Жұлдыздай ағып өттің…
Жылайсың ғой мұндайда
тас та болсаң
Жылайсың ғой мұндайда тас та болсаң,
Сен едің ғой аяғын басқан алшаң!
«Қазақ деген – рухты халық қой» деп,
Салиқалы сөз де айттың жас та болсаң.
Жас қыранға өзіңді балайтын ем,
Ертеңге махаббатпен қарайтын ең.
«Ең әдемі қыздар тек – қазақ қызы»,
дегенді де аялай сен айтып ең.
Өрістім, өрімдейім, өнегелім!
Кемел жасқа жетпеген кемел едің.
«Кәрістігім – рас қой, бірақ менің,
қазақтығым басымдау!» деген едің.
Дара боп, дана болып асқаным-ай!
Баптап, сақтап бәйгеге қосқаным-ай!
Жұлдыздай ағып өттің алдымыздан,
Өмір деген осындай қас-қағым-ай!
Денис деген сөздің әр әрібіне.
Үңілдік кеп, сене алмай кәміліне,
Жазықсыздан төгілген қызыл қаның,
Гүлге айналып құлады қабіріңе.
Оңайгүл Тұржан
А Й Н А…
(Денис Теннің рухына)
Қайран бала,
Қаперсіз қайран бала,
Қарақшыға тап келдің қайдан ғана.
Қарақшы емес, кәдімгі баукеспе ғой,
Сатпақ болған ұрлап ап айнаңды ана.
Көлігіңді ұрылар «ұшықтар» күн,
Иектеуін қайтейін пысық халдің.
Айна үстінен түсем, – деп,
Абайсызда
Ажалыңның үстінен түсіп қалдың.
Ғұмыр шіркін тұратын жүзімдей боп,
Бір-ақ сәтте үзілер, үзілмей кеп.
Қасап-пышақ жарқ етті.
Көкше мұзда
Конькиіңнің от шашқан ізіндей боп.
Ізгілікке игенмен білім, одаң,
Түзелмейтін секілді түрім одан.
Ұрың киллер боп «өсер».
Жауға бермес
«крышасы» болғанда ұры-қоғам.
Мұстафа мен Бекзат та… ғаламға ұнап,
Жарқ еткен де жалп еткен, қараңғыны ап.
Өзің кетіп,
Артыңда айнаң қалды,
Сол айнаға бетім жоқ қарар бірақ…
Абзал БӨКЕН