IT ЖӘНЕ РОБОТОТЕХНИКА СЫНЫБЫ АШЫЛДЫ
«100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 77-қадамында Экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он жоғары оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына тарату көзделген болатын. Қазір осы талапқа колледждер мен ЖОО-лар ғана емес, ауыл мектептері де икемделуде.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылындағы №1 орта мектепте IT және робототехника сыныбы ашылды. Салтанатты рәсім Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиеваның қатысуымен өтті.
Технологияларды ойлап табу арқылы адамзат өз тіршілігін жеңілдетіп жатыр. Уақыт үнемделіп, сана-сезімнің өсуіне мүмкіндік жасалуда. Бірақ қазіргі технологиялық трендтер үдерісін қуып жетудің өзі қиын. Сондықтан болар биыл еліміз негізгі басымдықты цифрландыруға қарай бұрды. Жаңа жобаларды қоғамға енгізу барысында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша әр өңірден IT және робототехника сыныбы ашылмақ.
Бұл ІТ сыныбы «Нұр Отан» партиясының «Балаларға арналған тегін ІТ сыныптарын ашу» жобасының негізінде жүзеге асырылды. Бастаманы қолдаған облыстық маслихат депутаты «Нұр Отан» партиясы фракция мүшесі, кәсіпкер Жангелді Осан сыныпты жабдықтап берді. Аудан орталығынан шалғай елдімекендердегі балаларға ғылыми техникалық мүмкіндіктердің қыр-сырын үйретуге, ғылым жетістіктерін шынайы өмірде қолдана білуге, заманауи технологияны жетік меңгеруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, аталған жүйе креативті ойлауға баулып, жастардың техникалық пәндерге деген ынта-жігерін оятуға бағытталған. Іс-шара еліміздегі цифрландыру үдерісіне, азаматтардың цифрлы сауаттылығын арттыруға үлесін қоспақ.
Ақпарат Алматы облысы әкімдігінің ресми сайтынан алынды.
Аяулы ҚУАНЫШ