Халықаралық жарыстағы жетістік
Жүйрікті анықтау үшін бәйге керек, жүйрікті алға жетелеп қамшылайтын да – бәйге. Бүгін әлем елдері бір-бірімен білім бәйгесінде жарысып, өнертапқыш қарымын сынға салып жүр. Жыл сайын әр елде зияткерлік жарыстар өтіп, еліміздің талапты жастары осы жарыстарда алға озып жүр.
Осындай зияткерлік жарыстардың бірі Саха Республикасының Білім және ғылым министрлігі өткізген Халықаралық зияткерлік «Туймаада» олимпиадасы. Бұл білім жарысының мақсаты оқушылардың зияткерлік әлеуетін шыңдап, алға жетелеу.
Шілденің 8 мен 15 аралығында өткен, 18 мемлекеттің оқушылары қатысқан халықаралық олимпиадада математика, физика, химия және информатика бағытында конференция-конкурс (International Tuymaada Olympiad on Mathematics, Physics, Chemistry and Informatics) және «Роботтар бәйгесі» (Games of Robots), «IT – Хатакон» бағдарламалық қосымшаларын әзірлеу бойынша командалық конкурс және ЗD модельдеу конкурсы өтті.
Бұл жарыста Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары бірден 5 медальді қанжығасына байлады: 2 алтын, 1 күміс және 2 қола. Алматы қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Ислам Амангелді физикадан үздік атанса, Әлібек Оразалин математикадан бірінші орынға ие болды. Павлодар қаласындағы Зияткерлік мектептен Хайдар Қайырбек (химия пәнінен екінші орын) және Дияр Туленов (физика пәнінен үшінші орын) жеңімпаз атанды. Астаналық Зияткерлік мектептің оқушысы Әділхан Мұратов информатика пәнінен үшінші орынды иеленіп, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Туймаададағы» жүлделі орындар қатарын толықтыра түсті.
Ақтөбе қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Нұрдәулет Таумерген «Glove Speaker» атты жобасымен «Yakutsk International Science Fair» конференциясының бас жүлдесіне ие болып, абсолютты жеңімпаз атанды. Кезекті қос жеңіс Өскемен қаласындағы Зияткелік мектептің қанжығасында: Алихан Тұраш («Астананың ойын алаңдарындағы Лизеганг дөңгелегі» жобасы) және Ерасыл Тұраров («Мүмкіндіге шектеулі балаларға арналған инновациялық электрүнемдегіш ойын алаңы» жобасы). Шымкент қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Әсем Мылтықбай «Bomber jacket W+S» атты жобасы үшін мадақтау хатымен марапатталды.
«IT – Хатакон» бағдарламалық қосымшаларын әзірлеу бойынша командалық конкурсында өнер көрсеткен Астанадағы Зияткерлік мектептің оқушысы Алихан Тәліпбаев, Алматы қаласының физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік метебінің оқушылары Ержан Қабдықайыров пен Аңсар Смағұловтар бас жүлде – 50 мың рубльді иеленді.
Тараздық талапкерлер Адель Ержанова мен Аймира Терлікбаева 3D модельдеу конкурсында көрсеткен өнері үшін марапатқа ие болды.
Бұл жеңіс Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушыларының ғана емес, қазақстандық жасөспірімдердің зияткерлік әлеуетін лайықты деңгейде көрсетті.
Ираннан жеңіспен оралды
Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Селімжан Чалышкан Тегеранда өткен биология бойынша Халықаралық олимпиадада (International Biology Olympiad) қола медальді жеңіп алды.
Иран астанасы биылғы жылы әлемнің 70 елінің өкілдерін қабылдады. Биологиядан өткен 29-шы Халықаралық олимпиадада 270 оқушы өз білімдерін ортаға салды.
Әлемдік айтулы олимпиаданың қола медалінің иегері Селімжан Чалышкан – НЗМ танымал оқушыларының бірі. Ол – Қазақстан олимпиадалық құрамасының мүшесі, Селімжанның қоржынында республикалық олимпиадада алған алтын бар. Ғылымдағы жетістіктерімен қатар, Селімжан инновациялық жобаларды құру саласында да табысты тәжірибеге ие. Өткен жылдың соңында Алматылық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің оқушылары Селімжан Чалышкан мен Любовь Дудченко NURINTECH-2017 ұлттық жастар байқауында «әлеуметтік маңызды инновация» санатында бірінші орынды жеңіп алды. Олардың «Оqyp kör» туындысы арнайы құрылғы көмегімен мәтінді камера арқылы Брайль қаріпінде көрсетіп, көзі көрмейтін жандардың ақпаратқа қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Осы жобаның арқасында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары бір миллион теңге ұтып алды.