ХАТТАР, ХАТТАР, ХАТТАР…
06.08.2018
1077
0

(Басы өткен сандарда)

С. МҰҚАНОВ – М. ЖАНСАЕВАҒА

Майра! Сізден зор өтініш: мүмкін болса, мы­на «Сұлушашты» тез басып берсеңіз көп рахмет айтар едім. «Қазақ елі» баспақ еді, 2-3 күнде беруім керек. Ақшасын өзім қолма-қол тө­­лермін. Тәртіп былай: 1. Бірінші бетте «Сұлушаш» өлеңмен жазылған роман» – деп қа­­на жазылсын. 2. «Кілт» деп аталатын кі­ріс­­пе өлең болмасын. 3. Бірінші бөлімнен кейін, «Екін­ші бөлім» жіппен тігілген, ол басыл­ма­сын. Таза жазылған (қайта жазылған – Қ.Е.) «Екінші бөлім», оған жалғас «Төртінші бөлім» басылсын. (152-212-беттер). 4. «Үшінші» және «Төртінші» бөлімдердің ішіндегі қосым­ша жазылған беттерді қарап отырыңыз, қа­лып қоймасын. 5. Әр бөлім жаңа беттен бас­талып басылсын. 6. Үш дана қылып ба­сыңыз. Сәбит. 5/V/48г. (СМҒМӘММК. Мә­шин­кемен).

С. МҰҚАНОВ – К. ОРАЗАЛИНГЕ

Қадырлы Кәмен! (Оразалин). Сенің «Қа­сиет» атты повестің маған негізінде ұнайды. Бірінші рет қалам тартқан бұл «тырнақалды» шығармаңда сен жазушыға тән бірнеше белгілеріңді көрсеткенсің. Оларың:
1. Сюжет құра білу.
2. Алған темаңа лайықты геройлар бел­гі­леп, солардың сыртқы қимылы мен ішкі жан-дүниесін тәп-тәуір көрсете білу.
3. Табиғат бейнесін (пейзаж) көркем көр­сете алу.
4. Ұлы Отан соғысына арналған шы­ғар­маң­да соғыстың біраз шындығын айту.
5. Отаншылдық, туысқандық мотивін дұрыс көрсету.
6. Повестің темасына лайық біраз тіл білу.
Осы қасиеттеріне сүйене отырып, «Қа­сиет» повестін мен негізі қаланып болған шы­­­­ғарма ғой деп есептеймін.
Бірақ, бұл повесть сенің бірінші еңбегің бол­­ғандықтан, жазушылық тәжрибаң әлі аз­дық­тан повесті әлі кемеліне жеткізіп пісіре ал­маған сияқтысың. Меніңше, бұл повесть ке­меліне келу үшін төмендегілерді істеп шығу қажет сияқты:
1. Жап-жақсы құрған сюжетіңде олпы-сол­пы боп тұратын, негізгі өрбітіп әкеле жат­қан оқиғаң жанаспай, көлденең тұратын жер­лер бар. Олар:
а) «Ардақ» деп аталған бірінші тарау.
б) «Ақиқат» деп аталатын тарауда Чай­ковс­кийдің семьясының қалай партизан болуы.
в) «Тілек» аталатын тарауда тылдағы кол­хозды кеңес қылу.
г) Және өзің ауызша айтқан бірнеше орын­сыз отступлениелер.
Бұл көлденең оқиғаларды не алып тастау керек те, не повестің өрбіп келе жатқан жал­пы сюжетіне тығыз байланыстыру керек.
2. Повесте сипаттап отырған геройларың­ның бірнеше жеке істері қызық боп келеді де, барлық істерін тұтас алғанда толық герой жасайтын оқиғалар болмай қалады.
Мысалы:
а) Ең басты геройың Жексен бірнеше іс­терімен жақсы-ақ көрініп отырады да, енді бір істерінде шалағай, әлсіз көрінеді («Бала үкі­мі» атты тарауда айыпты әкесіне жаза қол­дану, «Қауып» атты тарауда қаланы тым тез алу, «Қайрат» атты тарауда жарадан тым тез жазылу, тағы-тағылар).
б) Жексен мен Еленаның махаббаты әлсіз де, дәлелсіз де екенін ауызша толық айттым. Бұл мәселені ширатпасаң повестің драмалық жағы шықпайды, ол – повесть шықпайды деген сөз.
в) Чайковскийді де, Қадырды да, Ха­сановты да, Новиковті де әлі пісіре түсу ке­рек. Қалай пісіру туралы кеңестерімді ауызша айт­қам.
г) Катя, Петя, Толя, Юра сияқты адамдар бұл повестке керегі жоқ деген сөзімді әлі де қол­даймын. Олар босқа жүрген адамдар.
3. Повесте көрсетілетін соғыс бір-біріне бай­­ланысы аз эпизодтар. «Оларға тұтастық беру керек, шегіну мәселесін де, шабуыл мәсе­лесін де Сталинград оқиғасымен тығыз байланыстырып, оқиғаларды осы мәселенің маңында өрбіту керек» деген сөзді ауызша өзіңе көп кеңес қып айтқам. Сол айтқандарды еске алуыңды өтінем.
4. Жау жағың жалаң схема боп тұр. Со­лар­дың зұлымдық істерін «қызық» қып, өзге шы­ғармаларда, не кино-картиналарда кез­дес­пейтін оригиналды бірдемелермен көрсету жа­ғын қарастыр.
5. Повесте бір жерде ауылдан келген хат ар­қылы колхозды, бір жерде госпиталь ар­қылы заводты көрсетпек болғансың, солар ар­қылы тылдағы ерлік істерді көрсетпек бол­ғансың. Соның екеуін де шығара алма­ғаның­ды өзіңе айттым. Саған берер кеңесім: не олар­ды алып таста да, не көрсеткен сияқты ғып көрсет.
6. Тілің жалпы тәуір болғанмен, кедір-бұ­дыры да барлығын өзіңе айттым. Ол кемшілік әсі­­ресе, геройларыңды сөйлеткенде байқа­лады. Мысалы, осы повестің ішінде өзіндік қызық тілі бар жалғыз Қадыр ғана. Өзгелерін де осылай өзінше қызық сөйлетуге тырыс.
7. Ең соңғы айтарым: шығармада «Үлкен», «кіші» деген герой болмайды. Шығармаға кір­ген геройдың әрқайсысы өз орнында үл­кен. Тек араларындағы айырма – біреудің ісі көбірек те, біреудікі азырақ. Осы «көп істі» адам да, «аз істі» адам да сыртқы қимыл­дары­мен, ішкі жан-жүйесімен (сана-сезімі) айқын көрсетілуі керек. Шығармада аз істегенмен сол кісінің сол аз ісі өз мөлшерінде айқын, ашық көрінуі керек. Әйтпесе, ол әдебиеттің об­разы бола алмайды. Осы жағына көңіліңді кө­бірек бөл. Әрбір кішкене іс сол кішкене қал­пында айқын дәлелденіп тұрсын. Жол­дастық сәлеммен (Сәбит Мұқанов). 29-ІХ-1948 жыл. Алматы.

МҰҚАНОВ – І. ОМАРОВҚА

8 ақпан, 1950 ж.
Москва қ.
Қадірлі Ілияс!
Аманшылықта жүріп жатқан жәй бар. Осы бір сапарда көбірек жүріңкіреп қалдым. Оның бір айы демалыста өтті. Көп жылдан бері туған ауылға қысты күні барған жоқ ем, биыл әдейі көруге бардым. Ауыл тұрмысы өте жақсы екен және Челяба, Қорған облыс­тары­мен іргелес отырған ауылдар — орыс посел­ке­лерінде бракқа шыққан жылқыны тоқты – торымға алады екен де, семіртіп сояды екен. Биыл біздің ауылдың көпшілігі сондай жылқы сойыпты. Сонан, «қызыл тұмсық боп» дегендей, қазы мен қартаның арасында айға жа­қын жүрдім. Біздің жақтың күні құ­лақ­танып тұратын қызыл шұнақ, құп-құрғақ, аязы қандай тамаша!.. Сөйтіп, тамағы тоқ, көйлегі көк ағайынның арасында айға жақын ойнап-күліп, өте әдемі демалдым.
Алматыдан декабрьдің 11-і күні шыққан кісі, Москваға 7 январьда келген едім. Ондағы мақсатым — екі «қояным» ССП СССР-дың пленумына қатынасу, екінші «қояным» — уақытты кеңдеу ала отырып, мұнда аударылатын «Сыр-Дарияның» жұмысын біржола тыңғылықтап кету.
Пленум өтті. Оның жәйін Қайнекей айтар. Расымды айтқанда, екі себеппен пленумға үнемі араласа алмадым: бірі, «құланның қасынуына, мылтықтың басуы» дегендей, со бір кезде «грипп» деген бір пәле жабысып, үйден сирек шықтым (әрине, врачтың тыюымен); екіншісі, «ақсақ қой жатып семіреді» дегендей, врачтан жасырып, «Сыр-Дарияның» пұшпақтарын илей бердім.
«Сыр-Дария» туралы. Оның кейінгі түзеген варианттарының бір редакциясын (қазақшасының) Алматыдан аттанар алдында аяқтағам. Бұл вариант үш бөлімнен құра­латын. Оның екеуінің орысша подстрочный аудармасы да даяр болған. Үшінші бөлімінің аудармасы, Москвада оқитын Бисембаев Серікбай жолдасқа тапсырылған.
Өзіңіз білесіз, «Сыр-Дарияның» бұл ва­риан­ты (да и первое издание!) «аттың жолы, атанның қомында» жазылды, яғни декаданы даярлаудың, пленумді (ССПК-ның) даяр­лаудың, толып жатқан өзге жиналыстардың ара­сында жазылды. «Атүсті» жұмыста асы­ғыстық болатыны белгілі. Асығыс істе мін де көп болады.
Осыны сезе тұра, Алматыда, қызмет үс­тінде, романның қолжазбасын асықпай қарауға мүмкіндігім аз болған соң, өз ойым, Мос­кваға кеп, асықпай отырып қарау еді. жә­не мұнда аударатын Леонид Соболев бар ғой, оның да советтерін тыңдау керек қой, және роман туралы замечанияларын естігеннен кейін, бір пікірге келу керек қой. Міне, мен Москваға осы мақсатпен де келген едім. «Үйдегі көңілді базардағы нарық бұза­ды» дегендей, мұнда дәл өзім білек сыбанып келген қарқынмен істей алмадым. Оған бір себеп – «грипптің» пәлесі болса, екінші себеп – осы бір кезде, Москваға қазақтың ғалым­дары мен жазушылары қаптап кетіп, бәрінің де ақшасы көп «қулар», кеш болса- ақ, не өзі шақырады да, не өзіңе кеп, «сүмі­рейіп» отырып алады. Оларға не «кет» дей алмайсың, не «бармаймын» дей алмайсың. Адалын айтқанда, бұл соңғы «пәле» бірталай кешімді жеңді. Ауырған күндері, күндіз толық рабочий день жасап отырдым.
Сонымен, қазақшасын асықпай бір түзеп шықтым. Өз қарауымша жаман болмаған сияқ­­т­ы.
Ендігі мәселе подстрочникте. Соңғы редакцияға кірген өзгерістерді подсрочникке де кіргізу керек. Оның өзі бірталай жұмыс екен. Оларды қазір істеп бермесең, романың биыл шығар емес. «Советский писательдің» қойған шарты: «Көркем аударманы июньде бер, бермесең биыл шықпады деп өкпелеме». Соболевтің айтатыны: «июньге аударып беруім үшін, романның подстрочнигін фев­ра­ль­дің аяғында түгел алуым керек, әйтпесе, кінә өзіңде болады».
Айналып келгенде, «таспен ұрса да жапа­лақ, жапалақпен ұрса да жапалақ өліп», бар салмақ маған түсті.
Роман мерзімінде жақсы аударылып шық­са, биыл октябрьде басамыз деп отыр (июль, август сандарында), массовый тираж­бен Гослитиздат та басам деп отыр. Бұл, әри­не, менің ғана емес, бүкіл әдебиетіміздің ин­тересі.
Қазір жұмыс екшеленіп қалды. Өз мөл­ше­рім­ше, әрі кеткенде осы айдың аяғына дейін бітірем ғой деймін.
Мен қызмет адамымын ғой. Демалысты қоспағанда, қызметтен қол үзгеніме ай болып қалды, февральды қоссақ екі айға жақын­дайды. Ол да шымбайыма батып барады. Де­­ген­мен, аяқталып қалған істі тастап кету де оңай соғып тұрған жоқ.
Сондықтан, осы хатты жазудағы мақ­сатым – істің жәйін баяндау болса, екінші мақсатым – кешікті деп ренжімеулеріңізді өтіну.
Москвада болған әдебиет шаруашылығы­ның жәйін Қайнекей айтар.
Жолдастық сәлеммен – С.Мұқанов. (ҚР ОММ. 2066. Т. 1.Қолтаңба),

С. МҰҚАНОВ – Ғ. БАШИРОВҚА

Құрметті Ғұмар! Сіздің соңғы хатыңызды алғалы біраз уақыт өткенмен, «Намыстың» шығуын күтіп жауап жазбадым. Сол «Намыс» бүгін шықты. Кітаптың аудармасы да, офор­мле­ниесі де менімше жақсы, әсіресе – аудар­масы. Әдетте біз Советтер Одағындағы туыс­қан елдердің жазушыларын орысшадан аударамыз ғой. Бұлай аударғанда, оригинал­дың біраз бояуы дәл өз қалпындай берілмейді. Сіздің «Намысыңыз», біріншіден, татар тілін жақсы білетін, екіншіден, әдебиетті жақсы білетін кісінің аудармасы болғандықтан, оригиналыңызда не хасиет болса, соның бәрі түгел сақталған сияқты. Меніңше бұл аударма арқылы, қазақ оқушылары, жалпы кеңес жазушыларының бірі болған Башировты ғана көріп қоймайды, сонымен қатар, туысқан та­тар ұлтының жазушысы Башировты көреді. Сондықтан қазақ ағайындарымыздың, Ста­линдік сыйлықтың лауреаттарының бірі, туыс­қан татар халқының бастаушы жазу­шыларының бірі Ғұмар Башировтың шығар­масын оқумен Сізді құттықтаймын! Аудару процесінде Майра Жансаева жолдас хажетті жағдайларда ақылдасып отырды, білгенімше көмегімді аяған жоқпын. Менің Сізге жолдас­тық көңілден атқарған еңбегім осы ғана, аз болса да, көпке балап қабылдауыңыз­ды өтінем!
Қазақ Баспасының татар әдебиетіне биыл­ғы атқарған хызметінің бірі – Ғабдолла То­қ­айдың таңдамалы өлеңдер жинағын шығару. Аударған – белгілі ақынымыздың бірі және татар әдебиетіне жасынан суарылған адамның бірі – Жақан (Яғқұб) Сыздықов. Бала шағымнан бері сүйіп оқитын Тоқайдың өлеңдерін қазақшаға дұрыс аударуда Жақанға қолдан келген хызметті атқарған болдым. Меніңше, кейбір ұсақ кемшіліктерімен қатар, аударуда жалпы жақсы ғой деймін. Солай деп біздің республиканың газеті «Социалистік Қа­зақстан» жазды да. Бір ғана кемшілік – кітап­тың оформлениесі ойдағыдай болған жоқ. Оған, әрине, Баспа үшін кешірім өтінуге тура келеді.
Татар әдебиетінен енді қолға алып жатқа­нымыз – Кавидің «Көктемдегі желдері». Бұл шығарманы бір адам аударған екен, нашар деп қабылдамадық. Қазір екі адам аударып жатыр – бірі татар қызы Ғалия (өзі татар бол­ған­мен күйеуі қазақ және қазақ тілін жақсы біледі) және белгілі жазушымыздың бірі Шахмет Хұсайнов. Бұл жолы аударма жақсы болуға тиісті. Кітап 1953 жылдың планымен шығады.
Шайхы Маннур «әфендінің» өлеңдер жинағын алған едім. Оның да шағындау бір жинағын 1953 жылдың планымен бастыру тура­лы Баспамен сөйлесіп жүрмін, ол мәселе әлі тиянағына жеткен жоқ.
Әзірге татар әдебиетіне атқарған қызме­ті­міз осы ғана болып жатыр. Мұнымен әрине қа­на­ғаттанбаймыз, бұл жұмысты ілгері апара­мыз.
Сіз соңғы хатыңызда «Менің мектептерім­ді» аударатын ойымыз бар депсіз. Ол ини­циативіңізге көп рахмет. Егер аударатын бол­саңыз­дар, өзімде ең соңғы редакциясы бар, содан аударғандарыңыз мақұл болар еді. Ауда­рылмаса тағы өкпе жоқ. Тек қана өтіні­шім – бір-бірімізге қызметіміз сатулы бол­ма­сын немесе «ал тіліміз» болмасын. Олай деуі­ме, Сізге сыр қылып айтқанда, Қави «әфән­дім» кінәлі. Өткен қыс, мен оған «язғы жилләрні» аударамыз деп ем, ол маған – «Өзінің «Сыр-Дарияның» да аудармасы бар иді, әлі» деді. Көптен білетін, жақсы көретін жолдасым – Қави Нажмидің бұл сөзін «ат-өтті» көріп, көңіліме ауыр алдым. Туысқан елдің шығармасын аударуда, менімше, сауда болмауға тиіс. Оған адал көңіл, шын ыхлас қана керек.
«Нұрлы қазанға» (Туқай), оның жазушы­ларына көп сәлем. «Намысты» да, «Туқайды» да тез жіберіңіз.
Жолдастық көңілден (Сәбит Мұқанов). 6.07.1952 ж. Алматы. (СМҒМӘММК. Қол­жазба қоры).

(жалғасы бар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір