірсыпырасы КарЛАГ тәрізді ірі лагері болған біздің облысымызға әкелінді. Ол кезде жергілікті тұрғындардың да жағдайы оңып тұрмаған еді. Әйтсе де, сырттан әкелінген ұлттарды мүсәпір деп мүсіркеп, соңғы нанын бөлісіп жеген де қазақ. Әлсізге қамқор болатын дархан мінезін Сталиннің ысқырған саясаты да әлсірете алмады. «Елге ел қосылса құт, елден ел кетсе жұт» деп білетін жергілікті тұрғындар оларды бөтенсіген жоқ. Оған жүздеп, мыңдап мысалдар келтіруге болады. Осыған орай жақында облыстық «Вайнах» шешен-ингуш орталығы депортацияға ұшыраған өз ұлтына арнап «Нас породнила Сарыарка» атты естелік кітап шығарды. Сол кітапта 1943 жылы Қарағанды жеріне күшпен әкелінген шешен-ингуштердің сол кезде бастан кешкен оқиғалары айтылған. Ол уақытта бала болған, қазір ақсақал жасына жеткен шешендер қазақтардың бір бөлмеге бірнеше отбасын паналатып, бір түйір құртымен бөліскенін баяндайды. Міне, бұл елдің бірлігі, бауырмалдығы болса, қандай қиындықты болмасын жеңуге болатындығының айқын дәлелі деп білемін.
– Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтсаңыз. Ел болашағы үшін жасалып жатқан қадамдарды талдау, талқылау, түсіндіру жұмыстары бойынша облыстық ҚХА нендей қызметтер жасауда?
– Жалпы, кез келген елдің дамуы, өркендеп өсуі, ең алдымен, сол елдің басшысына, оның тұлғалық қасиеттеріне тікелей байланысты болмақ. Оған әлем елдері тарихынан көптеп мысалдар келтіруге болады. Өз басым, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның барлық жеткен жетістіктерін, толайым табыстарын, ең алдымен, Елбасының ерен еңбегімен байланыстырамын. Тарихи өлшеммен алғанда қысқа ғана мерзімде Қазақстан шын мәнісінде ғасырлық жолды жүріп өтті. Әлем елдерін есінен тандырған, әбігерге салған дағдарыстардан өтті. Жай ғана өтіп қоймай, экономикасы тұрақты, қай жағынан алып қарасаң да қуатты, мықты мемлекетке айналды. Оны азуын айға білеген алпауыт елдердің барлығы да мойындады. Тұрақтылық пен татулықтың, бейбітшілік пен берекенің ғажайып үлгі-өнегесін көрсетіп отыр әлемге. Бірақ уақыт бір орында тұрмайды. Өмір өзгереді, мақсат-міндеттер де жаңарады. Сондықтан да замана тамырын тап басып, тани білген Елбасымыз біздің алдымызға бүгінгі күні тың міндеттер қойып отыр. Бүгінгі Қазақстан Ұлт көшбасшысының бастауымен әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межелеп отыр. Сол үшін бес институционалдық реформа қолға алынып, Президенттің тікелей нұсқауымен жаңа сүре жол ашылып, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары ұсынылды. Қазіргі күнде Ұлт жоспарын аймағымызда түсіндіру, талқылау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында Ұлт жоспарын ақпараттық сүйемелдеу мақсатында жұмыс тобы құрылды. Арнайы медиа-жоспар жасалып, ақпараттық-түсіндірме жұмысын жүргізу үшін өңірлік БАҚ, облыстық интернет ресурстар мен әлеуметтік желілер жұмылдырылды. Ақпараттық топтар облысымыздың барлық қалалары мен аудандарында жұртшылықпен жүздесіп, Ұлт жоспарында айтылған қадамдарды жан-жақты талқылап, үлкен жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, республикалық ведомстволар басшылары мен өкілдерінен құралған ақпараттық топтардың кездесулері де өз деңгейінде жүзеге асырылуда. Бір сөзбен айтқанда, Ұлт жоспары халық арасында кең қолдауға ие болып, қызу талқылануда.
– Сөз соңында оқырманға не айтар едіңіз?
– «Ырыс алды – ынтымақ» дейді қазақ. Біздің жас мемлекетіміздің алға қарай қарыштап дамуы ел тұрғындарының береке-бірлігінің арқасында мүмкін болып отыр. Тұрақтылық сақталған елге қашанда бақ қонады. Қазір бірліктің жоқтығынан іштен іріп, күн сайын кері кетіп жатқан көрші елдердегі жағдай осыған дәлел болуы керек. Біздің тәуелсіздігіміздің алтын қазығы да осы ұлттар мен ұлыстардың бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқандығы. Әлбетте, бұл ең алдымен, Елбасымыздың үлкен жеңістерінің бірі. Ендігі міндет – осынау баға жетпес байлығымызды, құнды қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, ұлтаралық татулықты дамыту. Бұл – бүкіл қоғамның алдында тұрған абыройлы міндет, біздің әрқайсысымыздың азаматтық парызымыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.