Сыңсиды Күн астында Күнікей қыз…
30.07.2018
1448
0

Исраил САПАРБАЙ


       

                                                            Сыңсиды                                                                                                           Күн астында Күнікей қыз…                                       /топтама/

Басқа адаммын мен бүгін, басқа адаммын,
Жанарымды ашқылтым жасқа малдым.
Басылмайтын өксігі жылағанмен,
Ашылмайтын есігі тас қамалмын.

Көлгірсіген көбік сөз кімге керек?
Кешегіден бүгінім мүлде бөлек.
Нәрестедей нәржүмән жүрегімді
Кімге бөліп,
Берейін кімге бөлеп?

Жүрегімді берейін ен-тегінге,
Сол ғой менің тектім де, тентегім де!
Безер болсаң, қайтып бер иесіне,
Азар болса, «гөйгөйді» шертемін де…

Басқа адаммын мен бүгін, басқа адаммын,
Жанарымды ашқылтым жасқа малдым.
Өлмей, талмай күн кешу қандай қиын
Қасқырлардың ішінде,
Қасқалардың?!

Керегі жоқ ешкімнің жалғыз жанға!
Тәнім, жаным талықсын таңғы ызғарда.
Керегі жоқ!
«Сен үшін өлемін…», – деп
Қатырмасын басымды бал қыздар да.

Таза-тақыр безінсін дос та менен!
Әдірем қал сен де, енше, асқақ әуен!
Жазмышымның бедері – Таңбалы тас,
Көзден таса қалмайды тастағы Өлең!..

Әке

Шынымен бұл дүниенің кең бе етегі?
Жазалайды,
Жазады,
Емдетеді…
Әлде, елес,
Әлде, аян,
Әлде, сағым –
Көзіме бір көрінсең нең кетеді?

Балаймын қабіріңе қай төбені?
Басына әр моланың Ай төнеді…
Көк тұман, ақ сәуленің арасынан
Көзіме бір көрінсең қайтер еді?

Деуменен бүгін көрем, ертең көрем,
Сан мәрте дегбір қашып, дерт емген ем…
Тең болса төрт құбылам, құдайым-ай,
«Гөйгөйін» мұншалықты шертер ме өлең?

Тең болса төрт құбылам –
Төрт ұстыным,
Көзімде өлмес еді-ау өрт, ұшқыным!..
Қанымда хан қызының өңі жайнап,
Жанымда ағар еді-ау Ертіс бүгін!

Сипалап сирағымды Сыр да менің,
Жаһанды жаулар еді-ау сырлы әлемім!
Әуелі сені көріп,..
Ал сонан соң
Басымды Құбылаға бұрмақ едім…

Мұң шағып мың арзуым бір арманға,
Үйірем шыбын жанды Шырағданға.
Құдайдың құтты күні құрақ ұшам
Құлдығым жетсе екен деп құлағдарға.

Төріме құт қонардай,
Төбе көрсем.
Көзге оттай басыласың,
Көне көрсем.
Құбақан құлдығымнан не қалады,
Күн сайын бір Үмітті көме берсем?..

Көне сүрлеу
Көкжиекті көлегейлеп көртұман,
Көп ішінде айта алмастан еркін ән,
Ертегінің Ертөстіктей бозымы –
Естен кетпей жүрсе қайтем Ертұран…

…Естен кетпей жүрсе қайтем сол көктем,
Есіміңді бесігінде тербеткен?
Түн ішінде түсіме енсе қайтемін
Бозым бала бозтайлақтай ержеткен?..

Екі жүрек бір тілекке емініп,
Төбемізден алтын жамбы төгіліп,
Дөңгеленіп өте шықты-ау дүние
Соңғы үміттің сөлкебайы сөгіліп…

Сонау көктен жұлдыз ағып, нұр саулап,
Құбыла жақ құладүзді құрсаулап,
Сен де, жаным, сары сиыр үрпінен
Болушы ең-ау саусағыңмен жыр саумақ…

Көне сүрлеу,
Көнбіс көңіл,
Көн жамау…
Тобашылдың тостағаны толған-ау?
…Тағы да бір ішер ме едім тәтті уды?
Тағы да бір түсер ме едім жолға анау?..

Өлең

Сен екенсің бағым мен сорым анық,
Қайдан білсін қаймана оны халық?
Келесің де…
кетесің ғайыпқа ұшып,
Бойымдағы сөлімді сорып алып.

Сен кетесің ілездем ғайыпқа ұшып…
Мен қаламын қолымды жайып, құшып:
Бір түніммен қоштасып қолаң шашты,
Кірпігімнен моншағым тайып түсіп.

Бір түніммен қоштасып қолаң шашты,
Қайта күтем қайрылмас Қаламқасты…
Дала екен ғой Ақынның дәрумені!!!
Ал, қала ма?
Қала ма?
Ол – албасты!

Дала қайда?
Мен қайда?
Ауыл қайда?
Жарық жалған шаңбасты жауындай ма?
Қанды жасым тамса да қарашықтан,
Бәңгі басың мен үшін ауырмай ма?

Біткені ме бәрі де,
Біткені ме?
Қанша ғұмыр?
Қанша жыл күткеніме?..
Сорасы аққан соңына өмірімнің
Қимайсың ба бір ноқат нүктені де?

…Сен екенсің сорым мен бағым анық,
Қайда ғана жоғалдың барымды алып?
Тым болмаса қонсаңшы Қорымжайға
Жанарыңа бір тамшы лағыл жағып?!

Жатбауыр

Жанымды жаралаған
Жатбауыр қала маған.
Пейілі періштедей
Бар ма екен адал адам?

Жанымды жаралаған
Жатбауыр қала маған:
Нояны ноқайланып,
Қояны балалаған.

Жанымды жаралаған
Жатбауыр қала маған:
«Кеңсайдан» келген Елес
Кеңсемді аралаған.

Жанымды жаралаған
Жатбауыр қала маған:
Итжанды тағдырымды
Ит бар ма таламаған?!

Жанымды жаралаған
Жатбауыр қала маған:
Бөксесі ашық-шашық,
Өкшесін тағалаған.

Жанымды жаралаған
Жатбауыр қала маған:
Сайтанның сапалағын
Сайқалы сағалаған!

Жанымды жаралаған
Жатбауыр қала маған.
…Жар басын жағалаған
Жазмышым Далаға алаң…

Дүлей

/монолог/

Қоналқы іздеп қойнына қонатұғын Ай
Қозыдай қоңыр момақан Мола түнін-ай!
Күліп те тұрып күдікпен күнімді өткізіп,
Біліп те тұрып білмеген болатыным-ай.

Сол мола менің ішіме еніп кеткелі
Өзімшіл, менмен кеудемде өлік көктеді.
Құдыретің жетсе, Құныкер,
«Кеңсайға» емес,
Өз ішімдегі қорымға көміп кет мені!
Амалың қанша,
Кәмілмін көме алмасыңа!
Ібіліс барда ішіме ене алмасыңа!
Кәнеки, бірақ…
Тәңірдің әміріменен
Көкірек көнім сөгілсе Көкалмасыңа!..

Жүрмей де қалғыр жүрегім күн бата сулап,
Тірліктен неге түңіліп тіл қатасың, Бақ?
Көңірсі исі бездірген көкала үйрегін
Көлімде менің жатады құрбақа шулап.

Тәңірдің бейпұл жүрсем де татып тамағын,
Әмірім түгіл, жүрмейді уақытқа амалым.
Сорыма менің Сорбұлақ кезікпесе игі –
Күн өткен сайын батпаққа батып барамын.

Мысық табанды мың сойқан ішімде өліп,
Өзімді мінсіз Пірадар пішінде көріп,
Ұйқымнан шошып оянам,
Бабалар мінген
Тұлпардың дүйім тұяғы түсімде өріп!!!

Қаратүнектің сезгендей анық хабарын,
Көз алдым – мұнар…
Көруден қалып барамын.
Өз Молам менің өзімде,
Құныкерсіз-ақ
Ұзамай мен де сол жаққа барып қаламын…

Ымырт

Аңсар ауды бесінге,
Кеуілжім кеш – кебінім.
Қайбіріңнің есіңде
Қалжыраған көңілім?

Жалпы жарлы, жалқы мәз,
Сырты – сылақ, іш қандай?..
Төлегенді алты қаз
Алты айналып ұшқандай…

Уақытта жоқ тізгін,
Өлген өшті, тірі мәз.
…Көшедегі көп қыздың
Бірі көктем, бірі жаз.

Аузына алып аятын
Кім ажалдан қаймықты?
Есте қалды қай ақын?
Есте қалды қай мықты?..

Мен де соның бірімін,
Түлен түрткен түр-өңін.
«Тірілермен тірімін»
Дейтұғындай кім едім?

Қайран, көңіл, шерменде
Қайдағыңды қозғашы?..
Шынтуайтқа келгенде,
Көл де – Аққудың көз жасы!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір